• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 05:56:04
Алматы
+35°

29 Қыркүйек, 2017 NEWS

«Латын әліпбиіне негізделген жоба ұлттық жоба болғанда ғана ұтымды болады»

Алматы қаласында өткен конференцияда қазақ әліпбиін біртіндеп латын қарпіне көшіру мәселелерін жан-жақты талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды

Алматы қаласының Тілдерді дамыту басқармасы ҚР тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі Алматы қаласының 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын жүзеге асыру мақсатында және Басқарманың 2017 жылға арналған жұмыс жоспарына сәйкес 29 қыркүйекте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты конференция болып өтті, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.

Аталмыш іс-шараға Алматы қаласы Тілдерді дамыту басқармасының басшысы Мамай Ахетов, Тіл білімі институтының директоры, Латын әліпбиіне көшу жөніндегі Ұлттық комиссия жетекшісі Ерден Қажыбек, филология ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева, Зейнеп Базарбаева және де өзге де тіл білімі ғылымдары, филология ғылымының докторлары қатысты.

«Қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелері» атты конференцияда қазақ әліпбиін біртіндеп латын қарпіне көшіру мәселелерін жан-жақты талқылап, оларды шешу жолдарын ұсынды.

Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек бұл жиында қазақ әліпбиін латын қарпіне көшірудің өзекті мәселелеріне тоқталып өтті.

«Еліміздің негізгі мақсаты – рухани құндылықтар болып отыр. Дамыған өркениетті елдердің ерекшелігі  - мемлекеттегі басты саясат рухани құндылық болып табылуында. Елбасы белгілеп берген үлкен бағыттардың бірі – тіл реформасы. Ал тілдік реформа – рухани жаңғырудың өзегі. Өкінішке орай, біздің елімізде тіл мәселесі қазіргі таңда өткір болып тұр.

Рухани жаңғырудың басы – әліпби ауыстыру, ал әліпби ауыстыру ол тек басы ғана. Негізгі жұмыстар сонан соң басталады. Байқасаңыздар, Парламентте бекіту болған жоқ, жәй ғана тыңдау болып, халыққа жаңа нұсқа таныстырылды. Өйткені, Тіл білімі институтының құрастырған нұсқасы бұрыннан танымал. Ең бастысы, бұл мәселені халықпен бірлесе отырып талқылап, бірінші кезекте қоғамның пікірін ескеру қажет екендігі атап өтілді. Нақты нұсқаны тек халық мақұлдаған жағдайда бекіту қажет.

Латын қарпінің белгілі бір нұсқасын бекіткенде ондағы тіліміздің заңдылықтарын ұмытпай, оқуға да, жазуға да ыңғай түрін қарастырған жөн. Сонымен қатар, латын әліпбиіне көшуде бауырла түркі тілдес елдердің қателігін қайталамай, жан-жақты ойластыруымыз қажет. Мысалы, Әзірбайжан халқы, Түркия елі латын әліпбиіне көшкенде асығыстық танытып, біршама әріптер қалып қалды да, дыбыстар жоғалды. Сол секілді қателіктерді қайталап, қазақтың төл дыбыстарының жоғалып кетуіне жол бермеуіміз қажет», - дейді Ерден Қажыбек.

«Латын әліпбиіне көшкенде тіл ережелері қайтадан жасалынады. Кірме сөздерді шет тілінде қалай айтылса, солай дыбыстап жүрдік. Әлемнің ешбір тілінде ондай жоқ. Біздің грамматикамыздың ережелері орыс тілінен көшірілгені белгілі. Енді сөз жоқ орфоэпикалық, сөзжасам, фонетикалық, морфологиялық ережелердің бәрі жаңадан қарастырылады да, өте қарапайым тіл табиғатына тән нұсқалар шығарылады», - деп қоса айытп өтті Ерден Қажыбек.

Оның айтуынша, тілші ғалымдар әліпбиімізді ана тіліміздің табиғатына сәйкестендіріп алу қажеттігін тәуелсіздік алған күннен бастап көтеріп келеді.

«1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін, Тіл білімі институты бірден осы мәселені көтерді. Сол кезде академик Әбдіуали Қайдар бірден Мемлекет басшысына хат жазды. Хатында «Тәуелсіз ел болдық, енді тілімізге сәйкес әліпби жасайық, тілімізді жаңғыртуды қолға алайық» деп көрсетті. 1990-шы жылдардың басында Елбасы бірінші тапсырма берді, 2006 жылы мәселе етіп көтерді, 2012 жылы стратегиямызға енгізді. Енді міне, нақты қолға алынды. Қазіргі әліпбимен біз алысқа бара алмаймыз. Тіл ережесін бұзу бүгінгі күні «дәстүрге» айналды. Өйткені, бүгінгі дыбыстарды таңбалайтын қазіргі қолданыстағы әліпби көп шатастырып жіберді. Мысалы, орыс тіліндегі «Ы» әрпі мен қазақ тіліндегі «Ы» әрпі арасында айырмашылық бар. Екіншіден, біздің тіліміздің дамуының кейбір заңдылықтары қазақ тілінің ережелеріне сәйкес жасалынбаған. Қазақ тілі экономиканың, саясаттың тілі болуы керек. Оны өрге сүйреу үшін осы мәселеге назар аударуымыз қажет», - деді профессор Ерден Қажыбек.

Аталмыш іс-шараға қатысушылардың бірі – ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы Фаузия Оразбаева латын графикасына негізделген әліпбидің сапасы жайында баяндап берді. Парламентте ұсынылған латын әліпбиінің жаңа нұсқасы мен Тіл білімі институты құрастырған нұсқаларға тоқтала кетіп, олардың кемшіліктері мен пайдалы тұстарын айтып өтті.

«Латын әліпбиіне көшу мәселесі бүгінгі таңда жиі талқыланып, көптеген адамдар өзіндік пікірлерін білдіріп жатыр. Ерден Задаұлы айтқандай, латын әліпбиіне көшу – Ұлы дала елінің ең үлкен, кілтті мәселесі. Қазақ елінің негізгі мақсаты – сауатты, интеллектуалды тұлға тәрбиелеу. Ал Рухани жаңғырудың негізгі параметрі – адами капитал сапасын жақсарту. Адами капитал дегеніміз – адам мен адамның, ұлт пен ұлттың, жалпы халықтың бір-бірімен түсінікті тіл табысуы, сауатты жазып, ойын еркін жеткізуі.

Ахмет Байтұрсынұлы айтқан әліпби түзудің 4 параметрі бар: 1) Жазуға жеңіл, тілге шақ болу керек;

2) Әріп суреттері оңай, мүшелері аз болған тиімді;

3) Оңай тізілетін, орынды аз алатын әліпби тиімді және баспасөзді арзандатады;

4) Үйренуге қолайлы болуы тиіс, баспасы мен суреті жақын әліпбиді үйрену оңай болады.

Қазіргі кезде латын графикасына негізделген әліпбидің нұсқасы өте көп, Тіл білімі институты бұл мәселе жөнінде өте көп еңбектенуде.

Қазіргі кезде Парламентте талқыланған жоба – интернет жоба деп аталады. Бұл жобадан басқа Тіл білімі институты ұсынған тілтанымдық жобасы бар. Сонымен қатар, бұл екі жобаның біріктірілген нұсқасы да біршама талқыланып жатыр. Менің ойымша, қандай жоба болмасын, латын әліпбиіне негізделген жоба ұлттық жоба болғанда ғана ұтымды болады.

Интернет жобаның ұтымды тұтарына тоқтала кетсек: экономикалық шығыны аз; компьтерлік арнайы жоба жасауды қажет етпейді; кез келген жерде интернетпен қарым-қатынасқа түсуге ыңғайлы; ағылшын тілін игеруге оңтайлы. Әрине, бұл  жобаны ұсынып жатқан авторлардың пікіріне қарағанда, экономикалық шығыны аз деген өте жақсы. Алайда, кем-кетік тұстары да жетерлік. Мысалы, осы әліпби бойынша біздің қазақи ұлттық мәнердегі әрбір дыбыс, белгілі фонема, мағынаны білдіретін болғандықтан, бір сөз бірнеше ұзартылған таңбамен белгіленеді. Сонда оның шығыны аз болады ма? Мысалы, Абай жолының бір томдығы бір жарым есеге көбейеді. Жалпы, ғылыми деректерге сәйкес, сөздер өзінің жазылу өлшемін 30%-ға дейін ұзартады екен. Демек, әрбір төл әрпіміз бар сөздер осылай ұзаруға тиісті болып отырса, оның экономикалық шығыны расымен де аз болады ма? Бұған келісе аламыз ба? Сонымен қатар, лексико-грамматикалық, фонетикалық, фонологиялық және саяси-әлеуметтік параметрлерді қамтиды. Мысалы, фонетика-фонологиялық жағынан ос әліпбимен жазылған сөздерді буынға қалай бөлеміз? Диграфтары бар сөздерді буынға бөлгенде қандай ережелерге сүйенеміз? Мұндай дыбыстардан басталатын сөздердің бас әрпі қалай жазылады? Мұндай мәселелерді үйретуде біз балаларды шатастырмаймыз ба? Ал қысқарған сөздердің жағдайы қалай болады, оларды қалай жазамыз? деген сияқты өзекті сұрақтар туындайды», - дейді Фаузия Оразбаева.

Айта кетсек, Парламент тыңдалымында таныстырылған нұсқаға байланысты қоғамда түрліше пікірлер туындап, төл дыбыстарымыздың диграфтар арқылы таңбалануына көпшілік қарсы пкір білдірген болатын.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір