• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 11:33:35
Алматы
+35°

14 Наурыз, 2019 NEWS

Көрісу – имандылыққа негіз салған мереке

Жылдың басы - Әз-Наурыз - Амал күнінен кейін жылымық сәуір кіргенде бәбісек шақырады

Ай мен Үркердiң қиы­лы­сып өтуiн еж­елден бері қазақ жұрты «Тоғыс» деп атаған. Тоғысу дегеніміз - тоқайласу, үйлесу, түйiсу деген мағынаны білдіреді. 

Қазақтың танымал жазушы­сы Мұхтар Мағауиннің шығарма­сын­да: «Шу бойындағы төpт халықтың тоғысында жеңiсiне жол ашқан» деген сөздер бар. Халық сенімінде тоғыс - наурыз айының 14-і мен 15-і күндерi келеді. Қазақтың ырымы бойынша, тоғыстың алдындағы қыста қойдың құмалағы қалың қарға батса, жақсылыққа жорып, ырысты жылдан дәметкен.

Еліміздің батыс өңірі Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан облыстарында, көршілес Ресейдің Астрахан, Саратов, Орынбор, Қара­қалпақстанның қазақтар көп қоныстанған жерлерінде Наурыз мерекесі айдың 14-і күнінен баста­лып, «Көрісу» (яғни, қауышу) салты (кей жерлерде «Амал мерекесі»деп те аталады) басталады.

Қазақтың танымал табиғат тамыр­шысы Мәшһүр-Жүсіп Көпей­ұлы өзінің жан-жақты зерттеу еңбегінде “сегіз күндік Наурызнама өтетінін” жазған екен (қазіргі күнтізбеде 14-21 наурыз аралығы). Демек, ұлты­мыздың көктемді тануы - қадым заманнан шындыққа тым жақын.

Ертеде қазақ бұл күнді «Наурыз» демей, «Амал» деп атаған. Амал мерекесі немесе Көрісу дәстүрі - еліміздің көп өңірлерінде ежелден сақталған. Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14 март әкей айтты: «Бүгін қазақша Жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты - Наурыз, бұл фарсы тілі. «Жаңа күн» деген сөз. Қожа-молдалар «ескі әдетті қалдырамыз» деп, құрбан, ораза айттарын «Ұлыс күні» дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше Жаңа жыл күнінің аты - Ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қа­зан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» - деп жазады...

Өкінішке қарай, халқымыздың көне дәстүрін ұмыттыру үшін отар­шыл үкімет бар күш-қуаты мен әдіс-тәсілдерін аяған жоқ. Десе де, қайсар қазақ өзінің көрісу күнін бәрібір түбегейлі ұмытпады. Ұлық дәстүр шежірелі Кіші жүзде мықты сақталды.

14 наурыз күні көктем келіп, жапырақтар бүршік атып, көкек құсы құйқылжыта ән салады. Күн мен түннің теңесуі тойланады. Шы­ғу төркіні тереңде жатқан ай­ту­лы күн алаш баласына етене жақын. 

Амал мерекесі - жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу деген мағынаны білдіреді. Қыстың ызғары кетіп, шуақты көктем бастал­ған Амал таңының алдында адамдар үй ішін жуып, тазалап, ауланы ретке келтіріп қояды. «Бұл күні басымыздан Пайғамбар сипайды» деген наным-сенім де болғандықтан, бір күн бұрын кешкісін адамдар міндетті түрде бастарын жуып, тазаланады. Жаңа киімдерін әзірлейді. Таң сібірлеп атысымен әр ошақ ерте тұрып, елең-алаңнан есіктерін ашып қойып, Көрісе келген адамды қабақ шытпай көтеріңкі көңіл-күй­мен қарсы алып, үйіндегі мол дастарханға шақы­рады. Бұл күні күн шыққанда есігі ішінен құлыптаулы тұрған үй болмайды, ешкім ұйықтап жатпайды.

Тарихында көшпелі ғұмыр кешіп, шеті мен шегі жоқ далада тарыдай шашылып, киіз үйде тұрған қазақ халқы қар еріп, жер жіби бастағанда туған-туыс, жақын-жұрағатын іздеп, үскірік аязды алты ай қыстан мал-жанының аман-есен шыққанына шүкіршілік қылып, бір-бірімен көріскен. «Бір жасқа шығуыңмен!» деген тілектің артында «Қыстан аман шығып, жаңа жылға қадам басуыңмен!» деген тілек-тәубә жатыр.

Ең бастысы, Көрісу - адамдардың бір-біріне амандасып, жақсылық тілейтін қауышу мерекесі әрі жасы кішілердің үлкендерге ізет көрсетіп, ілтипат білдіретін дәстүрлі салты. Көрші-қолаң, дос-жаран, құрбы-құрдас бір-біріне «Қосқан жасың құтты болсын!», «Ғұмырың ұзақ болғай!» деген ақтайлақ ниетін айтады.

Көрісу күні – үлкен мен кішінің арасында сыйластық пен сыпайылық орнататын, имандылыққа негіз салған мереке. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) хадистерінде бір-біріне сәлем берген екі адамға да сауап жазылатыны, соның ішінде, бірінші сәлем берген адамға көбірек сауап тиетіні айтылады. Демек, осынау орасан ізгілікке толы күні ескі өкпе-реніш кешіріліп, татуласып-табысады, араздық ұмытылады.

Ер адамдар құшақтасып, төс түйістіреді; әйелдер беттері­нен сүйіп, көріседі. Өзара мал-жанының амандығын сұра­сып, қыстан аман-есен шыққан­дық­тарына тәубе келтіреді. Қазақтың әдептілік дәстүрі бойынша, тек келіндерге аталарымен және қайын ағаларымен көрісуге бол­майды. Ағайын-туыс, құда-жек­жат, дос-құрбы сыйлы адамда­рына жібек шапан, көйлек-жаулық сыйға тартады. Жастар ақсақалдардың ақ батасын алуға асығады. Бұл күні ешкім ешкімге ренжімей, жайдары жүреді. Көріскен ағайын бір-бірінің отбасына, ағайын-туыс­тарына амандық-саулық, құт-береке тілейді. Қарызы бар кісі осы күнге дейін борышынан құтылса, құба-құп.

«Көк қарға келмей көктем шық­пайды» дейтін Амал күні - сүбе қабырғасымен тұтас ішекке тығылған қазы, сонау күздің басында шыжғырып шыны ыдыс­қа құйып сақтаған, түсі сап-сары бояудай қанық сары май - Көрісуге келгендердің бір сыба­ғасы. Кейбір үйлер қазанға май қатып күріш, жармасын салып, жеті түрлі дәм қосып, нау­рыз көже асып қояды. Тары қайна­тылып, бидай қуырылып талқан мен жент жасалады. Әрбір отбасы жеті шелпегін пісіріп, иіс шыға­рып, бауырсағын пісіреді. Өйткені, Самарқанның көктасы еритін Ұлыстың ұлы күні - күн мен түннің теңелетін біздің түркі жұртының ортақ мейрамы - Жыл басы, Жаңа жылымыз, ұлттық мерекеміз.

«Түс болып қалды, үш үйдің есігін ашуға үлгермей қаласың» (кіші жүздің қазақтары “40 үйдің есігін ашу керек” деп есептейді) - деп асығатыны да бар.

...Қасат қар еріп, көктемнің иісі бұрқырап, шы­бын-шіркей, құрт-құмырсқа, жан-жануар, тіршілік атаулы ұйқыларынан оянған сәтте қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузынан далаға қарайды. Балпақтың басын қылтитып інінен шыққанын 14 нау­рызда қазақтың кең даласының құмдауыт қыраттарында көруге болады. Ата-баларымыз: «Пенде­нің аузы - аққа, малдың аузы - көк­ке тиді» деп, адамның - адаммен, жылдың - жылмен көрісетін күні­нің ертеңін, яки, 15 наурызды «Қыс жұлдызы бiтiп, жаз жұл­ды­зы туды» деп айдарлаған. Сон­дық­тан, Көрісу күні - қазақты ын­тымақ-ұйымшылдыққа, береке-бірлікке бастайтын ғибратты дәстүр.

Көрісу күнінің негізгі шарттары - үлкенді сыйлау, кішіге қамқорлық, әлсізді демеу, жарлыны жарылқау - ізгіліктің бастауы. Төс қағыстырып, қол алысу, үлкендерден бата алу, адамдар арасындағы сыйластық, қауышу – Көрісу күнінің кейінгі ұрпаққа сабақ боларлық қасиеттері.

Жылдың басы - Әз-Наурыз - Амал күнінен кейін жылымық сәуір кіргенде бәбісек шақырады. Саpала түстi, ұзын сиpақты, айдарлы көкек тәріздес кішкене құстың нәзік үні жылулық пен жақсылықтың белгісіндей әуезді естіледі. Ал, дәп Амал күні Наурыздың жұмсақ ақшақары жауса, ежелгі жұртымыз «Жаңа жылда жақсылық көп болады», деп үміттенген. 

Иә, үмітіміз азаймасын!

Қажымұқан Ғабдолла

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір