• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:11:40
Алматы
+35°

07 Сәуір, 2018 Әдебиет

Мұхтар ШЕРІМ. Бүгінгі сатира. БЫЛШ ЕТЕ ҚАЛДЫ…

Әруақтардың бәрі жаппай митингі жасап жатыр, бізбен жүр!» –деді. Ақындарды аты–жөндерімен мазақтағыш «сатирик» Шаханов үшін ұялып, олардан әрең құтылдым.

Бір күні жоғалып кеттім. Өзімді іздемеген жерім жоқ. Мен жоғалайын деп жоғалған жоқпын. Мені таныс төрт жігіт алдап алып шығып, айдалаға апарып, тепкілеп өлтірді.  Не үшін өлтіргендерін де білмеймін, білетінім, денеме қимастықпен қарап тұрдым да, «Жарайды, тастай салайыншы, бәрібір көтеріп жүре алмаймын ғой?» дедім де, аспанға ұшып кеттім. Ұшып кеткен менің жаным еді...

Қалықтайтын қанатым жоқ, тек қолдарымды жайып жіберіп, қанаты бардай қақсам болды, ұша жөнелемін. Бір ұшып жүрген сызбамын. Әйтеуір, бүктеліп, иіле де беремін, ыржиып күле де беремін, тек даусым жоқ. Әуені өшіп қалып, ауыздарын жыбырлатып, халықты алдап жүрген әншілер сияқтымын ба? Өзгелерге көрінбейтін, өзгелер өзіме көрінетін суретпін бе? Содан, Мұқағалидың, Мұхтар Әуезовтің баяғы-ы-ы жандары  ұшып келіп, менімен танысып жатты. «Анау жер бетіндегі Шаханов кейінгі кезде кері кетті, бізді қаралап, туыстарымыздың жүректерін жаралап,  болар емес. Онысы несі? Әруақтардың бәрі жаппай митингі жасап жатыр, бізбен жүр!» –деді. Ақындарды аты–жөндерімен мазақтағыш «сатирик» Шаханов үшін ұялып, олардан әрең құтылдым.

Содан дереу менің басымнан аямай, аса қатыгездікпен тепкен төрт жігіттің бас атаманын іздесем, кафеде  бір қызбен құшақтасып отыр екен. Қасына ұшып келіп, басына бір тептім. Ол селт етпеді. Өйткені, менің тепкенім  басын сипаған құрлы да әсер етпеді. Оңбағанның отырысын қарашы? Әкесі прокурор, істі жаба салды ғой, «өзенге өз еркімен ағып өлдімен». Артымда аңырап анам, ботадай боздап балаларым, жылап–сықтап әйелімнің  қалғаны қаперіне де кірмейді!

Өзі масаң, аңқау қызды құшақтап отырған  қанішердің мойнына отырып алдым, аяғымды салбыратып. Желкесі қышыды ғой деймін, мойнын қасыды.  «Кока кола» ішкісі келіп, аузына стақанды апара беріп еді, шырт түкіріп жібердім. Жиіркенбей ішіп қойды.  Содан жігіт қызды таксимен пәтеріне алып келді. Екеуі түк көрмегендей жабыса кетіп, бір-біріне қарасты ма, жарты сағат жаласты ма... Мен оның бетіне шертіп ойнадым. Бетін сипалап қояды. Бір кезде ол қызды қуалай бастады. Шамасы, зорламақ болды ғой деймін, қыз қашып, келесі бөлмеге кіріп кетті.  «Ей, оңбаған! Сен сияқты байлықтың буына мас болғандар жер бетінде әлі тайраңдап жүр! Құдай жазаларыңды береді әлі!» деп қанша айқайласам да, жігіт таскерең ғой деймін, естімейді.   Мен жан ұшыра айқайлап, төбедегі люстраны қозғадым.  Люстра үзіліп кетіп,  көк соққанның басына түсті.  Біраз талтайып, талып жатты да, атып тұрып, қызды іздей бастады. Бұл кезде  қорыққан қыз балконнан секірейін, секірейін деп тұрған еді. Қасында тұрып: «Секірме қарындас, секірме! Бесінші қабат қой, жерге былш ете қаласың! Фарш боласың!» деп айтсам, естімейді. Жылап тұр. Анау балконға шығар есікті ашып қалғанда, қыз секіріп кетті! Бітті! Ұшып барып, арқамды тостым, сызбам жыртылып кете береді.  Қолынан ұстап, жоғары ұштым, қолым жыртылып кете береді. Қайран, қара көзім! Қор болдың–ау? Он екі де, бір роза гүлің ашылмай, о дүниеге аттанатын болдың–ау!?» деп жаным ашып кетті тегі. Бір кезде былш ете қалды. Бітті. Талай қыздар осылай  секіріп кетіп, бақилық болып жатыр ғой! Жылап еңіреп, қасына келсем, қыз есін жиып, қолдарын қимылдатып жатыр екен. Тірі! Сөйтсем, бір алқаш жігіт жерде  шалқасынан түсіп жатқан, қыз соның үстіне түсіпті! Алқаш алты минөттен кейін жан тапсырды. Жаны  өзінен ұшып шығып,  менімен қатарласа ұшты да: «Сәлеметсіз бе? Мен «свежий» өліктің жанымын»,–деді. Онымен қоймай,  «Жүз грамыңыз бар ма?» – деп қыр соңымнан қалмады. Оны адастырып, прокурор баласының пәтеріне оймақтай тесіктен кірсем, ол етпетінен түсіп жатыр! Қыз  төмен құлағын соң, мастығы жазылып кетіп,  «Бітті, сотталатын болдым!» деп ойласа керек, жүрегі жарылып кетіпті, жыртық–жыртық болып... Бір кезде «Кешірші мені..» деп сыбырлады біреу. Қарасам, бұрышта бүрісіп, өлген жігіттің жаны отыр! Жұдырығымды түйіп, тұра ұмтылдым. Қуып келемін, ұшып келемін, менімен қатарласып, қазақтың аса дарынды ақыны Мұқағалидың жаны да  желмен жарыса жөнелді. «Шахановқа қалай жолығамын?» деп сұрап қоймайды. «Шаханов шайтан емес, оның да жаны бір кездері  ұшып келер..» дедім мен. Ее, адамдар–ай, адамдар, жарық дүниенің қадірін білмейсіңдер–ау, қайтейін...

Мұхтар ШЕРІМ

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір