• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 04:35:31
Алматы
+35°

08 Ақпан, 2019 NEWS

Мәулен Әшімбаев: балалар құқығын қорғауға басымдық береміз

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары айтты

Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партия жанынан құрылған Балалар құқығын қорғау жөніндегі республикалық кеңестің алғашқы отырысында айтты, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

– Кеңес Елбасының тікелей тапсырмасымен құрылып отыр. Жалпы бұл мәселе біраздан бері көтеріліп, осыған дейін дайындық жұмыстары жүргізіліп келгенін атап өткен жөн. Басты мақсат – балалардың құқығы мен мүддесін жан-жақты қорғап, олардың қажеттіліктерін қамтамасыз ету. Осы бағытта Үкіметпен, жергілікті атқарушы органдармен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп жұмыс істейміз. Бұл іске жетекші саяси күш ретінде партияның барлық әлеуеті, яғни Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциялары, аймақтық және аумақтық партия филиалдары жұмылдырылады. Әр филиалда жауапты адам бекітіліп, Кеңес жұмысының жүйелі түрде жүргізілуін қамтамасыз етеді, – деді Мәулен Әшімбаев.

Нұр Отан

Сонымен қатар ол Кеңестің қызмет аясын кеңейту мәселесіне де назар аударды.

– Балалар құқығын қорғаумен бірге Кеңес қызметінің аясын кеңейтіп, көп балалы отбасыларға қолдау көрсету, жұмыс істейтін көп балалы аналарға лайықты жағдай жасау сияқты өзекті мәселелерді де қамтудың маңызы зор. Осы бағытта да тиімді ұсыныстар даярлауымыз керек, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Нұр Отан

Өз кезегінде аталған Кеңес төрағасының орынбасары, «Балалар құқығын қорғау» қоғамдық қорының құрылтайшысы Динара Закиева қазіргі таңда балалар құқығын қорғау жұмыстары көбіне салдармен күрес сипатында жүргізіліп келе жатқанын айтты.

– Біз көбіне келеңсіздіктердің салдарымен күресіп келеміз. Сондықтан Кеңестің жұмысында ең алдымен алдын алу шараларына басымдық беріп, алдымызға осы бағытта кешенді іс жүргізуді басты міндет етіп қойып отырмыз. Осы ретте жаңадан құрылып отырған Кеңестің нақты жұмыс істейтін орган болатынын ерекше атап өткім келеді. Кеңес еліміздің барлық өңіріндегі «Нұр Отан» партиясының филиалдары жанынан өз жұмысын бастап, әр баланың қауіпсіздігі мен жайлы өмірін қамтамасыз етуге үлес қосады, – дейді Динара Закиева.

Жаңа консультативтік-кеңесші орган құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, салалық сарапшылар және қоғам қайраткерлері мүше болды. Кеңес мүшелерінің шешімімен оның төрағалығына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев сайланды.

Нұр Отан

Жиын барысында «Taiburyl» қоғамдық қоры қамқоршылар кеңесінің төрағасы Мұрат Әбенов, «Әр бала отбасымен бірге болуы керек» қоғамдық қозғалысының жетекшісі Шолпан Байболова, «Best for Kids» қоғамдық қорының вице-президенті Эмин Аскеров, ЮНИСЕФ-тің балалар құқығын қорғау жөніндегі бағдарламасының үйлестірушісі Татьяна Адерхина және басқа да жиынға қатысушылар сөз алып, балалар құқығын қорғау мәселесіне қатысты өз ұсыныстарын жеткізді.

Жиынды қорытындылаған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев еліміздің жарқын болашағы үшін бұл істің маңызы зор екенін айтып, барлық мүдделі тараптарды бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір