• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 23:48:02
Алматы
+35°

29 Қыркүйек, 2018 Саясат

Мәулен Әшімбаев: қоғамда қайырымдылық мәдениетін қалыптастырудың маңызы зор

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары дәстүрлі «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары дәстүрлі «Қазақстанның үздік әлеуметтік жобалары» байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімінде айтты.

Іс-шара барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу – Елбасы анықтап берген еліміздегі ең басты басымдықтардың бірі екеніне назар аударды.

– Осы бағытта соңғы жылдарда мемлекеттік органдар тарапынан ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Биыл Елбасы халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған өзінің бес әлеуметтік бастамасын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қойды. Осы ретте қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді шешу үшін мемлекеттік органдармен бірге, үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлер және саяси партиялар да белсенді әрекет етсе, көздеген межеге қол жеткізу жеңілдейтіні сөзсіз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Нұр Отан

Сонымен қатар ол жеңімпаздар мен қатысушыларды құттықтап, барлық жоба авторлары жеңіске лайық екенін айтты. Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары мұндай байқаудың әлеуметтік, рухани және тәрбиелік маңызы зор екенін тілге тиек етті.

– Бұл, біріншіден, әлеуметтік салада белсенділігімен танылған қоғамдық ұйымдар мен мұқтаж жандарға көмек қолын созған жеке азаматтарға қолдау көрсетуге, олардың еңбектерін елеп-ескеруге мүмкіндік беретін болса, екіншіден, сондай бірлестіктерді көпшілікке үлгі-өнеге ретінде дәріптеуге жол ашады. Қазіргі таңда елімізде ондай ұйымдар мен азаматтар мыңдап саналады. Олар осындай игі істерімен қоғамымызда қайырымдылық мәдениеті мен әлеуметтік жауапкершіліктің қалыптасуына үлкен үлестерін қосып келеді. Сол себепті «Нұр Отан» партиясы осы дәстүрлі байқауға атсалысып, оның жаңа деңгейге көтерілуіне өз септігін тигізіп отыр, – деген Мәулен Әшімбаев алдағы уақытта партия осы саладағы жұмыстарын жалғастыра беретінін жеткізді.

Нұр Отан

Биыл байқау алғаш рет «Нұр Отан» партиясының және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бірлесіп ұйымдастыруымен өткізілді. Іс-шараға бұл жолы еліміздің әр өңірінен 318 автор қатысып, өз жобаларын ұсынды. Нәтижесінде «Зейнеткерлерге тегін түскі ас» жобасымен қатысқан Рәсима Темірбаева – 1-орын, «Арбадағы кедергісіз өмір» жобасымен қатысқан Нұрболат Қарабасов пен «Ел назы» арт-терапиямен дамыту орталығы жобасымен қатысқан белгілі әнші Кенжебек Жанәбілов – 2-орын және «Үміт сәулесі», «Мейкатон «TOM: Kazakhstan» жобаларымен қатысқан Маржан Мәдиева мен Сәния Арапова 3-орын алды. Одан бөлек, онлайн-дауыс беру нәтижесі бойынша 5 қатысушыға жүлде тапсырылды және тағы 3 жоба авторына арнайы сыйлық тапсырылды.

Салтанатты шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарымен бірге Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова, сондай-ақ басқа да мемлекеттік орган, бизнес қауымдастық, үкіметтік емес ұйым өкілдері мен Парламент депутаттары қатысты.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір