• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 18:42:27
Алматы
+35°

16 Ақпан, 2017 Саясат

Мемлекеттік тіліміз тәуелсіздігін алатын уақыты жетті!

Мемлекеттік тіл мәртебесін халық саны да қамтамасыз етеді

Мемлекеттік тіл мәртебесін халық саны да қамтамасыз етеді

 

«Қазақстан Республикасында 1989 жылғы халық санағында 16199,2 мың адам тіркелді. 1999 жылғы санаққа дейінгі аралықта Қазақстан халқы 1246,1 мың адамға кеміген. Мұның басты себебі бұрын қуғын-сүргінге ұшырап, Қазақстан жеріне көшіріліп, қоныстандырылған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе, орыстардың, украиндардың, немістердің, кавказ халықтарының, т.б. өз ата мекендеріне көшіп кетуі болды. Өсу тек Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Атырау облыстарында, Алматы, Астана қалаларында байқалды.

 

1989 жылмен салыстырғанда 1999 жылы   ұлттық құрамда да айтарлықтай өзгеріс болды. Мысалы, қазақ ұлты 1468,1 мың адамға (22,9%) көбейіп, республика халқының жартысынан астамын (53,4%-ын) құрады. Оның есесіне орыс ұлты өкілдерінің саны 1582,4 мың адамға (26,1%-ға) кеміді, немістер 593,5 мың (62,7%), украиндар 328,6 мың (37,5), татарлар 71,7 мың (22,4%), беларусьтер 66 мың (37,1%) адамға кеміген. 

Яғни,  1989 жылдан 1999 жылғы дейін он жылда халық санағында қазақтар 22,9 пайызға көбейіп, 53,4 пайыз болса, орыстар 26,1 пайызға кеміген.  Ал  2009 жылы қазақтар ресми дерек бойынша 63,1 пайызға жетті.

 

«2009 жылдан бері де он жылға жуықтап қалды. Шеттен келген оралмандар мен жергілікті демографияның өсімін және үлестік басымдылықты есепке алар болсақ, қазір Қазақстандағы халықтың 75%-і қазақтар деп еркін түрде топшылауға болады.

 

Сонымен қоса, қазақстандық орыс диаспорасы өкілдерінің 25,3 пайызы қазақ тілін түсінеді, 8,8 пайызы оқи алады, 6,3 пайызы жазады. Еліміздегі диаспоралардың өкілдері әлі де өздерінің, не ұрпақтарының тарихи отандарына қоныс аударғанын қалайды. Мәселен, «Сіз, өз балаларыңыздың болашағын қазақ елімен байланыстырасыз ба?» — деген сауалға, қазақтардың 96,9 пайызы, орыстардың 53,5 пайызы, басқа диаспора өкілдерінің 78,5 пайызы -«иә» деп жауап берген. Ертең елімізде қазақтар 75-80 пайызды құрап, бірақ орысша сөйлеп, іс қағаздарын орысша толтырсақ, ел ішінен ши шығып кетуі мүмкін. 

 

2013 жылы өткізілген халық санағының қорытындысы бойынша халықтың этноқұрамы келесідей: қазақтар – 65,2%,  орыстар – 21,8%, өзбектер – 3%, украиндар – 1,8%, ұйғырлар – 1,4%, татарлар – 1,2% , немістер – 1,1%, корейлер – 0,6%, түріктер – 0,6% .

 

Бұндағы 2013 жылғы қазақтардың саны күмәнді.  Себебі,  2009 жылы халық санағында үкімет қазақтарды 65 пайыздан астам деп ресми жариялап алды да, кейін 63,1 пайызға кемітті.  Содан сол кездегі Статистика комитеті төрайымы қылмыстық жауапқа тартылып, елден қашып, ақыры сотталып тынды…

 

Ал 2017 жылғы халық санағы әлі жоқ. Әр  онжылдық санақта еліміздегі халық санына шаққанда, кемінде 10 пайызға өсіп отырғанымызды ескерсек, (1989 жылы мен 1999 жылы арасындағы он жылда   қазақтар 13,7 пайызға өсті)  қазақтың бүгінгі саны шамамен 75 пайыздай деген елдің болжамы тура келетін сияқты. Себебі, атамекенге көшіп келуші қандастарымыз да мол, керісінше тарихи отандарына көшіп кетуші орыс  ұлты өкілдері де көп. Ал «Сайлаудағы саясаткер мен статистикаға сенуге болмайды» деген қанатты сөз тағы бар. Сонда, қазақ халқы 75 пайыз деп алатын болсақ,  2013 жылғы орыстан өзге ұлттардың сандық пайызы (9,7)  осы қалыпта қалған күннің өзінде, (түркітілдес диаспораларының өсімі жоғары, олардың көбісі мемлекеттік тілді жақсы біледі), басқа халықтар (саны 1 пайыздан төмен диаспоралар) 2013 жылғы санақ бойынша 4,4 пайыз болса, онда орыс ұлтының өкілдері 10 пайызға жуық төмендейді  деп санауға болатын шығар….

 

Ендеше, 20 пайыз болса да, 10 пайыз болса да, кезінде өзіміз отары болған ұлтқа өзге ұлт өкілдерінен сансыз артықшылық-астамшылық  беріп, ширек ғасырдан астам әлі құлдық ұра беру – негізгі ұлт – қазақтарды тілдік кемсітушілік болып саналады. Әрі бұл тілдік кемсітушілікті  Қазақ Елі билігінің өзінің қамтамасыз етуі! Бұл өзін сыйлайтын кез-келген мемлекетке сыйымсыз саясат. Қазір Қазақстандағы орыс тілін білмейтін, шала білетін түпкілікті қазақтарға (көбінесе ауыл халқы)   ресми саны ғана миллионнан аса қосылған оралман ағайындарымыздың басым бөлігін  қоссаңыз, орыстілділердің санын он орап алады. Сонда Конституциядағы  орыс тілі туралы бір тармақ орыстардан екі-үш  есе көп халықты ширек ғасырдан астам тілдік кемсітушілікке, яғни мемлекеттік тілдік кемсітушіліке  ұрындырып келеді.

 

 

 

Мемлекеттік қызметкерлері мемлекеттік тілде сөйлейтін елге айналамыз

 

Ал мемлекеттік қызметкерлердің 95 пайызы мемлекеттік тілде ең болмаса, демалыс сұрап, арыз жазуға сауаттары жетпейтінін Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне төраға болған кезде Әлихан Бәйменов мәлімдеген болатын… Сонда мемлекеттік  тілде нан сұрай алмайтындар мемлекет тағдырын шешетін мемлекеттік қызметтерде мемлекеттік тілге – мемлекеттік мүддеге қарсы қызмет етіп  отыр…  Қорқынышты емес пе, сіздерге…

 

Ендеше, үйіңізде жата бермей, осыған жеткізген Конституцияның 7-бабы 2-тармағын тезірек алып тастау үшін Конституциялық  реформаға  үн қосыңыз!..

Автор: Қазыбек Иса

Дереккөз: qazaquni.kz

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір