• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 18:23:29
Алматы
+35°

21 Қазан, 2018 Әлеумет

Лифттегі жантүршігерлік өлім һәм жан тапсырғандардың обалы кімде?

Көп қабатты тұрғын үйден шыққан азамат лифтіні шақырды. Күтті. Мінді. Жан тапсырды. Бұл оның соңғы күні, сағаты, минуты, секунды еді.

Көп қабатты тұрғын үйден шыққан азамат лифтіні шақырды. Күтті. Мінді. Жан тапсырды. Бұл оның соңғы күні, сағаты, минуты, секунды еді.

Әлемде ең алғаш рет лифт 2012 жылы Таиландта құлап, бір адам қайтыс болған. Таиландтық азамат лифт тоқтап қалған кезде өз күшімен ашпақ болып, шахтаға құлап, мерт болды.

Иә, күнделікті қолданып жүрген лифттің адам өліміне себепші болатынын білсек те, мән бермей жатамыз. Биылдың өзінде Қазақстан бойынша лифттің кесірінен өлім құшқан бір емес бірнеше жайт орын алды.

21 мамыр сағат 23:30. Атырау қаласы Алмагүл ықшамауданындағы көп қабатты тұрғын үйдің 15 қабытынан  төмен түскісі келген екі жасөспірім өлім періштесімен кездесетінін білмеген де шығар. Бұл олардың соңғы рет лифтті қолданған кезі, соңғы күні болатын. Екі жасөспірім мінген лифт 15-қабаттан шахтаға құлаған. 14 жастағы жасөспірім сол жерде тілге келмей қайтыс болса, екіншісі ауруханада түнгі 01:08-де жан тапсырды. Өлімге себеп болған − істен шыққан лифт.

4-сәуір Ақтөбе қаласы. Жергілікті журналист Айзат Әбдісамат өзінің 3 жасар қызымен лифтке мінбек болады. Алайда ол толығымен лифт кабинасына кіріп үлгермеген. Лифт жылдам төмен түсіп кетіп, Айзаттың аяғын жұлып әкеткен. 28 жастағы келіншек өзінің 3 жасар қызының көзінше жан тапсырды. Әлі күнге дейін 3 жасар қыз «мама» деп айта алмайды.  Тұрғындардың сөзінше лифт осыған дейін де бірнеше рет істен шыққан көрінеді.

Қазіргі уақытта лифт әлі жөнделмеген. Себебі аталмыш лифтіні жөндеуге әкімдіктің де, тұрғындардың да қаражаты жетпейді екен. Осыған байланысты «Ақтөбе облысы бойынша лифтерге тексеріс жүргізілді ме?» деген сұраққа жауап іздепАқтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевқа ресми хат жолдадық.

Ақтөбе облысы әкімдігінің жауабы төмендегідей болды:

«Ағымдағы жылы Ақтөбе қаласы бойынша 306 көп қабатты тұрғын үйде орналасқан 744 лифтілерге техникалық тексеру жүргізу үшін комиссия құрылды. Барлық лифтілер лифтінің иелерінің (ПИК, ПТБ, кондоминиум) меншігі болып табылады. Тексеріс жүргізу барысында 710 лифтінің пайдалануы аңықталды. Жыл сайынғы техникалық куәландырудан 360 лифті өткен, 384 лифті жыл сайынғы техникалық куәландырудан өткен жоқ. Сондай-ақ, 23 заңды тұлға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 298 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кодекстің 826 бабына сәйкес лифт иелеріне лифтілерді пайдалану кезінде заң бұзушылықтарды жою бойынша шаралар қабылдау туралы ұсыныстар берілді.

Сонымен бірге,  Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы №359 «Жүк көтергіш механизмдерді пайдалану кезінде өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес лифтінің иесі ақаусыз қалпында ұстауды және өнідірістік бақылау жүйесін құру арқылы қауіпсіз пайдалануды қамтамасыз етеді. Өндірістік бақылау туралы ережені иесі немесе пайдаланатын ұйым басшысы бекітеді.

Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қайтарымды төлем негізінде жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, Ақтөбе қаласында «Тұрғын үй қорын күтіп ұстау» туралы бекітілген. – Лифт құрал-жабдықтарын модернизациялау ережесіне сай, тозығы жеткен лифтілерді ауыстыру жұмыстары басталды, – дейді Ақтөбе әкімідігі.

Қазіргі таңда, 5 лифтінің жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленіп, РМК «Мемсараптама» жолданды.

Қош, Ақтөбе облысындағы лифт әкімдік тарапынан тексерістен өткен. Алайда облыс бойынша барлық лифтер сапалы деп айта алмасымыз анық. Себебі, биылғы жылдың өзінде Ақтөбе облысы бойынша өлімге әкеліп соқтырған бір емес екі жағдай тіркелген.

Ал лифтегі өлімге кім жауапты? Дұрыс жөндей алмаған механик пе, әлде лифтті жасап шығарған компания басшысы ма?

Айзат қайтыс болған лифттің егесі «Жаңабеков сервис» ЖШС-ның негізін қалаушы Кенен Жаңабеков пен Ақжан Жарылқасымовқа сот шешім шығарды. Сот үкіміне сәйкес, Жаңабеков шартты түрде 4 жылға сотталса, механик Ақжанов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын қауіпсіздік мекемесінде өтейді. Ақжановты сот залында қамауға алды.

Аталмыш жайттан кейін «Жаңабеков сервис» ЖШС жұмысын жалғастыра бермек. Бұл туралы компания өкілі біздің  сауаламызға жауап берді.

– Біздің компания өз жұмысын жалғастыра береді. Қазір облыс бойынша біздің компанияға тиесілі лифтерді қайта тексеріп жатырмыз. Сот үкіміне сәйкес механик 4 жылға сотталып, Кенен Жаңабеков шартты түрде жазаланды, – деді компания өкілі.

Ал шартты жазаға тартылған Кенен Жаңабековтің өзімен сөйлесу мүмкін болмады. Компания қызметкерінің айтуы бойынша, ол болған жағдайдан кейін әлі өз-өзіне келе алмай жүрген көрінеді.

Айта кетер болсақ, көп қабатты тұрғын үйдегі істен шыққан лифтерді жөндеу үшін әкімдік қаражат бөледі. Алайда белгілі бір шарттар бар. Тұрғындардың 70 пайызы лифтті жөндеу үшін компания мен әкімдік тағайындаған қаражатты өз қалталарынан шығарып, жинап беруі қажет. Тұрғындар қаражат жинап бергеннен кейін қалған қаржы мемлекеттік бюджет есебінен толықтырылады. Егер тұрғындардың 70 пайызы бұған келіспеген жағдайда мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлінбейді.

Ал Айзат Әбдісаматтың өліміне себепкер болған үйдің лифті неге әлі күнге дейін жөнделмеген?

«Жаңабеков сервис» ЖШС өкілі Айзат Әбдісаматтың өлімінен кейінгі лифтінің неге әлі күнге дейін жөнделмегенінің себебін былай  түсіндірді.

– Біз жиналыс жасамақ болып, тұрғындарды түгел шақырдық. Алайда тұрғындар жиынға түгел қатыспады. Сол себепті біз әр үйге барып, жауап алып, барлық талап-шарттарды түсіндіріп жатырмыз. Өкінішке қарай, тұрғындар бұл талаптарға әзірге келісім берген жоқ, – дейді «Жаңабеков сервис» ЖШС-ның өкілі.

Қауіпсіздік тұрғындарға керек пе, әлде компания иесіне ме?

Расында да осындай кезде тұрғындардың салғырттығына, өз өміріне деген жауапкершілігінің жоқтығына қайран қаласың. Барлық жағдайда компания ғана жауапты бола бермейді. Себебі, лифтінің 10 шақты жылдан кейін ескіретіні белгілі. Ал оны қайта жөндеуден өткізуге компания өз қалтасынан қаражат шығарса, олар шығынға ұшырайтыны логикалық тұрғыдан түсінікті дүние. Көпқабатты үйдің тұрғындарында лифтіні компания жөндеуге міндетті деген түсінік бар. Бірақ олай емес. 10-15 жылдан кейін  лифт міндетті түрде күрделі жөндеуден өтуі қажет. Ал лифтіні күрделі жөндеуден өткізу үшін компанияға қаражат қажет. Осы кезде тұрғындардың көбісі өз өмірлерінің қауіпсіздігі үшін төлеу керек ақшаны беруден бас тартып жатады. Бірақ сол лифтіден біреу-міреу зардап шексе, компания мен әкімдікті кінәлайды. Өкініштісі де осы...

Бұл оқиға бұрынғысынан өзгерек...

Қаңтар айы... 16 жастағы жасөспірім Ақтөбе облысы Лисаковсктегі лифттердің біріне мінген. Кенеттен лифт тоқтап қалады. Жасөспірім лифтіні өз күшімен ашпақ болған кезде, кабина шахтаға құлайды. Жасөспірім тілге келмей қайтыс болды.

Есіңізде болсын, егер сіз мінген лифт аяқ астынан істен шығып, тоқтап қалса, ешуақытта «өз күшіммен лифтіні ашамын» деп ойламаңыз.

Барлық лифт арнайы ұстап тұратын механизммен жабдықталады. Лифт қалыптағы жылдамдықтан артық қозғалысқа түссе, механизм оны автоматты түрде тежейді.

Егер сіз өз күшіңізбен лифтті ашпақ болсаңыз, кабинаны ұстап тұрған тежеуіш істен шығып, лифт шахтаға құлайды.

Лифт тоқтап қалған жағдайда не істеу керек?

Бірінші сабыр сақтаңыз. Ойланбай жасаған кез келген іс-әрекет сіздің өміріңізге қауіп тудыруы мүмкін. Кейін «Диспечерді шақыру» түймесін басып, күтіңіз. Сырттағы адамдарды да көмекке шақырыңыз.

Лифтегі басты ережелер:

Кішкентай балалардың жалғыз өзіне лифтіні қолдануға рұқсат бермеген жөн.

Кабинаға бірінші ересек адам содан кейін бала кіреді. Ал шығар кезде керісінше, бірінші бала содан кейін ересек адам шығады.

Лифтіге мінгеннен бастап қауіпсіздік үшін баланың қолынан ұстап тұрған жөн.

Лифтіде ойнауға, секіруге, түймелердің барлығын басуға қатаң тыйым салынады.

Кішкентай балаларға лифт тоқтап қалған жағдайда не істеу керектігін түсіндіріңіз.

Балаларға бөтен адаммен лифтіге мінуге болмайды.

Жеңіл арбадағы балаңызды қолыңызға алғаннан кейін ғана лифтіге мініңіз. Ал лифттен түсер кезде жеңіл арбаны шығарғаннан соң ғана балаңызбен бірге кабинадан шаққан дұрыс.

Лифтіде қауіп туса, не істеу керек?

Лифтке үш адам мінді. Бір-бірін мүлдем танымайды. Олардың біреуі әккі қылмыскер. Қылмыскерге екі адамды тонап, өлтіріп кетуге бірнеше минут жетіп артылады. Лифтіні басқа біреу қолданғанша қылмыскер қашып құтыла алады.

Иә, лифт – қылмыскерлер үшін ең тиімді орын. Себебі қылмыскерлер бірнеше минуттың ішінде лифттегі адамға қалағанын істей алады. Сіз сондай қылмыскермен бірге лифтке міндіңіз. Не істеу қажет?

Мамандардың айтуы бойынша, мұндай жағдайда лифттің барлық түймелерін басып тастау қажет. Себебі лифттің әр қабатқа тоқтауы сіз үшін үлкен мүмкіндік.

Лифтті күнделікті қолдану адам денсаулығына зиян ба?

Лифттегі адам денсаулығына зиян бактериялардың саны әжетханадағы бактериялардан бірнеше есе көп. Сол себепті лифтті қолданғаннан кейін қолды міндетті түрде жуу керек немесе ылғал майлықты қолданған жөн. Иммунитеті әлсіз адам лифтті қолданған бойда ауру жұқтыруы мүмкін. Сол себепті мамандар лифтіден гөрі баспалдақты қолдануға кеңес береді. Себебі,лифтте ауру жұқтыру ықтималдығы жоғары. Тағы бір ескеру керек жайт,  күнделікті күйбең тірлікте кез келген адам физикалық жаттығуларды жасай бермейді. Ал ағзадағы қан айналымын жақсарту үшін адам үнемі спортпен айналысуы қажет. Ал лифтіден бас тарту арқылы сіз ағзаңыздың қан айналымын жақсартып, денсаулығыңызды түзей  аласыз. Лифттен бас тартып, баспалдақпен жүріңіз! Сол кезде сіз өміріңіз үшін де, денсаулығыңыз үшін де уайымдамайтын боласыз. Сондықтан жақсылап ойланғаныңыз дұрыс болар. Лифтке мініп, өмірмен қоштасқаннан, баспалдақпен жүріңп. салауатты өмір сүрген артық емес пе?

Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір