• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:50:13
Алматы
+35°

25 Қазан, 2018 Саясат

Мадина Әбілқасымова неге ауылдың көзін жойғысы келеді?

Кейде ойлаймын: «Осы біздің атқамінерлерге біреулер тасадан «Терістеу» сабақтарын өткізеді-ау», деп...

Кейде ойлаймын: «Осы біздің атқамінерлерге біреулер тасадан «Терістеу» сабақтарын өткізеді-ау», деп... 
Себебі, көбінің сөзі мен ісі – терістеуге тұнып тұрады. Мысалдар керек пе, мархабат: «Қытайлар қазақтарды қанап-қинап жатыр!» – деп, халық шырылдаса, билігіміз Алматыдан Қытай мектебін ашады... 
Әйтпесе, жұртымыз: «Ресей зымырандары Байқоңырдан қателіктермен ұшырылып, зиянды қоспалар қазақ даласын улауда!» – деп, аттан салса, өкіметіміз тағы да басқа өңірлерден орыстарға жерлерін жалға ұсынады... 
2016 жылы Ресейдің Премьер-министр Дмитрий Медведев халықты шекара маңындағы аймақтарға қоныстандыру туралы арнайы қаулы қабылдап: «Ресейде қараусыз қалған бірде-бір елдімекен болмауы тиіс. Көршілес Қазақстаннан келетін орыстар шекара бойындағы ауылдарға қоныстанады» – десе, күні кеше біздің Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова: «Солтүстік Қазақстан облысы – тым үлкен. Әрқайсында 50-ден аса тұр­ғыны бар 100-ден астам елдімекен бар. Сол ша­ғын елді-мекендерді ірі ауылдарға қосу арқылы бюд­жеттік шығындарды үнемдеуге болады» – деп мәлімдеп, бұл облыста «болашағы жоқ» 40-қа жуық ауылдардың жойылатындығын «қуана» жеткізді. 
Бұл не? Терістеу тәлімі емес пе?.. 
Әйтпесе, құдайы қоңсымыз өзбек ағайындарда «болашағы жоқ» деген ауыл түгілі, мұндай ұғым да жоқ көрінеді. Меніңше, «болашағы жоқ» деген тіркес – өте қауіпті ғана емес, аса қате түсінік. Мы­салы, «болашағы жоқ» дегенді – «үміті үзілген» не­месе «өлді» деген ұғымдармен алмастыруға бо­лады. Сонда біз өз жеріміздегі бір елдімекеннің бола­ша­ғына өз қолымызбен балта шабуымыз керек пе?.. 
Терістеу тәлімінің тарландары қазақтың батысы мен шығысын былай есеп-қисапқа салыпты: бүгінгі күні Батыс Қазақстан облысында 52 ауылдың, Шығыс Қазақстан облысында 69 ауылдың «болашағы жоқ», яғни, «үміті үзілген...» 
Мұндай терістеу теориясының есеп-қисабы бой­ынша, қазіргі таңда еліміздегі 7 мыңға жуық ау­ылдың – 1500-інің тағдыры тәлкекке түскелі тұр...

«Абай. кз» порталының тілшісі «Еліміздегі 1500 ауыл жер бетінен мәңгілікке жойылады» – деп шындықтың шымылдығын жыртып жіберіпті...

Негізі, «болашағы жоқтың» тасасында өкіметтің сауатсыз саясаты мен жаныашымастық қарекеті тығылып отыр. Қазақ жастарының кіндік қаны тамған ыстық ауылынын жаппай амалсыз қоныс аударуының басты себебі – жұмыссыздық. 
Қазақ билігінің әралуан бағдарламаларды қағаз жүзінде бұрқырата қабылдап, қаржы-қаражатты өзен суындай ағызғаны – сайын далаға сағым салып, құмға сіңіп, жоқ болды...

Қазақ ауылдарының әл-ауқатын арттыруды былай қойғанда, әлі күнге дейін кейбір ауылдарда жөнді жарық, ауыз су, тегіс жол жоқ. 
Ауыл жабылып, ел көшкенімен, ата-бабамыздың асыл мұрасы – туған жеріміз қалып барады. Оны қайтеміз: «болашағы жоқ» деп біреуге бере саламыз ба?.. 
Елдің де, жердің де болашағы – жастар. Жастар бар жерде «болашағы жоқ» деп айтуға болмайды. Демек, ауылдың болашағы баянды болуы үшін – жастардың ауылда лайықты өмір сүріп, ұрпақ өсіруіне, елдің күнгейлі келешегіне қызмет етуіне жағдай жасауымыз керек. 
Мадина Әбілқасымова ханым қиратып-жоюдың өте оңай екендігін, ал, жасап-жаңартудың мейлінше қиын болатындығын түсінсе керек. «Ауырдың – үстімен, жеңілдің – астымен жүру» – әркімнің-ақ қолынан келеді...

Қажымұқан Ғабдолла

 

Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір