• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 05:05:36
Алматы
+35°

01 Наурыз, 2019 NEWS

Мырзашөл халқы: Елбасы, бізге Асық ата ауданын қайта ашып беріңізші!

Түркістан облысындағы Мырзашөл өңірінің халқы Елбасыдан Асық ата ауданын қайта құруды сұрап отыр

Түркістан облысындағы Мырзашөл өңірінің халқы Елбасыдан Асық ата ауданын қайта құруды сұрап отыр, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Осыған орай Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті Телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының доценті Мырзантай Жақып әлеуметтік желідегі парақшасында Елбасыға қаратып жазба жариялады.

"Қазақстан Республикасының Президенті
Назарбаев Нұрсұлтан Әбішұлына

Аса құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Сіздің 2019 жылғы 27 ақпан күні өткізілген «Нұр Отан» партиясының кезекті XVIII съезіндегі еліміз бойынша халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған өңірлік саясатты жүзеге асыру мақсатындағы, Қазақстанның әрбір өңірі стратегиялық тұрғыдан маңызын ескере отырып, өмір сүру сапасы бойынша жетілдірілген өңірлік стандарттарына негізделген Үкіметке берілген еліміздің Жаңа Картасын қалыптастыру қажеттігі туралы тапсырмаларыңызға Түркістан облысындағы Мырзашөл өңірінің жұртшылығы ыстық ықыласпен қызу қолдау білдіріп отыр.

Өзіңіздің 2018 жылғы 5 маусымдағы № 698 Жарлығыңызбен Мақтаарал ауданын бөлу жолымен əкімшілік орталығы Жетісай қаласындағы Жетісай ауданы, əкімшілік орталығы Мырзакент кентіндегі Мақтаарал ауданы құрылғанын, сонымен бірге Сіздің 2018 жылғы 19 маусымдағы № 702 «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының кейбір мәселелері туралы» Жарлығыңызбен облыстың ресми атауы Түркістан облысы деп өзгертіліп, өңірдің әкімшілік орталығы Шымкент қаласынан Түркістан қаласына көшірілуін де жергілікті халық ерекше қуанышпен қарсы алды.

Сіздің «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде ұсынған халықты әлеуметтік қолдауды күшейтуге және азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға арналған шараларыңызды, осы мақсатқа бюджеттен және Ұлттық қордан қомақты қаржы бөлу туралы Үкіметке берген тапсырмаларыңыз бойынша бұл қаражат аз қамтылған азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсету ісін күшейту, халықтың әлеуметтік тұрғыдан әлсіз топтарының баспана жағдайын жақсарту мүмкіндіктерін арттыру және өңірлерді дамыту саясатын түбегейлі өзгерту секілді маңызды міндеттерді шешуге бағытталуы Мырзашөл өңірінің халқына айрықша құлшыныс сыйлап отыр.

Сондай-ақ 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына жолдауыңызда: «Еліміздің аумақтық дамуына жаңа тәсілдер енгізуді қамтамасыз ету қажет», - деп атап көрсете отырып, 2019 жылдың 1 қыркүйегіне дейін Еліміздің 2030 жылға дейінгі аумақтық-кеңістіктік дамуының болжамды схемасын және Өңірлерді дамытудың 2025 жылға дейінгі прагматикалық бағдарламасын әзірлеуді тапсырған едіңіз.

Осыған орай, Өзіңіздің 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлығыңызбен таратылған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданын қайта ашу мәселесі қазіргі кезде өте өзекті болып отыр.

Сіздің тапсырмаңызбен Мырзашөл өңірі жұртшылығының талап-тілектері бойынша тиісінше қажетті құжаттар дайындалып, «Электрондық үкімет» веб-порталында 2018 жылғы 23 ақпанда Елбасымыз – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Оңтүстіктегі Мақтаарал және Сарыағаш аудандарын бес ауданға бөліп, бұрынғы Мақтаарал, Жетісай, Асықата, Сарыағаш және Келес аудандарын қалпына келтіру туралы арнайы Жарлығының, ал 2018 жылғы 28 ақпан күні «Электрондық үкімет» веб-порталында тиісінше Қазақстан Республикасы Үкіметінің «Оңтүстік Қазақстан облысы Асықата, Келес, Жетісай, Мақтаарал және Сарыағаш аудандарының шекараларын белгілеу туралы» қаулысының жобалары жарияланған болатын.

ОҚО

Жоғарыда аталған маңызды ресми құжаттардың жобаларында және ғалымдардың ғылыми сараптамалық ұсыныстарында Мырзашөл өңіріндегі 1997 жылы бір ауданға біріктірілген үш ауданды да – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарын бұрынғы тарихи қалпына келтіре отырып үш аудан етіп қайта құру – қазіргі уақыт талабы екені, өйткені қажетті ақпаратты халыққа дер кезінде жеткізу, қадағалау, бақылау, халыққа қызмет көрсету тиімділігі артатыны ерекше атап көрсетілген еді.

Ғылыми сарапшылардың тұжырымдарына сүйенсек, саяси тұрғыдан алғанда, қазіргі таңда бұрынғы Асықата ауданының ашылмай қалуы салдарынан Мырзашөл өңірінің кейбір елді мекендерінде, әсіресе, шалғайда орналасқан аймақтарда экономикалық-әлеуметтік мәселелерді шешудегі оң өзгерістер өте баяу жүргізіліп жатыр.

Халық санының көптігіне байланысты елді мекендерді жедел басқаруда да көптеген қиындықтар туындап отыр. Бұл жағдай, әсіресе, шалғайдағы ауылдардағы әлеуметтік инфрақұрылымдардың жедел дамуына кері әсерін тигізуде. Қазіргі талапқа сай күнделікті атқарылып жатқан жұмыстарды тексеріп, бақылап отыру мен қордаланып қалған күрделі мәселелерді дер кезінде, жедел шешуде қолбайлау болатын жағдайлар көбейіп, қиындықтар туғызуда.

Қарапайым халық кейде қажетті анықтамаларды немесе басқа да құжаттарды алу үшін сонау шалғайдағы елді мекендерден әуре-сарсаңға түсіп, қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласына қатынауына тура келіп отыр. Бұл ретте жұртшылық аудан орталығына бару үшін алдымен бұрыннан қалыптасқан бұрынғы аудан орталығы Асықата кентіне жетіп, содан кейін ғана Жетісай қаласына қатынап жүр.

Мырзашөл өңірінде тұрып жатқан жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайына және аймақтың экономикалық дамуына болжамдық сараптама жасаған ғалымдар мен білікті сарапшы-мамандардың 1997 жылы бір ауданға біріктірілген бұрынғы Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының үшеуін де қайта қалпына келтіру қажеттігі туралы жоғарыда баяндалған ұсыныстары мен қорытындыларына қарамастан, 20 жылдан астам уақыт бойы сол кездегі экономикалық қиындықтардың салдарынан уақытша бір ауданға біріктірілген Мақтаарал және Жетісай аудандары 2018 жылғы 5 маусымда қайта ашылды да, ал Асықата ауданы құрылмай қалды, тарихи қалпына келтірілмеді.

Осыған байланысты Мырзашөл өңірінің халқы Сізден Өзіңіздің 1997 жылғы 24 сәуiрдегi № 3474 Жарлығыңызбен таратылған Асықата ауданын қайта ашып беруіңізді өтініп отыр.

Егер Мырзашөл өңірін игеру жұмыстары қарқынды жүргізілген тұста – сонау 1940 жылғы 10 қарашадағы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының арнайы Жарлығымен құрылған, келесі жылы шаңырақ көтергеніне 80 жыл толатын, өкінішке қарай, 1997 жылы жабылып қалған Асықата ауданы қайтадан құрылатын болса, онда Мырзашөл өңіріндегі аймақтарды басқару жүйесінің сапасы артып, тиісінше мемлекеттік бағдарламалар мен Үкіметтен, облыстан келген тапсырмалардың орындалуына бақылау жасау да жақсара түсер еді.

Асықата ауданының қайта ашылуы Мырзашөл өңіріндегі елді мекендердегі халықтың өзекті әлеуметтік мәселелерін және инфрақұрылымдармен қамтамасыз ету міндеттерін жедел және сапалы шешуге септігін тигізер еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының құрамына 93 мыңнан астам халықты қамтитын 1 кент (аудан орталығы Асықата кенті), 7 ауылдық округ, 83 елді мекен енгізіліп, ал Жетісай ауданының құрамына 103 мыңнан астам халық, 1 қала (қазіргі аудан орталығы Жетісай қаласы), 6 ауылдық округ, 42 елді мекенді өз алдына бөлек аймақ ретінде басқару жеңілдейтін еді.

Егер Асықата ауданы қайта құрылатын болса, онда Асықата ауданының аумағы 64 435 гектарды, ал Жетісай ауданының аумағы 55 992 гектарды құрайтын еді.

Еліміздің халықаралық дәрежедегі мәртебесі жаңа сапалық деңгейге көтеріліп, Өзбекстан Республикасымен шекаралас аудандарда үш ауданның – Мақтаарал, Жетісай және Асықата аудандарының болуы еліміз экономикасының өндірістік және бейөндірістік салаларының алға қарай қарыштап дамуына жаңа серпін беріп, соның нәтижесінде Мырзашөл өңірінің халқы арасындағы жұмыссыздық деңгейін анағұрлым төмендетуге қол жеткізуге мүмкіндік беретін еді.

Жетісай ауданының әкімшілік орталығы Жетісай ауданында қалатындықтан, қосымша бюджет шығындары орталығы Асықата кенті болатын Асықата ауданын ашуға жұмсалатын еді.

Сонымен бірге Мырзашөл өңірінің жергілікті халқы Сізден мынадай мәселеге де назар аударуыңызды сұрап отыр.
Ресми мәліметтер бойынша бүгінде Атакент кентінде – 18 мыңнан астам, Мырзакент кентінде – 15 мыңға жуық, Асықата кентінде – 12 мыңнан астам халық тұрады.

Осыған орай, «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы № 2572-XII Заңының 3-ші бабына сәйкес аудандық маңызы бар қалаларға аумағында өнеркәсiп орындары, коммуналдық шаруашылық, мемлекеттiк тұрғын үй қоры, оқу және мәдени-ағарту, емдеу мен сауда объектiлерiнiң дамыған желісi бар, халқының саны кемiнде 10 мың адам болатын, халқының жалпы санының үштен екiсiнен астамын жұмысшылар, қызметшiлер және олардың отбасы мүшелерi құрайтын елдi мекендер жататынын ескере келіп, Мырзакент, Атакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесі берілсе, дұрыс болар еді.

Мырзашөл өңірінің халқы Сізден Өзіңіз «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде Үкіметке берген тапсырмаларыңыз бойынша әлеуметтік салаға, оның ішінде шағын және моноқалаларды дамыту үшін жыл сайын бөлінейін деп отырған 10 миллиард теңге қаржыдан Мырзакент, Атакент және Асықата кенттеріне қала мәртебесін беріп, аталған елді мекендерді дамытуға да тиісінше қаражат бөлінуін сұрап отыр.

Бұған қоса Сіздің арнайы тапсырмаңызбен 2025 жылға дейін облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды жөндеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін қосымша бөлінетін 350 миллиард теңге қаржыдан Мырзашөл өңірін Шымкент және Түркістан қалаларын байланыстыратын жолдарды жөндеуге қаражат қарастырылса екен дейді жергілікті жұртшылық.

Сондай-ақ Мырзашөл өңірінің тұрғындары ауыл халқының тұрмысын жақсарту мақсатында әзірленетін «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасын жүзеге асыру үшін қарастырылып отырған 2019-2021 жылдарға арналған 90 миллиард теңге кө¬леміндегі қаржыдан Мырзашөл өңірінің алыс ауылдарын көркейтуге де тиісінше қаражат үлесі бөлінуін өтінеді.

Қорыта айтсақ, Сізден сонау 1940 жылы құрылып, 1997 жылы жабылып қалған, Түркістан облысының бұған дейінгі басшыларының тікелей кінәсінен ашылмай қалған Мырзашөл өңіріндегі Асықата ауданын қайта құруыңызды сұраймыз. Асықата ауданы қайта ашылса, Мырзашөл өңірінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жастарымыз жұмыссыздықтан арылып, жергілікті халықтың тұрмыс жағдайы жақсара түсер еді.

Мырзашөл өңірінің тұрғындары Өзіңіздің – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың халық үшін жасап жатқан барлық бастамаларыңыз бен салиқалы саясатыңызға қолдау білдіре отырып, осы өтінішті аяқсыз қалдырмай, шешіп бересіз деп үміттенеді", - деп жазады Мырзантай Жақып.

Ұсынған: Назерке Лабихан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір