• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 13:53:42
Алматы
+35°

04 Қазан, 2017 Әлеумет

«Мен еңіреп жылаған, күйеуім қатты ұялған түн...»

Маған қызығы – ғашық жұптардың өмірі, бір-біріне деген сезімдері, махаббаттары.

Махаббат... Сондай ыстық сөз. Бұл ұғымның ауқымы да кең. Ата-анаға деген махаббат, Отанға деген, туған жерге деген махаббат, досқа деген махаббат, басқа да таусылмайтын сезімдер... Алайда айтқанда жүрегің жылып сала беретін, көңілің ерекше күйге енетін сүйікті адамыңа деген махаббаттың орны тіптен ерекше. Кітап оқып, телехикая қарап махаббат деген сөзбен бала күнімізде-ақ таныстық. Мән беріп, терең ойланып, түсіне алмасақ та, әйтеуір қыз бен жігіттің қол ұстасып бірге жүргені, ойнағаны, күлгені, бірнеше уақыттан соң үйленіп, отбасы атанғандары – бәрі-бәрі қызық болып көрінетін. Сол күндері қыз бен жігіттің қарым-қатынасы деген дүниеге қызығушылық таныта бастадым. Жо-жоқ өзім жігітпен араласып, сезімге берілдім деген сөз емес... 15-16 жастағы бесіктен белі шықпаған кішкентай ғана қызбын ғой. Ол жылдары 15-16 жастағы қыздар әжептеуір кішкентай қыз саналатын, бүгінгі күндегідей емес.

Маған қызығы – ғашық жұптардың өмірі, бір-біріне деген сезімдері, махаббаттары. Мұндай сезімдер жайында кімнен сұраймын. Әрине, өз туыстарымнан, әпкелерімнен, жеңгелерімнен. Әпке-жеңгелермен сырласқанға не жетсін, шіркін. Ағаларымызға «махаббат» деген сөзді айтуға қорқатын едік қой. Бір әпкемнен сұрадым:

-Жездемді алғаш қалай ұнаттыңыз?

-Біз студент болғанда кеш (вечер) деген жиі болатын. Ой, нағыз қызықты шақтар біздің кезде болды ғой. Терезелерді газеттермен қымтап, жарықты сөндіріп, музыканың даусын қаттырақ шығарып, вальс билейтінбіз. Өзіміздің кіммен билеп жатқанымызды да білмейтінбіз, себебі ол кезде адамдар бір-біріне сенетін. Сондай кештердің бірінде жездең мені биге шақырды. Мен оны жақтырмаған едім, ал ол жүгермек менің иіссуыма ғашық болыпты. Ертеңінде мені тауып алды да, ағалық қамқорлық таныта бастады. Содан бері біргеміз. Сол кездегі иіссуымды әлі қолданамын.

Иә, ерекше, қайталанбайтын оқиға. Махаббат атты ұлы сезім иіссудан басталды. Жә, келесі естелікке көшелік. Кезектісі су сұрасам сүт берген, айран берген жеңгемнің әңгімесі.

-Ағаммен алғаш қалай таныстыңыз, қалай тұрмысқа шықтыңыз?

-Мен бірінші тұрмысқа шықтым, сосын барып таныстым. (О-о-о, мынауыңыз қызық екен деп ойладым ішімнен) Ағаң мені алып қашты. Жоқ, ағаң емес, мені ағаңның әпкелері алып қашты. Ағаңмен таныс болсақ жақсы ғой, мені білмейді де, түрімді де көрмеген. Жай ғана мен жайлы әпкелерінен естіген, сөйтіп әйелдік етуге келісе кеткен. Мен ағаңды танымасам да, оның туған әпкесін (яғни, менің анамды) жақсы таныған едім. Ол кісі жайлы жақсы пікірлер естідім, ауылдың бәрі мақтап жүретін, қайын әпкем үшін ғана қалуға шешім қабылдадым.

-Ал күйеуіңізді алғаш көргенде қандай сезімде болдыңыз?

-Мені алып қашарда қайын әпкемнің үйіне қонаққа барамыз деп шақырған. Құрбыларым да алып қашу операциясының белсенді қатысушылары. Сөйтіп, мен де келісіп, жақсы көретін, өзімен кездескім келіп жүрген әпкемнің үйіне қонаққа бармақшы болдым. Тіпті, ешқандай күдігім де болмаған. Үйге келіп, көліктен түссем, алдымнан бірнеше апа орамалдарын ұстап шыға келді. Бәрінің көзі менде, сол кезде бірақ түсіндім. Қарсыластым, бой бермедім, құрбыларымның өзі араласып тұрғандықтан түк шықпайтынын білдім де, көндім. Көнгенімді қайтейін, кімге тұрмысқа шықпақшы болғанымды да білмеймін ғой, қанша жерден көз жасымды көлдетіп тұрсам да, күйеу жігітімді іздей бастадым. Сонда жүрген әр еркекке бір қарап шығам, осы шығар деп. Бірақ берде біреуі түр бермейді. «Сонда мен кімге тұрмысқа шығамын?» деп тұрғанымда, апаларымның «Дәурен қайда, Дәурен?» деген айқайын естідім. Мен ғана емес, оны үйдегілердің бәрі іздеп жүр екен ғой. (Күлді) «Келін қалуға келісті, мына бала қайда, ұят болды құдалардан» деген апаларым ағаңды жан-жақтан іздеп жүр. Сөйтіп қайдан тапты дейсің ғой? Күйеуім менен ұялғанынан бақшадағы ағаштың үстіне шығып алып, түспей отырған. Оны апаларым ұрсып, тас лақтырып, әрең түсіріп алды. Түскен соң да ағаңның маған қарайтын беті жоқ. Тіпті алғашқы түніміз де қызық өтті. (Ұялып...) Бір-бірімізден ұялғаннан, екі жаққа қарап жаттық, мен жылып жатырмын, ол ұялып жатыр. Сөйтіп, бір-бірімізбен сөйлеспей, ұялып 1 айдай жүрдік. Не керек, қазір 4 бала өсіріп отырған бақытты ата-анамыз. Маған сенің ағаңсыз күн жоқ, өмір жоқ», - деп жеңгем бір күлдіріп алды.

Қашан болмасын, мәз-мейрам, шат-шадыман болып еске түсіретін ғажап оқиға. Себебі бұл ғашықтардың махаббаты «ұят» деген ұлы ұғымнан басталған. Ұят бар жерде, тәрбие бар,тұнық, таза сезім бар. Мен ешқашан ұмытпайтын естелікке айналды.

Дәл осындай әңгімелердің көбін естідім. Алайда менің ата-анамның махаббатынан асқан сезім жоқ, шығар. Сенсеңіздер де, сенбесеңіздер де, ол екеуінің махаббаты бір-бірін алғаш көрген сәттен басталған.  Содан бері 25 жыл өтті. 4 баласын тәрбиелеп, жетілдіріп, қуанышты күндерінің куәсі болып отырған менің ата-анам – махаббатқа ең берік адамдар. Мен үлгі тұтатын асыл жандар!

Гүлім ЖАҚАН

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір