• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

26 Сәуір, 10:28:56
Алматы
+35°

06 Ақпан, 2019

"Көпбалалы анаға жетіскен жеңілдіктер бар деп ойламаймын"

Мемлекет көп балалы аналарға ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛЕДІ... дейді! Қашан? Қалай? Бәрі «біткен» кезде ме? Бәрі тым кеш болған кезде ме?

Мемлекет көпбалалы аналарға ерекше көңіл бөледі. Онда бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

 Әрбір көпбалалы анаға,  «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алғандарға немесе бұрын «Батыр Ана», 1 және 2 дәрежелі «Ана даңқы» орденімен наградталғандарға ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы төленеді.  Бұл жәрдемақы өмірбақи  және ана зейнеткерлікке шыққан күнде де тоқтатылмайды, сондай-ақ ол оның табысынан тыс беріледі.

 «Жәрдемақының көлемі 16 160 теңгені (6,4 АЕК)  құрайды және жыл сайын инфляция деңгейінде белгіленеді.  Бұл жәрдемақы құрметті  атаққа ие болған аналарға беріледі. Сондықтан ол төменгі күнкөріс деңгейіне байланысты емес. Бүгінде Қазақстанда мұндай құрметті  атақ 237 мың анаға берілді», - деп атап өтеді ведомстводан.

Министрлік мәліметінше, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» атағын алған көпбалалы аналар көлік құралдары салығынан және жер салығынан, тұрғылықты жерін тіркеу барысында, төлқұжат және жеке куәлік алуда нотариалдық және заңгерлік маңызы бар  қызмет түрлері үшін мемлекеттік баждан босатылған және денсаулығына байланысты белгілі бір ауру түрлеріне сай қажетті дәрі-дәрмектермен де тегін қамтылады.

Жалпы ана мен баланы қорғау аясында қабылданған шаралар оң нәтижесін көрсетіп,  демографиялық ахуалды жақсартты. Соңғы 10 жылда бала туу 10 пайызға артты (2008 жылы 356,6 бала туса,  2018 жылы – 391 мың бала өмірге келді). (Ақпарат көзі:  enbek.gov.kz)

"Осы аталған жеңілдіктерді көпбалалы аналар біле ме, пайдалана ма, жалпы көпбалалы ананың көзқарасы қандай?" деген ниетпен бірнеше көпбалалы анаға сұрақ қойған едік.

 Қарлығаш, 39 жаста, 5 баланың анасы, жалғызбасты ана:

«Ай сайын 10 мың теңге аламын. Оның өзі қазір тоқтап тұр. Үш ай болды, алмағаныма. Үлкен қызым 18-ге толып, құжаттарын қайта жинап, ХҚО-на өткізгеніме үш ай болды. Бірақ әлі алмадым. Не себепті бермей жатқандарын да білмеймін, "күт" деді. Ол 10 мың теңге ешнәрсеге жетпейді. 65 мың пәтерақы төлеймін. Жалғызбастымын. Бес баланы әйтеуір бағып жатырмын. Несием де бар ай сайын төлейтін. Бес баланы бағу үшін күн-түн демей жанталасып жұмыс істеп жатырмын. Негізі көпбалалы ана ретінде үкіметтің ешқандай жеңілдігін қолданып көрмеппін. Онда тіпті жетіскен жеңілдіктер бар деп те ойламаймын».

 Мира, 34 жаста, 6 баланың анасы, «Күміс алқа» иегері:

«Ай сайын 26 мың теңге жәрдемақы аламын. Оның ішінде «Күміс алқа» және «Көпбалалы» деген жәрдемақымен бірге. Оның 15 мыңы екі баланың балабақшасына кетеді. Қалғанына ұсақ-түйек заттар аламын. Егер тек жәрдемақыға қарап отырсақ, ол түкке де жетпейді, әрине. Ауылда жұмыс жоқ болғандықтан, жолдасым қалаға қатынап жұмыс істейді. Мінеки, биыл үйленгенімізге 15 жыл болды. Жолдасым қалада, мен ауылдамын. Аптасына 1-2 рет келіп тұрады. Ауылда, қайны атамның қолында, сол кісінің үйінде тұрып жатырмыз. Ауылда тек осы жәрдемақымен күнкөріп жатқан отбасылар бар. Шынымды айтсам, мынандай жеңілдіктер бар екенін білмейді де екенмін, қолданып та көрмеппін. Тіпті мектепте тегін берілетін тамаққа құжат жинайын деп қаншама рет барсам да, мектепте оқитын төрт баламның біреуіне де тегін тамақ бермей қойды. Жолдасымның 90 мың жалақысын, менің алатын жәрдемақымды есептеп, сіздерге шықпайды деп қайтарды. Жолдасымның еңбекақысының жартысы ауыл-қала арасында жол қатынауға кететіні онсыз да түсінікті шығар.»

 Айгүл, 30 жаста, 4 баланың анасы:

«3 ұл, 1 қызымыз бар. 4-баламды 2018 жылы тудым.  2018  жылы шыққан бұйрыққа сай, төрт бала көп бала болып есептелмейді деп, 18 жаска дейін берілетін мемлекеттік жәрдемақыны да алмаймын. 1 жаска дейінгі жәрдемақы 21405 тенгені ғана алдым. Оның өзі кенже қызымның керек-жарағынан артылмайды. Әкеміздің табысымен күн көреміз. Пәтерде емес, өз үйімізде тұратындықтан ғана ептеп күн көріп жүрміз. Егер пәтерде тұрсақ, қалада мұндай жәрдемақыға, мейлі қанша табыс тапсаң да, өмір сүру қиын. Бір айда бір қажеттілікті, келесі айда тағы бір қажеттілігімізді алуға тырысамыз. Шүкір. Бірақ 4 баласы бар отбасыларға бөлінген жәрдемақы сол отбасына жетеді деп ойлайтын билік басындағыларға қатты таң қаламын».  

 Маржан, 34 жаста. 4 баланың анасы:

«Баламның біріншісі мектепке, екіншісі балабақшаға барады. Өкіметтен 10500 теңге жәрдемақы аламын. Жарық пен судың ақысын төлеймін, егер артылып  жатса, телефоныма бірлік құямын. Жолдасым жұмыс істейді. Мен балалармен үйдемін. Бесінші баланы күтіп отырмыз. Сол жолдасымның тапқанына қарап отырамыз. Балабақшаға 15000 теңге төлейміз, кітаптарын, киімдерін, тәрбие сағаттарына кететін шығындарды есептемегенде. Бір баланы мектепке күзде ең керектісін ғана шағындап алып бергеннің өзінде, ең арзан деген барахолкадан алғанның өзінде 100 мың теңге кетеді. Мектепте көпбалалы отбасы қатарына жатқызбайды, себебі "бір ғана балам мектепке барады" деп, соны алға тартады. Мұндай жеңілдіктер барын білмеймін де, қолданбаппын да».

Айша, 30 жаста, 4 баланың анасы:

«Екі қызым - мектепте, екеуі - әлі кішкентай. Өзім бала күтімі бойынша үйдемін. Тек жолдасымның айлығына қарап отырмыз. Мемлекет тарапынан төрт балаға 10500 жәрдемақы аламыз. Сонда әр балаға шаққанда 2625 теңгеден тиеді. Мектепте оқитын қыздарыма тек мектеп қажеттіліктері үшін ғана айына орта есеппен 2000 -3000 теңге жұмсаймыз. Тест үшін жұмсалатын қағаз, фондның ақшасы, түрлі мерекелер, апайларына сыйлық, ашық сабақтары тағысы-тағы бар дегендей... Кішкентайларымды балабақшаға бере алмадым. Себебі балабақшаның бағасы 15000 теңгеден  басталады. Оның да ақша жинайтын жыры бітпейтіні айдан анық. Сондықтан жұмысқа шықпай үйде отыруыма тура келеді. Қайта пәтер жалдамаймыз. Әйтпегенде, күніміз тіпті қиын болар еді.

Айына тамаққа 20000-25000тг (бұл бай –бағландардың бір түскі асына да жетпейтін болар)

Су, отын, жарыққа- 15000тг

Киімге- 10000-20000тг

Жолкүре, күнделікті майда шығындарға - 15000 тг

Яғни өмір сүріп емес, тіршілік үшін күресіп жатырмыз деуге болады.

Демографияны көтеру үшін ең алдымен ананың жағдайы реттелу керек дегім келеді. Мұндай жеңілдіктер барын да білмейді екенмін».

Жанетта, 30 жаста, 4 баланың анасы:

«Төрт балалы анамын. Үш балам мектеп жасында. Алатын жәрдемақым 10500 теңге. Қазіргі заманда бұл ақша неге жетеді? Тіпті жаңа туылған баланың өзіне де жетпейді. Жолдасымның жалақысына қарап отырмыз. Басымызда жеріміз де, үйіміз де жоқ. Енді ғана времянка салып, сонда тұрып жатырмыз. Мұндай жеңілдіктерін барын білмеймін».

   Түйін. «Неткен оңбаған, бала-шағасын тастап кетіпті!», «Баға алмайтыны бар, несіне туыпты!», «Байғұс ананы балаларымен шырылдатып, жалғыз тастап кетіпті!», «Сонша туа бергенше, біреуін бағып алмай ма?!»... тағысын тағы отағасын, отанасын кінәлап шығатын «ақылсымақтар» аз емес әлемде, елімізде. Әй, бала дүниеге келгенде кім қуанбайды?! Бәрі қуанады! Әсіресе, ер адамдар! Бірақ сол бала-шағасын баға алмайтын болған соң, амалсыздан тастап кетеді ер адам! Ал әйел адам өзі өлсе өлер, бірақ баласын ешқашан тастамайды. Әрине, тек тас жүрек біреу болмаса... Көпбалалы отбасының жағдайын керемет деңгейге көтер демейміз, тек қана Адам сияқты ойланып, мұқият мимен шешіп барып, қарапайым күнделікті жағдайларын түзеп берсе екен деген тілек. Сонда ажырасқан отбасы да, күйзеліске түскен әке, жалғызбасты ана да, тірі жетім бала да болмайды! "Отан – отбасынан басталады" деген қазақпыз! Ендеше, сол отбасылардың аяқтан тұрып кетуіне неге қолдан келіп тұрған көмекті аяйды Үкімет? Олар көп сұрамайды. Артық та сұрамайды. Тек балалары аяқтанып кеткенше, сәл демеп жіберсе болғаны...

Бәлкім, аталмыш жеңілдіктер туралы білмейтіндіктері сауатсыздықтан дер біреулер... Олай емес! Шын мәнінде, сол аталған жеңілдіктің біріне қол жеткізу үшін ұзынсонар құжат жинатып, өзі әрең жүрген ананы одан әрі әуреге салатын, шұбалаңқы шаруа болған соң, ал бірақ соған сай алатын жеңілдік түк мардымсыз болатындықтан, көпбалалы аналар ондай жеңілдіктерді іздемейді де, ойлап, бас қатырмайды да. Былайша айтқанда, көңілі қалған Аналардың!

Мемлекет көп балалы аналарға ЕРЕКШЕ КӨҢІЛ БӨЛЕД!... дейді! Қашан? Қалай? Бәрі «біткен» кезде ме? Бәрі тым кеш болған кезде ме?

Айтуға шебер бәрі! «Көпбалалы бол! Туа бер! Қазақтың санын көбейт!»... Дәл қазіргі көпбалалы отбасылардың жағдайын көрген жас отбасылар "бір -екі баламды бағып алсам да жетеді, қайдағы көпбала" деп түбегейлі бас тартатындары онсыз да айқын! Тіпті, он үште емес, отызында отау болса да шүкір дейтін жағдайдағы еліміз... Терең күрсініп, бұрышқа барып бір жылап алып, түк болмағандай жадырап жүруді, өз-өзімізге екіжүзділік жасауды үйреніп келеміз... Амалсыз...

Сіз ше, Көпбалалы ана, жоғарыдағы аталған жеңілдіктерді пайдаланып көрдіңіз бе, жалпы сондай жеңілдіктерін барын білесіз бе?

Ал, Сіз ше, Жас ана, көпбалалы болуға ниетіңіз қалай?

 Дайындап, ұсынған: Мақпал Сембай

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір