• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 00:30:40
Алматы
+35°

21 Қыркүйек, 2017 Сұхбат

Мұхтар Тайжан: Халықтан артық күш жоқ, түбі халық жеңеді, мақсатына жетеді!

«Мақсатым - халықты бақытты қылу, бай ету» дейді жер, тіл, білім мәселелерінде белсенділік танытып жүрген экономист Мұхтар Тайжан.

«Мақсатым - халықты бақытты қылу, бай ету» дейді жер, тіл, білім мәселелерінде белсенділік танытып жүрген экономист Мұхтар Тайжан. Бұл туралы қоғам қайраткері Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісіне берген сұхбатында айтты. 

Мұхтар мырза, 1991 жылы тәуелсіздікке қол жеткіздік. Содан бері 26 жыл өтті. Осы жылдар ішінде қазақ халқы армандаған өміріне қол жеткізді ме?

Тәуелсіз мемлекет болғанымызға 25-26 жыл толды. Бұл – бір буынның өмірі. Қаншама азапты күндерден соң тәуелсіздікке қол жеткізген қазақ халқы бөркін аспанға лақтырды. Содан бері ширек ғасыр өтті. Ал осы жылдар ішінде расында арманымызға жеттік пе? Қазақ ұлты бақытты ма? Байыды ма?

Қазақстан – қазба байлықтарға бай ел. Алғашында байлығымызды жан-жаққа сатып, шалқып өмір сүреміз деп ойладық. Алайда мұндай өмірге жете қойған жоқпыз. Оның объективті де, субъективті де себептері бар.

Адам баласы спортпен айналысу керек екенін біледі, арақтың денсаулығына, тағдырына қаншалықты зиян келтіретінін де жақсы біледі. Білім алу міндет екенін түсінеді. Алайда кейбірі біле тұра қимылдамайды, сөйтіп 50 жасқа келгенде үйсіз-күйсіз халге тап болады. Өзгесі оқиды, білім алады, жұмыс істейді, үйренеді, үйленеді, тұрмыс құрады, балалы болады. 50-ге келгенде өз ортасында, тіпті халық алдында беделді азамат болып отырады. Бірақ екеуі де құрдас. Алғашқысының жағдайы неге нашар? Себебі өзі тырыспаған. Ұлт мәселесінде де сондай.

Дүние жүзінде 5-6 мыңнан астам ұлт бар. Ұлттық намысты ұстана білген 200-інің ғана өз мемлекеті бар. Ең бастысы, ұлт мықты, әрі намысты болу керек. Намыс-жігері мықты, мінезді адам ғана өмірде жақсы нәтижеге қол жеткізе алады. Сол секілді ұлттың намысы болмаса, тағдыры да қараң болады. Қазаққа да керегі сол – ұлттық намыс, ерік жігер, алып күш.

Бүгінде «Қазақ – жалқау» деген тіркесті жиі пайдаланады. Мен экономист ретінде қазақты жалқау деп есептемеймін, келіспеймін. Мәселен, Солтүстік Корея мен Оңтүстік Кореяны алайық. Тіл, дін, діл бәрі бір, бірақ екі түрлі мемлекет. Солтүстік Кореяның экономикалық нәтижелері өте төмен. Оңтүстік Кореяның көрсеткіші керісінше жоғары. Себебі бір ұлт бола тұра екі елдің экономикалық саясаттары әртүрлі. Солтүстік Корея  60-70 жыл бұрынғы жүйемен өмір сүріп келеді, себебі халық жаңа жүйені талап етпейді.

Ең бастысы қазақтың мінезі мықты болу керек, намысты болу керек, талап ете білу керек, өзін сыйлап, құрметтеу керек. Сол кезде ғана біз мақсатымызға жете аламыз. Ал ол үшін материалдық жағдай керек. Қалтасы бос адам намысты бола алмайды. Сол себепті халықтың материалдық жағдайы түзелу керек, оны өздері түзеу керек. Білім алып, ізденіп, еңбектеніп, бай болатындай, елімізді бай қылатындай дәрежеге жете білу керек.

Қазақстандағы білім жүйесіне қатты алаңдайтын азаматтардың бірісіз. Әу бастан үштілділікке қарсылық танытып, Қазақстан тарихын оқу орындарына қайтаруды талап етіп келесіз. Алайда сіз бастаған бұл процестен қандай да бір өзгеріс байқай қоймадық. Оның себебі не деп ойлайсыз?  

Өйткені, билік, министр халықтан қорықпайды. Қандай да бір адамның министрлік лауазымда болуы халыққа байланысты емес. Демократиялық елде мұндай министр бірден отставкаға кетер еді. Өйткені, ондай елде Парламент шынайы. Ал бізде Сағадиевтің бір ғана бастығы бар, ол – президент. Министр тек президенттің айтқанын орындайды, соның ғана көңіліне қарайды. Халықтың жайы оны алаңдатпайды. Мәселе – сонда.

Бірақ біздің мықты құрал-сайманымыз бар. Ол – әлеуметтік желі. Фейсбук арқылы қоғамның пікірін жеткізіп отырмыз. Халық пікірлерімізді қолдап отыр. Ал мұндай дүниелеріміз министрліктің назарынан тыс қалып жатқан жоқ, күнде қарап, бақылап отырады. Сондықтан қоғамның ықпалы қазіргі таңда өте зор. Сағадиев те реакциясыз қалған жоқ. Меніңше, біз Сағадиевтің осындай зиянды тірліктерін жоққа шығара аламыз. Түбі бәрібір біз жеңеміз, халық жеңеді. Себебі, халықтан артық күш жоқ. Халықтың мінезі, халықтың күші өте ықпалды. Бірақ оған уақыт керек.

Ал тілдерді үйренуге мен қарсы емеспін. Өзім де шетелде білім алдым. Шет тілдерін білген адам ұтылмайды. Бірақ негізгі білімді кез-келген адам өз тілінде қабылдау керек. Ол – базис. Бірніші сыныпқа барған балаға ағылшын, орыс сынды өзге тілдерді оқыту үлкен қиянат. Баланың сана-сезімі әлі қалыптасқан жоқ. Шет тілдерін негізгі емес, қосымша пән ретінде оқыту керек.

Бүкіл балаларды ағылшын тілінде оқыту – үлкен қылмыс. Егер пәндерді ағылшын тілінде оқытса, ертеңгі күні қазақ тілді кітаптар да, мұғалімдер де керек болмайды. 

Сағадиев биліктен кетсін деген талап хатыңыз халықтан қызу қолдан тапты десе де болады. Ол орынтағын босатса, білім министріне кімді лайық деп санайсыз?

Ондай адамдар көп. Ойыма бірінші келгені – академик Асқар Жұмаділдаев. Ол үлкен ғалым, халықтың, ұлтымыздың жанашыры, патриот, тәжірибелі ұстаз. Сондай-ақ жастар да бар. Неге жастарға мүмкіндік бермеске? Халықтың, жастардың талабын, не қалайтынын өз замандастарынан артық кім біледі?!

Сағадиевті дебатқа шақырдыңыз. Бұдан бұрын Бекболат Тілеухан да шақырған еді. Алайда, білім министрі сіздермен сөз таластырып отыруды жөн санамаған екен. Не себепті бас тартты деп ойлайсыз? Сағадиевті дебатқа шақырғандағы талқыламақ мәселелеріңізді айта өтсеңіз... 

Үш тұрғырлы тіл мәселесін көтерер едім. Екіншіден, «Қазақ тарихы» деген пәнді қайтаруын талап етемін. Оқу орындарынан «Қазақстан тарихын» алып тастау қазақ халқына жасалған үлкен қиянат.  Бірақ министр дебаттан бас тартты. Ал шын мәнінде ол өз реформасы үшін күресуі керек еді, дұрыс екенін қоғамға дәлелдеуі тиіс еді. Дебаттан бас тартқанын бұрыс деп есептеймін. Егер ол өз-өзіне сенімді болса, ашық әңгімеге неге шықпайды?!

Тіл мәселесін де назардан тыс қалдырмайсыз. Тілімізге латын әліпбиі оралмақ. Бұл процесс тіліміз үшін қаншалықты маңызды, сіздің ойыңызша?

Иә, мен де көпшілікке қосыламын. Латын әліпбиі бізге қажет. Өйткені ол заман талабы. Өркениеттен тыс қалмау деген сөз. Ол – дұрыс. Бірақ соңғы нұсқа көңілімнен шыға қоймады. Әрине, филолог, тіл маманы есепін. Бірақ жеке пікірім – тілде бір дыбыс, бір әріп болу керек, ең ыңғайлысы – сол. Мәселен, француздарда бірнеше әріп бір дыбысты береді, ағылшын тілінде де сондай. Бірақ поляктарда, чехтар мен венгрлерде бір дыбыс, бір әріп қана. Біз де сондай нұсқаны тауып, талқылап бекітуіміз керек. Ал соңғы нұсқа енгізіледі деп ойламаймын. Талқылауға уақыт берілді ғой, сондықтан бір дыбыс-бір әріп нормасын қарастыруымыз керек.

Бүгінде мемлекеттік тіліміз – қазақ тілімен қатар елімізде орыс тілінің де мәртебесі жоғары екені белгілі. Латын әліпбиіне ауысар болсақ, орыс тілінің ықпалынан арылар ма едік?

Латын әліпбиіне оралуымыз орыс тілінің ықпалынан құтылуға әсер етпейді. Ол үшін мемлекеттің ақпарттық саясаты өзгеру қажет. Біз бүгінде Ресейдің ақпараттық аумағының ішіндеміз. Себебі, теледидарды, радионы қоссақ, газеттерді оқысақ, 80-90%-ы Ресейдің ақпаратына тұнып тұр. Одан құтылу үшін мемлекеттің саясаты өзгеру керек.

Біздің идеологтарымыз 25 жыл бұрын қабылданған идеологияның әбден ескіріп қалғанын аңғармайды. «Елу жылда – ел жаңа» деген. Біз 25 жылдың ішінде басқа елге айналдық. Мәселен, бұрындары Алматы қаласының өзінде қазақтар өте сирек кездесетін, ал бүгінде тұрғындардың 95%-ы қазақ. Ал идеологтарымыз мұны байқағысы келмейді. Ел өзгеретін болса, идеологияны да өзгерту керек. Қазір де біз ұлттық идеология құрып, ұлттық ел болуға тырысуымыз керек. Ақпараттық саясаты мен білім жүйесі жағынан біз ұлттық мемлекет болуымыз қажет.

Халыққа жер мәселесін де көтеріп жүрген қоғам белсендісі ретінде танымалсыз. Халық жер реформа комиссиясына тәуелсіз сарапшы мүше болғанына қуанды. Алайда комиссияның атқарып жатқан жұмыстары нәтижесіз дегендердің қарасы көп. Халық арасында жиілеген мұндай пікірлерге қатысты не айта аласыз.?

Бұл – халықтың талабы болған. «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!» деп жанталасты. Комиссия бұл талапты орындады да. 5 жыл ішінде жер ешкімге сатылмайды, тек Қазақстан азаматтарына ғана жалға беріледі. Шетелдік азаматқа берілмейді. Мұндай шешіи үлкен пікір, таластардың нәтижесі. Бірнеше отырыстар өтті, ұзақ талқыға түсті. Небір сындар айтылды, ұсыныстар болды. Бірақ біз өз ұстанымымызды өзгерткен жоқпыз. Халықтың талабын орындадық. Комиссияның жұмысы нәтижесіз дейтіндерге комиссия қабылдаған 11 шешімді айта аламыз.

Протоколдың негізінде қазірде заң жобасы дайындалып жатыр. Заң 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қабылданады, сол күннен бастап жүзеге асады. Әрі ол 11 шешім халыққа тиімді. Мәселен, жайылым жер бүгінде үлкен проблемаға айналған. Әр ауылдың аймағында ауылдың адамдарына, малының санына сай бұл жайылым жерлер ешкімге берілмейді. Арнайы коэфицент болады. Үлкен ауылдарға көп жайылым жер берілсе, шағын ауылдарда одан аз, ешкімге берілмейтін, жалға берілмейтін, ортақ, мемлекеттің меншігіне кіретін жайылым жер қалу керек деген норма бар. Бұл норма қазір заңның жобасында тұр. Өйткені жайылым жер болса, жергілікті халық мал асырай алады, балаларын оқыта алады, бұл – маңызды. Келесі норма латифундистерге қатысты. Әр адамның қолында бірнеше жер телімдері болмау керек. Жердің көлемі шектеледі. Мақсатымыз – қарапайым халықтың да жер алуына мүмкіндік жасау. Келесі шешім бойынша, Қазақстанның шекарасы бойындағы жер ешкімге сатылмайды, жалға берілмейді.

Жер қазірде ашық түрде өтетін байқау арқылы беріледі. Мұндай процесс бұрындар болған емес. Аталмыш байқауды өткізетін арнайы комиссия болады, талап - комиссияның тек қана шенеуніктерден тұрмауы.

Бірақ бір нәрсені ашық шешкен жоқпыз. Жер кімнің қолында, кім кәдесіне қалай жаратып жүр? Бұл мәселелер бүкіл халыққа ашық жариялануы тиіс. Жер – ұлттың ортақ қазынасы. Сондықтан бұл мәлімет бәрімізге мәлім болу керек. Кез-келген азамат жер телімдерінің кімге тиесілі екенін, ол адам ол жерді қандай мақсатта пайдаланып отыр, бәрі де ашық болу керек. Бүгінде депутаттар мұндай шешімнің қабылдануына қарсылық танытып отыр. Бұл – парадокс. Ашық байқау өткізіп жатырмыз дейміз, сонда байқау біткен соң бәрі құпия түрде қалу керек пе? Бұл дұрыс емес. Бірақ міндетті түрде қолға алынатын мәселе.

Сіз мемлекеттік лауазымда емессіз. Соған сай мемлекеттен ақша алмайтыныңыз да түсінікті. Алайда, үнемі «жер мәселесі», «тіл мәселесі», «білім проблемасы» деп, қоғамдық мәселелерге шыр-пыр болып жүрсіз. Оған қаражат кететіні белгілі. Табыс бермейтін, қалтаңызға ақша түспейтін жұмыстардан шаршамадыңыз ба? Қаражатыңыз сарқылмады ма? Тіпті, сіз Халық банктің 600 акционерінің бірі екенсіз.  

Халық игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстан мен шаршамаймын! Өйткені мен күн санап өз арманыма қадам басып келемін. Менің жастайымнан қалыптасқан мақсатым бар – халқымды, ұлтымды бақытты ету.

90 жылдары реформа дұрыс жүрген еді. Бірақ соңғы жылдарды мемлекетіміз басқа бағытқа ауып барады. Сондықтан мен бар күшімді саясатты жақсарту, дұрыс бағытқа бұруға саламын. Күнде сол жолға қадам басамын. Мен өз арманымды күнде жүзеге асырып жүрмін. Мұндайда қаражаттың не қажеті бар? Өз жағдайымды әу баста жасап алғанмын. Қаражат мәселесі арманымды жүзеге асыруға кедергі емес.

Тіпті, жер мәселесімен айналысып жүрсем де, өзіме тиесілі жер жоқ, алуға тырысқан да емеспін. Мен үшін ең бастысы халықтың батасын алу, алғысына бөлену.

Мағына ақшада емес, егер біз тарихи үлкен прогресс жасасақ, демкоратиялық, бай, зайырлы мемлекет құратын болсақ, сол кезде ұлтымыз үшін тарихи үлкен қадам болады. Бұл Алаш зиялыларының арманы, ата-бабаларымыздың арманы. Егер мұны жүзеге асырсақ, жүезеге асуына ат салыссақ, онда бекер өмір сүрмегеніміз.

Егер сізге биліктен орын бұйырса, халықтың игілігі үшін қандай өзгеріс, қандай реформа енгізер едіңіз?

Асықпаумыз керек. Бәрі өз уақытымен болады. Мен үшін лауазым маңызды емес. Жүйе өзгеру қажет, ол жүйе халықтың көңілінен шығып, халықтың арманына лайықты болу керек. Сонда ғана біз жеңіске жетеміз. Ал жүйе дұрыс болса, билікке емес, өз ісіммен айналысуға тырысар едім.

Қолыма билік тиген болса, біріншеден мемлекет мүлкін ашық түрде жариялайтын едім. Адамның билікке келгендегі алғашқы жағдайы халыққа мәлім болады.  Билікте отырып байып кеткені - оның адал қызмет етпегені... Сен билікке не себепті келдің? Халық үшін жұмыс істеп, ұлт үшін терлеуге келдің. Өз қара басын ойлайтын адам ұзаққа бармайды.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Гүлім ЖАҚАН

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір