• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 12:25:44
Алматы
+35°

19 Желтоқсан, 2016 Әдебиет

Нұршат Әзінбек


 

Апа

 

Қарғашыңның қарға орамай көктемін, 

Қалауымды қабағыңмен шектедің. 

Ұзақ түнде неғып айтты екенсіз

Бағы ашылмай жүрген қыздың өткенін?!

 

 

Төбеге үнсіз телміремін төзгендей,

Төгіледі өз көзімен көргендей. 

Сол қыз жайлы әңгімені жалғайды, 

Сан мың жұлдыз бір-біріне сөз бермей. 

 

Бұлдыр- бұлдыр бұлты қалың күн келсе, 

Күлдір- күлдір ғұмыр ғой бұл тым келте. 

Құрақ ұшып көзін сүйіп жүрме екен,

Сонадайдан мен секілді қыз көрсе?!

 

Өзгертсемде бекімімді бақ сұрап, 

Көлдетсемде көздерімнен жас құлап. 

Бауырыңа басыңызшы апашым ,

Алдыменен ұрсып алып қаттырақ. 

 

Қарғашыңның қарға орамай көктемін, 

Қалауымды қабағыңмен шектедің. 

Бауырыңда тыңдап жатып қалғысам, 

Әлгі қыздың бақытты боп кеткенін. . . . 


Әке

 

Сіз айтасыз :

" жұлдыз-жанар қараңғыға жағыпты от,

Құдыреттей сезінгенге бүкіл әлем жарық  "деп. 

Мен айта алмай отырамын  екі көзім  жаутаңдап ,

Мұңға берген күндерімді алдыңызға алып кеп. 

 

Өкпелеуін осалдыққа жасырмайтын болғанда, 

Көктемегір қаталдыққа ашынбайтын болғанда. 

Бойжеттім бе,  қысқа күнім бара жатты қысқа аунап, 

Еркелеп кеп мойыныңа асылмайтын болғанда. 

 

Аттандырған озың едің бұл сапарға сәл жүдей, 

Мақтандырған көзің едім марапаты мәңгідей. 

Бір биікті күтетінін тұрғанымен көзі айтып, 

Алтын қызын қимайтынын жасыра алмай қалды ғой. 

 

Батар жері күннің бірдей-барар жері бір кешің, 

Шаһар мені көзге ілмейді ,  түк етпейді ілмесін !

Сағынышты санасынан үзіп алған өлкеде, 

Ақ бұлттарға қонып қалған нұрды қуып жүр десін. 

 

Бағы содан жанды ма деп тілек болып бастасын,

Алыс емес жолдарына тірек болып жатқасын . 

Түнгі ұйқысын бөлмейінші түсінеде кірмейін, 

Жаны жаурап қалды ма деп жүрегіне батпасын! ! ! 

 


Сіңілім

 

Бұрымыңды буғаныңда сәнімен,

Сәби күнің бұлдырайды сағым өң. 

Гүлге жайып болған шығар көбелек,

Бойжетті деп жүрген жұртқа налып ем . 

 

Елдің сөзін қайтармадым қатеге,

Бағынбайсың басқа уайым жат емен. 

Баяғыдай жылататын тентектің, 

Атын айтып шағынбайсың әкеме. 

 

Жымиясың алаңымды жел емдеп,

Жүрегіңе бата берем тереңдеп. 

Мен сырымды төгіп алдым байқамай,

Өмір жайлы әңгіме айтып берем деп. . . 

 

Наласы асқан тірлігімді сезгенде,

Сорасы аққан сорға жақын сөзденде

Алыстатып көрсетпегім келеді,

Қаталырақ қарайтұғын көзденде. 

 

Енді неден жабырқатам кім білген,

Мөлдіреген арманыңды сүйдім мен . 

Тарқата алмай тағы отырмын қайтем деп, 

Бұрымыңды өріп алып кіл мүңмен. . . 

 

 

Қанатты ертектер

 

Суретіңдей жырың жылы, пейіл жүз,

Менде сондай сағыншқа бейім қыз . 

Бастап алдық түгемейтін бір Ертек,

Ең алғашқы таныстықтан кейін біз . 

 

Бұған дейін өмір сүрмей, күн кешпей . 

Жүргендей-ақ, сырласқанбыз тым кештей. 

Бүгінгі айға өкпемді айтам үнсіз ол,

Бұрын қайда өмір кештік жүздеспей. 

 

Сіз даланы сүйетінсіз, үндемей,

Өлеңіңнен оқып ұққам, білмегей. 

Шегәрәні қиялменен Қиратып, 

Жақындықты армандайтын түндер-ей. 

 

Көктің сұлу перілері жасқана

Жерге қонып, жасап жатыр ақ қала . 

Бүгінгі қар біз жазатын жырлардың,

Сөйлеміндей аппақ әрі тап-таза . 

 

"сағындым  "деп сөз айттыңыз неге мін?! 

Жымидым мен, керек болмай не дерім. 

Бағы жанбай жүрген қанша тағдырлар, 

Бәлкім,  тұнық сағынышы жоқ оның! 

Бірақ сол сөз қайталанса сеземін: 

"аға, мені сағынбаңыз  " дер едім. . . . 


Шексіз көше

 

Жағаң алтын жан едің ғой, көзің Нұр,

Жағалауға ұя салсам өртенбе. 

Бәрі сенің әлегің ғой, өзің біл

Байқамаған болып жүре берсеңде. . . 

 

Мөлдіреген қарашығың қалғиды,

Енді менен елес жырақ кетеме?!

Қалтамдағы қалған-құтқан қайғымды,

Шашып кеттім сен жүретін көшеге

 

Жаутаңдатып жүрегімді жұттың да,

Қалай ағып бара жатсың беу Іле. . . 

Қанатыма жара жазып ұштым ба,

Туған жердің көкжиегін көміле?! 

 

Екі жөлмем кетейікші болды біз,

Қоштасарда не деуші еді, ұмыттым?! 

Сағыныштан шекпен киген шерлі күз,

"арманыңнан адастың  " деп күліп тұр . 

 

Адастырып табылармыз жол бізді,

Жолықтырмай жүргеніне өкінсін. 

Еркелігі батып кеткен сол қызды,

Көшелерде көшкен мұңдар кешірсін! 

 

дайындаған: Бұлғын Сусар

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір