• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 15:11:34
Алматы
+35°

10 Қазан, 2018 Әлеумет

Көкем көкке көтерілген күн...

Ұлы жазушының жанындай жақсы көретін туған жері бір қайғылы хабардың тарайтынын сезгендей түнерген қабағын ашпады.

Шераға айтқан жұлдызы биік Жуалы соңғы күндері түнеріп, әлсін-әлсін аспан көзі тамшылап, Ұлы жазушының жанындай жақсы көретін туған жері бір қайғылы хабардың тарайтынын сезгендей түнерген қабағын ашпады. Шерағам айтатын Тәңіртаудың ақ басын қою сұр бұлт торлап, қыздың қос бұрымына теңеген Ақсай мен Көксай лай суға толды. Шақпақтың желі күшейді. Сол Шақпақтың желі Көкемді көк аспанға көтеріп әкеткендей.

Шерағаңның Шақпақ желіне айтқан назы ойыма оралды: «Ай, Шақпақ жел, Шақпақ жел! Кімді ұшырарыңды білмейсің-ау... Арамдардан, әділетсіз хайуандардан тазартсаң еді...». Қанша дүлей жел болсада тазарта алмай келеді. Енді жамандықтан тазартар Көкемнің аузынан шыққан қанатты сөздері, кітаптарындағы кісілік қағидаттары талып сүйген қазақ халқының ұзақ уақыт рухын көтеріп,тәуелсіздігіміздің баянды болуына бастайтыны анық.

Халқынан үнемі аласа көпшілігімізден биік Көкем Алланың қалауымен Көк Тәңіріне көтерілді. Енді топырағы торқа болғыр, қайран Көкем мына өмірдің жақсысы мен жаманын Көк Тәңірінің мамығынан үнсіз шолады. Болмысы бөлек,ақылы зерек, сөзі сауытты бұзар жебенің сайгезіндей, қазақтың ай мүйізді асыл азаматымен 1999 жылдың Парламент сайлауында сенімді өкілі ретінде жанында жүріп, екі ай бірге өткізген күн-түнімді өмірімнің ең бақытты күндеріне балаймын. Ұнатпайтын адамын жамандамайтын кісілікті Кісіні өмірімде тұңғыш рет сол кезде көрдім. Есесіне қимасы болса да ақиқатына келгенде жалындап тұратын отты сөзімен бетінен қайтарып тастайтын қайсар,қайтпас мінезін білдім. Халқының бақыты үшін мансабын да, атақ -даңқын да айырбастай салатын Атпал Азаматты таныдым. Шерхан Көкемнің шекпенін, алмас қылыштай уытты да, отты сөзін, кеудесін ешкімге бастырмайтын өр мінезін,жібектей майда жымиысын, әдемі қалжыңдарын,елжіреп тұратын жүрегі мен елі үшін жанын пида етуге дайын тұлғасын сарғая сағынамыз. Сағынышымыз Қазақстан Халық жазушысы Шерхан Мұртаза дертке шалдыққан күнінен сарғая бастағанын да жасыра алмаймыз. Қайтеміз енді, көкке көтерілген Көкемнің алдынан Алланының нұры шалқысын!

Мақұлбек Рысдәулет, 
ардагер журналист 
Жуалы ауданы

Дархан Мұқанның фейсбук парақшасынан алынған
Әсел Болатқызы

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір