• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 03:16:34
+35°

03 Қаңтар, 2019 NEWS

Көз жұмған таксистің досы: "Бауырымыз сұраусыз кетпесе екен..."

Кеше ғана кеткен жылдың еншісінде үлкен қаза бар, үлкен қылмыстық оқиға

Кеше ғана кеткен жылдың еншісінде үлкен қаза бар, үлкен қылмыстық оқиға бұл. Үш адамның өмірін жалмаған жантүршігерлік жол апатында қаза тапқан актриса Шолпан Елгезекованы барша жұрт болып жоқтап, оның әріптесі Айзада ханымның сауығып кетуін жамағат болып сұрауда. Иә, өте қайғылы жағдай. Дегенмен бұл оқиғаның тағы бір құрбаны бар, ол – такси жүргізушісі. Ішіп алып көлік басқарған қылмыскер бір емес, үш отбасыға жаңа жыл мерекесі қарсаңында орны толмастай қайғы алып келді. Амал нешік, кеткен адамды қайтара алмаймыз. Бірақ...

Көз жұмған такси жүргізушісі болған азаматтың кім екенін халық білмейді. Барша жұртқа белгілі ақпарат: жол апатынан үш адамның зардап шегіп, оның екеуінің көз жұмғаны. Редакциямызға хабарласқан таксист жігіттің достары алаңдап, «бауырымыз сұраусыз кетпесе екен...» дейді.

«Шолпан әпкемізбен бірге қаза тапқан жол апатының тағы бір құрбаны – менің досым, бауырым. Есімі – Бақытнұр Құнапияұлы, өзі 1985 жылы Қытайдың Үрімжі қаласында дүниеге келген. Ата-анасы, бауырлары әлі де сонда тұрып жатыр, Досымның Қазақстанда ешқандай туысы жоқ.

Бақытнұр

Ол 2002 жылы Қазақстанға келіп, Ұзынағашта оқыды. Жоғары оқу орнын Қостанай қаласында аяқтап, бүгінде Алматы облысы Қаскелең қаласындағы «Аяжан» деген колледжде денешынықтыру сабағынан мұғалім болып жұмыс істеп жүрген еді. Несиеге көлік алып, жұмыстан бос уақытында қалада таксист болып жүретін. Екеуіміз - группалас достармыз, бірге тұрдық, бірге жүрдік, бауырымдай болып кеткен еді», - деді біз  хабарласқан Қанат есімді азамат.

Айтуынша, қайғылы оқиғаның себепкері дүнген ұлтының азаматы Ильяс Исмаровичтің әйелі мен туған-туыстары хабарласқан, мәйітханаға да келген, кешірім сұраған. Бақытнұрдың Қазақстанда туысы жоқ екенін біліп, жерлеуіне, асын өткізуге көмек қолын ұсынған. Алайда, одан бас тартып, достары оны Ұзынағашқа апарып жерлеген.

«Досымыздың жетісін, қырқын өзіміз өткіземіз, оған ешқандай көмектің қажеті жоқ екенін айттым. Кейін олар да Ұзынағашқа келіп, жерлеу рәсіміне қатысып кетті. Бірақ, Бақытнұрдың банктен алған несиесін, басқа да қарызын өтеуіміз керек. Бұл жақта туыстары болмағандықтан, оны біз өз мойнымызға алдық. Жол апатына кінәлі дүнген азаматы осы мәселені өз жауапкершілігіне алып, қарызын өтеп беруді сотта міндеттесе дейміз. 31 желтоқсанда оның соты болып, қазір екі айға уақытша қамауға алынды, ары қарай соты жалғасады екен.

Қазір Бақытнұр бауырызбен бір жерден келген жерлер ағалары және Талдықорғаннан келген нағашы ағасы басқа да жұмыстарына көмектесіп жатыр», - деді бізге Қанат.

Белгілі болғандай, көз жұмған такси жүргізушісі Бақытнұрдың әкесі қайтыс болып кеткен. Артында екі ағасы, бір әпкесі, бір қарындасы және жасы 75-ке жуықтаған анасы қалды.  Інісі біраз жыл бұрын жұмыс орнында жұмыс апатынан қаза тапқан екен.

«Соңғы кездері Қытайдан Қазақстанға келу қиындап кеткені белгілі ғой. Сондықтан бауырлары мен анасы оның жерлеуіне келе алмады, бірақ тым құрығанда қырқына келіп қатысуы үшін қолымыздан келгеннің бәрін жасаймыз. Ең бастысы, бұл елде ешбір туысы жоқ екен деп бауырымыз сұраусыз кетпесе екен...», - дейді оның досы Қанат.

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір