• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 09:21:35
Алматы
+35°

03 Ақпан, 2017 Саясат

Мырзан КЕНЖЕБАЙ. Орыс князі табанға неге табынды?

Тарих әр заманда  әр қоғамда мемлекеттің жүргізген саясатына сәйкес бұрмаланып отыратынын көзіміз көріп отыр. Мысалы, еліміздің мектептері мен ЖОО-ында...

Тарих әр заманда  әр қоғамда мемлекеттің жүргізген саясатына сәйкес бұрмаланып отыратынын көзіміз көріп отыр. Мысалы, еліміздің мектептері мен ЖОО-ында оқытылып жатқан тарих оқулықтарын алып қарасақ онда қазақтарға  Ресейдің 300 жылға жуық көрсеткен қорлық-зорлығы, қазақты тілінен, дінінен, ата-баба дәстүрінен айырудың небір сорақы шаралары, қазақ даласына, ауылдарына орыстар жасаған  қанды қырғындар, қазақтардың оған қарсы жанкешті қарсылықтарының бірде-бірі айтылмайды. Оның бәрі бір-екі сөйлеммен «жылы жауып» қоя салынған. Оның есесіне бүкіл тарих «жоңғар шапқыншылығы» деп аталатын өтірігі мен расы мидай араласып кеткен небір бұлыңғыр уақиғаларға толы.

          Бүгінгі қазақ тарихы әлі де Ресейдің ыңғайына жығылып, оны біресе тату-тәтті көршіміз,  біресе бауырлас ел деген сияқты кісі күлерлік  жуып-шаюға толы тарих. Ал саны көп, қарулы күші басым империалист, колонизатор мемлекет өз тарихында  өз ұлтын ең бір ержүрек, соғыста жеңілмейтін, ең білімді, ең ақылды, ең әділ, басқаларды жарылқаушы ұлы мемлекет, ұлы ұлт ретінде көрсетіп жазады. Мысалы, патшалы Ресей, Кеңестік Ресей кезінде де тарих оқулықтарында орыс  ұлты қазақты жабайылықтан жарыққа шығарған «великий русский народ» атанды.

          Әнеу бір кезде Ресей президенті Путин орыс тарихының оқулықтарын түгел қайта жазуға, жаңаша бағытта жазуға пәрмен берді. Білетіндердің айтуынша, ендігі  орыс тарихы бойынша Ресей ешқашан татар-моңғолдардың қоластында болмаған, орыстар ешқашан соғыста жеңіліп көрмеген болып шығуы тиіс. Сонда өздері татар-моңғол деп атайтындардың табанында болған 300 жылға жуық уақытты Путин немен толтырыңдар деп отырғанын бір Құдай біледі. Бірақ бұл әрі надандық, әрі барып тұрған шовинистік және басқа халықтарға күлкі болатын тарих болуы да мүмкін. Тіпті, мына бір суреттің өзі-ақ Ресейдің жаңа жазылмақшы тарихына күмән тудыруы да ықтимал-ау.

          «Князьдің ант беруі» деп аталатын бұл суретті қылқаламшы В. Орлов-Петров 1912 жылы салған. Мұнда орыстардың Мәскеу князі Алтын Орда ханының өкілдеріне ант беру сәті бейнеленген. Таста адам табанының алтыннан құйылған таңбасы бейнеленген. Ол кезде Ресей бөлек-бөлек князьдіктерден тұратын. Егер орыстың бір мықтысы өзара талас-тартыстан жеңіп шығып, князьдіктің әміршісі, яғни, князь болатын болса, осы Алтын Орда ханының табанына тізерлеп отырып бас иіп, ант беретін болған, Заң солай. Бұл «князьдік таңба» деп аталады. Ресейдің Путиннің тапсырмасымен жазылатын тарихы не дерін кім білсін, бірақ Костоморов, Соловьев және басқа да орыс тарихшылары Алтын Орда Ресейді басқарып тұрған кезде орыс князьдері осы табанға ант бергеннен кейін барып князь атанатынын жазып кеткен.

          Картинада табанның алдында тізерлеп, бас иіп отырған адам ІІ-Василий князь. Бұл Мәскеу князін жұрт Московский Темный деп атаған. Бұл ант беру рәсімі 1446 жылы болған. Осы ІІ-ші Василий князь Дмитрий Щемякин деген үміткермен князьдік үшін талас-тартыста сол 1446 жылы жеңіп шыққан. Алтын Орда хандарының тасқа басылған табанына бас иіп, осыншалық кемсітушілікке төзіп, осыншалық намыссыздыққа шейін барып ант беріп, князь атану Мәскеу үшін тұрақтылыққа, тыныштыққа берілген кепілдік еді. Орыстардың тілімен айтқанда татар-моңғолдар  басқарған Алтын Орда мемлекетінің үрдісі бойынша Василий Темный Алтын Орда әміршісі табанының таңбасының алдында жүрелеп отырып ханның қолынан мөр алуы керек, мөрге «князьдік таңба» қоса тапсырылады. Сосын хандыққа адал қызмет ететіні туралы тағы да ант сөзін айтып шығады .

          Князь Василий Темный Мәскеуде 1425-1462 жылдар аралығында билік құрды. Ол  заманда орыс ауқаттылары бір князьдікке әмірші (князь) болу үшін бірінің үстінен бір Алтын Орда әміршілеріне арыздар жазып, пара беріп бір-бірімен қырық пышақ болып қырқысып жататын. Мысалы, тарихшылардың айтуынша осы Мәскеу князьдігі үшін суреттегі ІІ-Василий өзінің бауыры Юрийге жауығып, оны жеңіп князь болған. Сол Юрийдің Косай және Дмитрий деген ұлдары да Мәскеу князьдігі үшін ІІ-Василиймен күресіп, оның көзін ағызып жіберген. Василий ІІ содан бастап Темный, яғни,  соқыр атанған көрінеді. Патшалы Ресей заманында «Болыс болдым мінекей, бар малымды шығындап» деп оязға, ал Кеңестік Ресей кезінде райком, обкомға, одан әрі Мәскеуге арыз айдаған қазақтарды кінәлаймыз-ау. Сөйтсек, бұл өзі бір ұлттың езгісінде болған екінші ұлттардың бәріне тән құлмінез деген кесел екен ғой. Сол  заманда Алтын Орда үлкен империя болып, яғни  1240-1495 жылдар аралығында бүгінгі Ресей аймағын түгелімен ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап тұрды. Орыс князьдері  түгел Алтын Ордаға алым-салық төлеп тұрды. Князьдерді  тағайындап, бекітетін де Алтын Орданың орталығы Сарай-Берке еді. Ал суреттегі князьдің аяққа жығылуы, тізе бүгу сонау Шыңғыс хан заманынан келе жатқан үрдіс-салт. Қазақтардағы  жеңілген адамның «тізе бүгуі» сөзі де сол дәуірден бері қолданылып келеді.

          Осы күні екі сөзіміздің бірінде «Қазақ хандығы» дегенді қайталауға құмармыз-ау.  Ал,  Жәнібек пен Керей  қосылып,  Қазақ хандығын құрғаннан кейін-ақ Алтын Орда іштен бөлшектеніп, басынан бағы тая бастады. Ғалымдардың айтуынша Жәнібек хан Шыңғысханның баласы Жошыдан туған Барақ ханның ұлы екен. Қазақтар Жәнібек деп атаған оның шын аты Әбусаид болыпты.

          Сонымен орыс суретшісі В. Орлов-Петров салған бұл суретте ІІ-ші Василий князь Алтын Орданың қай ханына ант беріп жатыр. Бұл туралы тарих ғылымдарының докторы, профессор Зардыхан Қинаятұлы былай дейді.

Бұл Шыңғыс хан дәуірінен келе жатқан салт. Моңғолдарда аяққа жығылу (хөл дор сөгдөх), тізе бүгу (өвдөг сөгдөх) салты 1920 жылдарға дейін болған. Аталған суретте мәскеулік  князь ІІ Василий соқырдың Алтын Орда ханы Ұлұғ Мұхаммедтің табан ізіне жығылып ант беріп тұрған уақиға көрсетілген. Ұлұғ Мұхаммед Тоқай Темір әулетінің Қырым  хандарының ұрпағы. Ол Едіге сұлтанның бектер-бегі болып жүріп, Едігеге басын алдырған Ішкілік-Хасанның ұлы, Алтын Орданы 1428-1446 жылдарға дейін (арасында үзіліс бар) билеген ұлы хан. ІІ Василийдің дауына байланысты Ұлұғ Мұхаммед Д. Шемякаға Бегіш атты елшісін жібереді. Бірақ, Шемяка елшіні кешіктіріп қайтармай қояды. Ашуға мінген Ұлұғ Мұхаммед «елшіні өлтірді» деген айыппен Шемяканы тақтан тайдырып, ІІ Василийді тұтқыннан босатады. Бұл ІІ Василий үшін тым қымбатқа түседі.  Ол Ұлұғ Мұхаммедке 200 мың рубльге дейін төлем төлеп, Ұлұғ Мұхаммедтің ұлдары Қасым мен Үйсіпке Мишжар (қазіргі Москва) аумағын сыйға береді. Сөйтіп, ІІ Василий өзінің бағыныштылығын мойындап, 1445 жылы қазан айында Ұлұғ Мұхаммедтің табанының суретіне  жығылып ант беріп, «Мәскеудің ұлы князьдігіне» қол жеткізеді. Суретте осы уақиға көрсетілген. 1446 жылы Ұлұғ Мұхаммед өліп, оның ұлы Қасым інісі Үйсіпті өлтіріп, ІІ Василийден сыйға алған Мишжар өлкесіне барып қоныс тебеді. Осылайша Қасым хандығының негізі қаланды. Қасым Мишжардың атын «Мәскеу керемлі» деп атады (Х. Халид).  Кремль–«keremly»  моңғолша «қамал» деген сөз.

          Біздің назарымызды суретте ерекше аударған нәрсе–мұнда қай жақтың–үстем, қай жақтың бағынышты екені  айқын көрініп тұрғандығы.  Алтын Орда хандығы өкілдерінің тұрысы шетінен асқақ, айбатты. Олар князь болу үшін тізерлеп отырған Василийден бастап, оның жанындағыларға ызғарлана, сес көрсете қарап тұр. Ал орыс өкілдерінің біреуі ғана көпшіліктің арасында кеудесін тік ұстап тұр. Қалғандарының өңі сынық, көңілі пәс. Ресей неліктен өз тарихын қайтадан жазуға кіріскенін осыдан кейін қалай түсінсеңіз де өз еркіңіз.

          Осы суреттің ұзақ жылдар бойы жұрттан жасырын ұсталып келгенінің өзі-ақ тарихтың кім күшті болса, соның ыңғайымен бұрмалана беретініне дәлел бола алады. Тіпті, орыстың небір атақты ақын-жазушыларының, қаһарман қолбасшыларының арғы ата-бабалары түрік тектес халықтардан тарайтыны да, солардың біразы ислам дінін қабылдағаны да айтылмайды. Көріп отырсыз, орыс «братандардың» ақыл-ойының ордасы Кремль деген сөздің өзі моңғолдың керемль-қамал деген сөзі екен. Москва, Волга деген сөздердің не мағына беретінін сұрасаңыз бірде-бір орыс адамы соған әлі де нақты жауап бере алмайды. Ал тәуелсіздік алғанына 25 жыл толған Қазақ Елі әлі күнге өз тарихын нақтылап жазып шыққан жоқ. Алматыда «Алтын Орда» деген ызы-шу, қым-қуыт бір базар бар. Онда  еуропалық әйелдердің ауы бір-ақ елі ішкиімі мен емшекқабынан бастап (бюстгалтер-төс ұстаушы дегенді білдіреді), шошқаның сүбесі мен қаратұяғына шейін сатылады. «Алтын Орда» туралы біздің бүгінгі ұрпақтың білетіні осы базар ғана. Ал сол қуатты империяның хандары мен бектерінің, сардарлары мен сарбаздарының ұрпақтары –бүгінгі қазақтар. Мына біздер! Біздің бүгінгі ұрпақтарымыз, әйтеуір, арғы тегіміз сақ, ғұн, түркі екенін ғана біледі. Оның бержағында осы «Алтын Орда», Қазақ хандығы, Қырым хандығы, Ноғай ордасы сияқты іргелі де қуатты мемлекеттеріміз болғанын біле бермейді. Ал. Едіге, Тоқтамыс, Орақ, Мамай, Қарасай, Қази сынды бектер мен хандарды, баһадүрлерді білмейтін осы күнгі Нурик, Шурик, Алик, Маликтер Кутузов пен Суворов туралы өтірік-шыны мидай аралас жасанды тарихты жатқа айтады. Олар тіпті, Еділ патшаны Аттилла, Тұмар ханымды Томирис деп көне грек, латын атауларымен атап, ұл-қыздарына да сондай ат қоюда. Патшалы Ресейде, Кеңестік Ресей де орыс балаларын көзін ашқаннан  орыстың абырой-беделін биік қып көрсететін тарихты оқыту арқылы тәрбиелеп келді. Ендеше  Ресейдің «жаңа тарихында» орыс аталып кеткен Лермонтовтың түбі шотландиялық Лермонт, Пушкин түбі – араб, (эфиоп), Толстойдың – неміс (орыстар оның атасын әуелі «толстый», яғни, «толық», «семіз» деп атап, кейін Толстой боп кеткен) Карамзиннің – Қара  мырза екенін, Есениннің – арғы атасы Есеннен тарағанын т.т. айта қоюы екіталай. Демек, 1380 жылы Д.Донской татар-моңғолдармен емес, Тоқтамысқа жақтасып Мамаймен шайқасқанын, Қазақ хандығы Московия князьдығын Қырым хандығының қарамағына бере салғанын, 2-ші Екатерина патшайымы орыс емес Софья Аугусто Фредерико деген неміс қызы екенін, Иван Грозныйдың, киелі князь Олегтің дулығаларында, күні кешегі партриарх І-Алексидің бас киімінде Аллаһ, Мұхаммед, Бісмиллаһи ир-рахман рахим деген жазулар тұрғанын сол И. Грозныйдың өзі Алтын Орданың вассалы болған. болғанын бүгінгі орыс ұрпағы бұдан былай білмей баяғысынша «Мы – великий народ» деумен өтері хақ. Ендеше, бүгінгі орыс ұрпағы қашан 1-Петр таққа отырғанша, яғни, 1700 жылдарға шейін Россия, яғни, Ресей деген мемлекет болмағанын да білмек емес. Сол 1-Петрдің өзін Ресей әміршісі етіп қойған да еуропалықтар болатын. Иә, тарихта Ресей ықылым заманнан келе жатқан ұлы мемлекет, ал орыс ұлы халық деп оқытылып келеді. Кез-келген орыс түгіл,орысша  оқыған қаракөз қазақтардың былайғы  қазақтар алдында өзін өктем ұстауы да сол тәрбиенің жемісі. Бұл орайда біз орыстан осыны  яғни өз тарихымызды  дұрыстап оқытуды үйренсек те болар еді.  «Ол үшін үкімет басында ең әуелі өз ұлтын, өз қазағын құрметтейтін азаматтар отыруы керек-ау» деген ойға кетіп, көңілі түскірің іркіттей іріп жүре береді.

          Тіпті, біз «Ұлт тарихы» деген пән енгізсек те артық болмас еді.

          Қысқасы, біз бүгінгі қазақ балалары ата-бабасы  ерлікке, сән-салтанатқа толы ұлы мемлекеттер құрғанынан хабардар болатындай тарих жазып, соны оқытсақ ол қай тәрбие құралынан да кем түспес еді-ау!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір