• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 02:14:33
Алматы
+35°

13 Қаңтар, 2018 Денсаулық

«Мен - жеңімпазбын» жобасы аясында екі бірдей әлеуметтік ролик таныстырылды

Жоба аясында түсірілген әлеуметтік роликте ауыр дертті жеңе білген қайсар балалардың ерлігі баяндалады

12 қаңтарда Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында «Мен - жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы аясында қатерлі дертті жеңген балалар туралы түсірілген әлеуметтік роликтің таныстырылымы мен халықты қатерлі аурулар туралы сауаттылығын арттыру тақырыбына арналған баспасөз мәслихаты өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

 «Help Today» қоғамдық қоры мен Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен өткен баспасөз мәслихатына «KazDesignProduction» компаниясының продюссері Арман Әбілдаев, Алматы қаласы Прокуратурасының аға прокуроры Гүлнар Жанбекова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми  орталығының директоры Риза Боранбаева, «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Әлиева, Педиатрия орталығының онколог дәрігерлері мен емделуші пациенттер қатысты.

 Айта кетейік, «Мен - жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы — қатерлі дерттің алдын-алуға болатынын ескертіп, ерте анықтау мен дер уақытында қаралудың өмірлік маңыздылығы жоғары екендігін  еске салатын, сонымен қатар, ауыр сырқатқа шалдыққан балалар мен олардың ата-аналарына сенімді ұялатып, сауығып кетуіне ықпал ететін, үміт отын жоғалтпауға шақыратын жоба.

 Жоба аясында түсірілген әлеуметтік роликте ауыр дертті жеңе білген қайсар балалардың ерлігі баяндалады. Таныстырылымы өткен бүгіні роликтің кейіпкерлері Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен Астана қаласындағы Ана мен бала ғылыми орталығында ем алушы балалар. Оның бірі Педиатрия орталығында емделуші 6 жастағы Ақерке Асылбек анасымен бірге баспасөз мәслихатына қатысып, аты жаман ауруды, емделмейді деген дертті қалай жеңгендері туралы айтып, шараға қатысушы, орталықта ем алушы балалар мен олардың ата-аналарына сенім мен үміт сыйлады. Үш жарым жасында жіті лимфобласталық лейкозға (острый лейкоз), яғни ақ қан ауруына шалдыққан ол орталықта 9 ай бойы емделді. Қазіргі уақытта баланың жағдайы оңалып, ауруының беті қайтуда.

«Ауыр күндердің бәрі артта қалды. Шүкір….Алғаш бұл ауру туралы естігенде мең-зең болып қалдық. Жыладық та. Бізге орталық  мамандары да, психологтар да көмектесті. Біріншіден өзіміздің мықты болуымыз керек екендігін айтты. Біз сосын өзімізді уайым-қайғыға түспеуге шақырып, баламызға бәрі жақсы болады, жазылып кетесің деп бәрін түсіндірдік.  Қызым өмірді өте жақсы көреді, ол да жеңуге өз әсерін тигізді. Қызым ақ жарқын,  сурет салуды, бимен айналысуды ұнатады.  Ол күнде ең алдымын өзіне емес, барлық  бала жазылып кетсінші, ауырмасыншы деп тілек айтады.   Біздің үмітіміз бен сеніміміздің тірегі бола білген Педиатрия орталығының білікті дәрігерлеріне үлкен алғысымды айтамын. Біз ауыл, аудан, облыстан кейін сенім артып осы орталыққа соңғы үмітімізбен келген едік. Мен барша ата-аналарға үміт отын сөндірмеңіздер, күресіңіздер дегім келеді.  Ең алдымен баладан бұрын ата-аналары мықты болуы керек», деді Ақеркенің анасы, Жамбыл өңірінен келген Нұргүл Манекеева.

Елімізде балалардағы онкологиялық ауруларды емдейтін екі ірі орталық бар. Оның бірі – Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі – Астанадағы «Ана мен бала» орталығы. Ауыр жағдайдағы балалардың барлығы көбіне Педиатрия орталығына келіп түседі. Педиатрия орталығындағы балалар онкологиясы және гематология бөлімі 115 орынға арналған. Мұнда жылына 2500 бала емделеді. Бұл бөлімде күндізгі стационар негізінде онкологиялық, гематологиялық  патологиясы бар, сирек және ревматологиялық ауруға шалдыққан пациенттерге стационар алмастыратын көмек көрсетіледі. Орталықтың онко-гематологиялық қызметі ашылғалы бері 5000-нан аса лейкоз, яғни ақ қан ауруына шалдыққан, 10 мыңнан аса онкогематологиялық аурулардың ауыр түрімен ауырған балалар қаралып, емделіп шықты. Балалардың барлығы бұрын квотамен түссе, қазір электронды портал арқылы келеді. Айта кетерлігі, онкологиялық ауруларға кезек мүлде жоқ.

"Қазақстанда жылына орташа есеппен алғанда 500-ден астам бала ауыр дертке ұшырап, дәрігерлерге жүгінеді. 2017 жылы 558 бала онкологиялық ауруларға шалдыққан. Оның 230-ы лейкоз, ақ қан ауру. Біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бірінші орында кеңінен таралған осы жіті лейкоз (острый лейкоз) ауруы тұр. Бұл ауру көп жағдайда туа салысымен және 3 жасқа дейінгі аралықта анықталуда. Онкологиялық аурулардың жартысы туабітті және гендік. Қуантатын жағдай, қазіргі таңда қатерлі ісік дерегі азайып келеді. Біріншіден, арнайы бағдарлама жасалынып, ауруды дәл анықтайтын диагностика жақсарды. Бұрын бала туғаннан кейін көп ұзамай шетінеп кететін. Оның қатерлі ісіктен көз жұмғанын ата-анасы, тіпті дәрігер де білмей қалатын еді. Сондай-ақ, қазір бұл дерт емделетін болды. Тек сенім болса, жазылып кетеді. Өкініштісі сол, сауығып кеткен балалардың кейбірінде дерт қайталануы мүмкін. Осы қайталанушылық аурудың санын арттырып отыр. 20 жыл бұрын лейкоз емделмеген. Қазір балалардың көбі жазылып кетуде", деп атап өтті Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева.

Оның айтуынша, клиникада 2012 жылдан бастап орталықта ең күрделі заманауи жоғары технология әдісі - трансплантация әдісі қолданылып жатыр. "Нақты айтқанда, күрделі онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балаларды емдеуде гемопоэздік өзектік жасушаларды трансплантациялау,  сүйек кемігін ауыстыруды қолға алдық. Онкологиялық және онкогематологиялық ауруларға шалдыққан балаларға өмір сүруге мүмкіндік беретін 70-тен астам  гемопоэздік өзектік жасушалар (ГӨЖ) трансплантациясы операциясы жасалынып, бұл ауруды емдеудің жаңа әдісі меңгерілді. 2017 жылдан туыстық донордан   гемопоэздік өзектік жасушалардың (ГӨЖ) гаплоұқсас трансплантациялауды енгіздік. Бұл ота бойынша 2017 жылы 47 трансплантациялау жасасақ, оның алдыңғы жылы 12 ота жасаған едік. Қазіргі уақытта бұл терапияға үлкен мән беріліп келеді", деді Р.Боранбаева.

Дәрігерлер, балалардың тезірек сауығып кетуіне эмоционалдық жағдай да бірінші кезекте әсер ететіндігін алға тартуда. Бұл жағдайды ескерген, Педиатрия орталығы бір мезет ауруды ұмыттыру үшін түрлі шаралар ұйымдастыруды қолға алған. Мәселен, кішігірім концерт, театрландырылған қойылым қою, "Верить и жить" сынды түрлі форумдарға қатысу және т.б. шаралар.

Қоғамдық және қайырымдылық игі істермен 3 жылдан бері айналысып келе жатқан «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Эльмира Әлиева:   «Мен - жеңімпазбын!» қайырымдылық жобасы аясында түсірілген  әлеуметтік роликті түсірудегі басты мақсатымыз - қоғамға ауыр сырқатты жеңуге болатынын жеткізу, аты жаман ауруды жеңе білген бүлдіршіндер мысалы арқылы ата-аналары мен басқа балаларды тағдырдың жазуына мойымауға, басқа түскен ауыртпалықты жеңе білуге шақыру. Ең бастысы балаларға қолдау көрсету" деді.

Қоғамның бір мұңын да болса азайтуға септігін тигізіп, қайырымды істердің басы-қасында жүрген ұйым осы жылдар ішінде мүмкіндігі шектеулі 50-ден астам балаға көмек көрсетіп, жүздеген қайырымдылық акциялар мен жәрмеңке, қайырымдылық концерттер сынды түрлі шаралар өткізіп келеді.

 Таныстырылымы өткен екі әлеуметтік роликтер жобаға қолдау білдірген "Business TV" мен  "KazDesign Production" продюссерлік компаниялардың көмегімен тегін түрде жасалған. Үміт сыйлайтын, мотивация беретін әлеуметтік роликтерді қоғамдық орындарда шығаруға Алматы қаласы Прокуратурасы атсалысқалы отыр. 

"Бұл әлеуметтік маңызы бар, үміт отын жағатын керекті әрі қажет жоба. Ата-ана ретінде бауыр еті баласының дерті қаншалықты жандарына бататынын түсінем. Ата-аналарына шыдамдылық тілеймін, үміттеріңізді ешқашан үзбеңіздер! Балалар тезірек жазылып, дертінен құлан таза айығып кетуіне шын жүректен тілектеспін!", деді Алматы қаласы Прокуратурасының аға прокуроры Г.Жанбекова.

 Жобаға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Ана мен бала ғылыми орталығы, «UMC» корпоративтік қоры, Алматы қаласы Прокуратурасы, "Business TV" мен  "KazDesign Production" продюссерлік  компаниялары,  «Еларна» киноканалы, «Questoria» агенттігі қолдау білдірді.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір