• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 01:09:19
Алматы
+35°

12 Маусым, 2018 Әдебиет

Мен көрген Сарыағаштың «Ақ жайығы»  (сапар естелігі)

Бұл купе ішінде отырып, зу-зу етіп артымда қалып жатқан далаға қарап ыңылдап айтқан ән сымағым.

Беу Тальго, тальго,

Зымыра тек алға.

Қанатың – қара жер,

Шаршама, сен талма.

 

Беу Тальго, тальго,

Жүрдексің жолда.

Екі жер арасын,

Желі боп сен жалға.

Зула, самға, талма,

Беу тальго, тальго...

Бұл купе ішінде отырып, зу-зу етіп артымда қалып жатқан далаға қарап ыңылдап айтқан ән сымағым. Жүрдек поезд қанша жылдам болса да, соңынан қуып, төніп келе жатқан ымырт құшағы  оны құтқарар емес...

Аядай ғана купеде төрт жанбыз. Өзім, әйелім және екі қызым. Шағын үстел үстіндегі түрлі ас-дәммен кешкі шайымызды ішіп, көңілді отырмыз. Бағытымыз – Алматы - Шымкент. Ары қарай Сарыағаш санаториялары. Біз мінген “011X” пойызының іші мұнтаздай таза, әрі ретті. Жолсерік екі өрімдей қазақ жігіттері кіші пейілділік танытып қызмет көрсетіп жүр. Тек каридоры әнтек тарлау және әр купеде ауа желдеткішті қалауыңызша реттейтін тетігі жоқ. Бір вагонда бір ғана айырып-қосқыш, оны жолсерік қана ашып-жаба алады екен. Ал Шымкенттен Алматыға қайтқанымызда мінген “050Ц” тальго пойызының 08 купесінің тазалығы ондай болмады. Содан болар қайтарымда “Тальго” әнімді айта алмадым...

Таң ата Шымкентке жеттік, шамамен бас-аяғы 11 сағат жүрдік-ау. Шымкенттен Сарыағашқа дейін бір таксиді 7000 теңгеге алдық.Таксидің бағалары да 6000-8000 аралығында көрінеді. Екі арасы 130 шақырым шамасында екен. Бір жарым сағатқа жетер-жетпес уақытта жетіп алдық.

Алматыдан аттанбас бұрын, интернет арқылы Сарыағаш санаторияларын бір рет “сүзіп” шығып, ем-домы, жатын орын жағдайы, тазалығы, қаржымыздың көлемі дегендейін өлшемдерімізге сай келеді-ау деген оймен “Ақ жайық” санаториясын көңілімізге бүгіп келдік. Такси діттеген жерімізге жеткізді. Ауласы аса үлкен болмаса да, мұнтаздай таза, әдемі гүлдермен көмкерілген, саялы ағаштары қаз-қатар сап түзеген, есіктің алды мен бақшаның арасындағы саялы жол жағаларына қойылған арқалы ұзын орындықтар бәрі де жарасымдылық тауып әлде күдік, әлде үмітпен келген алабұртқан көңілімізді бірден жадыратып жіберді. Маңдайына “Ақ жайық” деген үлкен жазуы бар еңселі үш қабатты үйге кіргеніміз сол еді, ауасы кең, жиһаздары әдемі кіре берісте Алмат есімді жас жігіт алдымыздан шығып, жылы жүзбен амандасып, хал-жағдайымызды сұрап жатты. Бізді ертіп бөлмелерін, асханасын, астыңғы қабаттағы емдеу-сауықтыру орындарын көрсетті. Не керек бәрі көңілімізден шықты. Бірінші қабаттағы люкс бөлмесіне орналастық. Әуелде “бірер күн көрейін, болмаса басқа санаторияларға барайын” деген басымдағы күмәнді ой, көрген соң “ізін суытты”. Содан еш еккіленбестен  ақшамызды бір жолата төледікте орналастық.

Екі бөлмелі люкс іші тап-таза, қымбат жиһаздар, әдемі кілемдер мен перделер көңіл-күйіңді одан бетер көтере түседі. Әйелім мен қыздарым тіптен мәз. Әр кімі бір-бір шифан иелеп, өз киімдерін жайғастыра бастаған, жүздерінен ризашылықтың лебі еседі. Кенет мұздатқыштың үстіндегі телефон шыр ете қалды. Көтеріп едім, арғы жақтан нәзік қыз дауысы:

– Сәлеметсіз бе ағай, қош келдіңіздер. Қазір таңғы ас мезгілі, сіздер асханаға келесіздер ме, әлде бөлмелеріңізге жеткізіп берейік пе?-деді жылы лебізбен. Мен мойынымды бұрып бала-шағамнан сұрап едім:

– Әке, осында әкелсін деп айтыңыз-деп екі кішкене қызым анасынан бұрын жауап беріп үлгерді. Сонымен төрт дөңгелекті разносқа салынған  шағын ас мәзірі бөлмемізге келді. Таңғы астары тойымды, әрі дәмді екен. Ас үстінде бастауышта оқитын қыздарымнан сұрадым:

– Таңғы асты неге бөлмеге алдырдыңдар - деп. Ол екеуі:

– Кинодан көреміз ғой, өмірден де көрейік дедік - деп сықылықтап күледі. Астан соң, астыңғы қабаттағы емдеу-сауықтыру орнына бардық. Бізді  Улходжаева Кулипа Ермановна есімді орта бойлы, бидай өңді осы санаторияның бас дәрігері өзі қабылдады. Бәрімізді мұқият тыңдап, тиісті ем-домын жазып берді. Біз бөлмемізге келіп, үстімізге таза халаттарымыз бен үлкен ақ сүлгілерімізді алып (Ересектерге халат беріледі, ал балаларға берілмейді) ем қабылдауды бастап кеттік.

Түскі сағат 13-00 -де түскі ас дайын болды. Таңғы астағыдай түскі аста бөлмемізге жеткізілді. Жақсыгүл есімді бұл қызметші қыздың жүзі де, сөзі де жылы екен. Қыздарымызды еркелетіп қояды. Түскі астан соң, аздап мызғып алып, түстен кейін Сарыағаштың минералды суының ваннасына барып “сүңгідік”. Үлкен, ересек адам емен-еркін сиятын ванна бөлмелерінің маңдайшасына ыстық ваннаны қабылдауға қатысты ескертпелер жазылған екен. Шамасы 10 минут артық жатпау ескертіліпті.  Ал ваннаны өзің келгенше дайындап қоятын қыз-жігіттер ізеттік танытып:

– Көріңіз аға, су ыстық па әлде қалыпты ма? - деп қиыла сұрайды. Қолыңды малып көріп, ыстық әлде салқын екенін айтасың. Бірі ыстық екіншісі салқын су ағатын шүмекті ағытып, қолайыңызға қарай реттеп береді де:

– Ем болсын аға! - деп шығып кетеді. Басқаны білмеймін өзіме ең ұнаған ем түрі осы ыстық ванна болды. Мап-майда, жібектей жұмсақ, жылы су денеңді бір түрлі рахатқа бөлеп, маужыратып жібереді. Судың бәрі де жұмсақ бәрі де мөлдір-ақ, алайда, Сарыағаштың минералды суы ерекше жайлы сезілді екен.    Сағат 16-00 -де жүрек жалғар беріледі екен. Иісі мұрын жарардай әдемі самса немесе пицца болмаса сол секілді тәтті тоқаштар беріледі.  Ас үстінде мен бала-шағамнан:

– Сендер қандай ем түрін қабылдадыңдар деп сұрадым. Алдымен кенже қызым жауап берді:

– Әке маған массаж ұнады, басымнан аяғыма дейін бір тәте жақсы жасап берді. Онан соң коктейль ұнады-деді көздері күлімдеп.

– Ал маған, массаж бен коктейлден өзге, циркулярный душ ұнады-деді үлкен қызым. Ал саған ше?-деп жүзімді әйеліме бұрдым.

– Маған бәрі ұнады. Әсіресе аяғыма қойған парафинның ыстығы буын-буыныма жетіп, рахаттана отырып терледім. Одан соң кишечное орошение алған соң тіпті жеңілдеп сала бердім. Олардың жүзінен шынайы ризашылықтың нышанын көріп, өзім де қуанып қалдым.

– Әке сізге ше, қайсысы ұнады?- деп екі қызым кезек-кезек сұрақ қойды. Мен олардың көтеріңкі көңілдерін әуелетіп:

– Маған ең ұнағаны  - сендердің қуанған көңілдерің дедім, олардың басынан сипап.

Түстен кейінге “Жүрек жалғар”-дан соң балаларым сая бақтағы әтпеншекте ойнап, біз өзге қонақтармен танысып, әңгімелесіп кеттік. Кешкі сағат 7-00 -де кешкі асымызды іштік. Тамағы дәмді, шайдың түр-түрі, компот та бар, көңіл қалауыңызды айтсаңыз болды, елпілдеген күтуші қыз-жігіттер лезде сұрағаныңызды дайын ете қояды. Бәрінің айтары бір сөз - “Ас болсын !”. Сонда сұрап білгенім асқа қажетті көкөністерді де, ет-сүт өнімдерін де өздерінің ауыл шаруашылық фермаларынан әкеледі екен. Бұл да ас мәзірінің бай әрі дәмді болуының үлкен себебі болса керек. 

Ұйықтарға жақын қою ұйытылған айран жеткізіледі. Соны ішіп алып, ұйқыға бас қойдық. Біздің алғашқы күніміз міне осылай өтті.

Ертесі таңғы сағат 6 жарымда телефон шыр ете қалды. Кешкісін дәрігер ескерткен болатын, ертеңгісін сіздерге тюбаж жасаймыз-деп сол бойынша әйелім барып, тюбаждың сұйық дәрісімен ыстық минералды су алып келді. Біз ішіп алып, оң жақ қырымызбен басымызды әнтек биік етіп жаттық, әр 15 мин. сайын бір стакан жылы минералды су ішіп тұрдық. Осылайша 3 мәрте қайталаған соң орнымыздан тұрып, жуынып-шайынып, таңғы асымызға бардық.

Әркімнің қабылдайтын ем-домы негізінен қарайлас. Бірақ келген күні УЗИ-ға түсіп жалпы диагнозыңды ажыратқан соң, соған қарай ем қабылдауды бастайсың. Әрбір бөлменің бос болуына қарай ретімен процедурадан өте бересің. Мен өзім алдымен түймедақ гүлімен ингаляция аламын, одан соң электрофорез, парафин аламын, сол парафин алған жеріме массаж қабылдаймын. Оның да өзіндік себебі бар, парафин де, массаж да денеңіздің бір аумағына ғана тегін, ал екінші аймағына ақылы негізде болады. (Парафин 500 теңге, ал массаж 1000 теңге). Өз ойымда парафиннен соң денең жұмсап тұрады ғой, міне сол кезде массаж алсаң рахаттанады екенсің.   Массаж жасайтын Еркін есімді жігіттің қолы епті, мінезі жібектей жігіт. Ол “Жауырын тұсына жиналған тұз бар екен аға, оған бал жақсы көмектеседі”- деп балмен массажын жасап сергітіп тұрды.  Массаждан соң фито барға  келіп, жұмсақ орындықтарға жайғасып отырып ыстық немесе салқын суды, болмаса қайнаған дәрілік шайды ішіп, әңгіме дүкен құрасың. Қайнатылып арнаулы ыдысқа құйылған шай әр түрлі. Күннің белгілі уақыттарында өтке,  бүйрекке арналған шай, баланс шай, итмұрын шайы, гинекологиялық шай, жүйкені тыныштандыратын шай кезектестіріп беріледі. Бір байқағаным, минералды суды қанша ішсең де іше беретін көрінесің. Ал тамақтанар алдында міндетті түрде жарты сағат бұрын бір стакан жылы минералды ису ішеміз. Шайдан соң лазерлік емдеу бөлмесіне басымды сұғамын. Мейірбике төсекке етпетімнен жатқызып, бүйрегімнің тұсына, халаттың сыртынан арнаулы апаратын қояды. Екі бүйрекке кезек-кезек әр қайсына 5-6 мин. шамасында ем аламын. Ол бүйректі құм-тұздардан арылтады екен. Осы бөлменің ішінде аяққа арналған массажор бар. Соған екі аяғыңды сұғып табаның мен аяғыңа массаж аласың, міне осы кезде бір стакан минералды су ішу керек. Ол жаңағы лазерден босаған құм-тұздарды айдауға көмектеседі. Бұл бөлмеден  шыққан соң  ауыз-қуысын, тіс пен қызыл иекті тазалайтын бөлмеге келемін (Бір ескеретін жағдай тісте керамика немесе пломба болса болмайды, өйткені олар түсіп қалады екен). Тістен соң, жайғасып отырып, электр тарақпен (дарсенваль)  басымды тараймын. Ол жүйке жүйесін тыныштандырады екен. Міне бір күнде қабылдайтын ем-домдар негізінен осылар. Ал тюбаж бен ішек тазалау бір күнге қойылмайды екен. Жалпы бір жетіге ем алатын адамдар үшін әр екеуі екі мәртеден аспайтын көрінеді. Емнің тағы бір түрі фито бочка. Ол денесінде суығы көп адамдарға арналған дүние секілді. Ескерер тұс - жүрегі әлсіз, қан қысымы жоғары адамдар байқап қабылдағаны жөн. 

Алматыдан келген күнгі жүрдек поездің желдеткішінен болды ма, жоқ әлде жүгімді көтеремін деп ауыртып алдым ба білмеймін, Сарыағашқа келгелі белім ауырып жүрді. Осы жағдайымды айтуға дәрігер бөлмесіне келсем, кезекші дәрігер Венера Тұрдымұратовна бар екен. Ол кісі жылы қабылдап, жағдайымнан хабардар болған соң, бірнеше укол салуды бұйырды. Дәрігердің сөзін қалт еткізбей орындайтын мейірбике Мадина Серікқызы еш ауыртпастан уколымды салып берді. Түсі сондай жылы қыздың жүрегіне тек мейірім ұялағандай қашан көрсең де күліп жүреді. Көмек етуге дайын тұрады. Одан кейінгі күндері де кешкісін уколымды жатын бөлмеме келіп әр күнгі кезекші мейірбикелер салып тұрды. Бәрі де өз істерінің шебері әрі өте биязы мінезді жандар екен, риза болдым.

Осында бір байқағаным, келген қонақтардың аз-көптігіне қарай, қызметкерлердің де саны реттеліп отырады екен. Сондықтан болар, бұндағы қызметкерлер барлық бөлімнің жұмыстарын атқара беретін секілді. Орта бойлы, талдырмаш жас жігіт  - Ділмұрат (ел-жұрт Димаш деп атайды) әне сондай елгезек, еңбекқор жігіт екен. Біз барғаннан кеткенге дейін үнемі сол қызметте болды. Қай бөлімге бас сұқсаң да алдыңнан күліп Димаш шығады.

Бірде дәлізде отыр едім, сұңғақ бойлы, иықты келген келісті ер кісі келіп амандасты. Сөйлесе келе осы санаторияның директоры Дүзелбай Нұртайұлы болып шықты. Қызметкерлердің жұмысын, қонақтардың жағдайын білмекке келген келісі екен. Әңгіме барысында санаторияның барлық қызмет түрлеріне, қызметкерлеріне риза екенімді айттым. Ол кісі жымиып езу тартты да:

– Әрине, сіздердің ризашылықтарыңыз біз үшін ең басты марапат және міндет. Деседе, көңілдеріңізден шықпай қалған, болмаса, ұсыныстарыңыз болса да, айта отырыңыз, ол біз үшін қымбат. Біз Сіздердің пікірлеріңіз арқылы келесі қонақтарымыздың алғысына бөленеміз - деді шынайы, байыпты үнімен. Ол алдағы жоспарларымен де бөлісті. Санаторияның қасында жапсарлас салынып жатқан қабат үйдің бірінші қабаты толықтай әкімшілік пен асхана болады екен, Алла қаласа тамыз айына дейін бітіп қалар -дейді. Ал оның астыңғы қабатына барлық сумен емдеу процедуралары көшіріліп, тұз шахтасы ашылатын көрінеді. Дүзелбай Нұртайұлы ісіне жауапты, өзіне сенімді азамат көрінді. Кәсіпкер үшін сенімділік пен жауапкершілік таптырмас, бағалы қасиет емес пе?

Бір жеті уақыттың қалай тез сырғып өте шыққанын сезбей де қалдық. Жиналып далаға шықтық. Санаторияның алды сол жайқалған күйі мөлдіреп тұр. Біз болған биылғы мамыр айының соңы мен маусымның басында күнде ыстық емес, мамыржай өтті. Адамдар да көп емес, қалыпты болды. Қазақстанның әр түкпірінен келген қонақтармен қоштасып аттана бердік. Санаторияның белгілемесі бойынша Шымкенттен өздері күтіп алып, Санаторияға тегін әкеледі екен. Ал біз өзіміз келгендіктен қайтар жолымызға жеңілдік беріп өздері жеткізіп салмақ болды. Көлік терезесінен сыртқа көз жіберген қыздарым:

– Әке, ана бассейінге түсе алмай арманда барамыз- деді санатория алдында көк теңіздей көгілдір түске еніп жатқан тап-таза бассейінді нұсқап.   - Күн  салқын болды ғой - деді әйелім.

– Оның да қайыры бар, ол бізді келер жылы тағы келуге шақырып жатыр-дедім күліп.

– Алақай, келесі жылы тағы келеміз -деп балалар қуана дауыстады.

Қадірлі оқырман достарым, осы жасқа келгенше біраз ел мен жерді шарладым, содан көрген, түйгенімді қағазға түсіріп отыратын әдетім қалыптасып еді. Кейбірін жарияладым, кей бірі қол жазба күйінде “шаң басып” қалды. “Темірді қызуында соқ”-дегендей сапардан келе, кешіктірмей “Мен көрген Сарыағаштың Ақжайығы”-деген осы сапар естелігін жазып, әлде кімнің кәдесіне жарар деген оймен баспа бетіне беріп отырмын. Артық та, кем де айтпадым, тек көргенім мен түйген әсерімді ғана жаздым. Біреуге жарнама жасайын деген ойым да жоқ. Бірақ сондағы ақ еділ қызметкерлерге алғыс айтқым келеді. Атам қазақ “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын”-демей ме? Баршаңызға шынайы рахмет !...

Басқа емес, елімізге танымал Сарыағаш санаториялары туралы іздегенімде әр санаторияның өздерін жарнамалаған бейне-жазбалары мен суреттері, ары кеткенде біраз дем алушылардың коментарилерінен өзге мардымды ештеңе таппаған едім. Бұл жазғаным көлге тамған тамшыдай болса да, іздеген жанға бір септігін тигізер. Алда нағыз демалыс кезеңі келе жатыр, Сіздер де саяхаттап барып жатсаңыздар, барған жеріңіз туралы көрген-білгендеріңізді жазып отырыңыздар, оқитын жан табылады. Бастысы, демалысыңыз көңіліңізден шықсын, аман-есендік жаныңызға серік болсын...   

Қастер Сарқытқан

Қастер Сарқытқан                                              

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір