• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 10:52:42
Алматы
+35°

22 Қаңтар, 2019 Тарих

"Мәді" қалай Меккені қанға бояды?

Бұдан 40 жылдай бұрын Қағбада 6 мың қажы кепілдікке алынып, жүздеген алам опат болған.

Бұдан 40 жылдай бұрын Қағбадағы қажылық кезінде алты мың қажы кепілдікке алынып, бірнеше мыңдаған адам опат болған. Оқиға қалай болып еді?

...1979 жылы 20 қарашада Ислам әлемінің бас мешіті – Меккедегі әл-Харамда  әлемнің түкпір-түкпірінен келген жүздеген мың қажылар Қағбаны жеті рет айналып, Сафа мен Мәруа дөңдерінің арасында жүгіріп, Исламның бесінші парызын өтеп жатқан-ды. Осылардың арасынан кенет білектеріне қызыл шүберек байлап алған бірнеше жүздеген адам қойындарынан автоматтарын суырып алып, оқ жаудырған.  Көпшілікке қаратып атты ма, жоқ бастарына асырып оқ жаудырды ма, ол жағын дәл айту қиын, бірақ құлшылық жасап жатқан мыңдаған адамның сұмдық үрейге берілгені анық. Қажылық кезінде өлген адам бірден жұмаққа барады делінеді, дей тұрғанмен кімнің өлгісі келсін.  Мыңдаған қажылар мешіт есігін бұза-мұза сыртқа қарай  лап қойған, қалғандары мешіт ішінен тығылар жер іздеп сасқалақтаған. Соның салдарынан, жүздеген адам аяқ астында тапталып қалған. Ал терроршылар бұл кезде әлемнің түрлі елдерінен келген алты мың қажыны кепілдікке алып, мешіт астындағы  жер асты коридорына қамап қойған.

         Әрине, қажылардың ішінде қауіпті фанаттар болатынын жақсы білетін саудтық полицейлер мен Ұлттық гвардия олардың жолын кесудің айла-амалдарын бұрыннан жақсы білетін.  Әсіресе Үлкен қажылық кезінде олар басты міндеттерін жақсы сезініп, өте сақ қимылдайтын. Бұл жолы жағдай мүлдем өзгеше еді. Терроршылар мұсылман әлемінің бас мешіті – Қағбаны қоршай орналасқан әл-Харамды басып алған болатын.  Оның үстіне Сауд Арабиясының басқа да аймақтарынан алаңдатарлық хабарлар түсе бастаған. Корол сарайының алдында бомба қойылған көлік жарылған. Оны қойшы, ең басты міндет – әл-Харам мешітіне бақылау орнатуды қолға алу болған.

          Ұлттық гвардияның терроршыларды бас мешіттен қуып шықпақ болған алғашқы күнгі әрекеті сәтсіздікке ұшырайды.  Ондаған жауынгері өлген ұлттық гвардия әскері амалсыз кері шегінуге мәжбүр болады. Келесі күні қайта мешіт қақпасына шабуылдағанмен, тағы да ондаған әскерінен айырылып, беті қайтады.

         Үкімет әскерінің мешітті ала алмаған екі сәтсіз әрекеті оларды тактиканы өзгертуге мәжбүр етеді. 22 қараша күні таңғы сағат 10-да үш мың жауынгер 12 бронетранспортердің, 5 әскери тікұшақтың қолдауымен исламның бас мешітін құтқару үшін шабуылға көшеді. Терроршылар бұған да дайын екен, ракеталық қондырғымен атқылап, үш әскери көлікті істен шығарады. Аспаннан атқылап жатқан тікұшақтың бірін жарып жібереді. Бұл үкімет әскерінің тағы да сәтсіздікке ұшырауы емес, нағыз апаттық жағдай еді.  Осыдан кейін Исламның бас мешітін қорғауға король әскерінің шамасы жетпейтініне күмән қалмайды.

          Әл-Харам мешітін басып алған содырлар Сауд Арабиясында 1973 жылдан пайда болған радикальды ислам өкілдері болатын. Олардың алдына қойған сол кездегі мақсаты Иран үлгісіндегі ислам республикасын орнату еді. (Иранда 1979 жылы болған ислам револяциясы Шах режимін құлатқаны белгілі). Олар әл-Харам мешітінің ішіне тек қана автомат алып кірмеген, орасан оқ қоры бар ауыр пулеметтер мен ракеталық қондырғылар кіргізген. Азық-түліктің мол қорын айтпағанда, олар мешіт ішінде дәрігерлер мен мейірбикелер ондаған адамға қызмет ететін  госпиталь да жасақтап үлгерген. Мұншалық бақайына дейін қаруланған содырларды Меккедегі бас мешіттен қуып шығу оңай емес еді. 

         Сауд Арабиясы телефон мен телеграф байланысын үзіп, сыр әлеммен байланыссыз қалып, уақыт ұту жағын ойласқан. Бірақ жамандық жата ма, ертеңіне-ақ бүкіл әлем естіген. Ислам әлемінің бас мешітінің содырлардың қолында қалуы және мыңдаған қажылардың кепілдікте ұсталуы бұл кезде мұсылман елдерін түгел дүрліктірген.  Оның үстіне әсодырларды басуға АҚШ пен Израиль десанттары тартылады екенә деген хабар өртке май құйған. Сауд Арабиясы ол хабарды қайта-қайта жоққа шығарғанымен,  Пәкістан астанасында АҚШ елшілігін басып алғандар бірнеше америкалық дипломанттарды өлтіреді. Пәкістан армияның араласумен ғана өрт шыға жаздаған  соғыстың алды алынады. Мұндай тәртіпсіздіктер басқа да мұсылман елдерінде етек басталып, АҚШ азаматтары қайғылы қазаға ұшырайды.

          Әл-Харам мешітінің үстінен ұшақ ұшуға тыйым салынған және мұсылман емес адамдарға жол жабық. Бұрын да солай болған, қазір де солай. Десек те, Сауд Арабиясы сол кезде амалсыз қадамға барады. Ол елге мұсылман әлеміндегі ең әскері мықты Түркиядан көмек сұрауына болатын еді. Десек те, төрт жүз жыл Осман мпериясының қол астында болып, есін жиғанына жарты ғасыр ғана болған бұл аймақта түрікшілдікке қарсылық үстемдік құрып тұрған-ды. Сондықтан саудтық монарх Бас мешітті құтқару үшін амалсыз «кәпір ел» - Франция президентінен көмек сұраған. 

          Француз әскерінің террорға қарсы бөлімі Меккеден бірнеше ондаған шақырым жерден құпия түрде лагерь құрып,  саудтықтарды операцияға қызу дайындайды. Өздері, әрине, мұсылман болмағандықтан  Саудияның астанасы Эр-Рияд пен Жидда қаласы болмаса, Меккеге кіргізілмеген. Сырттай бақылап, ақыл-кеңестерін берген.

         Бұл кезде терроршылар мешіт төбесі мен мұнараларына мергендері мен пулеметшілерін орналастырып, дайын отырған-ды. Саудияның Батыс елдерімен жақындастығын, батыс мәдениеті мен құндылықтарының ене бастауын, мұнайды АҚШ-қа сатуын сатқындық деп бағалаған бүлікшілер неден болса да тайынбайтын еді.   

          Бас мешітті құтқару операциясы 4-желтоқсанда таңғы сағат 10-да басталған.  Түскі сағат 2-де аяқталған. Улы газ қолданылған. Жүздеген үкімет әскері өлген. Жүздеген терроршының ішінен ондаған адамды ғана тірідей қолға түсіру мүмкін болған. Ал кепілдікте болған қажылардың қаншасы өлгені  дер кезінде «ресми» түрде айтылмаған,  кейін 255 қажының өлгені, 560-ның жараланғаны хабарланған. Қыбырлаған құмырсқаны өлтіруге болмайтын қасиетті Қағбаның айналасында  қаншама қан төгілген.

         Бүлікке марқұм «нөмірі бірінші тероршы» Усама Бен Ладеннің туыстарының қатысы болғаны айтылады. Бен Ладен ол кезде 22 жаста болыпты. Ал бүлікті ұйымдастырған ұлттық гвардияның бұрынғы офицері Жухейман әл-Утейби мен оның  62 серігі 1980 жылы 9-қаңтарда өлім жазасына кесіліп, бастары алынған. Бүліктің рухани және діни жағын Мұхаммед Абдаллах (әл Кахтани) басқарып, өзін ақырзаман таянғанда жер астынан шығатын Мәдімін деп жариялаған екен.

          Осы трагедиядан он жылдан кейін, 1989 жылы қажылық кезінде де Қағбаны жарып жібермек болған. Қасиетті мешіт маңайында екі рет жарылыс болып,  сол кезде бір адам өліп, 16 адам жараланған. Сауд Арабиясы  "кувейттік қажылар ирандық елшілердің тапсырмасын орындады" деп айып тағып, бүлікшілерді өлім жазасына кескен.

          2016 жылы шілдеде Ораза мейрамы басталардан бір күн бұрын Мәдина қаласындағы Пайғамбар  мешіті алдында әлдебіреу өзін - өзі жарып жіберген. Сол кезде төрт полицей өліп, бес адам жарақаттанған.

          Сол 2016 жылы  Иран қолдайтын йемендік хуситтер қасиетті Қағбаны туралап баллистикалық ракета жіберген. Дегенмен саудиялық әскерилер ракетаны заматында қағып үлгерген.

 

 

Төреғали Тәшен

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір