• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 13:34:20
Алматы
+35°

12 Қараша, 2018 Тарих

Көкжалдар бірігіңдер!

ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына қарай құдайсыз қоғам құруды көздеген Ленин бастаған діннен безген коммунистер бүкіл мұсылмандарға қасірет әкелді.

Түркі тектес халықтар өздерін «Көк  Бөріден тарағанбыз» деп қасқырды кие тұтады. Осы жайлы әртүрлі аңыздар өрлігіне ерлігі сай келіп, күштіге бас имейтін, төзім мен ептілігі қатар жүретін, әділетсіздікке төзбейтін, ешкімге кегін жібермейтін қасқырдың қасиеттері ұрпағына жұғысты болса екен деп тілеген бабаларымыздың  арман-қиялынан туса керек.                                               

 Қазақтар мінезді, сертіне берік, ержүрек жігіттерді көкжалға теңейді. ХХ ғасырдың 20-шы жылдарына қарай құдайсыз қоғам құруды көздеген Ленин бастаған діннен безген коммунистер бүкіл мұсылмандарға қасірет әкелді.                                                                                           

Түркістан Халық комиссарлары Кеңесінің Төрағасы К.Сорокин: «Мұсылмандардың барын тартып алуда, алуды қана қоймай, өздерін өлтіруде. Біздің әскерлер қорғаудың орнына тонап, қанға бөктіруде... Үрейі кетіп, берекесі қашқан халық босып жатыр... Партиядағы жолдастар... жағдайды түзеу үшін ешқандай шара қолданар емес... Маскүнемдік пен бейбастақтық белең алған, әлбетте осының бәрі үшін партия кінәлі. Мұсылман пролетариаты орыстан көмек сұрайды, орыс оған сенбейтінін айтады. Мұсылмандарды түртпектеп, қудалап түбіне жетуде... Ақ-қарасын ажыратып жатпай, дүние-мүлкін, қатын-баласын құртып жіберіп жатқан біздің отрядтардан мұсылман кедейлерінің соры қайнауда... осыншама қорлық-зорлық көре тұра, олардың бізге қандайлық достық сезімде болары айтпаса да түсінікті емес пе? Оларды біздің өзіміз ұлшыл етудеміз...»,-деп жазады. (Тұрар Рысқұлов, Төңкеріс және Түркістанның түп халқы», Мембаспа, Ташкент, 1925ж.,101 бет).                                                             

«Маркстік тұрғыдан алғанда экономикалық жағынан әлсіз қазақтар бәрібір өліп бітуге тиіс»-деп  шовинист Иван Тоболин айтқандай Мәскеудің сұрқия саясатының  заманы болатын.                                         

Үміт артқан үкіметтің халыққа жасап жатқан осындай қиянаты мен зорлық-зомбылықтарының куәсі болған Түркінің көкжалдары: татар-Мірсейіт Сұлтанғалиев, башқұрт -Зәки Валиди, қазақ-Ахмет Байтұрсынов, қазақ-Тұрар Рысқұлов, өзбек-Низамиддин Ходжаев, қазақ-Ғабдулхаким Бөкейхан, татар-Саид Ғалиевтар 1920 жылдың маусым айында Мәскеуде  Шығыс халықтары өкілдерінің Орталық бюросының кеңесін өткізеді. Осы кеңесте Тұрар Рысқұлов: «Түркістан мен Қазақстанда Қазан төңкерісі болған жоқ. Орыстар билікті тартып алды да, жеке дара билеп-төстей бастады. Бүгінгі күні бұрынғы губернатордың орнына орыс жұмысшысы отыр. Өзгерген ешнәрсе жоқ. Орыс отаршылдары мен орыстың Қызыл Армиясын Ресейге қайтару керек. Кеңес үкіметі ұлттық қозғалыстарды қолдауы тиіс. Мұнда ешқандай ұлтшылыдықтың нышаны жоқ.  Түркістан мен Кавказда партия ұйымдары құрылып, бірыңғай мұсылмандардан тұратын Қызыл армия жасақталсын» десе, Зәки Валиди: «Башқұртстанда патшаның шенеуніктері Ақпан төңкерісінен кейін жұмыстан қуылып, Қазан төңкерісінен кейін қайтадан қабылданды. Ол аз дегендей Кеңестік аппарат қызметіне патшаның шенеуніктері кіріп алған. Мұндай саясат Шығыстағы төңкеріске зиянын тигізеді. Сол үшін Шығыстағы басшылықтың тізгінін өз қолымызға алып, орталықпен алыстан ғана сыйласып тұрғанымыз абзал»,-дейді.       

Ал, М. Сұлтанғалиев: «РКП(б)-ның бағдарламасы Шығысқа емес, Батысқа арналып жасалған. Оны өзгертпей осы күйінде қолдану мүмкін емес. Неге біз Шығыс халықтарының мүддесін қорғамайтын бағдарламаны қолдауымыз керек.. Сондықтан РКП(б)-ның бағдарламасын өңдеп, оның Шығысқа арналған нұсқасын жасау үшін бүкіл Ресейлік мұсылман коммунистерінің съезін шақыру керек»,-деген ой тастайды. Қатысушылар: «Бүкілодақтық мұсылман коммунистерінің съезін Орталық комитеттің рұқсат берген-бермегеніне қарамай, съезд Мәскеуде емес, Баку мен Ташкенттің бірінде өткізілсін. Резолюцияны пысықтау үшін комиссия құрамына Саид Галиев, Мирсейт Сұлтанғалиев,  Зәки Валиди,  Тұрар Рысқұлов  енгізілсін»,- деген шешімді бір ауыздан қолдайды. Бұл кезде Рысқұловтың басшылығымен Түркістанда мұсылман жігіттерінен құрылған 30 мың атты әскер жасақталып, соғыс өнеріне жаттығып жатқан болатын. Осы кеңеске қатысқандардың Зәки Валидиден басқаларының бәрі 1937-1940 жылдары атылып кетті. Бүкіл түркілердің жоғын жоқтап, Ұлы Мақсат жолында туған жерді тәрік еткен Көк Бөрінің ұрпағы 1970 жылы 80 жасында Түркияда өмірден озады.                                                                      

1918-1933 жылдар арасында қолдан ұйымдастырылған алапат ашаршылықтардан қазақтар 70 пайызынан айырылып, жүздері жасырылмай  ашық аспан астында  ит-құсқа жем болды. Аштан қырылып, көмусіз қалған адамдардың моласына айналған Қазақстанға 1933 жылдың 1-ші ақпанында Ресейден 1миллион адамды қоныстандыру туралы Г. Ягоданың қолы қойылған №50062 директива шықты. Бұл құжатта көшіп келушілерге жұмыс орындарын ашып, үй тағы басқа тұрмысқа қажетті аурухана, мектеп салу жайлы іс-шаралар ұйымдастырылу жайлы айтылады.  Осы жылдың 13-ші ақпанында Ягода мен ГУЛАГ-тың бастығы Берман Сталинге жазған №50073-ші хатта 2 миллион адамды Қазақстанға жер аудару жоспарларын қалай іске асырып жатқандары жайлы есеп береді.

1937-1940 жылдары сол қырылған халықтың өміріне араша түскен қайраткерлеріміз қуғын-сүргінге ұшырап, атылып кетті. Бұл кез қазақ ұлтын мал бағатын құл мен есікте жүретін күң ретінде ғана қалдыруды мақсат еткен Мәскеудің зұлым саясатының дәуірлеген тұсы болатын. Қазақтар  ұлттық кодтың күзетшісі – көкжалдық мінезден айырылып, табиғи болмысы өзгеріп, рухы сөнуге айналған осы бір азалы кезеңде Сталин бастаған Кеңес үкіметі басшыларының зұлымдығын Гитлердің бүкіл әлемге үстемдік жүргізуді көксеген қанқұйлы жауыздығы тоқтатты. Бұл енді өртті өртпен сөндіргендей құбылыс болды.

Қолдан жасалған қиянаттан еңсесі түсіп, есінен айрылған Алаш ұрпақтары «Ел шетіне жау тиді» дегенді естігенде шалажансар денелерге қан жүгіріп, аруақтанып шыға келді. Мыңдаған қандастарымыз өздері сұранып соғысқа аттанды. Ата жауы жоңғарларды жеңгеннен кейінгі қазақтың қас дұшпанмен емін-еркін, бетпе-бет келіп шайқасқаны осы болды. Зұлым саясаттың езгісінен теперіш көріп, өшуге айналған ұлттың көкжалдық рухы майдан даласында қайта оралды. Заман өзгергенмен көкжалдардың күресі тоқтаған жоқ. «Ұлы Отан соғысы» деп аталған қырғыннан кейін 1960-шы жылдары естерін жия бастаған шовинистердің империялық пиғылы бас көтеріп, асты мен үсті байлыққа толы қазақ жеріне қайтадан көз аларта бастайды. Қазақтың асын ішіп, аяғын тепкен Кеңес Одағының басшысы әпербақан-коммунист Хрущевтың мысын басып, Қазақстанды бөлшектеуден аман алып қалған Жұмабек Тәшеновтің өмір жолы исі түркі жұртына үлгі-өнеге.  Бір әттеген-айы, Көк Бөрінің киесі қонған асыл азаматқа Елордамыз  Астанада осы уақытқа дейін бір ескерткіштің орнатылмауы елдімізге сын.  Бүгінде қазақстандық қоғам саяси-экономикалық дағдарыста екені ешкімге құпия емес. Оның үстіне билік басындағылар халықтың қалтасына қол салып, құлқынның құлына айналған. Олардың осындай осалдығын алпауыт мемлекеттер тиімді пайдалануда. Әсіресе Қазақстан үшін ең қауіптісі – Қытай экспанциясы. Қарыштап дамып бара жатқан Қытай дамушы мемлекеттерге несиені  жеңілдіктермен беріп, оларды келешекте отарына айналдыру жолында өздерінің жымысқы саясатын қарқынды жүргізуде. Қазіргі кезде бірнеше миллиард қарыздар болғандықтан, Қытайдың біздің елге ықпалы орасан.  Қытай мемлекетінің қазақтарға жасап жатқан айуандығы БҰҰ-да, ЕуроОдақта, Америка Конгресінде көтеріліп, айдай әлемге жария болып жатса да, біздің билік қысым көріп жатқан қандастарымызға пана болуға жарамай, қауқарсыздық танытып, мүсәпірдің күйін кешуде.     

Бұлай жалғаса берсе, ХХ-шы ғасырдағы Ресейден көрген қорлық пен тартқан азабымызды Қытай қайталап, арты егемендіктен айырылып, «қазақ» деген ұлттың жер бетінен жойылып кетуі әбден мүмкін.   Сондықтан тәуелсіздігіміз тұғырлы, азат ұлт болып қалу жолындағы күресте - руына, жүзіне, ұлтына, партиясына қарамай нағыз көкжалдар бірігуі тиіс! Сонда ғана, Темірхан Медетбек жырлағандай:

 Еңкейгенге еңкейдім,                                                                               

Шалқайғанға шалқайдым..                                                                                 

Қысқанда,                                                                                                           

Қу ағаштан бу шығардым.                                                                             

Сыққанда,                                                                                                         

Қара тастан су шығардым.                           

Атанды асықпай аттым.                                                                             

Қарсы келгенді,                                                                                  

Қазықтай қақтым.                                                                                               

Алшайып жүрдім,              

Талтайып тұрдым –деп, ешкімге жалтақтамай, ен далада еркін жортқан Көкбөрі бабаларымыздың асқақ рухы – ұлттың қорғанына айналады.

 

Рамазан Құрманбаев

 «Ашаршылық құрбандары» ҚБ-нің төрағасы. 

   

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір