• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 04:43:37
Алматы
+35°

27 Сәуір, 2017 NEWS

МҰСТАФА ӨЗТҮРІКТІҢ ШӘКІРТІ ІЛИЯC КЕРІМ: ҚАЗАҚСТАНДА БАПКЕР БОЛЫП ҚАЛУҒА ДАЙЫНМЫН

Қазақстанға Түркия қазақтары арасындағы Мұстафа Өзтүріктің шәкірті Ілияс Керім алғаш рет келді.  Ол бұған дейін бірнеше дүркін Түркия бойынша чемпион...

Қазақстанға Түркия қазақтары арасындағы Мұстафа Өзтүріктің шәкірті Ілияс Керім алғаш рет келді.  Ол бұған дейін бірнеше дүркін Түркия бойынша чемпион болған. Қазіргі кезде таэквондо бапкері ретінде болашақ чемпиондарды тәрбиелеп отырған ол Өзтүріктің төл шәкірті.

Ілияс Керім 1977 жылы Ыстамбұлда дүниеге келген. Түркия Таэквондо федерациясының мүшесі, Ұлттық командада спортшы әрі бапкер, 6 дан қара белбеу иегері. Таэквондо спортын үйренуді 1985 жылы мамыр айында Ыстамбұлдағы Мұстафа Өзтүріктің мектебінде бастаған. Кейін Мұстафа Өзтүріктің шакірті Жемал Кабадайының шакірті болған.

Қазақстанға алғаш рет келіп отырған Ілияс Керімнен Қамшы тілшісі арнайы жолығып эксклюзивті сұхбат алды.

Ілияс мырза, Қазақстанға қош келіпсіз! Бұл Атамекенге алғаш рет келуіңіз бе?

Рақмет! Мен Марқұм Мұстафа Өзтүрік ұстазымызды еске алуға арналған турнирге арнайы қонақ ретінде шақырту алып келіп отырмын. Мұстафа Өзтүріктің осындағы шәкірті Исатай Қабеков ағамыз Түркиядағы шәкіртітерін осы халықаралық турнирге «Сіздер де Мұстафа Өзтүріктің шәкіртісіздер, келіңіздер!» деп арнайы шақырған. Алыс-жақын шетелдерден 900-дей кісі келеді деп күтілген халықаралық турнир 29-30 сәуір күндері Алматыда өтеді. Мен алғашқы сапарым болғандықтар бірнеше күн ерте келдім. Түркиядан сондай-ақ Мұстафа Өзтүріктің анық шәкірті, қолынан қара белбеуін алған Жемал Қабадайы келеді. Ол кісі Ыстамбұлдағы таэквондо төрешілерінің бастығы.

Түркияның Таэквондо федерациясы сізге қаншалықты көңіл бөледі?

Жақсы көңіл бөледі. Түрлі жарыстарға шақырып тұрады, балалардың жарыстарына төреші ретінде де барам. Түркиядағы таэквондо ұстаздарының барлығы таниды. Маған түріктер «корейге ұқсайсың, корейсің бе» деп әзілдеп жатады.  Мен қазақ екенімді айтам. Өзіңіз білесіз, 2014-2016 жылдары Түркияның Мармара аймағы бойынша жарыста біріншілікті иелендім. Былтырдан бері сәл сырқаттанып қалып, кішкене демалыс алдым. Бұйыртса биыл қазан айында  өтетін Әлем чемпионатына дайындалып отырмыз. Қандай да бір кедергі болмаса соған қатысамын.

Мұстафа Өзтүрікті соңғы рет қашан көрдіңіз?

Мен 1985 жылы бала кезімде ол кісінің мектебіне бардым ғой. Мұстафа ағамыз 1986 жылдан бастап Қазақстанға келе бастады. Түркияға 3-4 айда бір баратын. Ол кісіні соңғы рет 1992 жылдың басында Яловада көрдім. Мен де жарысқа қатысқан едім. Сол кезде апам Қазақстаннан ол кісімен бірге барған кісілерге аудармашы болып көмектесіп жүрді. Мен де Қазақстаннан келген спортшы ағаларымызбен танысайын, қазақ тілін үйренейін деп бірге жүргенмін. Сол кезде соңғы рет көрдік.

Түркиядағы қандастардың жағдайы қалай? Қазақтар қаншалықты ұйысып тұр?

Түркиядағы өмір сүрген қазақтар қазір жақсы өмір сүріп жатыр деуге болады. Қонағымыз болса, бала туып, жастар үйленіп жатса жабылып той жасап, шамасы келгенше салтанат құрады. Жасы толған кісілер өмірден қайтса оған да жиналып келіп құран хатым бағыштап жатамыз. Мейрамдарда, айтта үй-үйге кіріп шығады.  7 жастағы үлкен қызымды алып, мереке күндері үйлерді аралап, үлкендердің батасын, ақыл-кеңесін аламыз. Яғни, ондағы қазақтардың бірлігі жақсы. Қоныстанған аудандарында да шоғырланып отыр. Дегенмен үлкендердің көбінің көзі кетіп жатыр. Жастар оқығаны бар, басқасы бар бір-бірінен алыстап кеткен. Біздің буындай араласа қоймайды.

Түркиядағы қазақтар арасында Мұстафа Өзтүрік есімі қалай насихатталады?

Ол кісінің есімі ұмытылған жоқ, керісінше Түркиядағы қазақтар әрдайым Мұстафа есімін мақтан тұтады. Біздің құрдастарымыз, ағаларымыз, аталарымыз олар өте мақтаныш етеді. Есімін үлгі етіп жастарға айтып отырады. Кәрі-жастың бәрі жатқа біледі.

Осы жолы Сізге Қазақстанда бапкер болып қалуға ұсыныс тастаса қалай қарайсыз?

Маған бұған дейін де Қазақстаннан көп кісілер барған. Федерацияның басшылары үйде болып талай шай ішіп кеткен. Қазақстанға қайтып барған соң сөйлесіп, алдыру жағын ойласамыз деген. Өкінішке орай ол кісілерден хабар болмады. Мен туғаннан Ыстамбұлдамын. Үш бала тәрбиелеп отырмын. Өзіңіз білетіндей менің көшіп келіп, Қазақстанға орналасуға жеке мүмкіндігім жоқ. Алайда осында шақырылып жатсам, қоныстануыма көмек берілсе білгенімді жастарға үйретуге еш қарсы болмас едім. Бұл жолы алғаш рет келіп отырғаныммен, жақында Астанаға Дүниежүзі қазақтары құрылтайына тағы келемін.

Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Нұрғали Нұртай

Nurgali Nurtay

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір