• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 14:55:43
Алматы
+35°

08 Ақпан, 2019 Айтты-ей, бауырың!

Мен ешкім емеспін

Тек... тек  біреудің Бақытымын... Бақытымның Бақытымын... Бұйырған бақ бар болса, соған лайықтымын...

Мен ешкім емеспін. Тек Адаммын. Аллахтың көркем жаратылыстарының ішіндегі "ақыл иелерінің" бірінен болғаныма мың шүкір. Жаратқанға сансыз мадақ пен мақтау болсын!

Мен ешкім емеспін. Тек бір ұлттанмын. Соның ішінде - Қазақпын. Мақтан тұтамын осы ұлттың өкілі екендігімді! Рас, қазақ болу - үлкен бақыт!

Мен ешкім емеспін. Тек Пендемін. Өзгелер секілді бірде өкініп, өкіндіріп, сағынып, сағындырып, жалынып, жалындырып, мұң сыйлап, мұң жұтып, армандап, армандатып, сездіріп, сезіндіріп... жүретін көптің бірімін ғана...

Мен ешкім емеспін. Тек Кенжемін. Иә, бесеудің бесіншісімін. Алайда ерке емеспін. Әкем мен Анамның сүт кенжесімін. Мұны да мақтан етемін! Маған да артылған жүк пен үміттің салмағын сеземін...

Мен ешкім емеспін. Тек Доспын. Қалың адамның ішіндегі әлдебір жаныма жақын жандардың досымын. Соған Шүкір. Дос болу, досы болу, досың болу да - бақыт болса керек...

Мен ешкім емеспін. Тек Ұстазбын. Өзге қарасы көп мамандықтың ішінде мені таңдаған, мен таңдаған ол - ұстаздық. Мың шүкір. Көзім, өзім жоқ болсам да, бұл жалғанда пайдасы бар ізім қалса, сол - бақыт.

Мен ешкім емеспін. Тек Қызбын. Ұққанға ұғыныңқы, түсінгенге түсінікті, сыйлағанды сыйлайтын, жүректе орын алған жандарын жамандыққа қимайтын, барды бағалар, мықты болып көрінгісі келетін, алайда, қыз біткеннің бәрі секілді жаны нәзік, өкпешіл қызбын...

Мен ешкім емеспін.  Тек... тек  біреудің Бақытымын... Бақытымның Бақытымын... Бұйырған бақ бар болса, соған лайықтымын... Бар болмаса, болғаны мен үшін лайықты...

Мен ешкім емеспін. Тек Жолдасымның маңдайына жазған Жарымын... тағдыр жазса, соңғы дем үзілгенше бірге болуға серттескен Серігімін... Теңімін... Қосағымын...

Мен ешкім емеспін. Тек қай жақсылығым үшін екені беймәлім, құшағына екі балапан бұйырған Анамын... Барынша жақсы Ана болуға тырысып жүрген жанмын...

Мен ешкім емеспін. Тек бар болғаны көптің бірі - келінмін. Қыздарындай бола алмасам да, ата-енеге қызметіне қабылданған... барымды салып жүрген жай ғана келінмін... 

Мен ешкім емеспін. Тек бар болғаны бір түйір қанмын, Алланың нұрына шомылған...бір күні тәнінен жаны ажырар... өзгелердей...

 

Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір