• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 18:17:27
Алматы
+35°

17 Наурыз, 2019

Министр Мұхамедиұлы Димаштың The World's Best байқауынан кетуіне қатысты пікір білдірді

Өткен аптада әнші Димаш Құдайберген Америкадағы «The World's Best» байқауынан кеткенін мәлімдеген болатын.

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы әнші Димаш Құдайбергеннің The World's Best байқауынан кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі inform.kz сайтына сілтеме жасап.  

«Кез келген адам конкурста жеңімпаз атануға тырысады. Әсіресе, әртістердің жеңіске деген құлшынысы жоғары. Бұл - жарыс. Бірақ Димаш нағыз азаматтық шешім қабылдады, даналықтың дара жолын көрсетті. Ол өзінің отандасы Данэлия Төлешовамен бірге келесі кезеңге өткенін көрді. Содан кейін конкурстан бас тартатынын мәлімдеді. Себебі Данэлияға қарындасы ретінде қарайды, оған жол бергенді жөн көрді», - деді А.Мұхамедиұлы.

Министрдің ойынша, басқа бәсекелестер болғанда Димаш жарыс жолын жалғастыратын еді. Бірақ ол қашанда өзінің ешкімге ұқсамайтын мінезімен көзге түседі. Ал Данэлияға жол бергені халықтың оған деген құрметін күшейте түсті. «Енді, қазылар алқасы конкурстың қызықты өткенін қалайды ғой. Содан болар, Димаштың шешімін бірден түсіне алмады. Себебі конкурсқа өтудің өзі оңай емес. Димаш болса, финалға өтті. Ал сауалнама бойынша бірінші болып тұрды. Әлбетте, бәрі оның жеңімпаз болатынын білді. Димаш өте дұрыс әрі дана шешім қабылдады», - деп атап көрсетті А.Мұхамедиұлы.

Айта кетейік, өткен аптада әнші Димаш Құдайберген Америкадағы «The World's Best» байқауынан кеткенін мәлімдеген болатын.

Осыдан кейін қазақ әнші өзіне қолдау көрсеткен жанкүйерлеріне алғысын білдірді. «Қолдау білдіргендеріңіз үшін барлықтарыңызға шын жүректен алғысымды айтқым келеді. Байқаудың финалынан бас тартқаныма қарамастан, телекөрермендер арасында бірінші орыннан көрініп отырмын - оның бәрі де сіздердің арқаларыңызда болып жатыр. Мен үшін дауыс бергендердің бәрінің алдында басымды иемін. Өзімнің ірілі де ұсақ жеңісімнің бәрін де жанкүйерлеріме арнаймын. Шоудың  Лидиан Недашварам мен Данэлия Төлешова секілді жас өнерпаздары Моцарт пен Селин Диондай әйгілі болсын. Мен оларды жеңісімен құттықтаймын!», - деп жазды Димаш Құдайберген Инстаграмдағы парақшасында. 

Ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір