• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

16 Сәуір, 16:35:00
Алматы
+35°

12 Ақпан, 2018 Саясат

Мәсімов Қауіпсіздік кеңесіне хатшы бола ма?

Қауқары артып, жалы күдірейген органның хатшысы да соған лайық болып жатса несі айып?

Қаңтардың соңында ел назарын аударып, қызу талқыланған тақырыптың бірі – «ҚР Қауіпсіздік кеңесі туралы» заң жобасының Парламент Мәжілісінің қарауына түсуі. Президент жанындағы консультациялық органның құқықтық сипатына қатысты өзгерістерді саралаған Qamshy.kz  алдағы уақытта құрылымда болуы мүмкін кадрлық өзгерістерге болжам жасайды.

Бұрын ел Конституциясына және 1999 жылы Президент Жарлығымен бекітілген Ережеге сай Мемлекет басшысының ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс әлеуеті саласындағы қызметіне септесу, осы бағыттағы шешімдерді әзірлеу мақсатында ел президенті құратын консультативті-кеңесші орган саналып келген кеңестің құқықтық мәртебесі мен құрылымы, атқаратын міндеттері мен кеңес басшылығы, мүшелігіндегі лауазымды тұлғалардың өкілеттіктері енді арнайы заңмен белгіленбек. Бұл – аталған құрылымның құқықтық һәм саяси тұрғыда біршама күшейетінінің айғағы.

Жаңа заң жобасы бойынша Қауіпсіздік кеңесінің міндеттері негізгі үш бағытта айқындалған. Олар:

- ұлттық қауіпсіздік пен қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын қарау;

- қауіпсіздік және қорғаныс саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін үйлестіру, оларға тапсырмалар әзірлеу;

-Қазақстан Республикасы заңнамаларында көрсетілген басқа да міндеттер.

Кеңес туралы заң жобасының елдің ерекше назарын аударған тұсы – ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының кеңес төрағалығын өмір бойы атқаруы жөніндегі норма. Яғни «ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» конституциялық заңға сәйкес ерекше мәртебеге ие Нұрсұлтан Назарбаев өмірінің соңына дейін Қауіпсіздік кеңесін басқару құзыретіне ие болмақ. Мұны болашақтағы билік транзиті, елдегі саяси жүйенің өзгеруі мен элиталық ауыс-түйістермен байланыстырушылар бар. Біздің айтпағымыз ол емес.

Осыған дейін кеңестің тұрақты (Премьер-министр, Мемлекеттік хатшы, Президент әкімшілігінің жетекшісі, Презиент көмекшісі – Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) төрағасы, Сыртқы істер министрі, қорғаныс министрі), былайғы мүшелерін (парламент палаталарының спикерлері, Бас прокурор, Ішкі істер министрі, Сыртқы барлау қызметі («Сырбар») директоры, Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қарулы күштер Бас штабының бастығы) айтпағанда, Президент өкімімен тағайындалып, босатылатын Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы деген лауазым болды. Жаңа заң жобасында да кеңес хатшысы лауазымы сақталып отыр. Жоғарыда тізілгендер ішінде жаңа заңда тек «Сырбар» қызметінің директоры аталмапты. Соған қарағанда, заң қабылданған соң аталған қызмет таратылып, ҰҚК құрамына қосылуы мүмкін дейді саяси жауырыншылар.

Сонымен, Қауіпсіздік кеңесі туралы арнайы заңның қабылдануы оның билік биігіндегі қауқарының артатынын білдіреді деп айттық. Қауқары артып, жалы күдірейген органның хатшысы да соған лайық болып жатса несі айып? Бұрындары бұл орган хатшылығына күштік құрылымдарда басшылық қызметтер атқарған немесе Президент төңірегіндегі шенділердің кез келгені тағайындала беретін. Интернеттен Төлеген Жүкеев, Марат Тәжин, марқұм Алтынбек Сәрсенбайұлы, Нұрлан Ермекбаев сияқты шенеуніктердің ғұмырбаянын бір шолып шықсаңыз, оған оңай көз жеткізесіз. Елбасы ендігі уақытта өзі өмір бойы төрағалық ететін ықпалды құрылымдағы жұмысын шыр айналдыратын хатшы тағайындауда кімге сенім артуы мүмкін? Ол кандидат қатардағы көп шенеуніктің бірі емес, билік дәліздерінде алшаң басып жүре алатын, Үкімет басы, бірнеше министрден бөлек, Парламент палаталарының төрағаларына, Бас прокурор мен бірнеше министрге айтқанын орындата алатындай болуы керек. Өйткені қажет болған жағдайда ол Кеңес мүшелеріне, яғни Премьер-министрге, басқа да министрлерге, Президент әкімшілігі басшысына, ҰҚК төрағасына, тағы басқаларға Кеңес төрағасының қоятын тапсырмаларын дайындап, оның орындалысын бақылауда ұстауы тиіс. Жаңа заң бойынша хатшыға да қосымша өкілеттіктер берілуі мүмкін...

Кеңес төңірегіндегі осы айтылған және басқа да жағдаяттарды ескере отырып, оның хатшылығына лайық-ау дейтін екі адамның есімін атауға болады. Бірі – Президент әкімшілігі жетекшісінің қазіргі бірінші орынбасары Марат Тәжин. Екіншісі – ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов.

Тәжин Ақорда жақта талай-талай лауазым атқарған. Биліктегі «бас технолог» деген бейресми атағы және бар. «Жас түркілер» мен Рахат Әлиев арасында қақтығыс туындағанда біраз уақыт ҰҚК-ні басқарған. Мемлекеттік хатшы, Президент көмекшісі сияқты мансапты қызметтерді ұршықтай үйірген. Ол кісіні ішкі саясатқа жауапты қазіргі орнынан қозғай қоймас. Ал Кәрім Мәсімовті елге таныстырып жату артық болар. Үкімет басшылығына бірнеше рет тағайындалуының өзі неге тұрады? Оның үстіне 2016 жылғы қыркүйектен бері ҰҚК-нің тізгінін ұстап келе жатқанын ескерсек, «Совбезге» сарт еткізетін-ақ кандидат. Ал Кәрімнің орнына кімді қояды деп бас қатырудың қажеті шамалы, комитет құрамында «ғарыштық жылдамдықпен» көтеріліп келе жатқан бірінші орынбасары дайын тұр.

Айдар Дәуітұлы

Erkebulan Nurekesh

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір