• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 02:08:03
Алматы
+35°

Өткенде Президент пәрменінен кейін үкімет пен парламенттің жиыны  бастан аяқ қазақ тілінде өтті. Қуанбаған адам қалмады, алақайлап бөркімізді аспанға аттық. Тіпті парламенттегі өзге ұлт өкілдері депутаттық сауалнамаларын да мемлекеттік тілде оқыды. Ұзағынан болғай дестік. Арада күн өтпей жатып, «Жоқ. бірден, біржола олай етуге болмайды» деушілер де табылды. Енді міне бұрынғы таз кепеш кейпімізге түскен жайымыз бар. Бірақ мәселе билікте ғана ма?

«Үкімет жиналыстары неге ресми тілде өтеді» деп жоғары билікті, үкіметті Мәжілісті кінәлаудың еш қажеті жоқ. Өзіміз терең түсінетін бір нәрсе бар: мемлекеттік тілдің қоғамдағы қажеттілігін өзіміз тудыруымыз қажет. Өзгеріс пен талаптың жоғарыдан емес, көп жағдайда төменнен басталғаны санаға терең серпін беретінін ұмытпауымыз керек. Елбасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың  былай деп айтқаны бар: «Елімізде 100 ұлт пен ұлыс отыр, солардың барлығы президенттің сөзін түсінбесе қалай болады?!. Сондықтан мен екі есе көп жұмыс істейтін адаммын. Орысша да, қазақша да. Ресейдің президенті тек қана өз тілінде, Американікі де, Түркиянікі де өз тілінде сөйлейді, мен амалсыз екі тілде бірдей сөйлеймін. Бұл жағдай мәңгі солай бола бермейді, қазірдің өзінде қазақтың саны 70 пайызға жақындап келе жатыр. Мен айтқандай, 2025 жылға дейін дайындалып, біз қазақтың тілін барлық салада енгізуге жұмыс жасаймыз. Өз ішімізде, елімізде, мемлекеттік басқару органдары мен басқа салаларда, барлығы да өз тілімізде жүретін болады, құдай бұйыртса...».

Президенттің көтеріп отырған мәселесі дұрыс, бірақ бар кілтипан – өзімізде. Мемлекет бізге мемлекеттік тілге қатысты барлық қажеттілікті заңнамалық тұрғыдан жасап берді. Ал оның тетігін жүзеге асыру – қазақтарда. Бірақ мемлекеттік тілдің мерейін қалай асырамыз, тіліміз қалай мемлекеттік қызметтің барлық саласында тең дәрежеде қолданылады? Бұл үлкен мәселе. Рас, Президентіміз болашақта латын ғарпіне көшудің қажеттілігін айтты. Жарлыққа қол қойды. Бірақ ол кейінірек жүзеге асатын нәрсе. Мәселені бүгінгі күнгі тұрғыдан қарайтын болсақ, қазіргі кезде бізге мемлекеттік тілдің мәртебесінің өскені керек. Әрине, тіл мәселесі Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Маңқыстау, Атырау және тағы басқа қазақы облыстар үшін проблема емес. Бұл өңірлерде мемлекеттік тілдің мерейі үстем. Бірақ қалай айтқанда да, қай мәселеде болсын, халықтың талабы жоғары болуы керек.

Дегенмен, «мемлекеттік тілдің мәртебесін қайтсек, арттыруға болады?» деген сауалға бас қатырып, оны жүзеге асырудың тетігін көрсетіп жүрген қазақтың қайраткер азаматтары бар. Солардың бірі ұлтқа есімі белгілі қоғам қайраткері  – Дос Көшім. Оның озық ойлары мен ұсыныстары бұған дейін жарияланса да, бір сәт құлақ түріп қойсақ еш артығы жоқ.

«Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тілге қажеттілік екі жолмен ғана жасалады­­ – дейді ол. – Біріншісі – құқықтық, заңдық жолмен тілге деген  қажеттіліктің жасалуы. Мемлекет белгілі бір заңдар арқылы мемлекеттік тілге қажеттілікті тудырады. Ол заңдарда мемлекеттік тілді меңгермеген жандарды белгілі бір қызмет түріне қабылдамау сияқты талаптардан бастап, мемлекеттік тілді қате жазған жарнама берушіге қомақты айып салуға дейінгі баптар болады. Қысқасы, азаматтардың екі аяғын бір етікке тыға отырып, мемлекеттік тілді білмеген адамдардың тіршілік ауқымын тарылтады, оларды мемлекеттік тілді білуге мәжбүрлейді. Мұндай талаптар өркениетті елдердің «Мемлекеттік тіл туралы» заңдарының барлығында бар (заңның басты міндеті де азаматтарды мәжбүрлеу болып табылады). 90-жылдардың басында Прибалтика елдері де осы бағыттағы баптарды өздерінің заңдарына енгізіп, мемлекеттің аумағында бір ғана мемлекеттік тілдің жұмыс істеуін жүзеге асырды. Ол заңдарда әрбір мамандық иелеріне мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де көрсетілді. Мемлекеттік тілді білуді талап ететін мамандықтардың ішінде мемлекеттік қызметкерлерді былай қойғанда, сауыншылар мен сылақшылар, құрылысшылар мен жүргізушілер де бар... Ал басшы орындар (министрліктер) өздеріне бағынышты төмендегі құрылымдарға өзге тілде (мысалы, орыс тілінде) жазылған қағаз жіберсе, заңның аясында айыппұлдың астында қалады.  Қазақ еліндегі тілдердің қолданылуын реттейтін «ҚР Тілдер туралы» заңының – қос тілділікті сақтау, дамыту заңының – бұл талапты жүзеге асыра  алмайтыны бәрімізге белгілі, сондықтан ұлтшыл азаматтар бірнеше жыл бойы «ҚР Мемлекеттік тілі» туралы заңының қажеттілігін айтып келеді. Айтып қана қоймай, осындай заң жобасын дайындап, жұртшылыққа, Парламентке ұсынып та көрді. Алайда, бүгінгі билік, ,ұмған ауыздарын ашар емес. Демек, бұл жол – заң арқылы тілге қажеттілік жасау жолы – жақын арада жүзеге аспайтын мақсат.

Енді екінші жолға, екінші тәсілге келейік. Кейде мен бұл тәсілді – «Прибалтика тәсілі» деп те атаймын.  «Прибалтика тәсілі» бойынша қазақ тіліне деген қажеттілікті қазақ тілді азаматтардың өздері жасайды. 90-жылдардың басында Латвия, Литва және Эстония мемлекеттеріндегі орыстілді тұрғындар жергілікті халықтың тілін – мемлекеттік статус алған тілді – мойындамай, Кеңес өкіметі кезіндегідей, басқалардың орыс тілінде сөйлеуін талап етуін тоқтатпады. Мемлекеттік тілді білуді, үйренуді керек етпеді. Бұл елдерде де біздердегі сияқты, алғашқы кезеңде «бұл – сенің мемлекетіңнің тілі, оны білу, қолдану – сенің парызың» деген сияқты ақыл-кеңестер, жұмсақтап айтулар болды. Алайда орыс тілді азаматтар «өзгелермен түсінісу үшін мен олардың тілін білуге тиісті емеспін, менімен түсінісу үшін басқалар менің тілімді білсін!» деген шовинистік ұстанымнан айрығылары келмеді. Мемлекеттік тілді міндеттеу басталғанда орыс тілділер «біздің тілімізді кемсітіп жатыр!» деп айқай-шу көтеріп, жаһанға жар салды.  Мұндайды күтпеген Прибалтика елдерінің мемлекеттік органдары алғашқыда тосылып та қалды. Алайда, осы жағдайда, жергілікті ұлт өкілдері жаңа тәсілді – мәдениетті, адам құқығын бұзбайтын жаңа әдісті ойлап тапты. Бұл тәсілдің негізінде «Сенің қандай тілде сөйлейтініңде менің жұмысым жоқ, ал мен өзімнің тілімде сөйлеймін» деген ұстаным жатты. Жоғарыдағы елдердің дүкендері мен кассаларында, транспорттары мен тұрмыстық қажетті өтеу орындарында, т.т. орыс тілінде сөйлеген адамдарға мемлекеттік тілде, сол мемлекетті құрған ұлттың  тілінде жауап беріле (немесе мүлдем жауапсыз қалдыру да орын алды) бастады.  Алғашқы кезеңде орыс тілділер аңтарылып қалды да, кейіннен «орыс тілін кемсітушілік (дискриминация) жүріп жатыр!» деп сан түрлі орындарға, адам құқығын қорғайтын, бақылайтын Еуропа ұйымдары мен құрылымдарына арыз жазып, көмек сұрады. Алайда бұл мәселені тексеруге келген сан түрлі комиссиялар адам құқығының бұзылуының ешқандай да дерегін таба алмады. Прибалтиканың жергілікті тұрғындары: «Маған орыс, ағылшын, неміс, т.б. тілдерде сөйлеген адамға ешқандай ренішім жоқ. Себебі, әр адамның өзінің сөйлеу тілін таңдау құқығын толық мойындаймыз, құрметтейміз. Сондықтан басқа тілде сөйлеген адамға «Аузыңды жап, біздің мемлекеттің тілі – латыш тілі. Сен сол тілмен сөйлеуге тиіссің» деген сөзді айтпаймыз. Бірақ олар да біздің қай  тілде сөйлеуді таңдау құқығымызды сыйласын. Біз өз тілімізде сөйлеуді таңдаймыз. Оған ренжімейтін шығар» деп жауап берді. Орыс тілділердің: «Олар орыс тілін біледі, ал мен латыш тілін білмеймін. Сондықтан олар бізге орыс тілінде жауап берулері керек» деген сөздерін естіген еуропалық адам құқығын қорғаушылар талып қала жаздапты.  Естерін жинаған комиссия мүшелері: «Кешіріңдер, олардың – латыштардың - іс-әрекетінде адам құқығын бұзатын ешқандай белгі жоқ. Олар сендердің ауыздарыңды жауып, латыш тілінде сөйлеуге мәжбүрлеген жоқ. Үнсіз тыңдап, түсінбегендері жауап бере алмай, ал түсінгендері өз тілдерінде жауап берді. Бұл жерде ешқандай тілдік дискриминацияны көріп тұрған жоқпыз. Егер сендерге орыс тілінде сөйлеуге тыйым салса, тілдік дискриминация деп соны айтуға болады. Жергілікті ұлттың өз тілінде сөйлеуі – мәдениеттілік пен өздерінің ана тілдерін, мемлекеттің тілін құрметтеуі ғана. Бұл – олардың таңдауы. Ал сіздердің «менің түсінетін тілімде жауап беріңдер» деп талап етулерің –адам құқығын сыйламаушылық» деген тұжырым айтыпты. Ұзын сөздің қысқасы, осы «Прибалтика тәсілі» арқылы жергілікті ұлт өкілдері аз уақыттың ішінде өздерінің ұлттық тілін - мемлекеттік  тілді  тірілтіп алды.  Көпшілігі жергілікті тілді білмейінше өмір сүре алмайтынын жақсы түсініп, өз қалталарынан ақша төлеп  мемлекеттік тілді оқып алды, балаларын латыш, эстон тіліндегі мектептерге бере бастады.   

Мен қазақ тілді азаматтарға осы тәсілді ұсынамын. Қазақ тілін сақтаудың, дамытудың, қоғамда тілдік қажеттілікті тудырудың жалғыз жолы – мәдениетті, адам құқығын толық сақтайтын жолы да осы деп білемін. Бұл тәсілді жүзеге асыруда ешкімге жалтақтаудың да қажеті жоқ. Біле-білсеңіздер, бұл тәсіл – қазақ жеріндегі орыс тілді азаматтарға нақты көмек.  Барлық жерде қазақ тіліндегі сөздерді естіп, жазуларды көрген адам ғана қазақ тілін үйрену қажеттігін түсіне бастайды.

«Прибалтика тәсілін» жүзеге асыруда ерекше көңіл қоятын бірнеше мәселе бар. Оның бастысы және бұл тәсілдің тиімділігін жоққа шығаратын қадам – «қазақ тілі - мемлекеттік тіл, сен оны білуге тиістісің!» деген арандатушы, анайы, батыраштық ұрандар. Осыдан аса сақ болғанымыз абзал. Кімнің қай тілде сөз сөйлеуін сол адамның таңдауына қалдырайық та, өзіміз қазақтың жалпақ тілімен жауап берейік, ойымызды білдірейік. Дұрыс жолы осы ғана. Біз – көппіз. Біз – қостілді халықпыз. Біз осы екі артықшылығымызды пайдалана білуіміз керек. Екіншіден, «Прибалтика тәсілі» - халықтық деңгейде жүргізілетін әрекет. Барлығымыз немесе көпшілігіміз бір кісідей осы тәсілді жүзеге асырмасақ, тиімді нәтиже бермеуі мүмкін. Өкінішке қарай, біздің қазақтілділер, оның ішінде қазақ азаматтарының өздері осы әрекетке қарсы шығып (біреулері – біліп, енді біреулері - ақымақтықтан), аяқтан тартуы ғажап емес. Бірақ, тағы да қайталаймын, көпшілігіміздің іс-әрекетіміз бір жерден шықса, қазақ тіліне қажеттілік табиғи түрде өмірге келетіндігінде талас жоқ.Сондықтан да ешкімге жалтақтамай-ақ, өзімізге керек болса, қазақ тіліне қажеттілікті өзіміз жасайық». 

Мемлекеттік тілге жанашыр болып жүрген қайраткер Дос Көшімнің айтқанында шындық жоқ емес. Сондықтан мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру өзіміздің ғана қолымызда екенін ұмытпайық. Бірақ талап ету әдеп пен заң аясында жүргізілгені абзал.

Миуа Байназар

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір