• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

27 Сәуір, 01:39:32
Алматы
+35°

02 Ақпан, 2018 Экономика

Əлемнің IT мамандары Алматыда бас қосты

Форумның басты мақсаты - цифрлық экономиканың бәсекеге қабілеттігін арттыра отырып, оны дамытуды жеделдететін бірлескен шаралар әзірлеу.

2 ақпанда Алматыда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» атты халықаралық форум басталды, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Алқалы жиынға Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан премьер-министрлері, сондай-ақ халықаралық IT компаниялардың өкілдері қатысты.

Форум барысында Бақытжан Сағынтаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форумға қатысушыларға арналған хатын оқып берді.

– Құрметті қатысушылар, форумға қош келдіңіздер. Әлем түбегейлі өзгерістер заманында өмір сүріп отыр. Стратегиялық ұйымдар цифрландыруға мән беріп отыр. Бүгінгі форумда Еуразиялық экономикалық одақ экономикасын цифрландыру барысын талқылайтын боламыз. Цифрландырудың күн тәртібіндегі мәселелерді түбегейлі шешеміз деп ойлаймын.

Ортақ нарықтың болуы цифрландыру мәселелерінде бірлескен тәсілдер мен шараларды әзірлеуді талап етеді. Күштерді жұмылдыру ЕАЭҚ-тың тұтастай және әр елдің жекелей дамуы үшін синергетикалық тиімділікті қамтамасыз етеді. Бұл іс-шара қажетті шешімдерді әзірлеуге және ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін. Форумның барлық қатысушысына жемісті еңбек және алға қойылған мақсаттарына қол жеткізуді тілеймін, – деді Сағынтаев.

Форумның басты мақсаты - цифрлық экономиканың бәсекеге қабілеттігін арттыра отырып, оны дамытуды жеделдететін бірлескен шаралар әзірлеу және өңірлік интеграциялық трансформациялау негізінде келесі дивиденттерді алу жолдарын әзірлеу.

«Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын жүзеге асыруды қолға алған еліміз үшін бұл шараның маңызы зор. Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында ғаламдық технологиялардың көшіне ілесу мемлекеттік меже екенін атап өткен.

Қазақстан ТМД елдерінің ішінде алғашқы болып электрондық цифрлық қолтаңбаны қолдануды, мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіруді қолға алған. Бүгінде Қазақстанда елдің цифрлық экономикасын дамыту мақсатындағы жоспарлар негізі дайын. «Цифрлық Қазақстан» экономикасын жедел технологиялық жаңғыртуды қамтамасыз ету бағытында  цифрлық трансформациялау бойынша кешенді бағдарлама қабылданды. Бағдарламада 2 негізгі мақсат айқындалған. Бірінші, экономика салаларын цифрландыру, цифрлық мемлекетке өту және «Цифрлық Жібек жолын» дамыту арқылы экономиканы дамыту және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту қарқынын айтарлықтай үдету. Екінші, адам капиталын дамыту және ұзақ мерзімді перспективада инновациялық экожүйені құру арқылы Қазақстан экономикасының жаңа даму траекториясына өту міндеті тұр.

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір