• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:42:47
Алматы
+35°

14 Қаңтар, 2019 Әлеумет

Мөңке бидің айтқаны айдай келді: құны жоқ марапат шашылып жатыр, шашылып жатыр...

Бай да, жарлы да, қатысы бар да, қатысы жоқ та тағып жатыр, тағып жатыр, тағып жатыр...

Қазір кеудесіне жез-темірден салпыншақ тақпаған адам қалмады-ау, сірә. Бай да, жарлы да, қатысы бар да, қатысы жоқ та тағып жатыр, тағып жатыр, тағып жатыр... Жиын-салтанаттарда қол шапалақтаудан шаршайсың, тіпті. Пәлендей елдің құрметті азаматы, пәлен мекеменің пәлен жылдығының мерейтойлық төсбелгісі, пәлен саланың үздігі... «Еңбегім бар ма, жоқ па, лайықпын ба, лайық емеспін бе?» деп жатқан бірі жоқ. Селфилетіп, фотолатып, әлеуметтік желіні жаулап алды. Мемлекеттік награда болса мейлі ғой, түрлі қоғамдық ұйымдардың, мекемелердің арзанқол мадақ-марапаттары. Белгісіз ұйымдардың белгісіз төрағалары қолын қойып, жеке кәсіпкер деп тіркеткен мөрлерін басып, есепсіз үлестіріп жатыр. Мұндай «марапаттар» ақылы. Төле де – ала бер! Бір сәттік алданыш, бір мезеттік қуаныш. Сосын темір-терсегіңіздің ешкімге керегі жоқ, бала-шағаға алданыш, ойыншық болары даусыз... 

Сонда мына жұрт жалған атаққа несіне ұмтылып жатыр? Қайтпекші бұл темір-терсекті? Әлде, даңқ-марапатқа етіміз үйреніп қалды ма? Әлгі тіркеусіз төсбелгілерін сарғайтып, тот басып кеткенше кеуделерінен тастамай тағып жүретіндерді қайтерсің?! Сонысын сұқ саусағымен шұқып көрсетіп, «мені байқа!» деп қорқытатындар да аз емес. Бір жапырақ Алғыс хатының суретін әлеуметтік желіге салып, «ал, құттықтасаңдар болады!» деп танауын көкке көтере «лайк» жинауға асығатын замандастарымыз да жетерлік. Жаппай – хайп! «Хайп» деп отырғанымыз жалған атақ қуып, пиарлатып немесе өзін-өзі жарнамалауда алдына жан салмайтын жандарға арналған жаңа неологизм.

Кезінде Мөңке би: «Азарсың, жұртым, азарсың, Азарыңның белгісі: Құны жоқ қағазды судай шашарсың...» деп ескертіп еді, әлде соның кебі келді ме екен?

Биыл – Жастар жылы ғой. Осыған орай менде ұсыныс бар. Мемлекеттік наградадан басқа барлық жалған атақ-даңқ, ақылы төсбелгілерге МОРАТОРИЙ жариялайық! Медаль таратқыштар одан гөрі үйсіз-күйсіз жүрген ЖАСТАРҒА баспана сыйласын, зейнет жасына жетсе де орнын босатпай отырған шал-шауқанды құрметті демалысқа жіберіп, талантты да іскер жастарға жұмыс тауып берсін, елімізді байытуды көздейтін жастарға арзан несие әперіп, шағын бизнеспен айналысуына мүмкіндік жасасын, креативті ойлайтын жастардың депутаттыққа, басқа да сайланбалы органдарға ұмтылуына жол ашсын!

Елбасымыз осы жылды Жастар жылы деп жариялай тұрып: «Біздің жастарымызды, Қазақстанның болашағын әр салада қолдауымыз керек», – деп үлкендерге, біздерге, үміт артып еді ғой. Ендеше, қолдан келсе қуаттайық та!

Бекжігіт Сердәлі

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір