• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

28 Наурыз, 16:24:57
+35°

12 Маусым, 2018

Консерваториядағы "концерт": 200 млн теңгені ұрлаған кім?

Ботакөз Көпбаева желіде шындық іздеп шырылдап жүр.

Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияның төңірегіндегі даудың дабырасы басылмай тұр. Себебі мемлекеттік аудиттің тексеру актілері бойынша ақылы қызметтер мен стипендиялардан 200 млн теңгеден астам қаржы қолды болған. Оқу орнының ректоры, белгілі пианиношы Жәния Әубәкірованың жемқорлыққа тікелей қатысы бар дейді әріптесі.

Биыл 24 мамырда Мәдениет министрлігі консерваторияда жүргізген тексеріс нәтижесін Алматыдағы құқық қорғау органдарына тапсырды.

Жақында консерваторияның қаржы және экономикалық мәселелер жөніндегі проректоры Ботакөз Көпбаеваның мәлімдемесі желіде қызу талқыға түсті. Ол оқу орнындағы заңсыз әрекеттерді әшкерелеп, ректоры Жәния Әубәкіроваға бірқатар айып таққан. Ал Жәния Әубәкірова проректордың сөзін жапқан жала, жаққан күйе деп, ат-тонын ала қашып отыр.

Ботакөз Көпбаева қаржы және экономикалық мәселелер жөніндегі проректор лауазымына 2017 жылдың 2 мамырында Жәния Әубәкірованың шақыртуымен тағайындалған. «Время» газетіне берген сұхбатында ол жұмысқа келген күннен бастап түсініксіз жағдайға тап болғанын айтады.

Ботакөз Көпбаева консерваторияға құжат жүзінде жұмысқа қабылданған, бірақ іс жүзінде мүлде қызмет атқармайтын ондаған адамның есімін тапқан. Бас бухгалтер жұмыстан кеткен соң «1С» бағдарламасына кіріп, кейбір қызметкерлердің есепшотына ай сайын жалақыдан бөлек қомақты қаражат түсіп отырғанын аңғарады. Өзге есепшілерден мәселенің мән-жайын сұрастырғанда, олар ақшаны картадан алған соң бас бухгалтер Жұмағұловаға беріп отырғандарын мойындапты. Тіпті, ректор Жәния Әубәкірованың көмекшісінің шотына да түсініксіз ақша аударымдары жасалған.

Проректор осылайша банк карталары арқылы 77 миллион теңге қаражаттың құмға сіңген судай жоғалып кеткенін анықтаған. Мұндай жағдай соңғы үш жылда тұрақты қайталанған. Бухгалтерлік есептегі қателер, ақылы қызметтен түскен қаражаттың бөтен есепшоттарға түсуі, мамандардың жұмыстан түсініксіз себептермен босатылуы, ең сорақысы, консерваториядағы былықтардың беті ашыла бергенде Ботакөз Көпбаеваның соққыға жығылып, ауруханаға түсуі жағдайды ушықтырып жіберген.

Ботакөз Көпбаева өзіне жасалған қастандыққа Жәния Әубәкірованы кінәлайды. Алайда Жәния Әубәкірова қоластындағы маманның соққыға жығылғанын сол күні-ақ қаржы министрі Бақыт Сұлтановқа хабарлап, мұның консерваториядағы құжаттармен байланысты болуы мүмкін екенін ескертіпті.

скриншот Бақыт Сұлтанов

25 мамырда ректор ұзақ үнсіздіктен кейін Ботакөз Көпбаеваның өзіне таққан айыптарына әлеуметтік желіде жауап берді. Айтуынша, Көпбаева  2017 жылдың маусым айының аяғында бас бухгалтердің жұмысынан заң бұзушылықтарды байқаған.

«Көпбаева жүргізген тексерістің барлығын өзім бақылап отырмын. ІІД-ге, ІІМ-ге оның соққыға жығылғанын мен хабарладым. Бұрынғы бас бухгалтердің жұмысынан табылған олқылықтарды түзету үшін тәуелсіз аудиторлық компаниялар мен мемлекеттік мекемелерге де өзім хабарласқан болатынмын», - деп жазды Әубәкірова.

Ректордың сөзінше, Көпбаева жұмыс барысында әріптестерімен тіл табыса алмаған. Ал қызмет бабымен Астанаға барған сапарынан кейін министрлік тарапынан проректордың атына шағымдар түскен.

Қос тараптың бір-біріне тағып отырған айыптары мемлекеттік мекемедегі көп былықтың бетін ашып берді. Ботакөз Көпбаева желіде жария түрде шындық іздеп шырылдайды. Мемлекеттік мекемелерде қаражаттың қалай жымқырылатыны жөнінде ашық жазады. Ал Жәния Әубәкірова ақталып әлек. Бұл еліміздің мәдениет саласында болып жатқан алғашқы айтыс-тартыс емес. Мемлекет қаржысының ұрлануы, құйтырқы жолдармен мақсатсыз жұмсалуы әдеттегі нәрсеге айналып барады.

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір