• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 11:51:19
Алматы
+35°

28 Қыркүйек, 2018 Денсаулық

Махаббат айықтыра алмайтын кесел жоқ. Махаббат аша алмайтын есік жоқ

Егер сіз өзіңізді сүйе алсаңыз, онда жер бетіндегі ең бақытты, ең күшті адам болғаныңыз.

Психологияға қызығатын жандар Луиза Хей деген есімді жақсы таниды. Мотивацияны май шаммен іздеп жүргендер де түбінде Луиза Хейдің жазғандарын шолып өтеді. Тән азабынан бұрын жан азабын тартып жүргеніміз көп болғандықтан Луиза Хейдің кітаптарын жай ғана көзбен шалып өтпей, көңілге тоқып, санаға түйіп, он рет қайталап оқу қажет сияқты. «Қамшы» жақсылықтың жаршысы болғысы келеді. Сондықтан да жазушы Мырзагелді Кемелдің аудармасындағы Луиза Хейдің «Көгілдір кітабын» бірнеше бөлімге бөле отырып, тұрақты түрде оқырманның назарына ұсынып отыруды жөн деп шешті. Бірінші, екіншіүшіншітөртінші, бесінші  бөлімдер  сайт бетінен шығып үлгерген болатын. Ендігі кезек алтыншы бөлімде. Аталмыш бөлім адамның өзін-өзі сүюінің қаншалықты маңызды рөл атқаратынына арналған. Қатерлі ісікті небәрі 6 айда жеңіп, барша дәрігерлерін таң қалдырған, 2017 жылы 91 жасында ауырмай-сырқамай көз жұмсаған Луизаның оқиғасы жігерін жасытып алған жастарға үлгі болсын дейміз.

3-бөлім. Өзіңе деген махаббат

Соңғы рет қашан сүйгеніңіз және жүрегіңіздің кеудеңізге симай тулағаны есіңізде ме? Ол қандай тамаша сәт еді… Сіз өзіңізді-өзіңіз сүйе білсеңіз де тап солай болады. Оның айырмашылығы – ол махаббат қашан да сізбен бірге қалады. Ол – сіздің басыңыздан кешкен тамаша сезімдердің ішіндегі ең тамашасы.

Өзіңді-өзің қалай сүю керек?

Кешіре білу мен өзіңнен босатып қоя беру қабілеті сізге көтере алмас салмақтан құтылуға ғана емес өзіңе деген махаббатқа да қақпа ашады.

Өзіңе деген махаббат – ең қызықты оқиға. Ол – ұшуды үйренумен бірдей. Ойлап қараңыз, біз ешқандай күш жұмсамай-ақ, қаласақ болды ұшып кете аламыз. Өзіңе деген махаббат та солай, сондықтан өзіңді сүюді тап қазір бастау керек.

Біздің көбіміз өзімізді-өзіміз құрметтей білмейміз, өйткені өзімізді “кемшілігіміз жоқ” деп санамаймыз. Біздің мүлт кетулеріміз бен қателіктеріміз бізді қалай болсақ сол күйімізде сүюге жол бермейді.

Өзіңе деген махаббатты үйренудің он жолы

  1. Махаббат ілімінің ең маңызды кезеңі - ӨЗІН-ӨЗІ АЙЫПТАУДАН БАС ТАРТУ. “Алып бара жатқан ештеңе де жоқ” десек дұрыс жасалмаған істі де өзгерту мен жөндеу оңай. Барлығы жаман деп санайтын болсақ, қиындық көбейе береді. Әрбір күн – жаңа күн.
  2. БІЗ ӨЗІМІЗДІ ҚОРҚЫТУДЫ ҚОЮЫМЫЗ КЕРЕК. Біздің көбіміз күңгірт ойлармен өзімізді қорқыта бастаймыз, өйтсек жағдай нашарлай береді. Түймедейді түйедей ете бермеген жөн. Жаман десек, жамандықтың келуі тездейді.

Ауыра қалсаң өлетіндей болу, жұмыста сөз ести қалсаң қызметтен қуылатындай көріну өз санаңды жігерсіздендіретін ойларға итермелей береді. Егер сіз өзіңізді өзіңіз қорқыта бастағаныңызды сезіне бастасаңыз, төңірегіңіздегі сүйкімді нәрселерден таңғажайып жасап алыңыз да, ойыңызды соған аударып жіберіңіз. Ол батып бара жатқан күн, әсем яхта, раушан гүлі, т.с.с. болуы мүмкін. Осы жаттығуды ұдайы жасасаңыз, өзіңіздегі ескі әдеттерден арыласыз.

  1. Ендігі тәсіл – ол ӨЗІҢЕ-ӨЗІҢ ЖҰМСАҚ, ШЫДАМДЫ ЖӘНЕ МЕЙІРІМДІ БОЛУ. Орен Арнольдтың мынадай сөзі бар: “Я Құдай, мен төзім туралы дұға оқимын. Оның маған тап қазір келгенін қалаймын”. Төзім – өте қуатты құрал, біздің көбіміз оны тезірек келе салмады деп қиналамыз. Біз оны тез ала салғымыз келеді. Біздің күтуге төзіміміз жетпейді. Бір нәрсеге кезекке тұра қалсақ, қобалжи бастаймыз. Көлігіміз жолдағы тығынның ортасында қалса, денеміз түршіге бастайды. Біз барлық сұрақтарымызға жауапты тез ала салғымыз келеді. Сонымен бірге, барлық жақсы нәрселер бізде бола салса дейміз. Төзімсіздік – бұл танымға қарсылық.

Біздің санамыз - әсем бау-бақша деп санаңызшы. Оның аумағында өзіңе деген жеккөрініштің де гүлі жайнап тұр. Кәрі ағаштың “қорқыныш” деген керексіз бұтағын да баяғыда шауып тастау керек еді. Осыларды алып тастасаңыз ғана сіздің бау-бақша тұрған жеріңіздің аумағы тазарады. Олардың орнына шаттық пен жайлылық дәндерін егіңіз.

Бастапқыда ештеңе де өзгермегендей болуы мүмкін. Бірақ, ізгілік дәнін себуді тоқтатпаңыз. Сіз төзімді болсаңыз, сіздің жеріңізде жаңа жеміс ағаштары өсіп шығады. Сана жайлы да нақ осыны айтуға болады. Сіз белгілі-бір “ойларды” егесіз. Олар сіз қалаған жемістерді береді. Бірақ бұған төзім керек.

Біз барлығымыз да қателіктерге жол береміз

Сабақ алу кезіндегі қателік – қалыпты жағдай. Біздің көңіл түкпірімізде барлығы да айна-қатесіз болса екен деген бір жарамсыз ой жатады. Біз жаңадан келіп тұрғанды сезіне алмай қаламыз.

Бір нәрсені біліп алу үшін уақыт керек. Сіз бір нәрсе жасағыңыз келсе, бәрі бірдей ойдағыдай бола бермейді. Мынадай бір жаттығу бар: екі қолыңыздың саусақтарын айқастырып, қайсы бас бармағыңыз жоғары жақта қалғанын байқаңыз. Сөйтіңіз де, екінші рет айқастырғанда, басқа бас бармағыңызды жоғары қойыңыз да, біраз ұстап тұрыңыз. Бірінші рет жасағанда сізде бір қолайсыздық болады. Ал, бірнеше рет жасап, қолдарыңызды айқастырған күйі бірер сәт тоқтап қараңызшы. Ештеңе өзгерді ме? Өзгермеген сияқты. Сіз үйрене бастадыңыз. Қолдарды екі түрлі айқастыруға болатынын сіз енді біле бастайсыз.

Біз жаңа бір тәсілді игере бастағанымызда да солай болады. Бас жағында оны онша жақтыра қоймаймыз, өйткені ол біздің қалыпты жағдайымызды өзгертіп, қолайсыздық әкеліп тұр. Дегенмен, оған кішкене үйрене бастағанда бізге ол кәдімгідей және табиғи болып көріне бастайды. Біз өзімізді де бір күнде бүкіл жан-жүрегімізбен сүйе алмаймыз, бірақ күн санап жақсы көре түсеміз. Егер біз күніге өзімізге махаббат сыйлай берсек, екі-үш айда біз анағұрлым ілгерілеп қаламыз.

Сонымен, біз қателіктерден мақсатқа жету жолында ілгері жылжуды үйренеміз. Сондықтан да оған ілтипатпен және құрметпен қарау керек. Қателіктер үшін өзіңді жазалау қажетсіз. Әрбір қателікті жеңіске жеткізер өмір тәжірибесі ретінде қабылдау керек.

Көптен бері өзін жетілдірумен айналысып жүргендердің кейбіреулері неге осы кезге дейін өз мәселелеріміз шешілмеді деп таңырқайды. Біз білімімізді, оған ешбір қарсылық білдірместен, одан не пайда бар деп сынамастан, ылғи да толықтырып отыруымыз керек. Жаңа тәсілдерді үйрену барысында өзіңізге барынша сергек және жұмсақ болыңыз. Бау-бақшадағы арамшөпті де дер кезінде жұлып тастау жеңіл емес пе?

  1. Біз ӨЗ САНАМЫЗҒА МЕЙІРІМДІ БОЛУДЫ ҮЙРЕНУІМІЗ керек. Теріс ойлар үшін өзімізді-өзіміз жек көруді қоялық. Одан да, біздің ойларымызға “бүлдіруден” гөрі “жасампаздық” тән деп ойлайық. Қолайсыз жағдаяттар бола қалғанда өзімізді айыптамайық. Өйткені біз осындай өмір тәжірибелерінен үлгі аламыз ғой. Өзіңе мейірімді болу аса маңызды.

Босаңсуды да үйреніп алу керек. Сіз қорқып немесе тартынып тұрғанда, сізден қуат кете бастайды. Өз тәнің мен миды босаңсыту үшін бірнеше минут қана кетеді. Көзді жұмып, терең демалыңыз. Дем шығарар алдында "Мен сені сүйемін. Барлығы тамаша" деңіз. Сонда өзіңізді қаншалықты жайлы сезініп келе жатқаныңызды байқайсыз. Осылайша сіз өзіңізге жайсыз және қорқып өмір сүрудің ешқандай қажеттігі жоқ екенін хабарлайсыз.

Күніне – медитация

Мен сізге әр күні санаңызды тыныштық қалпына келтіріп, ІШКІ ДАНАЛЫҚТЫ тыңдауға кеңес беремін. Медитация жасау – өте қарапайым іс. Ол үшін әбден босаңсып, “махаббат”, “тыныштық” деген секілді сіз үшін маңызы бар сөздерді іштей қайталаңыз. Мынадай мақұлдауларды да қайталап айтуға болады: “Мен өзімді сүйемін”, “Мен өзімді кешіремін” немесе “Мені кешірді”. Сосын ішкі сезіну күйіңізге құлақ түріңіз.

Кейбіреулер медитация жасау күрделі бір іс деп ойлайды, медитация кезінде ойлау процесінің өзі тоқтап қалатындай көреді. Онда ойлау жолы аз ғана тежелуі мүмкін, есесіне ол еркін ағысқа көшеді. Кейбіреулер қолына қағаз-қалам алып, барлық теріс ойларын жаза жүреді. Ол да мұндай ойларды босатып қоя беруге жәрдемін тигізеді.

Медитацияны тұрмыстық әдетіңізге айналдыруға тырысыңыз. Оны кез-келген жағдайда орындай беруге болады. Біреулер тез жүгіріп бара жатып медитация жасайды, біреулер жай серуендеу кезін пайдаланады. Сіз өз тәсіліңізді ойлап табуыңызға болады, ол тек өзіңізге қолайлы болса болғаны.

Оптимист болу

Мүмкін сіздің бір жақын адамыңыз ауру шығар. Сіз ол туралы аурудан әбден әлсіреген адам ретінде ойласаңыз, онда әділетсіздікке жол бергеніңіз. Сіз ойша ол адамды сап-сау деп санаңыз. Оған мейірім мен махаббат толқындарын жолдаңыз. Дегенмен, аурудан айығу алдымен ауырған кісінің өзіне байланысты.

  1. Ендігі қадам - ӨЗІҢДІ МАҚТАУДЫ үйрену. Егер сын ішкі діңгекті қиратса, мақтау оны қалыптастырады. Өзіңізге өте әсем екеніңізді айтыңыз. Бір рет қана айтып қоймай, ұдайы айтыңыз. Оған кеткен уақытқа өкінбеңіз.
  2. ӨЗІҢДІ-ӨЗІҢ СҮЮІҢ – ТАЯНЫШ ТАПҚАНЫҢ. Достарыңызға барып жәрдем сұраудан арланбаңыз, қиын кезеңде жәрдем сұрау осалдық емес күштілік. Тек өзіне ғана сеніп, өзіне ғана сүйене бермеген жөн. Жәрдем сұрайтын кезде өрлікті төмендету керек. Жалғыз өрмелеп, осалдығыңыз үшін ызаланғаннан жәрдем сұраған дұрыс.

Жәрдемді жаныңызды түсінетіндерден, осы проблемаларды жетік білетіндерден іздеу керек.

  1. ӨЗ КЕМШІЛІКТЕРІҢ МЕН ҚИЫНШЫЛЫҚТАРЫҢДЫ СҮЙЕ БІЛ. Біздегі және өмірдегі барлық теріс нәрселер – ғаламдық үлкен жоспардың бір бөлігі. Әлемді тану бағдарының бір бөлігі. Адамзатты жаратқан Ғаламдық Сана бізді қателік жасағанымыз үшін немесе балаларымызға өкпелеп қалғанымыз үшін жек көре алмайды. Ғаламдық Сана біздің қолымыздан келгенше тырысып жатқанымызды көргенде бізді өзінің махаббатымен қорғайды. Біздің әрбіріміз кейде қателесуіміз я дұрыс таңдау жасай алмауымыз мүмкін. Ол үшін өзімізді жазалай берсек, ол біздің әдетімізге айналады және одан бас тарту қиындай береді.
  2. ӨЗ ТӘНІҢЕ ҚАМҚОРЛЫҚ ЖАСА. Өз тәніңе біраз уақыт тұрған тамаша бір үйге қарағандай қара. Ондай үйді күту де рахат әкелмей ме?

Өз тәнін жақтырмаған адам арақ пен есірткіге, я болмаса тамақты көп жеуге әуестенеді. Сізде өз тәніңіз жайлы оң пікірлер болсын десеңіз өзіңізді өзіңіз кешіріп, ашу мен ренішке рұқсат беріп шығарып салыңыз.

  1. АЙНА АЛДЫНДА ЖАТТЫҒУ маңызды. Ол арқылы өзіңізге деген махаббаттан сізді не ұстап тұрғанын біліп аласыз. Айна алдында жаттығудың тәсілдері көп. Таңертең тұрған кезде, айна алдына келіп: «Мен саған бүгін не жасай алар екенмін? Саған не пайдалы және сені не рахаттандырады?» деп сұра. Сөйт те ішкі дауысыңа құлақ түр. Сол кеңестерді күні бойы басшылыққа ал. Кейбіріне жауап таба алмауың мүмкін. Ондай болғанда айна алдына барып: “МЕН БӘРІБІР СЕНІ СҮЙЕМІН” де.

Айна алдында тұрып кешіруді де үйренуге болады. Өзіңізді өзгелердің қателігі үшін кешіріп байқаңыз. Айнаға қарап, сөйлескіңіз келген, бірақ бетпе-бет келуге тәуекел ете алмай жүрген адаммен сөйлесуге болады. Осылайша ата-анаңызбен, бастықпен, дәрігерлермен, балалармен, жасырын сүйіктілермен сөйлесуге болады. Бетпе-бет келгенде айта алмайтын сөзді осылайша айтып алуға болады. Соңынан олардан махаббат пен мақұлдау күткеніңізді айтыңыз, өйткені сізге керегі нақ осы.

Өзіне сүйіспеншілікпен қарай алмаған адам кешіре де білмейді. Мұнда тікелей байланыс бар: кешірмесең, сүйе алмайсың.

Балаларыңыз сізді сүйе алмайтын жағдайды басқа салмасын. Ал олай бола қалған жағдайда балалар сізді кешіре де алмайды.

Отбасында бір адам болса да аффирмациялармен айналыссын, сонда жақсы жаққа қарай өзгеріс көп күттірмейді. Өмір болған соң ата-аналары балаларымен сөйлеспей кететін жағдайлар да болады, олай болған кезде: “Менде отбасымның әрбір мүшесіне керемет, жылы, махаббат пен сенімге ашық қатынас бар” деп қайтала. Келісімге келе алмай жүрген туыстың атын атап та айна алдында аффирмация жасауға болады.

  1. ӨЗІҢДІ ҚАЗІР СҮЙ. Барлығы келісе бастаған сәтті күтіп отырма. Өзіңе деген мәңгі қанағатсыздық – бар болғаны әдет қана.

Біз өзге адамдарды өзгерте алмаймыз, сондықтан оларды өз жайына қойыңыз. Біреуді өзгертемін деп бар қуаттан айырылуға болады. Сол күштің ең болмаса жартысын өзіңізге жұмсасаңыз, сіз басқаша болып кетер едіңіз.

Сіз басқа біреуді өмір сүруге үйрете алмайсыз. Әркім өзінің жеке жолын өтуі тиіс. Бізге тиесілісі – өзімізді өзіміз тануымыз. Ал өзіңе деген махаббат – осы бағыттағы алғашқы қадам.

Біз бұл өмірге өмірдің өзінен үйрену үшін келгенбіз. Ол – өзіңді өзің қабылдау мен өзіңе деген махаббаттан басталады. Сіз бұл өмірге рухани өсу, басқаларға жанашырлық пен түсіністік білдіру үшін келдіңіз. Кеткен кезіңізде ақша мен автомобиль, жұмыс пен таныстарды қалдырып кетесіз. Сізге шындап меншіктеліп қалатыны – сүйе білу. Басқа ештеңе де емес.

Өз ішіңіздегілерге деген махаббат

Біреуге деген махаббат пен неке - өте керемет. Ал өзіңменен болатын роман – мәңгі. Өз ішіңіздегі отбасыңызды сүйіңіз: баланы, ата-аналарды, және оларды айырып тұрған жылдарды.

Махаббат деген – өшіргіш секілді, ол зердедегі ең жаныңды жер ауыр естеліктерді өшіруші. Оның кіре алмайтын қыртысы жоқ. Егер сіздің көз алдыңызда сізді ренжіткен көріністер тұрса және сіз кім айыпты екенін саусағыңызбен көрсете бастасаңыз, онда бір орында тоқырап тұрып қаласыз. Ол ауырсынулар сізге жабысып қалмай қояды. Күш пен таңдай – қашан да сіздің ішіңізде. Өз көзіңізге қараңыз да махаббаты сезініңіз. Сіздің ішіңізде өмір сүріп жатқан адамдарға деген махаббатты.

Өзіміздің ата-аналарымызбен қатынас

Сіз ата-анаңызды түсінуге тырыссаңыз, олар да сізді түсінеді.

Біздің ата-аналарымыз біз қалағандай болмады-ау деген теріс сезімнен арылу керек. Ол үшін олардың өткен өмірін, көрген тәрбиесін зерттеген жөн. өйткені олар өздері өскен ортаның үлгісімен ғана өмір сүріп келеді. Осылай еткенде оларды кешіру оңайға түседі.

Түсіну арқылы кешіру, кешіру арқылы махаббат келетінін түсініңіз. Егер біз ата-аналарымызды сүйе және кешіре алсақ, онда бізде өмірде кездескен әрбір адамнан қанағат алатын мүмкіндік бар.

Жасөспірімге өзін-өзі құрметтеу қажет

Жастар арасында өзіне-өзі қол жұмсау көбейіп барады. Өз өмірі үшін жауапкершілікті мойнына алуға күші жететіндер азайып жатса керек. Бұл проблеманың, біздер ересектер олардан өмірдің түрлі жағдайларында белгілі бір қылықтар күтетінімізге тікелей қатысы бар. Біз олардың өз мінезімізге ұқсас болғанын қалаймыз. Осымен біз оларды езгіге салып тұрған жоқпыз ба?

Он жас пен он бес жастың арасы өтпелі кезең. Ол мерзімде жасөпірімдер төңірегіндегі жағдайларға қалыптасуға тырысады. Олар өз қатарластарының алдында жерге қарап қалмау үшін бәрін жасауға әзір. Осының артына шын сезім жасырынып қалады. Олар өздерін қалай болса сол күйінде көрсетуден қорқады.

Балалардың ұялшақ, тілазар болуына, мектепте үлгерімі нашарлауына түсіністікпен қарай білу маңызды. Үйде оларға сенім мен сүйіспеншілік жетіспесе, олар оны сырттан іздейді.

Балаларға “олай етпе, былай жүрме” деудің орнына олардың әрбір қадамына масаттана қарау керек. Ол өз пікірі, өз ойы, өз қылығы бар болып қалыптаса берсін, онда тұрған не бар? Балаларды айыптаудың да, көзқарастарына қарсы тұрудың да пайдасынан зияны көп.

Балалар біздің істерімізден үйренеді

Балалар ешқашан біз айтқандай етіп істемейді, бірақ олар біздің жасағанымызды айнытпай жасайды. Сондықтан ақыл үйреткеннен гөрі өзіңіз үлгі болыңыз.

Ажырасу

Егер әке мен шеше ажырасса, онда отбасы мүшелерінің бірін-бірі қолдауы аса маңызды. Егер ажырасып жатқан әке мен шеше бірін бірі жамандап жатса, бала адасады. Ата-аналар балаларға өздерінің бұл тірліктерінің оларға еш қатысы жоқ екенін түсіндіруі керек. Ешуақытта балаларға ажырасу себебіне біз кінәлі болармыз деген ой келмейтіндей болсын.

Жақсы қартаю

Біздің көбіміз кәріліктен қорқамыз. Біз кәрі болып көрінгіміз келмейді. Біз қартаю процесін құбыжық секілді көреміз. Дегенмен, кәрілік өмір циклының табиғи және ажырамас бір бөлігі.

Мәселен сіз қартаймадыңыз делік. Өмірден кеткенде жап-жас күйі кеткен қалай? Қартайған сәтте өзіңді сүю жас кезде сүйгеннен де бетер керегірек. Өйткені бізге өмірдің барлық сатыларынан өту бұйырған.

Адамдар, әсіресе, әйелдер кәрілік жайлы ойлағанда көбірек қобалжып, қорқынышқа түседі. Қартая бастағанда бетіндегі жаңа әжімдерді жек көріп, таңертеңгілік байқалған ақ шаштарды жұлып әлектенеді. Жас келе жаңа кеселдер пайда болады. Осылардың бәрін бір төбеге үйіп уайымға түсудің не қажеті бар. Мен мәселен қартайған адам аурудан өледі дегенге сенбеймін.

Шындығында, біз өзгеше өлуге тиіспіз деп ойлаймын. Белгілі бір мерзімге келгенде біздердің барлық істеріміз аяғына келеді, сол кезде біз басқа дүниеге көшуге әзірленеміз. Ол үшін өлімші жағдайда кеселді болу керексіз. Біз қартайғанда өзімізді тың сезінгеніміз жақсы емес пе?

Сан-Франсисконың бір медициналық мекемесінде адам организмінің қартаюы гендерге байланысты емес, ми қабаттарының бірінде жататын «биологиялық сағаттың» көлеміне байланысты екені дәлелденіпті. Ол «сағат» біздің қартаю процесіне қалай қарайтынымызға байланысты екен.

Мәселен, сіз 35 жас – орта жас, одан әрі қарай кәрілік басталады деп ойласаңыз, солай бола кетеді. Сондықтан, мен 90-ға келгенде қандай әсем қария боламын деп ойлаңыз.

Не ексең, соны орасың. Қария кісілерге қандай қарым-қатынас жасасаңыз, сізге де солай болады. Өзін жақсы көретін ата-аналар балаларына да осыны үйретеді. Біз өзімізді сүю өнерін қаншалықты меңгерсек, біздің балаларымыз да осыны үлгі етіп алады.

4-бөлім. Ішкі ақылдан сұрау

Егер оң өзгерістер мен айығуға алып келетін әрекет болмаса, кез-келген теория пайдасыз.

Өркендеуге қалай жетуге болады

Біз қорқып тұрсақ, барлығын өзіміздің бақылауымызға алуға тырысамыз. Осылайша біз өмірімізде болатын оң өзгерістерге тосқауыл қоямыз. Өмірге сеніңіз. Онда бізге керектің бәрі бар.

Көп адамдар ашық болудан қорқады, өйткені бір «жарамсыз нәрсені» жіберіп аламын ба деп қорқады. Ішкі күйді өзгертпесе, солай бола кетуі де мүмкін.

ӨРКЕНДЕУ десе көбіміздің ойымызға ақша келеді. Бірақ оған уақыт, махаббат, жетістік, жайлылық, әсемдік, білім, қарым-қатынас, денсаулық және содан соң барып ақша жатады.

Егер сіз ылғи да асығумен болып, сонда да уақыт жеткізе алмасаңыз, онда сіз уақыттың жетпей қалатынына сенгендігіңізден. Егер сіз ешқашан жетістіктерге жете алмаймын десеңіз, ол сөздеріңіздің орындалуы оңайлайды. Сіз өмірдің қиыншылықтар мен салмақтары ауыр екендігіне сенсеңіз, онда ұдайы жайсыздықта боласыз. Өзіңізді топаспын деп санасаңыз, даналыққа жол ашылмайды. Егер сізде адамдармен қарым-қатынаста махаббат кемшін болса, сізге өзіңізге де махаббатты шақыруға жол жабыла бастайды.

Ал әсемдік ше? Сіз жан-жағыңыздағы әсемдікті көре аласыз ба және оның Жерде өте мол екеніне сенесіз бе, жоқ, сізге барлығы көріксіз және мардымсыз көріне ме? Ақшаға келсек, көбіміз бізге ақша ылғи да жетпейді дейміз. Сіздің талабыңыз сіздің ресурстарыңызға сай ма? Сізге ол соманы кім анықтады?

Осының бәрі де бір нәрсені біреуден алу идеясына қатысы жоқ. Адамдар әдетте былай ойлайды: «Мен мынаны алғым келеді, мен ананы алғым келеді». Бірақ молшылық пен өркендеу – біздің қабылдай білу қабілетімізге байланысты. Егер сіз бір нәрсені ҚАБЫЛДАЙ алмасаңыз, онда сіздің бір себеппен оны қабылдауға әзір еместігіңізден. Егер біз өмірге сараңдық пен қараулық жасасақ, ол да солайша жауап береді. Егер біз одан ұрлағымыз келсе, онда ол да бізді тонайды.

Өзіңе адал болу

Адалдық – біз өте көп пайдаланатын, бірақ шын мағынасын терең түсіне алмаған сөзіміз. Адалдықтың мораль мен күйрек тақуалықпен ортақ ештеңесі жоқ. Адал болу, соның жолында түрмеге түсу емес. Адалдық өзіңе-өзің махаббатпен қарай білу.

Адалдықтың негізгі қасиеті – біз өзіміз қанша берсек, сонша қайтып ала алатындығымызда. Себеп пен салдар заңы барлық деңгейде жұмыс істейді. Егер біз біреуді қорласақ немесе айыптасақ, онда өзіміз де айыптымыз және қорғанамыз. Егер біз ұдайы ашуланып жүрсек, онда адамдардың өзімізге деген ашуын туғызамыз. Өзіңе деген махаббат пен Әлемге деген махаббат камертон қағидасымен жұмыс істейді.

Бір офиске барғанда қаламсаптарды алып кететін адамдар бар. Үлкен әмбебап дүкендерден аз-аздап зат ұрлап жүретіндер болады. Олар дүкен бұдан кедей болып қалмайды деп өздерін ақтағысы келеді. Бұлай ақталуда ешбір мағына жоқ. Біз бір нәрсені рұқсатсыз алсақ, бір нәрсемізді жоғалтамыз. Егер берсек, аламыз. Басқаша болмайды.

Егер сіз ұдайы бір нәрсеңізді жоғалтып жүретін болсаңыз немесе өмірде жағдайыңыз қалпынан шыға берсе, ойланыңыз, сіз қалай алып жүрсіз? Біреудің бір нәрсесін ала қоймағаныңызбен, мүмкін біреулердің уақытын ұрлап немесе оның абыройына тиіп жүрген боларсыз. Біз адамдарды айыпты сезінуге зорлаған әрбір сәтте, біз өзіміздің дұрыстығымызға, өз күшімізге күмән келтіріп тұрмыз. Бұл өзімізді-өзіміз ұдайы тексеріп тұруымызды және өзімізді өзіміз танудың биік деңгейін талап етеді.

Біз біреуден бір нәрсені рұқсатсыз алғанда, оны өз еңбегімізбен ала алуға лайық емес екенімізді және бізден де солай алып кетуге келісім беріп тұрғанымызды дәлелдеп, Әлемге жария етіп тұрмыз. Алып кете салуға болатын нәрсені ала салсақ, біз өзімізді ешбір нәрсе өтпейтін қабырғамен қоршағанымыз, одан шаттық пен махаббаттың сәулесі өте алмайды. Біз өзімізге сый қабылдауға және жайлылықта өмір сүруге тыйым салдық.

Ой-сананың мұндай стереотипі – біздің Жердегі өміріміздің ақиқаты емес. Біз тамашамыз және ең жақсы нәрселерге лайықпыз. Біздің планетамызда бәрі де жетерлік. Біз саналы түрде сұраған нәрселердің бәрін алуға лайықпыз. Біздің санамыз біздің сөздеріміздің, ойларымыздың және әрекеттеріміздің мінезін анық айқындайды. Біздің ойымыз біздегі нақты жағдайды құрайтынын анық түсінгенде, біз өз ойларымызды өзгерту үшін осы нақты жағдайымызды бақылай бастаймыз. Егер біз барынша адал боламыз деп шешсек, онда өзімізге деген махаббатты таңдаймыз. Адалдық бізге өмірдегі жағдайлардың ең күрделілерін де жеңіл жеңуге жәрдем береді.

Егер сіз дүкенге барып сауда жасағанда бір заттың бағасы қосылмай қалса, кассирге айтып төлеп кетіңіз. Егер оны үйге келген соң ғана байқасаңыз, әңгіме басқа. Бұл енді адалдықтың емес, саналылықтың мәселесі.

Егер адал болмау сізге бірталай қолайсыздықтар әкелсе, сізге махаббат пен адалдық қандай тамаша өмір сыйлайтынын ойлаңыз. Сіздің өміріңіздегі жақсы нәрселердің бәрі – сіздің күш салуыңыздың нәтижесі. Келіңіз, өз ішімізде сүйе білетін, адал көзқарас қалыптастырайық және өзіміздің қолымыздан келетін мүмкіншіліктеріміз туралы жаңа да таңданарлық фактілерді ашайық.

Үй – қасиетті ұя

Сізді қоршап тұрғандардың бәрі сіз неге лайық болсаңыз, соны көрсетіп тұр. Өз үйіңіздің жағдайына, киімдеріңізге көз салыңыз. Оларды өзіңізге лайық санайсыз ба?

«Мен бұл үйді көргім келмейді» десеңіз, сіз өзіңіздің жаныңызға жағатын үйді таба алмайсыз.

Өзіңізде барды сүюді үйреніңіз, сонда сіздің осы сезіміңіз жаңа да әсем үйге кіруіңізге көмектеседі.

Махаббат қатынастары

Доктор Бернли Сигель «Махаббат, медицина және кереметтер» деген кітабындағы мына ойларды мен өте мақұлдаймын: «Көп адамдар, әсіресе рак кеселіне ұшырағандар, бала кезінде өз қалпының өзегінде бір кемшілік барына сенеді. Осы кемшілікті білдірмей жасырып, олар сүйікті болу мүмкіншілігін сақтағысы келеді. Егер біреу-міреу оның шын бет пердесін көріп қалса, ол мәңгі бақи жалғыздық пен махаббаттың жоқтығын сезінеді. Олай ойлаған адамдар өз төңірегінде өзгелерді ізгі армандары мен терең сезімдерін бөліспейтіндей және құпияларына бойлай алмайтындай етіп қорғаныс қабатын жасап алады. Олар іштерінде бір бос кеңістік бар екенін сезінеді және осы бос кеңістігін толтырарлықтай қатынастар жасауға тырысады. Олар қайтарымына бір нәрсе алса ғана сүюге келіседі. Ал ол осы кесірлі шеңберден шыға алмайтындай ішкі ойранды одан сайын ұлғайтуға алып келеді».

Кез-келген қарым-қатынас өте маңызды, өйткені одан сіздің өзіңізге қатынасыңыз көрініп тұрады. Егер сіз өзіңізді ұдайы сөгетін және барлық күнәларда айыптайтын болсаңыз немесе өзіңізді мәңгілік құрбандық ретінде сезінсеңіз, онда сіз өзіңізге осы ойларға лайықты адамдарды тартасыз, олар сіздің бейшара екенмін деген сеніміңізді нықтай түседі.

Мүндай жағдайда мынадай жаттығу бар: «Мен махаббат үшін ашықпын. Махаббат – қауіпсіз» деп күніне үш рет қол жайып тілек тілеңіз. Осыдан соң айна алдына тұрып: «МЕН ЛАЙЫҚТЫМЫН. МЕН ЛАЙЫҚТЫ БОЛМАСАМ ДА осылай болуын қалаймын» деңіз.

Сіз түрлі жақсы нәрселерді жиі қайтарып жібересіз, өйткені оған лайық екендігіңізге сенбейсіз. Мысалы, сіз біреумен некеге тұру жайлы шешімге келдіңіз немесе біреумен оңтайлы қатынас жасағыңыз келді. Сізбен кездесіп жүрген адамның сізге ұнайтын төрт ерекше қасиеті бар, ал сізге ол аз, оларды тағы да бір қасиеттермен толықтырғыңыз келеді. Әрі қарай барлығы сіздің өзіңізді қаншалықты сүйетініңізге байланысты. Сіз өзіңізбен қалуға келісім берген бірінші адаммен қалуыңызға да болады. Болмаса көп бәсекелестерді байқап көріп, өзіңізге лайықты санаған адамды тауып алуыңыз да мүмкін.

Егер сіз Жоғарғы Күш сізді шын сүйетін адамдармен қоршатып тұр және сіздің жолыңызда кездескен әрбір адам сізге жақсылық әкеледі деп сенсеңіз, солай болып шығады.

Өзара тәуелділік қатынастары

Біздің көбіміз үшін жеке қарым-қатынас бірінші рөл ойнайды. Мүмкін сіз ұдайы махаббат іздеумен келесіз. Махаббатты іздеу сізге барлық талаптарыңызға сай келетін сенімді әріптес табуға көмектеспейді. «Мені біреу сүйсе, менің өмірім өзгеріп кетер еді» деп ойлау жолына түсуге кеңес бере алмаймын.

Мен мынадай жаттығу ұсынамын. Сізге басқа адаммен қатынасыңыз қалай болғанын қалайтыныңызды қағазға түсіріп көріңіз – сырлас, ашық, сенімді, ойнақы, т.с.с. Енді осы тізімге қайта қараңыз. Осылар қол жетпейтіндей идеал ма? Ал сіз өзіңіз осы талаптарды орындауға әзірсіз бе?

МАХАББАТҚА ҚАЖЕТТІЛІК пен МАХАББАТҚА ШӨЛІРКЕУ екеуінің айырмашылығы зор. Сіз махаббатқа шөліркеген болсаңыз онда сізге шынында махаббат пен өзіңіз жақсы көретін және биік бағалайтын адамыңыздың мақұлдауы жетпей тұрғаны. Нәтижеде сіз өз әріптесіңізбен қарым-қатынаста өзара тәуелділікке ұрынасыз. Ол сізге де, әріптесіңізге де пайда әкелмейді.

Сіз басқа біреуді қалай жасауға үйрете бастасаңыз, айлакерлікке барғаныңыз. Ол дұрыс нәтиже бермейді. Сіз өз мақсаттарыңызға өзіңіз жете алатын жағдайда болсаңыз, онда сіз мақтау мен басқа адамдардың жәрдеміне тәуелді болмайсыз. Барлығы сіздің өзіңізді қаншалықты сүйетініңізге байланысты. Өзін шын сүйетін адам тыныш, қалыпты және өзінің қауіпсіз екеніне сенімді.

Мынадай аффирмацияны ұсынамын: «МЕН ӨМІРІМДІ ТОЛЫҚТЫРА ТҮСЕТІН КЕРЕМЕТ ҚОБАЛЖУЛАРҒА АШЫҚПЫН ЖӘНЕ ОЛАРДЫ ҚАБЫЛДАЙ АЛАМЫН». Ол «мен жаңа сүйікті тапқым келеді» дегеннен анағұрлым дұрыс. Ашық және қабылдағыш болғанда Әлем сізге көмектеседі.

Сіз өзіңізге деген махаббатыңыз өскен сайын өзіңізге деген құрметіңіз де өсе түсетінін байқайсыз. Егер сіз өмірден не күтетініңізді анық білсеңіз, сізге қажетті өзгерістер сіз ойлағаннан ертерек және жеңілірек келеді. Махаббат адамның сыртында емес – ішінде өмір сүреді. Қаншалықты күштірек сүйе алсаңыз, соншалықты махаббатпен қоршаласыз.

Ақша туралы түсініктер

Ақшаның уайымы да адамға бала күннен қалған әсерлерден болады. Қаржылық жағдайы жақсы әке ылғи да ақшасы азайып қала ма деп уайымдап отырғанын көрген балада сол әсер қалып қояды.

Ақшаның бірде аз, бірде жетерлік болуы қалыпты нәрсе. Егер біз Ішкі Күштерімізге сенсек, онда қиын кездер тез өтіп кетеді. Біз болашақта бізде бәрі де, оның ішінде ақшаның молдығы да болатынына сенуіміз керек.

Ақша адамның барлық мәселесін шешіп бере алмайды. Көп ақша болса өмірді ертегідей етіп өткізуге болады деп сенетіндер бар. Бірақ, бәрібір ақша ешқашанда – бақытқа алып барар жол емес.

Өзіңізде барына риза болыңыз

Мен жасымда маған жәрдем берген адамдардың бәрін жадымда сақтағанмын. Кезінде олардың жақсылықтары үшін сый қайтара алмадым. Бірақ жылдар өте келе мен де өзгелерге жәрдем бердім. Сондықтан, біреулерге жәрдем беру ісінде «сен – маған, мен - саған» деген принцип жарамайды. Сені біреу түстікке шақырса, ертеңіне оны шақырып жіберу онша орынды емес, ал біз көбіне солай жасаймыз. Біз ылғи тез қайтарым жайлы уайымдаймыз.

Сыйды алғыс айта қабылдауды үйреніңіз. Қабылдай білуді үйреніңіз. Біздердің проблемаларымыздың бірі – қабылдай білмейтіндігімізде. Беруді білгенде қабылдауды да білу керек. Біреуден сый алып тұрып «рахмет» деудің орнына «маған шақ емес екен» немесе «мен жақсы көретін түс емес екен» десеңіз, ол бұдан былай сізге ешуақытта ештеңе сыйламайды.

Сіз біреуге ақша бергеннен гөрі оны сананы іске қосу арқылы ақшаны өзіңізге қалай шақыруға болатынын үйретіңіз.

Оныншы бөлік ережесі

Сіз түскен табыстарыңыздың оныншы бөлігін қайырымдылыққа жұмсаңыз, сөйткен күнде табысыңыз молая түсетініне сеніңіз.

Адамдар: «менің ақшам көбейген соң қайырымдылық жасаймын» деп ойлайды. Ондай ойдағы адамдар ешқашан қайырымдылық жасамайды, қайырымдылықты ертеңге қалдырмай, бүгін бастау керек. Солай еткеніңізде өміріңізде көп жақсы жағдайлар болады. Бірақ, қайырымдылықты ақшаңыз көбеюі үшін әдейі жасағыңыз келсе, онда ұтыласыз. Бұл жағдайда оныншы бөлік ережесі жүзеге аспайды.

Бұл әлемде барлығы жеткілікті. Ол тек қана сіздің оның өлшеусіз байлықтарымен танысқыңыз келуін күтіп тұрады. Ақша сіз жұмсаймын деген сомаңыздан анағұрлым көп. Адамдар – сіз өмірде кездестіргеннен анағұрлым көп. Қуаныш пен шаттық та сіз ойлағаннан көбірек. Сіз осыған сенсеңіз, сіздің қалауыңыз орындалады.

Өзіңіздің шығармашылық бастауыңызды таныту

Өзіміздің ішкі көзімізді ашып, біз өз көзқарастарымызды кеңітеміз.

«Өміріңнің басты мақсаты не?» деп менен біреулер сұрар болса, мен «жұмыс» деп жауап берер едім. Өз жұмысын жек көретін адамдар оны орындаудан бас тартуы тиіс, басқа жұмысқа ауыссын.

Біздің көбіміз лайықты өмір сүру үшін жұмысқа барымызды салуымыз керек деп санаймыз. Ол тек қана сіз сүйікті іспен айналысқан кезде ғана дұрыс.

Мен адамдарға жәрдем қолын жиі созамын. Егер олар менің жәрдемімнің нәтижесінде бір нәрсе үйренгісі келсе құба-құп, егер олар мені өзінің деңгейіне қарай тарта бастаса, мен олармен тез қоштасамын.

Жұмыс – ақша табудың бірден-бір көзі емес. Ақша – сіздің жұмысыңыздың мақсаты емес. Ол сізге өзге жолдармен я тәсілдермен де келуі мүмкін.

Жұмыстағы қарым-қатынас отбасындағы қарым-қатынасқа ұқсас. Біреулер «менің жұмысым жақсы, бірақ ол жердегі кейбір жексұрындармен істес болғым келмейді» дейді. Оның орнында мен «мен соншалықты тамаша жерде қызмет етіп жүрмін» дер едім. Осы философияны ұстанғанда маған ұнамайтын қызметтестерім өзгерер еді.

Әрбір адамнан бір жақсы қасиет табуға болады. Сондықтан оның жақсы жақтарына көңіл аударыңыз, сонда ол бұрынғыдан жақсырақ бола түседі. Нашар мінез осылай ғана жөнделеді. Сізге жарамсыз сөздер айтып, жолдан тайдырғысы келетіндер де кездеседі. Оған көңіл бөлмеңіз. Сіз өзіңіздің ол жағдайға деген теріс көңіл-күйіңізден құтылыңыз, сонда бәрі де қалпына келеді.

Біреумен өзіңізді салыстыру я күндестік байқату өркөкіректікті туындатады. Барлығы өзгерісте. Бүгінгі жетістік ертеңге төмен саналуы мүмкін. Сондықтан өсу жолында, әсіресе рухани өсуде іштей өсуді ұдайы жалғастырып, ішкі дауысқа құлақ қойған жөн, ол нақ осы жағдайда қалай жасау керектігіне кеңес береді.

Бизнес саласында жетекшілік ететін адамдар өзінің Құдайлық Санасымен ұдайы байланыста болуы тиіс. Қызметтегі әріптестерге ашық болып, оларға өз пікірлерін айтуға мүмкіндік берген жөн. Әрбір қызметкер өзін шығармашыл азамат ретінде танысын. Сонда компанияның ісі ілгері басады, ұжым тұрақталады. Өйткені адамдар жұмысқа тек айлық алу үшін ғана келмейді.

Шексіз мүмкіндіктер

Біздің әрбіріміз Әлеммен және өмірмен үздіксіз байланыстамыз. Өз ішіміздегі күш біздің санамыздың көкжиегін кеңітеді.

Мына сөздер маған өте ұнайды: ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР. «Бұл іс қолымнан келмейді», «Мен әлі жаспын», «Оған ақша қайда» деген сөздер адамның мүмкіндігін тежейді.

Пайым мен пікірдің айырмашылығы бар. Пікір – сіздің бұл мәселеге қалай қарайтындығыңыз. «Мен ақ көйлек емес көк көйлекті ұнатамын» десеңіз, ол – пікір. Ал сіз ақ көйлек киген біреу туралы сөз айтсаңыз, ол – пайымдау. Сын айтқанда, ол бағытталған адамға немесе сіздің өзіңізге зиян тигізетіні есте болсын.

Біреуді ренжітсеңіз, кешірім сұраңыз да, қайтып ренжітпеңіз. Өзіңізді айыптай берсеңіз, өзіңізді ішкі даналығыңыздай ажырататын қорған соғасыз. Айып сезімінің сізді басқарып кетуіне мүмкіндік бермеңіз, олай етсеңіз, ол сіздің өміріңізге енетін барлық жақсы және сүйкімді нәрселерді сізге жібермей қояды.

Әрбір проблемаңызға өзіңізді жетілдіру мүмкіндігі ретінде қараңыз.

Біздің мақсатымыз өз санамыздың шекарасын кеңіту, ескі үйреншікті қалыпты тастап алға қарай жаңа, сыналмаған жолды бастау. Біздің санамыз бұл әлемде ғажайыптарды жасай алады.

Шексіз мүмкіндіктер – біздің планетамызда және одан тыс жерде қызмет етіп жатқан барлық күштердің бірлігі.

Біз өз миымыздың 10 пайызын ғана пайдаланады екенбіз. Қалған бөлігі бос жатыр, соны пайдалануға өзімізге-өзіміз әсер етпейміз. Өйтпейтініміз – өз күшімізге сенбейміз. Өйткені жас кезімізде біздердің әрбірімізде болған телепатия мен телекинез секілді ерекше қабілеттерімізді ата-аналарымыз бен өзге де тыйым салушылар жоғалтып жіберген.

Менімен бірге: «МЕН ШЕКСІЗ МҮМКІНДІКТЕР ӘЛЕМІНДЕ ӨМІР СҮРІП КЕЛЕМІН. МЕНДЕ БӘРІ ЖАҚСЫ» деп қайталаңыз. Осы сөздер жөнінде бір сәт ойланыңыз. БАРЛЫҒЫ ЖАҚСЫ. Бір жері ғана емес, аз ғана емес, БӘРІ ЖАҚСЫ. Осылай болатынына сеніп сіз жауаптар мен шешімдердің өз өміріңізге енуіне жәрдемдесесіз.

Мүмкіндіктер шексіз. Ал біз оны пайдалана білеміз бе, ол біздің жеке ісіміз. Біз я «төрт қабырға» арасында қалып қоямыз, я болмаса бостандыққа суырылып шығамыз және өмір ұсынған жаңа тәжірибеден рахат аламыз. Өзіңізге шыншыл қарауға тырысыңыз.

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір