• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 17:48:55
Алматы
+35°

19 Қазан, 2018 Саясат

Ли Куан Ю: Жемқорлықты жеңуді қаласаңыз, туыстарыңыздан бас тартыңыз

«Егер сіз жемқорлықты жеңуді қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңыздан әрқашан да  бас тартуға дайын болыңыз».

Ли Куан Ю Премьер-министр ретінде  Сингапурдың «экономикалық ғажайыбын» жасаған адам. Ол елді сыбайлас жемқорлығы жоқ мемлекетке  айналдырды.  Мұны ол қалай жасады?  

Ақиқатын айту керек, тәуелсіздік алған 1965 жылдары Сингапур парақорлық пен жемқорлық жайлаған ел болды. Халық кедей тұрды. Елде табиғи ресурстар жетіспеді. Тіпті халық ішетін ауыз су мен құмның өзі сырттан әкелінді.  

Ұзақ жыл ағылшындардың отарына айналған елде бір нәрсе, атап айтқанда тиімді басқару жүйесі ғана болды. Бірақ елдегі сыбайлас жемқорлықты ауыздықтау мүмкін болмады. Жемқорлыққа батқан көптеген шенеуніктер билік маңайында шоғырланды. Сондықтан да үкіметте реформаны жүргізу көп жылдарға дейін қиынға соқты. Халықтың басым бөлігінің құқықтық мәдениеті өте төмен және білім саласы да былыққа толы болды. Мұндай жағдайда парақорлық байлықты арттырудың жалғыз жолы болып есептелінді. Мемлекеттік қызметкерлер пара алу арқылы баюды әдетке айналдырды. Халық мұндай биліктен шаршады. Сондықтан жемқорлық жайлаған елге бір реформатор керектігі барған сайын айқындала түсті. Елдегі ахуалды бұзған адам Ли Куан Ю болды. Ол сайлауда «Халықтық іс» партиясымен жеңіске жетті. Сөйтіп, премьер-министр лауазымын алды. Билік басына келген ол ең алдымен әлеуметтік, құқықтық және экономикалық салаларда тәртіп орнатуға кірісті. 

Ли Куан Ю өзінің ең басты жұмыс анықтамасы ретінде мына бір қағиданы басты орынға шығарды:  «Егер сіз жемқорлықты жеңуді қаласаңыз, достарыңыз бен туыстарыңыздан әрқашан да  бас тартуға дайын болыңыз».

Осыдан кейін барып ол елдегі  бүкіл заңнамаларды өзгертті. Заңға сәйкес, елдегі кез-келген адам заң жүйесі бойынша тең дәрежеде болды. Олар бай және кедей деп бөлінген жоқ.  Ханнан қарапайым халыққа дейін заңға бағынды. Бәріне талап бірдей жүзеге асты. Үкімет басына келген күннен бастап, үш тетікті қатаң қадағалады. Ол билік пен ақша және  жемқорлықтың жолын жапты. Осы мақсатта Қаржы министрлігіне сыбайлас жемқорлыққа қарсы арнайы бағдарлама әзірлетті. Атап айтқанда:

- төменгі деңгейдегі лауазымды тұлғалар мен олардың басшыларының ашықтығын қамтамасыз ету;

- жемқорлық байланыстардың қалыптасуына жол бермеу үшін лауазымды тұлғаларды ауыстырып отыру;

- бюрократиялық кедергілерді жою үшін  азаматтардың қоғамдық ұйымдармен өзара іс-қимыл тәртібін жетілдіру;

Әрине, бұл қағидаттарды жүзеге асыру үшін ең алдымен Ли Куан Ю өз партиясына арқа сүйеді. Сондықтан барлық саладағы сыбайлас жемқорлықты шынайы түрде ашық жазатын тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарының қалыптасуына жағдай жасады.

Сыбайлас жемқорлықпен тиімді күресудің маңызды шаралардың бірі лауазымды тұлғалардың жалақысын көтеру болды. «Олар адал әрі жұмысына лайықты болуы керек, сондықтан жалақысы да жоғары болғаны дұрыс», - деп мәлімдеді Ли Куан Ю.

Премьер-министр лауазымында жүріп ол мемлекеттік қызметкерлерге артық жұмыс істегені үшін қосымша еңбекақы төленуін қамтамасыз етті.  Саясаткердің ойынша, «тұрақты және сенімді билік - елді табысты басқарудың кілті». Содан кейін шенеуніктер адал жұмыс істеуге көшті. Жалақысы көтерілгеннен кейін мемлекеттік қызметкерлер тарапына  үздік мамандар қосылды. Экономиканың шапшаң өсуімен шенеуніктердің де,   жеке сектордың кірісі өсті.

Ли Куан Ю жоғары лауазымды шенеуніктердің дәстүрлі табысының жүйесін өзгертті.

Елде «Сыбайлас жемқорлықты тергеу бюросының» мәртебесі жоғары болды. Бюро директоры тікелей премьер-министрге қарады. Бюро мемлекеттік қызметкерлердің лауазымдық мансабын теріс пайдалануы мен парақорлық әрекеттерін әшкерелеп отырды.  Премьерге тікелей бағынышты болған мекеме авторитарлық өкілеттіктерге ие болды. Сот шешімінсіз күдіктілерді ұстауға және іздестіруге, олардың банктегі үлестік шоттарын тексеруге құқық берілді. Бюро әрбiр азаматтың мәртебесiне, шеніне немесе дiніне қарамастан, сотқа шақырып, тергей алды. Сыбайлас жемқорлық үшін сотталған лауазымды адам жұмысынан, зейнетақысынан және барлық жеңілдіктерінен айрылды.

Тіпті Премьер-министр өзі де осы жазалаушы органның назарына ілікті. Бюро бірнеше рет Ли Куан Ю мен оның отбасы мүшелерін зерттегенмен, ешқандай жемқорлықтың ізін таппады. Бірақ Бюроның қызметтік тексеруінен кейін елдегі бірнеше министрлер, қоғамдық қайраткерлер, кәсіподақ басшылары және мемлекеттік компаниялардың топ-менеджерлері түрмеге отырды. Міне қатаң тәртіп пен бақылаудың нәтижелілігі, сонымен қатар,  мемлекетке деген жауапкершілікті қызметкерлерге, халыққа ұғындырудың арқасында Ли Куан Ю елде сыбайлас жемқорлықтың деңгейін күрт төмендетті.

 

Керімсал Жұбатқанов, тарих ғылымының кандидаты,

Қазақ-Орыс Халықаралық Университетінің доценті.

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір