• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 06:36:17
Алматы
+35°

10 Наурыз, 2018 Әдебиет

Мен қазақтың аруларын аялап, сүйгендерге ырзамын...

Сағыныштан, жүрек біткен сыздады, Ғашықтықтан нәр алған...

БІР ТАЛ ГҮЛ, ӘЛІ ЕРТЕРЕК...
 
Көлеңкесі пана болып бір талдың,
Жапан түзде өсіп тұрды бір тал гүл.
Өсіп тұрды емін еркін бір тал гүл,
Ана бір тал, етегінде бір таудың:
 
...Бір тал гүл, желдің өтінде,
Бір тал гүл, дөңес бетінде.
Бір тал гүл, түнде тоңа ма,
Бір тал гүл, жалғыз бола ма?
 
Бір тал гүл, жалғыз мұңайып,
Мінезбен соған лайық,
Түндер де қатты қорқа ма,
Көңілі оның орта ма?
 
Ғашық боп, алға кім құлар,
Бір тал гүл, сені, кім жұлар?
Жұлмашы, адам, жалынам,
Осыны ойлап, қамығам...
 
Бір тал гүл, жалғыз тербеліп,
Далама ғажап өң беріп,
Еркелеп тұр ма, еркелеп,
Бір тал гүл, әлі ертерек...
 
 
 ҚЫЗҒАЛДАҚ — ГҮЛДІҢ ЕРКЕСІ!
 
Деміңмен мені өртеші,
Мендегі қазір серт осы.
Қызғалдақ гүлі даланың -
Табиғат-ана еркесі.
 
Қиялым ба екен бастағы,
Ойымды қайда бастады?
Қызғалдақ гүлі даланың:
Не аппақ, қызыл, сап-сары.
 
Аппағы - таза арыңдай,
Қызылы - өртер жалындай.
Сарысы болса - сағыныш,
Сағынып, күткен жанымдай.
 
Даламның гүлі - қызғалдақ,
Салатын қыздай, біз қармақ.
Қызғалдақ қызға ұқсаса,
Қызғанбақ керек, қызғанбақ.
 
Қызғалдақ - қырдың еркесі,
Күйдіріп, яки, өртеші!
Ентігіп, әзер басылып,
Тұрғандай аққу өр төсі...
 
Уақыт та қазір ұзарып,
Ғашық боп тұрмыз біз анық.
Қызғалдақ - қазақ қызындай,
Қызырып кеткен, қызарып...
 
 
 СҮЮ ҮШІН ЖАРАЛҒАН...
 
Алатаудың басында қар жатқанмен,
Етегінде гүл көктем.
Әр күн сайын арайлап таң атқанмен,
Саулап тұр-ау жыр көктен...
 
Түнергенмен Алатаудың шыңдары,
Етегінде арулар.
Жүрегімнің үнін көктем тыңдады,
Басылмайтын жалын бар.
 
Гүл жайнаған бар арудың арманы,
Сәби сүю екен-ау.
Әр жігіттің аңсап сүйген ардағы,
Көп күттірсе, бекер-ау...
 
Бар ғашықтар, Алатаудан үйренген,
Тұрады олар қасқайып.
Ақырында шын сүйгендер - үйленген,
Сүйгендері – «басты айып»...
 
Мен қазақтың аруларын аялап,
Сүйгендерге ырзамын.
Ғашықтарға өз үйлері - сая бақ,
Ғашықтықты жырладым.
 
Гүлдей көркем біздің қазақ қыздары,
Сүю үшін жаралған.
Сағыныштан, жүрек біткен сыздады,
Ғашықтықтан нәр алған...
 
 
 
 
Жұмаш Кенебай,
8 наурыз 2018 жыл.
"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір