• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 02:43:36
Алматы
+35°

01 Ақпан, 2019 Тарих

Көне түркі тіліндегі «түмен» сөзінің тегі неде?

Ертедегі «түмен», қазіргі тілдік аядағы «тұман» сөздерінің сыртқы қалып ұқсастығы аздап келіңкірегенмен лексикалық қатарлары ...

Ертедегі «түмен», қазіргі тілдік аядағы «тұман» сөздерінің сыртқы қалып ұқсастығы аздап келіңкірегенмен лексикалық қатарлары бөлек, екі бағытта жұмсалатын сөздер. Кейбір фразалық тіркестерде, тарихи әдеби тілде ғана болмаса, «түмен» сөзі бүгінде қоғамдық қолданыстан шығып та кеткен. Алайда, «түмен//тұман» сөздерінің ілкідегі бастау қайнары бір лексика-грамматикалық түбірлерден өніп шыққан. Оны сөздің өне бойындағы құбылыстардың даму көріністерінен, үрдісінен байқауға болады.                                                             

Бірдің кесірі мыңға, мыңның кесірі түменге (мақал). Бұл мақалдағы өз алдына жеке қолданылмайтын түмен сөзінің төркіні жөнінде В. Катаринский 1898 жылы басылып шыққан грамматикасында былай дейді: «Дальше миллиона у киргизов нет счета и в случае нужды говорят сансыз бессчетное (число), бесчисленное множество, или тумȫн (монгольское слово, соответствующее и созвучное славянскому слову тьма), но оно при счете не употребляется». (Грамм. Кирг. Яз. 1898, 38). Бұл сөз парсы және кейбір түркі тілдерінде «сансыз, он мың 10000» деген мағынада жұмсалады. Парсы тілінде [туман] 1) туман (иранская денежная единица, равная 10 риалам (10 пехлеви); 2) ист. 10 000 (Перс. –рус. Сл., М., 1960). Алтайша тÿмен – сансыз көп, қыруар. Тіліміздегі Түменбай//Тұманбай, Түменов сияқты адам аттарының түбірі де осы түменмен төркіндес болу керек (Ш. Сарыбаев)[Этим. cөздік. 1966ж]                                                                   

Қытай тіліндегі айтылуы ме-те болатын көне түркі тіліндегі богатыр «батыр» және қытайшадағы тео-ман болып аталатын сөздің көне түркі тілінде тұман «түтін, тұман» есімдері болғаны болжануда(Түркі тілінің тарихы. Әли Акар. Алматы. 2017ж). Түмен/Тұман ежелден-ақ – көне түркі тілінен қытай тіліне кірген сөз. Шығыс түрік қағанаты көп ғасырлық қытайлармен тығыз қарым-қатынасы түркілік кейбір сөздердің қытай тілінің акцентіне орай фонетикалық бұрмаланып енуіне негіз болды. Осының салдарынан қазіргі шығыстағы бірсыпыра топонимдер мен сол жердегі ертеден тұрғылықты көне түркілік этникалық бөлшектердің этнонимдерін қытайлық тілдік бірлік деп тануымызға әкеліп соқты. Қытай тілінің бүгіндегі әскери-саяси саладағы терминдерінің өзі көне түркі тілінен енген. Бұл жағын артынан көрсете кетеміз.                                            

Түмен деп көне түркілер «он мың адам/әскер» – сандық жиынтық атауын біртұтас атаған. Сан мөлшерімен берілетін адамға қатысты ұғымды ман(«мен) жұрнағымен жасалған бір ғана тұлғамен көрсеткен. Бастапқы түбір қызметін атқарып тұрған тү(«ті/ты/ді/ды/дү/де) – көне түркі тілінің лексикалық қорындағы жеке бірліктермен қатар, этноним, антропоним сөз жасауға өте қабілетті негізгі түбір. Көнедегі дербес мағынасы ұмытылып қазірде кейбір бірліктердің жасалуына түбір негіз болып сақталған. Мысалға, бірыңғай тіл//тін//дін//дің көне тү/ті түбірінен дамыған бүгіндегі семантикасы «өзектік» мән беретін дербес мағыналық тұлғалар. Ең көне түркілік сәл болар-болмас  дыбыстық варианттылық тү/ті түбірі даму барысында бір ғана «н/л» аллофондық дыбысымен көпсалалы ұғымдық семантикалар жасап шығарған.  ТІл//ДІн//ДІл сөздерінің танымдық шеңбердегі ұғым-өзегі адам баласының бір сөзбен айтқанда «фундаменталді жаратылысын» өзектеп негіздейтін семантикаға ие. Бұл сөз-ұғымдарды тек лингвофилософиялық көлемде ғана семантикасын түсіндіре аламыз. Жалпы бір түбірмен келетін бұл тұлғалар адам танымында да әуелден ерекше мән беретінін білеміз. Біртекті түбірлермен келетін әрі тұлғалық қалыптары да фонетикалық жағынан аздап ажыратылатыны болмаса ұп-ұқсас сөздер адамзат атаулының танымындағы ертеден орныққан концептілер болып саналады. Бір түбірден шыққан ерекше концептілердің түркілік екенін тану үшін осы түбірлерден дамыған басқа да тұлғалардың семантикасын зерделеуімізді қажет етеді. Тү түбірімен қалыптасқан түн//түс//түр//түк//түп//түбіт//түзім//түлкі//түйе//түсім //түсік//түкірік т.б көптеген моносиллаб, дисиллабтар, тіпті үш-төрт буынды тұлғалар әр мағыналық қатардағы сөздер боп табылады. Бұлардың барлығы тілдің дамуы барысында қалыптасқан. Жоғарыдағы ерекше концептілерді қалыптасуына негіз болған тү/ті түбірінен ТІн//ДІң «түп-өзектік» семантиканы танытатын моносиллабтар. Тү түбірінен түп//түбір ˃ этнонимдік дәрежедегі түрік/түркі(˂түрқұт) сөзі де осы актив түбірдің дамуынан жасалған. Сонда тін/түп/дің/ түркі сөздерінің ең негізгі «түптік-өзектік» семантиканы білдіреді. «Тін, дің» деп қандай да бір өсімдіктің өніп шыққан іргетасы – өзегін айтады. «Түп» сөзінің лексика-семантикасы түсінікті болар. «Түптік-өзектік» семантиканың шеңбері «алғашқы, бастапқы» дейтін ұғымдарды да негіздейді. Осыған орай көне тү/ті түбірі «бірінші, алғашқы, әуелгі» деген мағынаны берген болуы керек. «Түркі» деп адамзат баласының ең бірінші атасын атаған семантикада жұмсалған. Әлем кеңістігінде этноним болып бағзыдан тез орнығуы да сөздің ұғым-төркінінің қуатынан. Көптеген әдебиеттерде «түбі бір түркі» деп тегіннен-тегін айтылмаса керек-ті. «Төркін» демекші бұл сөздің де ұғым-семантикасы «түптік-өзектік», қазіргі күнде «алғашқы шығу ортасы» дегенді танытады. «Түп-төркін» деген тіркес те бар. Сонда көне тү ~ ті ~ тө ~ тұ сингормониялық вариантты біртекті түбірелері ертеде дербес тұлға болып жұмсалып «алғашқы, бастапқы, әуелі» деген ұғым-мағынаны берген. «Тұңғыш» сөзінің ұғымын жасаған да осы түбір. Англо-саксондық тілдерде «бірінші, алғашқы» деген мағынаны first деп білдіреді. First – оқылуы фөрст (кейде фүрст), түбірі фө/фөр – түркілік тү/төр түбірінің басқа тіл тобындағы көне семантикасы сақталып жеткен «т/ф» фонетикалық құбылысты ап-айқын көрінісі. Two (оқылуы тү) ағылшын тіліндегі екі деген сандық көрсеткішті білдіреді.  Ал, осы біртекті түбірлермен келетін әртүрлі мағыналық қатардағы басқа да тұлғалар лексика-грамматикалық дамудың жемісі. Мысалға, Түн – жарықсыз, қараңғы жерді, мезгілді атайды.                          

Түн сөзінен дамып, көне түбірдің екі рет қайталануынан соған жақын басқа затты атауға көшкен түтүн (жазылуында: түтін) қазіргі күндегі мағынасы: отынның отқа жануынан пайда болған ыс, ауада ұшатын қалдық. Бұл сөздің лексикалық дамуындағы туынды мағынасына жатады. Көнедегі мағынасы бөлек, бірақ қазіргі мағынасы сол негізде соны сипаттаудан, жанамаланып қалыптасудан қалған. Түтүн – баяғыдан жеткен көне түркінің ең жетекші тұлғасы. Жаугершілік дәстүрде қалың әскер мен көпшілік адамдарды «түтүн» деп атаған. Ал, жаугершілік-далалық мәдениетте көп адам топтасқан жердегі отыннан ұшқан ыс-қалдықты атау осы бастапқы адам мәніне негіздеп айтатын түтүн сөзінен орныққан болуы керек. Өйткені, түтүн сөзінің түн ұғымына орайлас қара түсті білдіретін бейнелі семантикаға ие. Осы күндегі кісі, адам сөзін «қара» деп те атау ұғым дәстүрі бар, әдеби тілде «аластан қара көрінді» деген тіркеспен қашық жердегі адам не басқа да зат атаулыға қаратыла қолданылады. Көбіне адамға/адамдарға қатысты «қара» деп атайтыны тым ертеден қалыптасқан түтүн ұғымынан өрбіген болса керек. Демек, бүгіндегі ыс, қалдық мағынасын көрсететін лексикалық қабаты көне кісі, адам ұғымын беретін қабатынан туындап шыққан. Қазіргі лексикалық этабында осы қабатты (ыс, қалдық) көрсетумен ғана шектелген.                               

Түтүн сөзінің көнедегі кісі, адам ұғымын танытқан лексикалық этабында, бұнымен қатар түмен сөзі қолданылған. Көне «тү» түбірімен түркілік болатын «ман» сөзінің бірігуімен жасалып, «ман» түбір сингормондық табиғатына сай «мен» болып айтылған. «мен» тұлғасының өзі «ман» сөзінің варианты болады. «Түмен» мен «түтүн» тұлғаларына бір түбір негіз болып, адам, кісі ұғымын танытатын ортақтығы болғанмен, екі сөздің лексика-семантикалық шеңбері бірдей емес. «Түмен» жаугершілік жағдайындағы әскери басқару дала заңына орай он мың сандық әскерлер/адамдар жиынтық мағынасын таныту үшін лайықталған бірбүтін сөз. Яғни, көне «тү» түбіріне «ман» элементінің бірігуімен жасалған тұлғаға адам, кісі ұғымын мононанттап кіргізген. Сонда, тұлғадағы «тү» түбірінен гөрі «ман» сөзінің семантикалық қуаты күшті болып, жалпы сөздің мағыналық болмысын адам/адамдарға қатысты ұғымға түгелімен бағдарлаған. Бұл тұрғыдан алғанымызда «ман» элементінің төл түркілік болуын дәлелдей түсетіндей. Жалпы, «түмен» сөзі ертедегі жаугершіл халықтың лексикалық қорындағы бір кезеңде дала заңында қолданылған оның ішінде әскери саласындағы термині. Көне түркіден бері қарай бұл сөз жаңа түркі кезеңінде: түркі-қазақ ареалында, жаңа жаугершілік уақыттағы қазақ далалық лексикалық тілінде де алдыңғы XIX ғасырға дейін қолданыста болған. Одан бергі кезеңдерде әлеуметтік өзгерістердің салдарынан қолданыстан мүлдем шығып қалды. Тек тарихи әдеби жазба тілде аз-аздап ұшырасады. Түтүн («түтін) сөзі түмен сөзінің орнына да жұмсалған лексикалық кезеңі болды. Тіптен, алғашқы әскери құрылыста түмен ұғымымен қатар қолданылып, адам/адамдар семантикасын беруде бірге қызмет атқарған. Алайда, түтүн тұлғасының өне бойында нақты антропоөзектік мән жүтейтін элемент болмағандықтан, кейде «он мың түтүн» деп қолданыла бастады. Осының салдарынан түтүн сөзі әскери термин ретіндегі қызметінен сырғып, жай қарапайым көшпелілерді де, көп адам топтасқан ортаны немесе ауылды да түтүн деп атау белең алған. Жаңадан шаңырақ көтерген жас отбасыны да «түтүн түтетті» деп атаса, бір адамның алыстағы бейнесін тұлғаландыратын семантиканы да көрсеткен. Тіпті, адамнан басқа заттың «актуалды ролін» «түтүн//қара» ұғымымен беріп отырды. Немесе бір оқиғаның басталуын «түтүн шықты, түтүн көтерілді, түтүн көрсетті» деп анықтап отырған. Бұл тіркестер жаугершілік әскери салада да қолданыста болған. Алайда, тұлғаның өн бойында антроөзектік ұғым нақты элементтен болмағандықтан, әлеуметтік-лексикалық кезеңдерде өзге мағыналық қатарларды көрсете басатуы заңдылық. Ал, түмен ұғымының өн бойында антропоөзектік мән нақты семантикалы элементтен болғандықтан өз мағынасынан ешқашан ауытқымайды. Қолданылым баспалдақтарында «түмен» сөзі тарихи процес жүйесінде жетекші бірлік болып қалыптасып, нақты айтқанымызда араб тілінен енген ғаскер/әскер терминінің түркілік баламасы ретінде орныққан, әскер сөзінің адам ұғымын беретінін кезінде А. Махмұтов та айтып кеткен[79.29б]. Бұдан аңғартынымыз түмен сөзінің өткен лексикалық этаптарында бір ғана ұғымдық тұрақты мағынаны көрсетіп келген.                                                                                             

Түмен ~ тұман сәйкестігі анық көрінеді. «ү ~ ұ, е ~ а» болмашы фонетикалық айырмашылық сөздердің мағыналық бағытын екіге айырған. Негізінде тұман ұғымы көне түмен сөзінің лексикалық шеңберінен бөлініп шыққан мағына – синонимдік қатар болуы әбден ықтимал. Тұман – бүгіндегі беретін мағынасы, табиғат құбылысының белгілі бір мезгіл не күйін, көрінісін атайды – күн көзінің көрінбей, ауа қысымының ылғалдылығынан пайда болатын бу. Тұман сөзінің этимологиясы жайында айтатын қанықты мәліметіміз жоқ. Тек тұлғаның дәл түмен құрылысындғыдай көне тү/тұ/ті түбірімен «ман» сөзінің бірігунен екенін көреміз. Түмен сөзінің көне түркі тілдерінде, басқа тілдерде болмасын туман деп айтылатынын жоғарыда байқадық. Негізі түмен тұлға мағынасынан тұман сөзінің мағыналық қабатының қалыптасуына дейінгі лексикалық үрдісте бірнеше қат-қабат парадигмалар тілдік қорда қалыптасып әрқайсысы өзіне бөлек лексикалық жол салған болуы да мүмкін. Өйткені, тіліміздегі, және бірқатар түркі тілдеріне ортақ түйме, түйе, төбе, түндік, түңлік, төмен, түнем, түйрем, түзем, түйім/дүйім, төмпек, тілім т.б барлығына ортақ тү/тұ/ті түбірі мен екі сөзге де ортақ «м,н,е,ө,й,і» элементтері соның анық дәлелі. Көне түркілердің тарихында (сақтардың әйел патшасы) Тұмар дейтін патшайымның есімі аталады. Өзге елдің елдің тарихтарында, атап айтқанда басқа тілдік ареалдарда Томирис деп кездеседі. Көне түркілік антропонимнің тұлғасы сол кезеңнің өзінде қолданылған түмен//тұман тұлғаларымен абсолют жуықтайды. Тұмар сөзінің өзі бүгіндегі қазақтардың тілдік танымында да ерекше концептілік қасиетке ие. Тарихи аспектіде Тұмар патшайымның өз әскерлерін түмен/туман атамауы мүмкін емес. Мүмкін патшайым есімі қол астындағы әскерлерінің көптігінен осы түмен сөзінен пайда болған да шығар. Ол тек жорамалмен ғана айта аламыз. Этнонимдік қабаты бар түмен сөзінің антропоним де бола алуы ықтимал нәрсе. Немесе түмен, тұман сөздері жеке антропонимнен пайда болған. Ондайды талай тарихи дәлелдерден анық куә болып келеміз. Мысалға, ноғай, керей, уақ т.б этнонимдер жеке-жеке антропонимдерден қалыптасқан. Бұл ықтималдылық жағынан біз тек болжалдық қабілетімізбен тоқтаймыз. Дегенмен де, тұман мен түмен тұлғаларының тұмар антропониміне қатысы бар болу керек. Түмен/тұман/тұмар біртектес тұлғаларды бір-бірінен ажырататын фонетика-лексикалық қыры. Бұл жерде тұман сөзі ғана антропоөзектігінен алшақтаған. Басында антропоөзектік мағынада болып кейін соның шет мағынасын беретін ұғымға айналған, түмен сөзінен өрбіген түтүн«түтін ұғымының семантикалық шеңберіндегі бір мағыналық қабатты сақтап қалған сөз. Даму, өзгеру өзегін моноантропонимдік «түмен» сөзінен алады. Анық дәлелдеріміздің бірі көне түркі тіліндегі бұл тұлғалар славян тілінде де солай өзгертілмей айтылады. Мысалға, орыс тіліне көне түркіден енген: туман, тьма, тень сөздері жоғарыда дәйектеген түмен сөзінен өрістеген «түн, тұман, түтүн///қара» сөздерінің өзге тілдегі көрінісі. «Он мың» сандық мөлшерін білдіретін түмен сөзі орыс тіліндегі көрінісі: десять, тысяч тұлғаларына негіз болып тұрған көне түркілік түбір тү/тұ/ті/тө»ді/ды/дү/де  қатарына жататын ты/де түбірі. Сол сияқты, көне түркі сөзі теңге сөзі деньги – түркілік тең/дең қытай тіліндегі көрінісі тян (жарық) көне моносиллабтарының басқа тіл топтарына еніп көптеген тұлғаларды жасап шығаруына негіз болған. Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Бұлрдан дәлелдейтініміз – әлемдегі біршама тіл топтарында көне түркілік іздер молынан ұшырасатыны байқалады.                                                                        

әіуҚортындылай келгенімізде, түмен көне түркі тілінің ең жетекші бірлігі. Кейбір ғалымдар монғолдық сөзге жатқызып, XI-XIII ғасырдағы монғол этнонимінің тарих сахнасына шығу кезеңімен, сол кезеңдік тілдік ортамен байланыстырған. Әрине, ол кезеңдегі Шыңғыс хан бастаған тайпалар тілінде де түмен сөзі актив қолданылған. Ол кездегі монғол аталған халықтың өзін түркі екенін мойындауымыз қажет, басқа тілдік фактілер тұрғысынан да дәлелдеріміз жеткілікті. Әзірше, бұл жайында нақты дәлелдеріміз басқа тақырыптарымызда.                                                                                           

Әлем билеген түркі ата-бабалар далалық берік заңымен қыруар әскер жасақтап дүниені жаулағанда «түмен» деп он мың әскер ұжымын атаса, түмен құрылымын құрайтын мыңдықтарды «мың» деп атаған. «Мың» сөзінің өзі ман сөзінің төл варианты болып саналады. Жоғарғы талдауларымызда «тү» түбірінің көне мағынасы «алғашқы, бастапқы, бірінші» дегенді көрсеттік. Түмен тұлғасындағы ман элементінің семантикалық қуатын айттық. Осыдан шығатын өзек мағына «алғашқы адамдар, алғашқы әскер» дегенді білдірсе керек. Көне түбір Түркі, түп, түбір сөздеріне де тегіннен-тегін негіз болмаған. Әйгілі ғалым Ә. Қайдар тіл біліміне енгізген «түбі бір түріктің – түбі де бір» деген тіркесі біздің этимологиямыздың мәнін дәлелді түрде негіздейді.

Ықылас Әділетұлы                                                                                               

Абай атындағы ҚазҰПУ-дың студенті

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір