• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 19:49:18
Алматы
+35°

29 Тамыз, 2018 Сұхбат

"Мойындауымыз керек, жас буынның тәрбиесін уысымыздан шығарып алдық"

Әңгіме барысында олардан «Бауыржан Момышұлы кім?» деп сұрап едім, ешбірі күмілжіп дұрыс жауап бере алмады.

«Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін үш қызмет иесі – дәрігер, мұғалім мен тәртіп сақшыларының әлеуметтік, тұрмыстық жағдайы түзелмей, құзырет-міндеттері айқындалмай елдің ертеңі айшықталмайды», – дейді Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев. «Өйткені, денсаулығы жоқ, білімі саяз, тәртіпсіз ұрпақ ұлтты ұшпаққа шығармайды. Денсаулық, білім, тыныштық – бәрі бір-бірімен етене байланысты. Үш ұғым – қазанның үш бұты секілді. Бірі босап кетсе, қазан төгіледі». Парламент Мәжілісінің депутатымен арнайы кездесіп, сұхбат құрғанымызда Бақытжан Ертайұлы құқық қорғау органдарындағы құрылымдық өзгерістер, жастар мәселесі, Антқа адалдық туралы ойларымен бөлісті.

 

– Бақытжан Ертайұлы, Сіз әскери адам ретінде ішкі істер органдарындағы өзгеріске, сын мен сапаға да өзіндік баға бере аласыз. ІІМ-нің бүгінгі қызметін қалай бағалар едіңіз?

– ІІМ-нің қызметі халықтың көз алдында, сол себепті де бұл салаға салмақ көп түседі. Полиция қызметкерлері елмен етене жұмыс істегендіктен де сын-ескертпеге жиі ілігеді. Қоғамда қандай да бір келеңсіздік пен заңсыздық болса, қарапайым жұрттың алғаш болып көмекке шақыратыны да – полиция. Бәрін бірдей қаралап, жасалған еңбекті түбірімен жоққа шығарып тастауға болмайды. Кемшілік кетсе, кінәні бір адамнан іздеудің қажеті жоқ. Себебі, қателік бүкіл жүйеде деген сөз.

Қазақстандық полиция ел алдындағы міндетін орындап келеді. Қызметтегі сан қиындыққа қарамастан жұмысын адал атқарып, халықтың алғысына бөленіп жүрген азаматтар аз емес. Бірақ мына жайтты ескере кеткен жөн. ІІМ-нің жолы даңғыл болғанымен, өте тайғақ. Үлкен құрылымның қызмет көрсету аясы да кең. Сондықтан бәрі бірдей тең басып, межесіне дөп тигізіп жүр деу қиын. Араларында сүрінетіндері бар, шалыс басатындары да кездеседі.

Шындап келгенде, ішкі істер органдарының абыройы – бәрімізге ортақ. Себебі, елдегі ішкі тәртіпке бағыну, ішкі ережені ұстану әр азаматтың жеке тәрбиесі, тәлімі мен тәртібінен басталады. Қоғамда қаны тамған мәселе болса, «бұған ІІМ жауапты» деп, кері итеріп тастаудың қажеті жоқ. Бәріміз қоғам, қарапайым азамат болып біріккенде, жұмыла жұдырық болғанда ғана ішкі тәртіпті түзете аламыз. Біржақты сынның жетегінде кетуге болмайды. Егер ішкі тәртіпке қатысты қандай да бір кемшілік кетсе, оған бәріміз кінәліміз. Жастар қылмысқа барса, сол өренге дұрыс тәлім бере алмаған отбасы, туған-туысы, ауыл ақсақалдары, қала берді мектеп те, ЖОО да жауапты деген сөз. Болары болып, бояуы сіңген соң «полиция қол қусырып отыр» деп сан соғып, сын садағын қадаудан еш нәтиже шықпайды. Сондықтан да дерттің алдын алған жөн.

Қазір неше түрлі іс-шаралар, форумдар, кеңестер өткізіліп жатыр. Бірақ дені формально. Жалындап сөйлеп, жылтырақ қағаз таратумен ешнәрсе бітпейді. Мәселені ашық талқылап, батырып айтып, шын жаны ашитын аға буынның айтқанына құлақ салсақ, ұтарымыз көп.

– Халықтың ішкі істер саласына деген сенімін нығайта түсудің тағы қандай тәсілдерін айтар едіңіз?

– Депутат ретінде де, генерал тұрғысынан да, қарапайым ауылдан шыққан ақсақал абыройымен де халықтың арасында жиі боламын. Ел алдында жүрген беделі биік азаматтарымен де, шалғай жатқан қарапайым ауылдың қара шалдарымен де шамам келгенше жиі бас қосып, қауқылдасқанды жақсы көрем. Осындай кеңестерде бір байқағаным, ел үлкендерінің аузынан «полиция жаман», «жатыпішер» деген ауыр сөзді естіп көрген емеспін. Керісінше, «шақырғанда тез келеді», «шама-шарқынша көмектерін аяған емес» деп ақ баталарына қосып отырады.

Дегенмен, ІІМ халыққа барынша ашық болуы керек. Аймақтарда қарапайым халықтың ІІД, басқарма басшыларына кіруін, арыз-шағымын өз аузымен жеткізудің жолын қиындатып жіберген. Айналасын биік қоршаумен тұмшалап, кіреберістеріне дейін күзетті тізіп қояды. Осының өзі полиция мен халықтың арасын алшақтатады, сенімдерін сетінете түседі. Қара халық полициядан жасқанбауы, қорықпауы керек. Керісінше, одан өз қорғанын, қамқоршысын көруі керек емес пе?! Басшылық қызметке отырған екенсің, сол тақтың емес, елдің құлы бол! Қара бастың емес, халықтың игілігі үшін қызмет ет! Жайлы кабинетте отырып алып, жұрттың шынайы жағдайын білу, түсіну мүмкін емес.

– Қоғамда дау тудырған қандай да бір оқиғадан кейін ел ішінде «қатаң шара қолдану қажет», «салаға реформа жүргізу керек» деген сөздерді жиі естиміз. Жалпы мұндай өзгерістер құқық қорғау органдарына қаншалықты тиімді?

– Ішкі істер саласына тың серпін берген реформа ретінде 2012 жылы енгізілген қылмысты тіркеу мен есепке алу тәртібін айтуға болады. Бұрындары жасалған қылмыс тіркелмей, қалтарыста қалып қоятын. Патрульдік полиция мен жол полициясы қызметкерлерін біріктіру де қоғамдық орындардағы құқық бұзушылықтың азаюына ықпал етті.

Реформа тек ІІМ-ге ғана емес, барлық сала үшін қажет. Бірақ реформа реформа үшін жасалмауы керек. Уақыт талабына сай құрылымдық өзгеріс, саяси жаңғырту, әлеуметтік тұрғыдан жетілдіру қажет. Бірақ ол – қағаз жүзінде емес, болашақ үшін жасалатын маңызды қадам. Тағы да бір реформаны қолға алмас бұрын ел талқысына, үлкендердің ақыл-кеңесіне, халық таразысына салса, өткеннен кеткен кемшілік қайталанбайды, жіберілген қателікке жол берілмейді. Сосын мұндай талқылаудан оппозиция өкілдерін де шет қалдыруға болмайды. Жалпы, шындықты айтқан адамды тыңдау керек.

– Полиция қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайлары туралы жиі айтылады. Ал Сіз жалақыны көтеріп, құзіретін кеңейту арқылы қазақстандық полицияның мәселесін түбегейлі шешуге болады деп есептейсіз бе?

– Маңдай тер, ақ-адал еңбек тиісінше төленуі керек. Білікті мамандарды қызмет көрсеткішіне қарай жоғары жалақымен ынталандыру, материалдық мәселесін шешіп беру – осының бәрі жұмысқа деген стимулды арттырады. Қара жаяу, қалтасы тесік, басында баспанасы жоқ учаскелік полициядан қандай көрсеткіш талап етуге болады? Бұрын учаскелік инспекторлар ауыл әкімдерінің адъютанты болып жүретін. Полиция қызметкері жергілікті билікке емес, халыққа бағынуы керек. Себебі, оның басты міндеті – ел тыныштығын сақтау, ішкі тәртіпті қадағалау. Бір үйдің қойы жоғалса да, еркегі ішіп алып, лаң салса да күні-түні жүгіріп жүретін сол инспекторлар. Егер полицияның имиждін нығайтамыз десек, осындай қарапайым халықтың арасында жүрген учаскелік инспекторлардың білімді, білікті, беделді болғанын қатаң қадағалау қажет. Жұрттың қазақстандық полицияға деген көзқарасы осындай ауыл-аймақтан, көз алдарында жүрген тәртіп сақшысының жеке тәртібі мен түр-тұлғасынан басталады. Жылы кабинетте отырған басшысының емес, елдің арасында еңбек етіп жүрген қарапайым жігіттердің жағдайын жасау керек. Соңғы 5-6 жылда учаскелік полиция қызметкерлерінің беделі артты, құзіреті де кеңейді. Бұл өзгеріс осы бағыттағы қызметке де оң әсерін тигізіп келеді.

Жалпы, ел алдында адал қызмет етуге Ант беріп, серттескен әскери адам ешнәрсеге алаңдамауы керек. Оның бар міндеті – елінің ішкі тәртібін сақтау, жұртты ұры-қарыдан қорау, әлсізге араша түсу, әлжуазға көмек қолын созу. Погон таққан адам сауда-саттыққа, ұсақ-түйекке араласпағаны жөн. Әскери қызметкерлердің «Честь имею!» деген әдемі сөзі, өздерінің қалыптасқан игі дәстүрі бар. Біздің тілек – сол дәстүрдің діні құламаса, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, Ар, Намыс, Ұят деген ұғымдардың құны түспесе екен деген ниет қана.

– Бақытжан Ертайұлы, Сіз 40 жылдан астам уақыт әскери салада қызмет еттіңіз. Бұл сала Сізді неге үйретті? Қандай тәртіпке бағындырды?

– Әскери сала Антқа адалдыққа үйретеді. Отан алдындағы борышыңды өтеуге тәрбиелейді. Ал Отан алдында Ант беру – құрғақ ұрандату емес, елім, жерім үшін жаным пида, басым жерге тигенше қорғаның болам, қызмет етем деген сөз. Ел-жұртыңды сайраған тілмен емес, жүрекпен сүю керек.

Әр адамның өз жүріп өткен жолы, тағдыры мен тарихы бар. Менің де талайлы тағдырым сан тарапқа толы. Ғұмырымның 44 жылы әскери салада өтті. Кейде артыма бұрылып қараймын да «Еліме, туған топырағым мен Отаныма не істей алдым? Перзенті ретінде парызымды өтей алдым ба? Қандай жақсылық жасадым? Титтей де болса көмегім тиді ме?» деп өз-өзіме сұрақ қоямын.

Бала кезімде Бауыржан Момышұлындай батыр болсам деп армандадым. Курсант атанғанда генерал Сағадат Нұрмағамбетовті алғаш рет көріп, түр-тұрпатына, оқалы киіміне қызыға қарап, сол кісідей генерал болсам ғой деп тәтті қиялға беріліп өстік. Қазір міне, тәубе, ең жоғарғы дәрежелі марапат – Халық Қаһарманы атандық, генерал шенін тақтық. Бірақ бұл дәрежеге жеткенше әр әскери шеннің жауапкершілігін арқаладық, жақсылығын да көрдік. Әр қызметтің қиындығынан өттік, қызығын да сезіндік. Алдымызға қойылған әр міндеттің ауыр сынында шыңдалдық, абыройына да арқаландық. Ауған соғысының ауыр жылдарын да бастан өткердік.

– Генерал – үлкен шен. Ел алдында жүрген аға буын өкілі ретінде басты парызым осы деп нені айтар едіңіз?

– Отан алдында берген Антыма дақ түсірген жоқпын. Адал болып қалдым. Кез келген адам адалдыққа, ақиқатқа сену керек. Қазақ: «Шындықтан зор палуан жоқ. Ол жауды да жығады, қамалды да бұзады» деп бекер айтпайды. Бірақ, шындықтың жолы – шырғалаң, соған төзе білу керек. Өтірікпен арпалысу керек. Өсек-өтіріктің жолы лас. Өтірік – шаң сияқты. Жел тұрса ұшып кетеді. Өтірік – лай. Үстіңе жұқса, кетуі қиын.

Қазір уақыттың талабы басқа, өзгеріс көп, жақсылыққа бастамалар мол. Жастар сол талап-міндеттің үдесінен шыға алуы, өзгеріс-ерекшелікке дайын, тың бастамаларға сақадай-сай болуы керек. Осынау ұланғайыр жерімізді қорғау, сақтау – біздің басты міндетіміз болса, оны келер ұрпақтың бойына сіңіріп, мінезінде қалыптастыру да – аға буынның ең үлкен парызы.

Талай қиын-қыстау кезеңнен өттім. Биікке де шықтым, құздан да құладым. Сүріндім, жығылдым, қайта тұрып, бойымды тіктедім, алға ұмтылдым. БАҚ-қа берген бір сұхбатымда: «Батыр таққа таласпайды, батыр тақты қорғайды» деп айтқаным бар еді. Қазақтың кең байтақ жерінде айдын-көл көп. Мен соның бір тамшысы ғана шығармын. Жерімнің қойнауы тау-тасқа бай. Мен соның бір түйір құмы ғана шығармын. Заман мен уақыттың талай ащы дәмін татсам да өз елім, өз жерімде еңбек етіп, қиындығын бірге өткеріп, қуанышын бірге бөліскенім – менің перзенттік міндетім осы болар.

Мені туған жерімнің табиғаты тәрбиеледі, кіндік қаным тамған топырағым мінезімді қалыптастырды. Мен Бауыржан батырдың кіндік қаны тамған жері – «Батырлар ордасы» атаған киелі Жуалыда дүниеге келдім. Шығысында – Күйік, батысында – Шақпақ асулары, оңтүстігінде – Тәңіртауы көсіліп жатқан нулы да сулы өңір мені шыншыл болуға, таулы теріскейі ірілікке тәрбиеледі. Ал қос асудың ортасында ұйытқи соғатын қыстағы бораны қаталдыққа, темірдей төзімді болуға шыңдады. Ал қазіргі жастарды табиғаттың өзі еркелетіп жіберді.

Жуалыға жиі барып тұрамын. Барған сайын Қаратау бөктеріне салдырған мешітке ауыл жастарын жинап, «Тәртіп күнін» өткіземін. Қолдарына күрек ұстатып, бастаудың көзін ашамыз, шалдардың басын қосып, жас өренге ата-бабаның айбынды ерлігі жөнінде әңгіме-дүкен құрамыз. Былтыр 22 бастаудың көзін ашқанбыз. Жақында барып көрсем су толып, мөлдіреп тұр. Ауыл ақсақалдары баталарын беріп жатыр, ал жастар өз қолдарымен ашқан бұлақтың қадірін біліп өседі, табиғатқа құрметпен қарауды үйренеді. Осының өзі – тәрбие.

– Ал жастар тәрибесінде неден ұтылдық деп ойлайсыз?

– Қазіргі жастар өз заманында өмір сүріп жатыр. Мойындауымыз керек, жас буынның тәлім-тәрбиесін уысымыздан шығарып алдық. Буыны бекімеген баланы интернет, ұялы телефон, қала берді атыс-шабысы, қатегіздігі мен қаны көп, не болса соны дәріптеп жатқан шетелдік киноның алдында қалдырдық. Біз, үлкендер, жастарға осыдан кейін қандай бағыт-бағдар бердік деп айта аламыз? Жас буынға қандай көмек қолын создық? Батысқа бастаймыз деп жүріп, еркек пен еркекті үйлендіргенді де көз көрді. Бұл мәселені ашық талқыға салуымыз керек. Ұлттың болашағына, өзегіне түскен дерттің диагнозын дұрыс қоюымыз керек. Асқынып кетсе, арты абыройға апармайды. Себебі, бүгінгі жастардың солқылдақ тәрбиесі – ертеңгі болашағымызға төнген қатермен тең.

Күні кеше Денис Тенді көліктің айнасы үшін өлтіріп кеткен жастардың, жалпы өрімдей жастардың қолымен жасалған қылмыстың бәрі айналып келгенде біздің баршамыздың кінәміз. Мұны тек бір сала мен бір жүйеге жаба салуға болмайды. Егер сол жастар жұмыспен қамтылған, тұрақты жалақысы болса, айналысар ісі, айналдырған кәсібі болса, сондай қадамға барар ма еді?! Қоғамдағы күрделі мәселенің басы да осында – жұмыссыздықта жатыр. Қазір білімі бар, білдей оқу орнын бітірген жастардың дені бос сенделіп жүр.

 Жақында депутат ретінде аймақтарға сапарым барысында Қостанайға барып, мектеп оқушыларымен жолықтым. Әңгіме барысында олардан «Бауыржан Момышұлы кім?» деп сұрап едім, ешбірі күмілжіп дұрыс жауап бере алмады. Ал Алматыдағы мектептердің бірінде дәлізде ілініп тұрған Панфилов пен Момышұлының портреттерін көрсетіп: «Мынау кім?» деп сұрасам, балалардың бірі Панфиловтың мұртына қарап тұрып: «Бұл – Гитлер!» деді(!).

 Тарихты білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Мектептегі білімнің деңгейін, отбасындағы тәрбиенің саяздығын осыдан-ақ аңғаруға болады. Тәрбиелеу мен білім беру тетігін заманға сай етіп, уақыт ағымымен жаңғыртып отыру керек. Демократия деп даурыға берудің де шегі бар. Төл тарихпен сусындамаған, ұлттық құндылықтың қадірін білмей өскен ұрпақтан ұлық істер күтіп қажеті жоқ. Осыны ұғар уақыт баяғыда жетті. Қазіргі бозбала аға буынға алақанын ала жүгіріп «Ассаламағалейкүм!» деуді, қыздар үлкеннің алдын қиып өтпеуді білмейді.

– Генерал ретінде әскерилерге қандай кеңес берер едіңіз? Ал халық қалаулысы тұрғысынан еліңіздің қай кеңесіне құлақ түріп жүрсіз?

– Екі сұраққа да Баукеңнен асып жауап бере алмаспын. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды». Бәріміз – Отан-Ананың перзентіміз. Сол перзенттік парызымызға адал болып қалайық.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұхбаттасқан Бану Рахымбайқызы

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір