• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:54:54
Алматы
+35°

24 Қазан, 2018 Спорт

Марселоның "Реал Мадридтен" кеткісі келетінінің астарында не жатыр?

Бұл жағдай «Реал Мадрид» футбол клубының президенті Переске ауыр соққы болды.

«Реал Мадрид» футбол клубының қорғаушысы Марсело басшылықтан өзін «Ювентус» футбол клубына сатуды талап етті деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Танымал ойыншы маусым айында емес, кейінгі жылдың қаңтар айынан бастап «Ювентустың»  құрамында ойнағысы келетінін жеткізді. Ол «Ювентустың» өзін қуана-қуана сатып алатынын біледі, өзі де аталмыш командада ойнауға асық, сол себепті уақыт жоғалтқысы келмейді екен. Бұл жағдай «Реал Мадрид» футбол клубының президенті Переске ауыр соққы болды. Себебі «Реал Мадридтің»  атағы бұрынғыдай жер жарып тұрған жоқ. Қазірдің өзінде реалдық ойыншылар 9 ойынның үшеуін жеңіліспен аяқтады. Сонымен бірге көптеген жас чемпиондардың «Реал Мадридке» деген қызығушылығы бұрынғыдай емес. Ал Перес өзі қалаған спортшыны зорлықпен ұстап тұра алмайды. Егер Марсело қаласа келесі жылы Роналду мен Марселоның қатысумен өткен ойынды тамашалай аламыз. Бұл Роналду мен Марселоның жанкүйерлері үшін қуанышты жаңалық болғалы тұр.

♦Танымал футболшы Роналдудың басы дауға қалды (фото)

Еске сала кетейік, биыл жазда Марселоның жақын араласатын досы Криштиану Роналду «Ювентус» құрамасына ауысқан болатын. Кейін Марсело да өз досының соңынан еріп, «Ювентус» футбол клубына ауысуы мүмкін деген сыбыс тарады. Себебі футбол жанкүйерлері Роналду мен Марселоның арасындағы достықтың берік әрі ерекше екенін білетін. Олар ойын кезінде де, ойыннан тыс уақытта да екі футболшының дос сүйсініп, дұшпан күйінетіндей достар.

Марсело 2009 жылы Мадрид қаласына енді көшіп келген Роналдуға көп көмек көрсетті. Содан бері қанша уақыт зырғып өтсе де достықтары нығая түсті. Олардың достығы клубтың басшылығына ұнайтын, өйткені алаңда бір-бірін сөзсіз түсініп, жүйелі ойын көрсететін. Криштиану Роналдудың мінезі ауырт болғанымен, Марсело оның тілін таба білді.  Үнемі әзілдесіп, қалжыңдасып, жеңістерін бірге думандатып тойлайтын екі дос сөзсіз көптің көзіне түсетін.

Тіпті бірде «Роналду бақытты. Мен онымен бірге ойнағанды жақсы көремін. Ол үшін қуаныштымын. Роналду менің туған ағам секілді», -деп мәлімдеме жасаған болатын Марсело досы.

♦Адвокат: Маған Роналдудан зорлық көргенін айтып тағы бір әйел хабарласты

Роналду Марсело туралы жиі пікір білдіре қоймайтын. Бірақ достыққа адалдығын іспен көрсетуге тырысып, ойын кезінде де, дайындық кезінде де Марселоға мотивация беріп отыратын. Марсело да футболшының бұл қасиетін бағалай білді.

Кейін Роналду «Ювентус» футбол клубына кеткен соң жақын досымен қимай қоштасқаны жанкүйерлердің көңілін босатып жіберді.

«Қоштасатын уақыт та жетті. Ант етейін, мені осындай сәт күтіп тұрғанын білген жоқпын. Бірақ өмірде барлығы мәңгі емес. Сенің жаңа белесің сәтті болады деп сенемін. Біз 10 жылға жуық уақытты бірге өткіздік. Бұл жылдар қуанышқа да, сәтсіздікке де, жеңіс пен жеңіліске де толы болды. Керемет естен кетпес естеліктеріміз бар. Мен сенен көп нәрсені үйрендім. Сенің адалдығың спортшылардың арасынан сені ерекшелендіріп тұратын. Саған және сенің жаңа "отбасыңа" (клубыңа-ред.) барлық жақсылықты тіледім. Сенімен өткен дайындықты да, ойындарды да қатты сағынатын боламын. Аңызға айналған футболшы болғаның үшін ғана емес, керемет адам ретінде де сенімен мақтанамын. Сенімен бір командада ойнағанымды, бірге тәжірибе алмасып, дайындалғанымды мақтан тұтамын. Мен карьерамды тәмамдаған кезде кафеде отырып, барлық естелік суреттерді қарап, әңгіме айтатын боламыз», -деп жазыпты Марсело өзінің инстаграм парақшасында.

Қыркүйек айында Марсело «Реал Мадридтен кетпеймін. Соңына дейін ойнаймын», - деп мәлімдеме жасаған болатын. Алайда аяқ астынан шешімін өзгерткен футболшының бұл әрекетін «Роналдуды сағынған ғой» деп пайымдады жанкүйерлер. Бірақ бұдан басқа да себептер бар секілді. Осыған дейін Роналду жайсыз жайттардан көз ашпай келе жатқанын жазған едік. Танымал футболшы «Реал Мадридтің» өзіне әдейі қастандық жасағанын айтты.  Роналдудың бұл мәлімдемесін естіген Марсело 10 шақты жыл жақын араласқан досына қолдау білдіру үшін осындай қадамға барған шығар, кім білсін?!

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір