• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:59:49
Алматы
+35°

«Қамшы» порталында 16 наурызда жарияланған «Шыңғыс ханның жантүршігерлік қатыгездігі туралы 10 дәйек» атты материалға байланысты түріктанушы ғалым Нәпіл Базылханның «Шыңғыс қаған орнатқан алып империя  жайында қысқаша шолу» атты мақаласы келіп түсті. 

«...Тумайды адамзатта Шыңғыстай ер,

Данышпан, тұңғиық ой, болат жігер

Шыңғыстай арыстанның құр аты да 

Адамның жүрегіне жігер берер...»

 

Мағжан Жұмабайұлы 

 «Түркістан» Өлеңдері. Ташкент, 1923.  

Шыңғыс қаған жайында[1], оның заманы мен тарихы, көшпелі табиғи бітім болмысы туралы  қазірге дейін жарық көрген  ғылыми зерттеулер мен сан алуан түрлі мүддені көздеген  еңбектерді негізінен үш топқа бөліп қарастыруға болады. Оның біріншісі – публицистикалық яғни көсемсөз шығармалар, екіншісі  - ғылыми-көпшілік туындылар және үшіншісі - ғылыми зерттеулер болмақ. Олардың арасалмағын  байыптап қарастырсаңыз,  аталмыш,  алғашқы  екі топтікі  үшінші топтан әлде-қайда басым келеді.  Бұдан Шыңғыс қаған туралы, ол орната білген алып империя жайында ғылыми зерттеулерден гөрі, қиялдық, фантазиялы, көсемсіген, көлгірсіген, сыңаржақты, шындыққа жанаспайтын, мыңдаған жөн-жосықсыз пікірлер қаптап кеткендігін ерекше айтқымыз келеді, сонымен қоса, осы  қисынсыз әрі логикасыз  жазулардың барлығына тоқталуды жөн санамадық.  

Сондықтан, біз осы ретте, жалпы шығыстануда, оның ішінде түріктану мен моңғолтану саласындағы  Шыңғыс қаған заманына тікелей қатысты басты-басты  ғылыми зерттеулерден, сондай-ақ, XII-XIII ғасырлардағы көшпелілердің этнолингвистикалық және тарихи-деректанулық факторлардан қысқаша сөз етпекпіз. 

Демек, Шыңғыс қаған мен оның заманы, түрік, моңғол және басқа да этностардың этнотарихына байланысты мына тарихи деректерді санап өткеніміз абзал: 

  1. Археологиялық деректер (атақоныстардағы сан алуан ескерткіштер  және т.б.), 
  2. Жазба деректер (шығыс, батыс тілді жылнамалар, саяхатшы белгілеулері және т.б.)
  3. Архивтік деректер (шығыс, батыс тілді архив деректері, ресми іс қағаздар  және т.б.) 
  4. Фольклорлық  деректер ( ауызша шежіре, жыр, аңыз, әңгіме және т.б.)
  5. Этнографиялық  деректер (салт-дәстүрлерде сақталынған  негізгі  сарқыншақтар мен ерекшеліктер және т.б.). Сөз болып отырған тарихи деректердің зерттелу деңгейі де мейлінше ала-құла[2], ғылыми зерттеулер әлі де жалғасып келеді, келешекте тың жаңалықтар ашылады, жаңа табылымдар  көптеп табылады дегіміз келеді. Басқаша айтқанда, Шыңғыс қаған, түрік, моңғол этностар  жайында еркін де объективті ғылыми зерттеулер енді ғана басталды десек артық айтқан болмаспыз. 

Еуразия кеңістігінде, адамзат тарихында айрықша аталатын көшпелілердің Хұннұ, Түрік, Моңғол үш алып империя  құрылған еді.   

 

 


Өгөдейдің ұлы Күйік қағаннан Ұрым (Рим) папы 4-ншi Иннокентийге (1195–1254 жж.) жіберген жарлықты хатының мәтіні орта түрік және парсы тілінде араб жазуымен аралас-құралас жазылған, ал хатқа екі рет көне моңғол мәтінді қызыл бояулы төрт бұрыш пішінді мөр басылған. Хаттың өлшемі 97х16.5см. Аталмыш құжат 1920 жылы Ватикан құпия архивінен поляк папы Крилл Кавалевский алғаш анықтаған. Мәтіннің алғашқы зерттеуін француз ғалымы П.Пелио [Pelliot, 1923: Pl-I. ] жасаған. Ал хаттың бастапқы араб-графикалық екі жолы орта түрік тілінде: «Maŋgi Tenriniŋ küčün-de! Uluγ ulusnïŋ Taluynïŋ qan jarlïγïmïz» – «Мәңгі Тәңірінің күшінде! Ұлық ұлыстың теңіздің ханы, жарлығымыз!» деп басталады. Арабграфикалық түрікше мәтініндегі «Uluγ ulusnïŋ» дегенді П.Пелио «Kür //gür (tour entier) uluγ ulusnïŋ – Күллі барлық ұлық ұлыстың» деп оқыған болатын [Pelliot, 1923. 22]. Одан кейінгі жолдары парсы және орта түрік, араб сөздері аралас-құралас жазылған.       

 

Моңғол империясының негізін қият-боржығын [3] руының Jesüküi -Baγatur >Есүкей батырдың үлкен ұлы Temürčin>Темірчін //Темүчін қалаған еді. Ол Онон өзені бойында Deligün-Boldaq >  Делігүн-Болдақ деген жерде 1162 жылы туған. Шешесі - қоңырат тайпалық бірлестігінің олқынуыт руының Högelün> Хөгелүн.  Темүчіннің арғытегі моңғол тектес ру-тайпалар одағының билеушілері болатын, алайда руаралық, тайпааралық қақтығыстар салдарынан жастай жетім қалған ол,  Керей хандығының билеушісі Тұғырыл ханмен «ата-бабалық ант-су ішкен» байырғы дәстүрлі саяси байланысын ұтымды пайдалынып,  әуелі моңғол тектес ру-тайпалардың басын біріктіріп, далалық көшпелілердің бірден бір көсемі болып шыға келеді.  Аса қатал әрі сенімді әскери жасақтарды құра білген, саяси адал одақтарды басқара білген  Темүчін,  ол кездердегі аса ықпалды әрі  әскери-саяси қуатты, қалың ел  болған Керей хандығын 1203 жылы, Найман хандығы мен Меркіттер одағын 1204 жылы, Татарлар одағын 1205 жылы қол астына  толық бағындырады. Сөйтіп, 1206 жылы Онон өзені бойында Темүчінді қолдаушы және сенімді серіктестері күллі көшпелі ру-тайпалардың ұлы құрылтайын өткізіп,  киіз турылықтыларды біріктіргені үшін Темүчінге «Шыңғыс қаған» атағын береді. Шыңғыс қаған мемлекетті көне түріктердің билік дәстүрі бойынша шығыс (Мұқылай ноян басқарған), орталық (Наяа ноян басқарған), батыс  (Боғұршы ноян басқарған) түмендіктерге, одан мыңдық (95 ноян), жүздік, ондықтарға бөліп,  мемлекеттік немесе мыңдықтар жері, қорық жері, сыйлық жері деген әкімшілк бөліспен қол астындағы барлық территорияға билік жүргізді. 

Шыңғыс қаған  мемлекеттің ішкі  саяси -экономикалық жүйені және жібек жолы бойындағы сауда қатынастарын реттеуге кіріскен соң, сыртқы күштерден, әсіресе Qitad-un Altan ulus> Қытайдың Алтын мемлекетінен (Шүршіттердің «Цзинь» мемлекеті, манжұрқытайлықтардан) сақтану мақсатында әскери жорықтарды ұйымдастыруға күш салды.  Әуелі Ордос, Алашань аумағында мекендеген Таңғыт мемлекетін  (1032-1227жж.), 1205,1207,1209, 1228 жылдары шабуылдап бағындырды. 

Шыңғыс қаған ежелден зымиян саясат жүргізіп, көшпелілер арасына іріткі салып соғыстырып келген Алтын мемлекетіне 1211-1215 жылдары өзі басқарып 120 мың атты әскермен жорық жасап, бас қаласы Чжундуны басып алып, бағындырып  қайтады.  Одан кейін  Мұқылай басқарған әскери жасақтары 1217-1223 жылдары, Өгедей мен Тұлый басқарған  әскери жасақтары 1229-1234 жылдары Алтын мемлекетінің жалған бейбітшілік келісімін мойындату үшін жорық шабуылдар қайта-қайта жасады, ол мемлекетті толықтай жаулап бағындырды. 

Шыңғыс қаған 1218 жылы Орта Азиядағы  ірі мемлекет Хорезмге сауда-саттық қатынастарды жолға салу мақсатында 450 адамдық елші тобын жібереді. Шыңғыс қаған «бейбіт келісім жасасып, көршілік қатынастарды дамытып, саудаларды кеңейтейік» деген мәнді сөзді елшілердің аузымен айтқызыпты.  Отырарға жеткен  елшілерді  қала билеушісі Иналшық «тыңшы» деп Мұхаммед шахқа хабар жеткізіп, Хорезм шах оларды дереу қырып салуды тапсырады, сөйтіп ол елшілерді өлтіреді. Шыңғыс қаған мән-жайды анықтау  мақсатында мұсылман саудагер Вахран бастаған екінші елші тобын тағы жібереді. Жазба деректерде Хорезм шах елшілерді қуып жіберген делінеді. 

Шыңғыс қаған Хорезмге жорық жасаудан бұрын  Қара-қытайларды бағындыруды көздеп, оларға 1219 жылы Жебе басқарған  атты әскери корпусын жіберіп, ол жерде билік жүргізіп жатқан Күшілікті  бағындырады. Осылайша Шығыс Түркістанды толық жаулап алады, Хорезм мемлекетімен тура шекаралас болып шыға келеді. 

Шыңғыс қаған Хорезмге жорыққа аттанар алдында Таңғыт билеушісі Бұрханға елші жіберіп,  екі тараптан шабуылдауға сөз бергенін ескертеді. Алайда таңғыт билеушісі жауап бермейді. 

Сөйтіп,  әскери дайындықтарын толық атқарып алған соң Шыңғыс қаған 1218 жылы Жебе, Сүбегетей, Тоғышар басқарған 5 мыңдықтарды алдыңғы шеп етіп, Алтай тауын асырып жіберіп, жаудың арғы бетінде күтіп тұруды тапсырады. Ол өзі және ұлы Тұлый  басқарған негізгі күш 1219 жылы Ертістен өтіп, Бұхара бағытымен, Шағатай, Өгедей басқарған корпусты Отырар бағытымен, Жошы басқарған корпусты Амудария өзені бағытымен, Алақ чербі, Тақа басқарған корпусты Бенакент, Хоженд бағытымен аттандырады.  

Шағатай, Өгедей басқарған әскерлер Отырарды 5 ай қоршап, ақыры бағындырады. Қала әмірі Иналшықты Самарқанға қашқан жеріне ұстап алып,  көзін құртады. 

Шыңғыс қаған басқарған әскерлер 1220 жылы Бұқара қаланы, одан кейін Самарқан қаланы жаулап алады. Хорезм Мүхаммед шах қаладан қашып кетіп, Каспий теңізі маңында аурудан 1221 жылы көз жұмады, оның ұлы  тақ мұрагері Жалал ад-Дин  Шыңғыс қаған әскерлеріне қарсы соғыстарын одан ары жалғастырады. Шыңғыс қаған әскерлеріне қатты қарсылық көрсеткен Хожент, Үргеніш қаланы күл талқанын шығарып басып алады. Осылайша Шыңғыс қағанның Орта Азияға жасаған жорықтары аяқталып, 1222 жылдары Хорасан, Ауғанстан, Үндістанға бағытталған жорықтарында жол бойында көптеген қалаларды бағындырады,  Хорезм шахмұрагері Жалал ад-динді өкшелей қуалап, Инд өзені бойында қуып жеткенімен, оны қолға түсіре алмайды. 

Шыңғыс қаған Хорезмді жаулаған соң ол жерді билеуді Жошыға тапсырып 1225 жылы  Орталық Моңғолиядағы Туыл өзеніндегі ордасына қайтып оралады. Осылайша 1219-1224 жылдары  Шыңғыс қаған әскерлері Орта Азия, Ауғанстан, Пәкістан, Солтүстік Үндістан, Ирак, Иран, Әзербайжан, Грузия, Оңтүстік Орыс аумағын толықтай жаулап алып бағындырған еді. 

Шыңғыс қаған 1225 жылы таңғыттың Ся мемлекетіне жорық жасап, Таңғыт пен Алтын мемлекеті арасындағы әскери одағына  қарсы шабуылын ұйымдастырды, 1227 жылы Таңғыт мемлекетін қол астына қаратады. Алайда,  қытайдың Алтын мемлекетін толық жаулап алуға ұлы қағанның ғұмыры жетпей, Шыңғыс қаған  1227 жылы тамыздың 25 күні қайтыс болады. Шыңғыс қағанды ежелгі көшпелілердің салт-дәстүр бойынша туған жері  қазіргі Моңғолияның Онон өзені бойы Бұрқан-Қалдұн деген жерде жерленген болса керек. Шыңғыс қағанның тақ мұрагері болып оның  үшінші ұлы Өгедей қаған тағына 1229 жылғы ұлы құрылтайда ресми түрде  отырады. Өгедей қаған 1231-1234 жылдары  әкесі Шыңғыс қағанның өсиетін орындап,  көшпелілердің қас жауы қытайлық Алтын мемлекетін толық жаулап алады. Өгедей қаған 1231-1235 жылдары Корей мемлекетіне жорық ұйымдастырып жаулап алады. 

Өгедей қаған 1235 жылы Жошының ұлы Батыға (1227-1255жж.) батысқа бағытталған  жорықтарын басқартады. Баты хан  1236 жылы Болғарларды, 1237 жылы орыстардың Рязан  княздігін, 1238 жылы Мәскеу, Ростов, Ярослав, Дмитри княздіктерінің  көптеген қалаларын бағындырып алады. Баты хан әскерлері 1238 жылы Новогород, Смоленск, Чернигов княздіктерін, 1239 жылы Қырым, Кавказды, 1240 жылы Киевті, 1241 жылы Галиц, Владимир, Волынский аумағын  жаулап алды. Осылайша Батыс Еуропаға  шабуылдайтын жол ашылып, Польша, Молдав, Силез, Венгрия жерлеріне жорық ұйымдастырылады. Баты хан, Сүбегедей ноян әскерлері Венгер патшасы IV Беланы қуалап Австрияның Вена қаласына дейін жетеді, одан ары Словак, Шығыс Чехияға дейін жорық жасайды[4].  Баты хан Өгедей қаған (1129-1241 жж. билік құрған) қайтыс болған суық хабарды ести сала, әскерлерін алып 1241 жылы Сарай ордасына  қайтады.  Осылайша Азия мен Еуропаны дүр сілкіндерген Шыңғыс қаған орнатқан ұлы империяның ұлдары мен немерелері басқарған дүбірлі жорықтары бір мезгіл тынышталады. 

Сөйтіп , Шыңғыс қағаннан кейін империя территориясында үлкен төрт мемлекеттік құрылым орнады. Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Жошы (-1227жж.) және оның ұлдары басқарған  Ертістен Дунайға дейінгі алқапта,  Дешті-Қыпшақ даласында Жошы ұлысы (Алтын Орда) құрылды. Шыңғыс қағанның екінші ұлы Шағатай (-1242жж.) және оның ұрпақтары билеген Мауараннахр, Жетісу, Қашғария аумағында    «Шағатай» мемлекеті  (1269-1301жж.) құрылды. Шыңғыс қағанның  төртінші ұлы Тұлый және оның ұлы Құлағұ  (1256-1265жж.)  басқарған «Елхан» мемлекеті Иранда құрылды.  Шыңғыс қағанның үшінші  ұлы Өгедей (-1227жж.) билігінде қазіргі Моңғолия  болды және көп ұзамай  бүкіл Қытайды қоса,  Тұлыйдың ұлы Құбылай билік еткен «Юань» мемлекеті (1271-1368жж.) құрылды[5]

Шыңғыс қаған орнатқан алып империяның құрамында шамамен 115-ге жуық көшпелі түрік, моңғол тектес этностар болды. Мысалы, «МҚШ»-де 214-ге жуық көшпелі және отырықшы этностар аталса, Рашид ад-динннің «Жамиат ат-тауарих» шығармасында 240-тай этностар аталады. 

Әзірше, біздің айтарымыз көшпелі түрік, моңғол этностардың  барлығы дерлік көбінесе жылқы бақты, жайылымды мал шаруашылығымен айналысты, олардың салтдәстүрлері өте-мөте жақын болды,  ғұрып-жосындарында  ұқсастық көп болды, сондай-ақ тілдерінде  де тым ала-бөтендегі жоқ  болған деп айта аламыз [6].

Шыңғыс қағанның арғы тегі моңғол тектес  ұлыстың билеуші әулетінен болады. Шыңғыс қаған, әуелі сол кездердегі қуатты хандықтар мен одақтар Керей хандығын, Найман хандығын, Меркіттер одағын ,Татарлар одағын  бағындырған соң ғана,  1206 жылы күллі киіз туырлықты көшпелілердің қағаны атағына лайықты деп танылады[7].  

Сөздің соңында түйіндеп айтарымыз:

  1. Шыңғыс қаған,  ежелгі Хұннұ (б.з.д. IV- б.з.IV ғасырлар), Түрік (б.з. V-IX ғасырлар) империялардың тарихи-саяси әрі әскери-жорықтарының сабақтастығын жаңадан жаңғыртқан, одан ары қарқынды дамытқан  алып тұлға. 
  2. Шыңғыс қаған орнатқан империяның негізгі құрамын түрік, моңғол тектес көшпелі этностар құрады. Сонымен қатар, тұңғыс тектестер де біршама болды. 
  3. Шыңғыс қаған орнатқан империяның құрамындағы көшпелі  түрік, моңғол этностардың  тілі  өте жуық, етене жақын деңгейде  болды. Бір сөзбен айтқанда,  олар  өзара тілмашсыз қатынаса білді.  
  4. Шыңғыс қаған заманында «Алтын топшы» сынды қаған әулетінің, мемлекеттік істердің ордалық тарихнамалық жазбалар болды. Алайда олардың дені бізге ұласып жетпеді. Белгілі болғандары, ауызша тарихнамалық дәстүрмен хатталған  «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтан товч» және басқалар. 
  5. Шыңғыс қаған дәуіріндегі түрік, моңғол тектес этностардың этнолингвистикалық және ру-тайпалық құрылымдарын қазіргі «ұлттық» сипатта, «синхрондық тұрғыдан» қарастыруға, сол тұрғыдан түсіндіріп талдауға келмейді.  
  6. Шыңғыс қаған орнатқан алып империя туралы түріктану мен моңғолтанудың обьективті ғылыми зерттеулер жаңадан басталды. 
  7. Шыңғыс қаған орнатқан алып империяның тарихынан біздің қазіргі заманның  үйренері мен үлгі аларлық жайттары көп екендігін,  терең мазмұнды ұлағатты тұстары аса мол екендігін ерекше атағымыз келеді. 

 


Түсініктемелер:


[1] Шыңғыс қаған демекші,  ретіне орай айта кеткіміз келді, 2000-2002 жылдары Шыңғыс қаған жайындағы айтыс-тартыстарға байланысты біз,  Өзіміздің ұстанымызды жариялауға республикалық аты-шулы ресми газеттердің «цензурасына»  іліккен едік, неге екені белгісіз, біздің ой-пікірімізді, бір ғана  мақаламызды жариялаудан  бәрі бас тартқан  болатын. 

 Алайда, сол кездері біздің шағын мақаламызды жариялауға қамқоршы болған, ерлік танытқан   «Солдат» газетінің редакторы Ермұрат Бапиұлына және «Алтын-Орда» газетінің редакторы Алия Бәпежановаға ерекше алғысымызды білдіреміз, «Тәнір жарылқасын!» деп  төтенше разылығымды білдіреміз.  

 Бұл жайында қараңыз:   Напил Базылхан «Шыңғыс қағанды түсіну үшін атка қону керек» //Солдат. Тәуелсіз апталық газет. №2/60. 31 қаңтар. /2002 ж. 4-б.  және  №3/61. 21 ақпан. /2002 ж. 5-б.;  Напил Базылхан   «Шыңғыстау немесе Шыңғыс қағанды түсіну үшін атқа қону керек» //Алтын-Орда. Республикалық тәуелсіз апталық газет. №19 (121). 10-16 мамыр. 2002 ж. -12-13-бб. 

[2] Өкініштісі сол, түріктану мен моңғолтануда, номадологияның шарықтап дамуына саяси идеологиялық қатаң тыйымдар мен  қастандықтар, кедергілер көп болғандығын, әсіресе Совет Одағының  қызыл коммунистердің  ұлттық ғылыми зерттеулерге жасаған  қанды жорықтары салдарынан ұлттық ғылыми күш пен жаңа зерттеулер әбден жоқ болып, әлсіреп, тоқыраған заман болғандығын айрықша ескертеміз.      

[3] Ортағасырлық  түрік-моңғол тілдерінде  Böri+tegin > Böritіgin > Boržiγin Боржығын деген сөз. 

[4] Монгол улсын түүх. Дэд боть (XII – XIV зууны дунд үе). 2-дахь хэвлэл. –Улаанбаатар, 2004. 43-165.

[5] Монгол улсын түүх. Дэд боть (XII – XIV зууны дунд үе). 2-дахь хэвлэл. –Улаанбаатар, 2004. 167.

[6] Біз аталмыш этностардың этнотектілігі жайында арнайы ғылыми монографиялық еңбегімізде жақын арада сөз ететін боламыз.   

[7] Ұлы Шыңғыс қаған,  бар-жоғы 65 жыл өмір сүрді, артына бірде-бір ескерткіш немесе күмбез, алтын байлық қазына қалдырмаған нағыз феномен тұлға. Ол  түрік, моңғол этностардың берекебірлігін нығайтты, «алаауыздықты ауыздықтады», әскери-саяси  тастан да қатты,  аса қатал тәртіпті орната білді, тіршілікте  адалдық пен шындықты асқақтатты, жағымпаздық пен жалғандықты көшпелілердің өмірінен арылтуға тырысты, ондай келеңсіздікті  қылышпен кесіп тастады-да, арам пиғылды қытайлықтардың зымияндығын тыйып салды.  

Шыңғыс қаған  «түнде ұйқысыз, күндіз күлкісіз» барымта-қарымтамен өмір кешкен барлық көшпелілердің бастарын бір шаңыраққа біріктіріп тұтастырды, бір бұйрыққа  бағындырды. Ұлы қаған бір қара ту,  тоғыз ақ туды биік кӛтерді.  Шыңғыс қаған мемлекеттік  билік жүйесінде адалдық пен шындықты, ақылдылық пен парасаттылықты, батырлық пен ерлікті  негізгі ұстаным етіп жариялады, сол негізінде  мемлекеттік істерді бұлтартпастай қатаң жүргізді. Қаһарлы қаған сатқындық пен ұрлық, жағымпаздық пен парақорлықты аямады, елін, жерін сатқандарды  кешірмеді, оларды әп-сәтте қылышпен жазалап жоқ етіп отырды.   

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір