• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 09:02:19
Алматы
+35°

08 Қараша, 2018 Саясат

Назарбаев 31 жыл бұрын: Қонаевтан көресіні көрдік

Қайда барсаң да Қонаевтың портреті қарсы алдыңнан шығатын

СОКП ОК мүшесі, Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Халықтар достығы» журналының арнайы корреспондеті А.Никишинаның сұрақтарына жауап береді.

Нұрсұлтан Әбішұлы, Алматыда болған 1986 жылғы желтоқсан оқиғасының көңілге кірбің ұялататын естелігінен кейін біршама уақыт зырғып өтті. Бүгінгі таңдағы Қазақстанның хал-ахуалын, халықтың көңіл-күйін қалай сипаттап берер едіңіз?

–Бір-ақ ауыз сөзбен десеңіз, бәлкім, бұл – құлан таза айығу. Ондаған жылдар бойы жасырған ауруымыз асқынып, дүйім жұртқа белгілі болды. «Үндемеген үйдей бәледен құтылады» емес, «өлетін бала молаға қарай жүгіредінің» күйін кештік. Ал, қазір ауру-сырқатымыздың нақты диагнозын анықтаған шақта одан құлан таза айығатын кез келді.  

Бұл сөздің мәні неге саяды?

–Бүгін бәріміз бір сұрақтың жауабын алғымыз келеді: жылдар бойы күрмеуі шешілмей келе жатқан, бір-біріне қабаттасып кеткен күрделі мәселелер, жағымсыз дүниелер, тенденциялардың тамыры қайда жатыр? Олар былтыр қыстағы оқиғаларға ғана себепші болған жоқ,  экономикалық, әлеуметтік, моральдық тұрғыдан республикамызды артқа тастады. Қайта құрылыстың тағдыры, өздеріңіз білетіндей, біздің қолымызда. Өткен күндердің қателігінен сабақ аламыз, жоқ па...

Қатардағы қызметкерден бастап жоғарыдағы бастыққа дейін өзгеріске ұшырауы, қайта құру басынан өткеруі тиіс дейміз. Алайда жетекші ұятқа қалып, жемқорлыққа батса, қайдағы қайта құру? Қалай ойлайсыз?

–Бір-ақ нәрсе айтайын, ұрыға айналып, заң бұзса, қайта құру туралы емес, қылмыстық жауапкершілік туралы ойлануы тиіс. Басқа да жағдайларға кезек берейік. Мысалы, біреу берілген жер телімін игере алмады, жұмысқа дарыны жетпеді. Бірақ өз басы қайта құруға қарсы емес. Егер ол адам осыған дейін жетекшілік қызмет етсе, енді оны қарапайым қызметке ауыстырамыз. Сол арқылы оған өзгеруге, қайта құрылуға мүмкіндік-уақыт береміз. «Сәулетті  нысандар, яғни сарай, мұражай, монша, әдемі әкімшілік ғимараттарды саламыз» деп қаншама қомақты қаражат қолды болды. Өкінішке қарай, біздің кейбір жетекшілеріміз несібесін қанағат тұтпай, жымқырып, ұрлап қалуға етін үйретті. Қазақстанда ауруханалар, емханалар, перзентханалар жетіспеген шақта миллиондаған ақша көркем ғимарат салуға кетіп отырғаны сондықтан (сондай моншалардың біріне бірнеше миллион рубль жұмсалған). Облыс орталығында да аса көркем ғимараттар жетіп артылады. Олардың құрылысына қажет барлық тиын-тебен мемлекеттік қазынадан заңсыз түрде, былайша айтқанда, аш отырған халықтың аузынан жырып алынған. Бұл туралы мен  бір жыл бұрын Қазақстан Компартиясының ХVI съезінде   сөз қозғаған едім, алайда байланған қолымыз енді ғана босады. Еркіндікке, өзгеріске ұмтылған біз қысқа мерзім ішінде неше түрлі аңшылық үйлердің, коттедждердің, басқа да аса көркем ғимараттардың 800-ін Денсаулық министрлігінің, көпбалалы отбасылардың, балалар арналған мекемелердің пайдалануына бердік. Бірен-саран емес, мыңдаған халық сол ғимараттардың пайдасын көреді. 

Құрылыс сала беруге болады. Алайда әлеуметтік әділет, тұрғын үйді беруде тәртіп сақталмаса, баспана ешкімге жетпейді. Бұл туралы бекер сөз қозғап отырған жоқпын. Жақында ғана республикаңызда аталмыш мәселе бойынша шу көтеріліп, анығын айтқанда, тәртіпсіздік, заң бұзушылықтар орын алғаны мәлім болды.

–Айтқаныңыздың бәрі дұрыс. Жемқорлық, дүниеқоңыздық эрозиясына (асқынған ауру-ред.) кезінде республика басшылығының көбі ұшыраған еді. Әсіресе, бұл дерт баспана бөлу-беру мәселесінде айқын көрініс тапты. Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың бұрынғы көмекшісі Бекежанов, ОК-нің шаруаларына жетекшілік жасайтын бұрынғы меңгеруші Статенин «өз адамдарына» бастықтарының атынан кезектен тыс баспана беруге нұсқаулар берген. Олардың бұйрықтары бірден орындалатын. Республикалық Мемжоспардың бұрынғы жетекшісі Мұхамед-Рахимов болса, заңды белшесінен басып, достарына мен құрбы-құрдастарына пәтер сыйлаудан алдына жан салмады. Әлеуметтік әділет принципінің орнын таныстық, туысқандық, руластық, былайша айтқанда протекция (қол астығына алу-ред.) келді. Облысқа, ауыл-аймаққа бастық болып жөнелтілген кей қызметкерлер Алматыдағы үйін, қалалық тіркеуін сары майдай сақтап отыруды дәстүрге айналдырды. Олар осылай қайта-қайта қоныс тойын тойлап, мәре-сара болып  жатқанда 20 жыл бойы кезек күтіп, бір баспаханаға қолы жетпей,  үй-күйсіз жүрген Алматыда 3000 отбасы (мүгедектер мен соғыс ардагерлері, көз жұмған әскери қызметкерлердің отбасылары-ред.) зар жылайтын. 2,5 жыл  ішінде ҚАҚ (қалалық атқарушы комитет-ред.) соғыс мүгедектеріне бір шаршыметр тұрғын жер бөлген жоқ. Республиканың бұрынғы басшыларының көз жұма қарауының арқасында аймаққа қызмет ауыстырған қалалық бастықтар Алматыдағы үйлерін туысқандарына сыйлыққа беруді әдетке айналдырды. Нәтижесінде біреу қаланың қақ ортасында бес бөлмелі пәтері болғандықтан тойып секірді, біреу 10-12 адаммен сығылысып, кішкентай үйді жылдар бойы пана тұтуға мәжбүр болып, тоңып секірді.

Шіркін, осы үйлерді қайта таратса ғой...

–Маған сеніңіз, бұл төңіректе тәртіп орнату үшін барлық шара қолданып жатырмыз. Тұрғын үйдің шаршыметрі отбасы мүшелерінің санына тікелей байланысты болуы тиіс деп отырмыз. Тәртіп орната аламыз деген сенімдімін. Баспана мәселесі қарапайым халық үшін аса маңызды, сондықтан да халықтың көңіліне қаяу түсіру – ел басқарған азаматтарға деген сенімсіздік сезімін ұялату деген сөз. Осының бәрін сараптай отырып, артқа шегініс жасай алмаймыз. Тұрғын үйлерді қайтадан таратқан күннің өзінде осымен баспана мәселесі түбегейлі шешіледі деп ойлау қате. Мекеме басшылары тұрғын үй бойынша қатаң түрде жауапқа алынатынын білуі тиіс.

Сіз СОКП-ның ХХVII съезінде мінберден көрінген болатынсыз. Сөйлеген сөзіңіз әдемі, ойыңыз өзекті болғандықтан елден ерекше болып көзге түстіңіз. Сау басына сақина тілеп алудан қорыққан Қазақстанның партиялық жетекшісінің (Колбиннің-ред.) баяндамасының қасында сіз ерекшелене білдіңіз...

–Алған бетінен қайтпайтын, қолындағы билікті бөліскісі келмейтін жетекшілердің авторитарлы басқару стилі қаншама рет қасірет шектіріп, қайғыға душар етті десеңізші.  Қызметкер тағайындаудағы, яғни кадр мәселесіндегі олқылықтар туралы да үндемеуге болмайды. Ауылшаруашылығына ондаған миллион рубль жұмсалды. Өндірістік қор (ауылшаруашылығында қолданылатын өнім құралдары: ауылшаруашылық техникасы, құрал-жабдықтар, тұқым, тыңайтқыш, жем-шөп және т.с.с. ) үш еселенгенімен,  өнім өндірісінде түбірлі өзгерістің куәгері атана алмадық. 1982-1986 жылдар аралығында елдімекендер басшыларының (совхоз директоры, колхоз төрағасы-ред.) жартысының көбі қызметтерінен босатылғанын біле тұра тұрақтылық туралы әңгіме айтудың қажеті жоқ. Өйткені әрбір үшіншісі – өз телімін игере алмағандар. Көптеген шаруашылықтарда еңбек өнімділігі, рентабельность (шығыстан қарағанда кірістің көп болуы, жұмыстың былайша айтқанда табысты болуы-ред.), өзіндік құн (тауар өндіруге жұмсалған сома-ред.), өнім сапасы деген түсініктер ұмыт бола бастады. Он бірінші бесжылдықта колхоз мен совхоздардың тең жартысы шығынға ұшырады. Өнімнің өзіндік құны жоспарланған сомадан 7 миллион рубльге көбірек болып шықты. Мемлекеттік банк алдындағы берешек қаражаттың мөлшері 12,3 миллиард рубльге тең болды.

Ең қызығы, есеп-қисапқа көз тастасақ, бәрі керемет. Тіпті Қазақстан Компартиясы ОК-нің XV және XVI съездерінің баяндамаларында да бір мін таппайсыз. «Маған деген ниеті қандай, қаншалықты мені жақтайды?» деген принциптерді негізге ала отырып, сонымен қатар шыққан жері мен руына байланысты қызметкерлерді жанына тартуы әлеуметтік әділетсіздікке, кадр саясатындағы бұрмалаушылыққа, кез келген дүниені бойына тез сіңіріп алатын жастардың идеялық-адамгершілік тұрғысынан теріс тәрбие алуына әкеп соқтырды.

Қазақстан Компартиясының ОК басшылығы ше?

–Республикадағы өмір жанданады деген үмітіміз ақталмады. ОК басшылығы, оның ішінде кей бөлімдері кемшін тұстарды түзеудің жоспарын жасаудың орнына сын айтқандарды жақтырмай, сынмен күрес жүргізе бастады. Қара қылды қақ жарып, ақиқатты қорықпай айтқан біз үйдің сырын баршама мәлім еткен опасыз, оңбаған болып қалдық.  Бұрынырақта мұндайларды орынтақтан тұрғызушы еді, бірақ сәуірде өткен Пленумнан кейін бұл мүмкін емес болып шықты. Қазақстан Компартиясының съезінде мен мінберден Ғылым Академиясын Қонаевтың ағасы А.Қонаев басқарғандықтан ұзақ уақыт бойы өзіне шаң жұқтырмағанын айттым.  Ал экономикалық дамудың тежелуінің себебін ғылым рөлінің бәсеңдеуінен, ғылыми-техникалық прогресстің болмауынан көруге негіз бар. Осының бәрін қамтамасыз етуі тиіс Ғылым Академиясы, оның көптеген институты былыққа батып жатқан тұста ғылым мен білім ойлауға олардың мұршасы болмады. Кадрларды туысқандардың арасынан іріктеп алу, болмаған жетістікті болды деу, өтірікті шындай ету (А.Қонаев басқарған металлургия мен сапаландыру институты 80 миллион рубльді игеру жөніндегі аңыз әңгімесі СОКП ОК-ге жанындағы партиялық бақылау Комитетінің назарына ілікті) – академияның негізгі жұмысына айналды. 12 жылдың ішінде қазақстандық ғылым тоқырауға ұшырады. Ғылым Академиясының президенті А.Қонаев ішкілікке салынып, жұмысқа келмей, академиктерді партиялық принциптер бойынша емес, керісінше принципке керағар негізде таңдап, сайлап отырды. «Турасын айтсаң, туғаныңа жақпайсың» дегендей, Қазақстан КП ОК Бюросында жұмыс істеу жанға бата бастады. Жеке бастың қамын ойлайтын жерде еңбектену мүмкін болмай кетті. Мұның бәрі журналыңызда қалайша көрініс табады? Оқырманға қалай жеткізесіз? Назарбаев – қайта құрудың ұлы азап шегушісі дейсіз бе? Қаншалықты қажет осы?

Айтқаныңыз дұрыс, біріншіден. Екіншіден, Қонаевтың тарапынан амбиция, жеке реніш, өзінше болған Назарбаевты сабасына түсіру ойда болса, сіздің тарапыңыздан республикадағы жағдайды жақсарту болғанына шүбә жоқ. Демек бұл жай ғана екі биік тұлғаның араздығы емес, күрес қой. Қайта құру үшін қарсыластармен жүргізілген күрес. Солай емес пе?

–Бәлкім, айтқаныңыз дұрыс. Қонаев бір кезде өзгеруге маған кеш деп айтқан еді. Бірақ оның себебін өзінен емес, Назарбаевтан көрді.  Олай емес қой! Егер де ол айтылған сынды қабылдай білгенде, өзінің биігінен емес, мемлекеттік деңгейден қарастырғанда жағдай басқаша болар еді. Бірақ болмады. Амбициясы жеңіп кетті. Жылдар бойы, ондаған жылдар бойы өзін періште көріп өзіне шаң жуытпау жақсылық әкелмеді. СОКП ОК шілделік Пленумында Қонаев бекерден бекер ОК партия құрамынан шығарылмады.

Нұрсұлтан Әбішұлы, «Қазақстанның билігінде қайта құру қалай жүзеге асты» дей отыра сіздің «екі түйенің ортасында шыбын өледі» жағдайында қалғаныңызды түсініп отырмын. «Унита» газетінің тілшісінің «Бос уақытыңызды қалай өткізесіз?» деген сұрағына М.С.Горбачев бізде мұндай сұрақты басшылыққа қоюға болмайтынын айтқан болатын. Ал Батыстың журналисіне именбей толық жауап берді. Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Ел ішінде қайта құру жүріп жатыр. Біздің баспасөз де өзгеру үстінде. Кешегі құпия бүгін баршаға мәлім болуда. Өсек-аяңға қалмас үшін шындыққа сәйкес келетін ақпаратты журналистер беруіміз керек еді. Бұдан не шықты? Бригададағы, зауыттағы, бас басқармадағы конфликт туралы айтуға болады да, жоғары жақтағы жағдай туралы тіс жарып айтуға тыйым салынған. Бір жақты ақиқаттың зардабы – оқырман кімге сенерін білмей, кейде батыстың радиодауыстарынан (олардың аңдығаны да сол) қызықтырған ақпаратын алды. Бүгін біз көптеген құлыпталған есіктерді айқара аштық. Пайдасы неде? Қоғам әділеттің барына сене бастады. Қазақстанда болып жатқан дүниелер М.С. Горбачев айтқандай, «бұл жақтағы фактілер «қуырылған»» болғандықтан ғана қызық емес, жалпы кез келген өзгеріске деген ұмтылыс, одан жинақталған тәжірибе туралы ел-жұрт білуі тиіс.

–Демек мен сіздің одақтасыңызбын ғой. Білесіз бе, мен өмірімнің 9 жылын Қарағанды металлургия комбинатында өткіздім. 18 жыл бойы партиялық, комсомолдық, советтік қызмет атқардым. Осы уақытқа дейін аңызыған желден де, нөсерден де аман келдім. 1985 жылдың сәуірінде сол кездегі басшылыққа қарсы шығуға батылым жеткен еді, басым бәлеге қалды. «Сен сияқтылардың парқын білемін. Мансапқұмарсың! Көздегенің – орынтақ! Саған дейін де өзіңдейлерді жөнге келтіргенмін. Сені де сол күтеді. Жолыма бөгет болма»,-деп кабинетінде қабылдады Қонаев. Мен болсам, «орынтаққа байланған емеспін. Білікті металлургпін. ОК мені басқа қызметтен көргісі келсе, мен дайынмын» дедім. «Көресіңді көресің» деген жауап естідім. Шынымен де «көрдім». Өсек-аяң, өтірік, қоқан-лоқыдан көз ашпай, жынды көбелекше шыр айналдым. Мұның бәрін «профессионал» Бекежанов өз мойнына алды...

Алматыдағы пәтерлердің шаруасын тындырып отырған Бекежанов па?

–Иә, Қазақстан Компартиясы ОК-і VIII Пленумында бет-пердесі ашылған Қонаевтың көмекшісі. «Антиназарбаев кампаниясына» білек сыбана кіріскен де дәл өзі. Қызым университетте оқиды, күйеу балам – мединститутта. Екеуін бірінші курстан бесінші курсқа дейін егжей-тегжейлі тексеріп шықты. Сондағы ойлары – қызым сабақтан қалды ма, сынақ тапсырар кезде әкесінің қолдауы көрсетілді ме, анықтау. Республиканың Денсаулық сақтау министрі Әлиевтің баласы екендігін білгендіктен, күйеу балам бұзықтық жасап, көзге түсті ме, мединститутқа түсер кезде пара бермеді де, тексеріп шықты. Әлиевтің тағайындалуында Назарбаев арасындағы туысқандық рөл атқарды ма? деген сұрақ туындады. Білгендерін жоғары жаққа жеткізіп отырды. Менің әр қадамым бақылауда болды. Совхозда слесарь-сантехник болып еңбек ететін ағам үйлі-баранды (үш баласы бар). Зайыбы асханада жұмыс жасайды. Сол жаққа да адамдарды жіберіп, бір тінтіп шықты. «Ағамның үйі заңды салынды ма, қанша бөлмелі?» деген сұрау салынып, қысқасы сантиметріне дейін өлшенді. Ағам үйін саларда менің жағдайымды пайдаланып, заңды айналып өтіп, құрылыс нормасын бұзып, үй тұрғызды дегенді дәлелдегілері келді. 

Сонымен не анықталды?

–Бәрі заң аясында, ағамда артық сантиметр болмай шықты.  Материалдық және еңбек ресурстары жетіспей тұрған кезде аса көркем ғимараттардың құрылысы мерзімінен бұрын аяқталып жатты. Оның себебі – бәрі авральді (күндіз-түні демалмай құрылысшылардың жұмыс жасауы, жұмыстың тым қызу жүруі-ред.) әдіс-тәсілмен тұрғызылды. Мұндай қарқынмен жұмыс жасауға ақша қайдан бөлінді? 1976-1986 жылдың мемлекеттік бюджетінен Алматының көркеюіне жұмсалуы тиіс 16 миллион рубль Қазақстан Компартиясы ОК ғимаратының,  ОК баспаханасының, партиялық жұмыскерлердің Демалыс үйінің жөндеу жұмысына кетті.  Протекционизм (қолтығының астына алу-ред) билікке құмарту, мадақ-жырдан ләззат алып, өзінің «ғажап» екендігіне сену Қазақстанда болды. Қайда барсаң да, қалада да, ауылда да оның үлкен портреті қарсы алдыңнан шығатын. Оның есімін Қазақстанның тағдырымен байланыстыратын. 

«Адамды заман билейді», заманға қарсы қалай шығасың» деп жатты біреулер?..

–Уақыт бәрін өз орнына қойды. Кімнің кім және қандай екенін көрсетті. Қайталап айтамын, протекционизм (қолтығының астына алу-ред.) билікке құмарту, мадақ-жырдан ләззат алып, өзінің «ғажап» екендігіне сену Қазақстанда болды. Мекемелерде, мектептерде, қала ішінде, тіпті бомбапанада да оның портреттері ілініп тұратын. Оның есімі Қазақстанның тағдырына айналғандай. Заңға бағынбау, жазаланамын деп қорықпау, ешнәрседен қаймықпау, әлеуметтік әділет түсінігін аяқ асты ету – бәрі-бәрі осыдан бастау алды. Қызметкерді жұмысқа алу, тағайындау барысында лениндік норманы қатаң бұзу, жерлестерді шама-шарқындарына қарамастан алға жетелеу, ұнатқан адамды өсіру де Қазақстанда белең алды. Қамсыздықтың кесірінен жастардың интернационалдық тәрбиесі ақсай бастады. Бәрі айналып келіп, қоғамдық сананың деформациялануына (қалыпты жағдайдан ауытқу-ред.) алып келді. 1986 жылдың 17-18 желтоқсанында Алматыдағы негативтің (жағымсыз сезімдер, ашу-ыза, реніш, кек-ред.) көрініс табуына осы жағдайлар тікелей себепкер. 

Нұрсұлтан Әбішұлы, өткен күндер қайталанбайды деп қалай гарантия (кепілдік-ред.) бере аласыз?

–Ашықтық – барлық бәле-жаланың қас жауы. Кадрлардың қайта туып өмірге, қайта келуіне жағдай жасалынды.  Ондаған жылдар бойы сын естімей өмір сүрді. Қонаев Л.И. Брежневтің досы екендігін біле тұра оны сынауға кімнің дәті барады? Талпынғандардың жанайқайы жоғары жаққа жетпеді. Жеткен күннің өзінде «мәселелеріңді ішінара шешіп алыңдар» делінді. Қонаевтың ұшағына мініп алған Бекежанов қасына достарын жинап алып, қалайша Камчаткаға бағытталған қымбат экскурсиялық  саяхатты ұялмай-қызармай жасады? Өйткені судан аппақ, судан таза болуға рұқсат берілді. Жоғары жаққа ойдан құрап қырық өтірік айтуға болар, ал халқыңның алдында Құдайдың алдында тұрғандай әр іс-әрекетке есеп беруге міндеттісің.

Сіз екеуміз, Нұрсұлтан Әбішұлы, ашықтық, қоғамның демократиялануы, туралы тереңнен сөз қозғап отырмыз. Осы бір жолдарды оқып отырған бір пысық оқырман сөйлемдердің астын сызып алып, әртүрлі мекемелерге шағымданып жатқан шығар... Совет адамына мұндай ащы ақиқаттан көрі тәтті өтірік керек. Себебі оның соған еті үйренген. Не дейсіз?

–Жартылай ақиқаттың болуы мүмкін емес. Ал, ақиқаттың айтылмауынан аузымыз сан мәрте рет күйді. Шілдеде болған Пленумда М.С. Горбачев: «Қоғамның бақылауында болғысы келмейтіндер демократизацияға қарсы шығып жатыр. Себебі демократия бәрін өз орнына қояды – кімнің кім екендігін айқын көрсетеді. Басшылыққа сылтау айтып құтыларсың, ал халыққа шындықты айтуға міндеттісің. Биыл СССР социализмнің  бүршік жаруының 70 жылдығын тойламақшы.  Бәрі, әрине, кемшіліксіз емес. Дегенмен социализм ғимаратының кетігін алғашқылардың бірі болып біз қалап жатқаннан кейін олқылықтар болады. Онда тұрған дәнеңе жоқ. Мерейтой кезінде кемшіліктеріміз туралы үндеуге болмайды деп ойласақ қателесеміз. Қайта құруға қарсы қаскөйлер бізден осындай қорқақтықты күтіп отыр. «Мерейтойды тойлаймыз» деп отыз күн ойын, қырық күн тойын қылатын уақытымыз да жоқ. Бізге аялдай тұруға болмайды.  Ұлан-асыр той, помпа (сән-салтанат-ред.), фимиам (қошемет, мадақтау-ред.), жетекшілік етудің парадтық стилі – міне, осылар авторитарлық режимнің антуражы (бейнесі, көрінісі-ред.)

Мерейтой туралы сөз қозғаған едіңіз, Владимир Маяковскийдің Қазан төңкерісінің 9-жылдығына арналған «Юбилейлемей-ақ қойыңдар» өлеңінің шумақтары еріксіз есіме оралды: «Ақ гвардиядан қарағанда өлімнің аты маған ағырақ маған юбилей деген. Юбилей – күл, құм, түтін; юбилей – қуаныш шаштарына ақ түскендердің; юбилей – зират шұңқыры-мекен; фимиам мен мәтін; өлім алдындағы аялдама, күрсініс, «ю-б-и-л-е-й» деп ежіктейтін. Сіз үшін аялдама – юбилей, біз үшін – рубль шығын...» (орысша түпнұсқасы – «Белой гвардии для меня белей имя мертвое: юбилей. Юбилей – это пепел, песок и дым; юбилей – это радость седым; юбилей – это край кладбищенских ям; это речи и фимиам; остановка предсмертная, вздохи, елей – вот, что лезет из букв «ю-б-и-л-е-й». А для нас юбилей – ремонт в пути, постоял и дальше гуди. Остановка для вас, для вас юбилей – а для нас подсчет рублей…»-ред.) Маяковский юбилей ауруына ұшырағандарға осылайша жауап қайырды.

–Ақынның айтқаны рас. Мерейтой дегеніміз өткен мен кеткенге көз жүгіртіп, есеп беру дегенге саяды. Авторитарлық – өркендеудің, прогресстің тежегіші. Экономикада ол құлдырауға әкеліп соқтырады.  Жағымпаздарды, екіжүзділерді тәрбиелеп шығарады. Батыл азаматтар авторитарлық режимнің жаулары. Ашықтық та авторитарлыққа жат. Себебі бәрі көзге көрініп тұрса, оның шынайы болмысы, ашығын айтқанда, мардымсыздығы, ерекше ойлай алмауы, қорқақтығы, жалтақтығы, айқындалады. Жетекші ондаған жылдар бойы жоғары қызметке жабысып алып отырмауы шарт. Бұрынғыдай мобильдік яғни жылдамдық, шапшаңдық жоқтың қасы. Бір орында отырып алып керемет болып көрінуге ұмтылу періштенің кейпіне ену. Бұл жерде уақытша ценз (мүлкін қадағалай отырып жасалынатын тексеріс-ред.) керек. Онымен қоса ашықтық та қажет. Осы екеуі барлық дертке дауа болады!.. Олар болмаса, жағдайдың қаншалықты мүшкіл болатынына бірнеше рет көз жеткіздік. Қателіктен сабақ алғанымыз мақсат.

Мемлекет кәсіпорындарды басына шығарып алды дейміз. Кәсіпорындар көңіл көншітетін нәтиже көрсете алмаса да, айлық беру үшін мемлекеттің қалтасына қол салудан тайсалмады.

–Кәсіпорындар сапаны жақсартуға еш қызығушылық танытқан жоқ. Ғылыми-техникалық төңкерістің жетістіктерін пайдаланбады. Энергияны босқа жұмсады. Жаман материалдарды қолданудан жан салмады. Есесіне бағаны аспандатып қоя берді. Сұранысқа ие емес өндірістік тауарлар қоқыс болып үйіле бастады. Әкімшіліктің бар жұмысы басшылыққа есеп берудің айналасынан шықпады. Дабырайтып жібердім, білемін. Дегенмен бәрі іс жүзінде тура солай болды.

86-жылдың желтоқсанның аязды күндерінде батыс радиодауысы Алматыдағы оқиғаларды сараптай отыра, Қазақстан Компартиясы ОК-нің бірінші хатшысы болып орыс ұлтының өкілі сайлануымен байланыстырды...

–Ашығын айтайық, жастар басшылықтағы орыс ұлтының өкіліне қарсы болған жоқ, олар ол азаматтың шеттен келмей, Қазақстанның топырағынан шыққанын қалады. Олар тіпті кейбір фамилияларды атап берді. Мұндай ақпарат қайдан пайда болды? Бұрынғы билік осылайша тегеурін көрсетті деп ойлаймын. Тағайындалатын азаматтың ұлты, меніңше, маңызды емес. Маңыздысы – Қазақстанның жерін ата-бабасы мұраға қалдырғанын түсінуі.  Алматыда ақпан айында Министрлер кеңесінде шетелдік журналистерге арналған пресс-конференцияда мен сөз сөйлеген едім. Маған осы сұрақ бағытталған болатын. Бізде партия ұлттық тұрғыдан құрылмайды. Жергілікті амбиция (мақсат-мүдде-ред.) туралы да айтпай-ақ қоялық. Мәселе – республика ұзақ жылдар бойы жабулы қазан күйінде болған мәселелер буырқанып қайнап, асып-төгілді. Желтоқсан оқиғасы – қайта құруды, ашықтықты, жалпы демократияны уысындағы билікті жоғалтып алу деп қабылдағандардың шаруасы. Бұл қайта құрылысқа қарсы тұрып, аман қаламын деп ойлағандардың жан таласы болатын. Ол үшін олар ешнәрседен тайынған жоқ. Ұлттық қадір-қасиетті де арам пиғылдарын жүзеге асыру үшін аямай пайдаланды.

Иә, ұлттық лозунгілер (үндеулер-ред.) нәтиже берді емес пе? Қаншама жас алаңға бет алды ғой?

–Желтоқсан оқиғасы біраз дүниенің басын ашты. Интернационализм ұрпақтан ұрпаққа тікелей берілмейді. Әкеміз бен бабамыз соғысты бастан өткерді, орыспен, украинмен, белоруспен,  басқа ұлттармен иық тіресіп шайқасты. Сосын тың игерілді. Оған бүкіл мемлекет болып бір жұдырықтай жұмылдық. Қазақстандық «Магнитка», екібастұздық кешен, Батыс Қазақстан мұнайы сияқты индустрия алыптары игерілді. Интернационализміміз тағы да тексерістен өтті. Жастар интернационализм жалауын желбіретеді деп сендік. Өкінішке қарай, кей жастар қасиетті дүниеден шет қалды.

Себебі неде?

–Интернациональдық тәрбие ресми түрде жүзеге асты. «Қазақстан – халықтар достығының лабораториясы» деп қана елеусіз айттық.  Іс жүзінде сынақта оңбай сүріндік. Себеп-салдары да көп. Мысалы, жастардың еңбек төзімділігі, мықтылығы мәселесін қарастырайық. Осы орайда домна пешінде көрікші болып жұмыс істеген жастық шағым есіме түсіп отыр. Сол кезде жатақханада әртүрлі ұлттың баласымен бірге тұрдық.  Ұлттық есеп жайлы әңгіме де қозғалған емес. Менімен бірге жұмыс істегендердің ешқайсысы ұлттық ұран айтып, алаңға шықпас еді деген нық сенімдемін.

Бізді оқулық емес, ұжымдағы қажырлы еңбек тәрбиеледі. Экстремистік пиғылдағы жастардың өмірдің оң-солын танымаған, еңбек етіп шыңдалмаған, провакациялық өсекке иммунитеті қалыптаспаған студенттердің санасын улап, өздерімен бірге ертіп алуы бекер емес.

Алаңда жұмыскерлер де болды ғой. Желтоқсан оқиғасына қатысқандар туралы сот жайлы бәріміз оқып, мән-жайына қанықпыз. Араларында жұмыскерлер біраз...

–Бұл туралы жақсы бір халық даналығы бар: бір биеден ала да туады, құла да туады. Экстремистердің провакациясына сеніп қалған бірен-саран жұмыскер  Қазақстанның барша жұмысшы тобына күйе жаға алмайды.  1986 жылы желтоқсан күндерінде М.С. Горбачевтің Қазақстан халқына айтқан сөздерін ризашылықпен еске аламын. Саяси бюрода да қазақ халқы интернационалист екендігі, республикадағы интернационалдық көңіл-күйді ешқандай провакатор бұза алмағандығы туралы айтылды. Аталмыш ойға қарсы шығу – жастарды өз ойыншығына айналдырған арам пиғылдылардың жетегіне еру деген сөз. СОКП ОК халық мәселесіне келгенде ленинше сезімталдық танытады. Біздің халық, Қазақстанның жұмыскер тобы мұны бағалайды және жақсылыққа жақсылықпен жауап береді…

Мақаланың түпнұсқадағы атауы – «Құлан таза айығу»

Дереккөз: «Халықтар достығы» журналы, № 9, 1987 жыл

Сұхбаттасқан: А.Никишина

Аударған: Жазира Байдалы

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір