• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 13:14:59
Алматы
+35°

09 Қаңтар, 2019 Әдебиет

"Мәскеуге барған қазақтар қазақпын деуге арланып, жапонмын дейді"

Болса да түрі қазақ, жұртқа мазақ, Қазақпын деп айтуға жиренеді.

Көш

«Ол екі мінезі қайсы десең, әуелі – ол заманда ел басы, топ басы деген кісілер болады екен. Көші-қонды болса, дау-жанжалды болса,билік соларда болады екен... Екінші мінезі – намысқорлық екен»

Абай  

Көш бастаған бір өзі,

Елдің басы, топ басы,

Түзелді ме көш өзі?

Сәл аялдап, тоқташы.

 

Ертіп алып байларды,

Алға салған үйірді,

Айдадың ба қойларды,

Байладың ба сиырды?

 

Бос па басы атыңның,

Түгел ме ер-тұрманың?

Өркешіне түйенің

Артулы ма жиғаның?

 

Сырқат бар ма жол жүрген,

Дертке дауа ем жоқ па?

Ілдебайлап күн көрген,

Жұртта  қалған ел жоқ па?

 

Асулардан асады

Соңғы түйе жүгі ауыр.

Ұры жоқ па тасада,

Аңғармай ма қарауыл?

 

Той-думанға бүгінгі

Шашыла ма тапқаның?

Қасқырларға  жырынды

Құрулы ма қақпаның?

 

Жетім қозы маңырап,

Бота боздап, зарлай ма?

Жетілмеген қозы-лақ

Құзғынға жем болмай ма?

 

Ел арасы тыныш па,

Билік айтар күй бар ма?

Шаршаған дау-ұрыста,

Дауды шешер би бар ма?

 

Қоян ажал тапса да,

Мекен қылған қамысты.

Көп кісіде жоқ сана,

Ерлер қайда намысты?!

 

Бақташының ойқастар

Иті қайтып үрмесін?!

Көсем серке қой бастар

Жарға жығып жүрмесін.

 

Тұратұғын қан ойнап,

Қазағымның салты ма?

Бас аяқты абайлап,

Қарайлай жүр артыңа.

Жирену

«Мәскеуге барған қазақтың жігіттері мен әйелдерінен

             қай ұлттан боласың деп сұрасаң, қазақпын деуге арланып,

            жапонмын дейді... Бұл не?! Қазақтан жиренгендік. Ақылы

            соған өлшенгендік»

Елдес Омарұлы

 

Мал баққан, ғылым баққан, елін баққан

Ісімен адам көп пе елге жаққан?

Кигенін, қыдырғанын, алдағанын,

Жегенін отырады етіп мақтан.

 

Дін баққан, тілін баққан, бала баққан,

Көргенмін көп кісіні қала жақтан.

Дін нашар, тілі кеміс, бала мақау,

Ұстазы көп болған соң елін сатқан.

 

Сынаптай сырғып тұрған күйге енеді,

Өзгеден өтірікті үйренеді.

Болса да түрі қазақ, жұртқа мазақ,

Қазақпын деп айтуға жиренеді.

 

Ұмытып ұлт дәстүрін, ата салтын,

Сақтауға пейілі жоқ қазақ қалпын.

Бас сұғып жат жұрттардың ноқтасына,

Құлдыққа салмақшы ма азат халқын?!

 

Би билеп, әнін айтып ыңырсыған,

Көбейді қыз-келіншек қылымсыған.

Қызына қырық үйден тыйым салған

Бабамыз қылған қалай бұрын шыдам?!

 

Ақшаның буына елтіп, бөсіп жүрген,

Көбейді жігіттер де төсін керген.

Есі жоқ атақ қуып, масайраса,

Жан-жаққа алақтайды есі кірген.

 

Тәуба жоқ, шүкірлік жоқ бас аманда,

Күнде той, күнде жиын есалаңға.

Тойдан да тоймай қайтса кейбіреуі

Өкпе айтар кейде тіпті Жасағанға.

 

Ойлаған жетем десе тілегіне,

Сенеді білімі емес, білегіне.

Сезбейді қанша жастың үміті бар

Дақ салып кететінін жүрегіне.

 

Бар болам, бастық болам, бай болам деп,

Мансабын күні бұрын сайлаған көп.

Ілескен сол дүрмекке елдің көбі

Келешек не боларын ойлаған жоқ.

 

Сыр бермей жүрсе-дағы қанша жүдеп,

Қартайып, күні жетпей қаусаған көп.

Алайда, көргені азап біздің қазақ

Даурықпа, даңғазадан шаршаған жоқ.

Ақылбек Шаяхмет

 

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір