• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:39:31
Алматы
+35°

30 Тамыз, 2018 Саясат

Конституция қадірі - халқының қажетіне жарауымен

Заңдардың түп атасы саналатын - Конституция мемлекеттің тәуелсіздігі мен демократиялық құндылықтарын айқындайды.

Хамурапиден қазіргі Қазақстанның Ата Заңына дейін жұмыр жер бетінде қаншама заңдар жасалып, қаншасы күшін жойды. Тіпті, мемлекеттердің өздері де өзгеріс үстінде өмір сүреді. Кез-келген ел халқының әлеуметтік-экономикалық жағдайын, ел қорғанысын нығайту мақсатында заң қабылдайды, алайда уақыт өтуімен өзгертулер мен толықтырулар енгізіледі. Бұл да тарихи қажеттілік. Алайда, әр кезеңде жасаған адамдар сол заманның заңын білсе, пайдаланса ұтылмасы анық.

Қазақ мемлекеттігінің тарихында дәстүрге негізделген, көшпелі өмір мәдениетіне үйлесімді, қоғамының патриархаттық-феодалдық құқығының басты ұстанымдары мен нормаларын басшылыққа алған Қасымханның “Қасқа жолы”, Есім ханның “Ескі жолы” және “Жеті жарғының” қай-қайсы да заманалардың күрмеуі көп мәселелерін шешіп, ел іргесін бекемдеуде маңызды рөл атқарды. Осы тарихи кезеңдерде жасалған дала заңдары бір-бірімен тамырлас, мәндес болып, негізінен жер мен жесір, әскери және қылмыс, мүлік пен шаруашылық аясында болып,  ел іші мен сыртындағы аса күрделі геосаяси жағдайда мемлекеттің өмір сүруін сақтап қалды. Ал қазіргі таңда елімізде 1400 шамасында заңдар мен құқықтық  нормалар бар. Қоғам дамыды, өндірістік және әлеуметтік, саяси-мәдени қарым-қатынастар өзгерді дегенімізбен, адамзаттың басты құндылықтарының өзгермейтіндігін ескергенде, тоқсан ауыз сөзді тобықтай түйінге сыйдырған ата-бабаларымыздың даналағы мен даралығына тамсанамыз.

Заңдардың түп атасы саналатын - Конституция мемлекеттің тәуелсіздігі мен демократиялық құндылықтарын айқындап, мемлекет құрылымдарының, азаматтардың, ұлт пен ұлыстардың, әлеуметтік топтардың мақсат, міндеттерін және құқықтарын көрсететін елдің басты құжаты. Кеңестер Одағы құлағаннан кейін қазақ елі өзінің ең алғашқы конституциясын 1993 жылы 28 қаңтар күні қабылдаған болатын. Алайда 1995 жылы 30 тамыз күні оның орнына референдум өткізу арқылы жаңа Ата Заң қабылданды. Содан бүгінге дейін Ата Заңымызға 1998, 2007 және 2011 жылдары үш рет өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Кей азаматтар АҚШ пен салыстырып “Ата Заңымыз тым көп өзгереді” - деп айтып жатады. АҚШ конституциясы 1787 жылы 17 қыркүйек күні қабылданғаннан бері тұрақты өмір сүргенімен, өзгертуге қатысты мыңдаған ұсыныстар мен 27 өзгерістің орын алғанын білеміз. Олардың конституциясындағы соңғы өзгеріс 1992 жылы енгізілді. Бірақ бір таңқаларлығы бұл ұсыныс сонау 1792 жылы Конгресске талқылауға жіберілген ұсыныспен мәндес болды. Бұл кездейсоқтық па әлде "Жоғарғы билік Құдайдың билігімен дариды" - деген көзқарасты құлатқан Томас Джефферсон мен оның серіктерінің даналағы ма?

Біздің айтпағымыз, егемендігіміздің айқын куәсі әрі нәтижесі болған, біз үшін аса мәртебелі осы конституция күнінің қадір-қасиеті туралы. Бүгін, 30 тамыз “ҚР-ның Конституция күні”. Әр бір азамат өзіміз ойланайықшы, осы бір ұлт тағдыры мен мемлекет мүддесін ардақ тұтқан мерекені қалай қарсы алып жүрміз? Бұл күнді жәй демалыс күндерінен несімен артық көреміз? Осы күні не істеуіміз керек? “Мереке” - деп бекітілген күндердің бәрін той-думанға айналдырып жіберетін немесе оны жоғарыға есеп берудің науқаны ретінде қабылдайтын әдетіміз тағы бар. Сондықтан әр дәрежелі атқарушы билік өз деңгейінде осы мерекенің мән-маңызын, тарихын, ел тәуелсіздігіндегі орны мен рөлін барынша дәріптейтін іс-шараларды тұрақты түрде өткізуді дәстүрге айналдыру керек. Оған бұқаралық-ақпарат пен мәдениет, спорт салалары да ат салысуы тиіс. Ал мектептерде “Конституция күні” немесе “Конституция және мәңгілік ел”, “Конституция және рухани жаңғыру” секілді факультативтік сабақтар мен апталықтарды үнемі  ұйымдастырып отырғаны жөн. Жоғары оқу орындарында, барлық мамандықтарға “Мемлекет және Конституция” - атты пәнді оқытуды қолға алса жақсы болар еді. Ал әр-бір отбасы өз ұрпақтарына Ата Заң аясында әңгіме қозғауды әдетке айналдыру да артықтық етпейді. Мысалы, АҚШ 1955 жылдан бері қыркүйектің 17-23 аралығын “Конституция Аптасы”, 2001 жылы 17 қыркүйекті “Конституция және Азаматтық күні” ретінде белгілеуі оның маңыздылығын көрсетіп отыр.

Мемлекет пен жеке азаматтар Ата Заңды және өзге де маңызды заңдар мен құқықтық-нормаларды мүмкіндігінше білдіру мен білуге талпынуы қажет. Сонда ғана, өз құқығын талап ететін азаматтар, елдің құқығын сақтайтын және құрмет ететін атқарушы биліктің қызметкерлері мен  құқыққорғаушылар, адал кәсіби мамандар мен білікті басшылар, бәсекеге қабілетті жас ұрпақ қалыптасады. Егер олай болмағанда, қоғамда заңсыздық орын алып, түбі елдің күйреуіне бастайды. Жоғары да айтқанымыздай, бабаларымыз аз сөзбен көп түйткілдің жөнін таба білген. Себебі, ол кезде “ұят, обал және сауап” - деген үш ұлы рухани ұғым әр қазақтың жүрегіне жазылып, санасында сақталғаны сонша, бүгінгінің ата заңынан еш кем әсер етпеген. Қазіргі рухани құндылықтар құлдыраған кезеңде, Хакім Абайдың Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал”-деген даналығын басшылыққа алып, конституциямен тек, жылына бір рет, 30 тамыз қарсаңында ғана емес, үнемі “қауышып” отыруымыз керек. Бұл біздің өзіміздің де, өзгенің де құқығы мен мүддесін заңдық тұрғыда қорғауымыз бен сақтауымызға игі әсер етіп, сол бабалар биігінен көрінуімізге мүмкіндік береді.  Басқа емес, Конституциямыздың тек, бірінші бөлім, бірінші бабына назар салыңызшы, онда былай жазылған:

  1. Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы — адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары.
  2. Республика қызметінің түбегейлі принциптері: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық, бүкіл халықтың игілігін көздейтін экономикалық даму, қазақстандық патриотизм, мемлекет өмірінің аса маңызды мәселелерін демократиялық әдістермен, оның ішінде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.

 Міне, Конституция бізге бәрін беріп отыр. Осыларды санаңа жазып ал да, өз құқығыңды қорғай біл, өзгелердің құқығына құрметпен қара. Сонда рухымыз да, жанымыз да, тәніміз де жаңғырады.

 

Қастер Сарқытқан

Абай атындағы ҚазҰПУ,

Елтану және туризм кафедрасы ұстазы

 

 

Assem Almuhanbet

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір