• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 21:56:39
Алматы
+35°

30 Қараша, 2018 Аймақтар

Мемлекеттік басқару тиімділігі - уақыт талабы - Махмұт Қасымбеков

Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығы Махмұт Қасымбеков еліміздің басты телеарналарына сұхбат берді

Кеше Қазақстан Республикасы Президенті Кеңсесінің Бастығы Махмұт Қасымбеков еліміздің басты телеарналарына сұхбат берді. Ол Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдардағы формализм мен бюрократияны жою жөнінде атқарылған жұмыстардың нәтижелерін баяндады. Сондай-ақ, мемлекеттік аппараттағы жиналыстар санын азайту және құжат айналымын қысқарту мәселелеріне егжей-тегжейлі тоқталды. Осыған байланысты, сұхбат мәтінін оқырмандар назарына ұсынамыз. 

- Соңғы кезде жиналыстардың көптігі, сондай-ақ мемлекеттік органдардағы құжат айналымының әлі де болса едәуір ауқымдылығына қатысты мәселелер кеңінен сөз болып жүр. Мемлекет басшысы халыққа арналған Жолдауында осы өзекті тақырыпты көтерді. Бұл жағдайды ретке келтіру үшін қандай шаралар жүзеге асырылып жатыр?

 - Естеріңізде болса, ел Президенті биылғы қазан айындағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында мемлекеттік органдардың жұмысында формализм мен бюрократияға әлі де жол беріліп отырғанын атап өтті.

Бұл ретте, Елбасымыз жиындар санының негізсіз көбейіп отырғанына, құжат айналымын азайтудың баяу екеніне назар аударды.

Ол «мұндай келеңсіз жағдайды тоқтатып, бұл мәселелерді ретке келтіруді» тапсырды.

Президенттің осындай мәселе көтеруі бекер емес. Көптеген әрі ұзаққа созылатын жиналыстар мемлекеттік қызметшілердің жұмыс режімінің үнемі бұзылуына алып келеді. Нәтижесінде, бұл жағдай олардың еңбегінің тиімділігіне және жалпы мемлекеттік аппараттың жұмысына кері әсер етеді.

2017 жылғы 25 тамызда Елбасы «Қазақстан Республикасы Президентінің, оның Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Үкіметінің Жұмыс регламентін бекіту туралы» Өкімге қол қойған болатын.

Құжатта мұндай іс-шараларды өткізудің форматы мен уақытына байланысты бүкіл талаптар анық жазылған.

Осыған байланысты, Президент Әкімшілігі барлық деңгейдегі мемлекеттік органдарда түрлі жиындардың санын қысқарту үшін жүйелі жұмыс жүргізуде.  

Өткен жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік органдардың осы талаптарды орындауына қатысты жан-жақты мониторинг жасап келеміз.

Соның арқасында, ахуалды қадағалап, қажет болған жағдайда, мемлекеттік органдардың басшыларына жол берген кемшіліктері туралы ескертіп отыруға мүмкіндігіміз бар.

Нұрсұлтан Әбішұлы қазан айындағы Жолдауында осындай жайттардың бар екеніне назар аударды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы уақтылы әрі өзекті екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Соңғы айларда бұл мәселеге байланысты бірқатар оң өзгерістер байқалды. Мысалы:

  • Мемлекеттік органдар жиындарды белгіленген күндерде өткізу жөніндегі регламент талаптарын мейлінше қатаң сақтайтын болды. Мәселені осылайша реттеу отырыстар санын азайтуға ықпал ететіні анық.
  • Жиналыстардың жалпы санының азаюы байқалып отыр. 2017 жылдың қыркүйек-қараша айларында 694 кеңес өткізілсе, биыл осы айларда 457 жиын болды. Демек, өткен жылмен салыстырғанда, мемлекеттік органдар кеңестер санын 34 пайызға азайтқан.
  • Бірінші басшылардың қатысуымен өтетін отырыстар саны азайды. Мысалы, 2017 жылы қыркүйек-қараша айларында министрлердің қатысуымен 184 кеңес өткізілсе, биыл осы мерзімде 147 жиын ұйымдастырылған. Яғни, 20 пайызға азайды. Министрлердің күнделікті жұмысының көптігін ескерсек, бұл да маңызды.
  • Мемлекеттік органдар селекторлық және бейне-конференциялық байланыстың мүмкіндіктерін көбірек пайдаланатын болды. Мәселен, бүгінде әрбір бесінші кеңес селекторлық байланыс арқылы өтеді.
  • Сонымен, мониторинг деректері барлық жиналыстардың жалпы ұзақтығы 40 пайызға қысқарғанын көрсетіп отыр.

Әрине, мен атап көрсеткен оң өзгерістер бәрімізді қуантады. Алайда, қол жеткізген жетістікпен шектеліп қалмаймыз.

Қазір біз барлық мемлекеттік органдардың алдына жиындардың бәрін кешкі сағат бестен кешіктірмей өткізу жөнінде талап қойып отырмыз. Осылайша, мемлекеттік қызметшілердің жұмыс күні алты жарымнан кешіктірілмей аяқталуына мүмкіндік береміз.

Шұғыл әрекет етуді талап ететін және отырыстарды кейінге қалдыруға болмайтын ерекше жағдайларда ғана басқаша болуы мүмкін.

Бұдан өзге ахуалдың бәрінде жиналыстар жұмыс уақытында өткізілуге тиіс.

Соның арқасында мемлекеттік қызметшілеріміз 8 сағаттық жұмыс күнінен соң білімін жетілдіруге, демалуға, отбасына көңіл бөлуге және спортпен шұғылдануға көбірек уақыт жұмсайтын жағдайға бірте-бірте келеміз.

Нәтижесінде мемлекеттік қызметшілердің еңбек өнімділігі артып қана қоймай, олардың толыққанды демалуына да қолайлы мүмкіндік туады.

Енді құжат айналымына келейік.

Соңғы жылдары мемлекеттік органдарда құжат айналымын азайту үшін мақсатты жұмыстар жүргізілуде.

Мәселен, биыл Президент Әкімшілігіндегі құжат айналымының көлемі 2013 жылмен салыстырғанда екі жарым есе қысқарды. Яғни, 625 мың құжаттан 250 мың құжатқа дейін азайды.

Осы мерзім аралығында орталық мемлекеттік органдарда және Астана, Алматы қалалары мен облыстар әкімдіктеріндегі құжаттардың саны 30 пайыздан астам көрсеткішке, яғни 4,9 миллионнан 3,3 миллионға дейін азайды.

Мұндай нәтижеге жүйелі шаралар қабылдаудың арқасында қол жеткізілді. Мысалы, орталық мемлекеттік органдарда:

  • көптеген құжат түрлері және оларды Президент Әкімшілігіне енгізудің мерзімдік тәртібі оңтайландырылды;
  • төменгі ұйымдарға көзделмеген сұранымдар жолдауға тыйым салынды;
  • Басшылықтың тапсырмаларына бақылау жүргізудің тәртібі қайта қаралды.

Мемлекеттік билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері бойынша Конституциялық заңдарға, сондай-ақ, Мемлекет басшысының, соның ішінде оның биылғы қазан айындағы Қазақстан халқына арналған Жолдауында берілген тапсырмаларына сәйкес, көптеген құжаттарға бақылау жүргізу орталық және жергілікті атқарушы органдардың құзырына берілді.

Осы жұмыстардың нәтижесінде, Президент Әкімшілігінің бақылауындағы құжаттар саны 40 пайызға азайды.

Біз тапсырмаларға бақылау жасаудан қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған реформалар мен бағдарламалар нәтижелерін бақылауға көшуді көздеп отырмыз.

Құжат айналымын қысқартумен қатар, оны электронды-цифрлық форматқа көшіру жөніндегі жұмыстар да белсенді жүргізілуде.

Қазір «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік органдарды Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесіне көшіру жүзеге асырылуда. Азаматтардың өтініштерін қараудың электронды жүйесі енгізілуде. Барлық мемлекеттік органдар үшін бірыңғай электронды құжаттар архиві жасақталуда.

Осылайша, біз қолға алынған істің нақты нәтижесін көріп отырмыз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады. Біз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арналған Жолдауында берілген тиісті тапсырмалардың толық және сөзсіз орындалуына қол жеткізетін боламыз.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір