• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 03:44:02
Алматы
+35°

14 Тамыз, 2018 NEWS

Көгілдір экраннан көрінбей кеткен Шапағат қайда жүр?

Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көптен бері көрінбей кеткен Шапағат Орынбаевпен сұхбат құрған болатын

2005-2006 жылдары КВН ойындары ең алғаш көрсетіле бастағанда жұртшылықтың назарына ілігіп, жас буынның көңілінен шығып, үлкен ауқымды жобаға айналған болатын. КВН ойындары сол кездегі біраз жастарға өнер саласына жол ашып берген еді. Шығармашылық жолын ең алғаш дәл сол КВН-нен бастап, бүгінде кино саласына, режиссерлыққа бет бұрған актер Шапағат Орынбаев жас буынға ең алдымен КВН ойыншысы, кейіннен жалпақ жұртқа режиссер, актер әрі әнші болып танылған. «25 теңге», «25 теңге 2», «Өмір-ай», «Зор» және т.б. кинотуындылардың режиссеры, түрлі әлеуметтік, оның ішінде әсіресе жемқорлық мәселесіне қатысты қысқаша танымдық видеороликтердің авторы бүгінде немен айналысып жүр? Qamshy.kz ақпарат агенттігінің тілшісі көптен бері көрінбей кеткен Шапағат Орынбаевпен сұхбат құрған болатын.

– Қайырлы күн, Шапағат мырза! Біраздан бері көгілдір экраннан көрінбей кеттіңіз. Қазір немен айналысып жүрсіз? Халықты қандай жаңалықтармен қуанта аласыз?

– Қайырлы күн! Қазіргі уақытта мен басқа салаға ауысып кетпедім, тек осы 2007 жылдан бері кино әлеміне кіргеннен бері содан қол үзбей келемін. «Көзден таса болып кетті» деген сөздерді жиі еститін болдым. Не үшін? Жалпы, мен кинорежиссер ретінде жұмысымды бастаған кезде көбіне өзім түсетін едім, өзім түсірген киноларда да кейбір эпизодтарын ойнаймын. Содан болар, киноға өзім түспесем, Шапағат кино түсіріп жатқан жоқ деген түсінік қалыптасып қалған. Бүкіл Қазақстан бойынша емес шығар, әрине, дегенмен Шымқаладағы немесе Алматыдағы мені сыртымнан танитын көрермендер солай ойлап қалады. Алайда мен ешқайда кеткен жоқпын, тек киноға түспей қойдым.

2009 жылы режиссерлық постқа отырғаннан бері 14 шақты фильм түсірдім. Арасында елге танылғандарын қысқаша атап өтейін: 2009 жылы «25 теңге» , «25 теңге 2» болғаннан кейін «Өзіміз» деген кино түсірдік, кейін араға уақыт салып «Өмір-ай» деген кино түсірілді Нұржан Керменбаевтың қатысуымен. Сонан соң «Өмір-ай» фильмінен кейін менде, орысша айтқанда, «провальный проект» болды «Шымкентше тонау» деген. Ол фильм менің рұқсатымсыз ютуб желісіне тарап кетті, бітпеген кино еді, бірақ соттасқан жоқпын. Шикі дүние көрерменге таралып кеткен соң біраз сындар айтылды. Одан кейін «Өйткені шымкенттік» деген Жәнібек Шанқараевтың түсірген фильмінде басты рөлді ойнап, көзге бір көріндім. Ол кино кинотеатрға шыққанымен, ютуб желісінде және телеарналардан көрсетілмеді. Сондықтан да болар, халық ол киноны шықпай кетті деп ойлайды, себебі «Өйткені шымкенттік» фильмін «Шымкентше тонау» фильмімен шатастырады. Соның салдарынан қатты-қатты сындар айтылып, күйзеліске түскен жағдайым бар. Кейін өзім екі кеменің басын ұстаған суға кетеді демекші, егер мен тек режиссура мен сценариймен айналысатын болдым, ал киноға өзім түспеймін. Кейін «Hello, ауыл» деген кино түсірдім, ютуб желісінде 2 миллионнан астам көрілім жинаған, телеарналардан көрсетілді. Сонымен бірге «Асыл арнадан» көрсетілген  Жандос Құсайынов бауырымыз түсірген «Көке» фильміне түстім.

Біршама уақыттар өткеннен кейін Серік Таласов есімді режиссермен бірлесіп әлеуметтік желілерде таралған танымдық, тәрбиелік мәні бар, коррупцияға қарсы, халыққа бір ой салатын қысқа метражды фильмдер түсіре бастадық. Сол аралықта біраз уақыт өтіп, мен отбасыммен Алматы қаласына көшіп келдім. 2017 жылы Еркебұлан Молдашов деген інім, «BN» тобының продюсерімен «Зор» деген кино түсірдім, бұл фильм халық арасында біраз таралды. Бұл фильмнен кейін, қазір «Бас продакшн», яғни  НТК телеканалының тапсырысымен «Чужие грехи» атты украиндар сценарийін жазып жатқан телесериалдың түсірілімін жүргізудеміз. Бұл — 70 минуттан тұратын 120 сериялы телесериал. Түсірілім жұмыстары әлі алты айға жүргізіледі. Елімізде бұл алғашқы ең көп сериялы телехикая болмақ. Бұл уақытқа дейін бұған ұқсас сериал түсірілмеген, ең көбі «Айман-Шолпан» атты 100 сериядан тұратын телехикая болды.

– Сізді халық ең бірінші Көңілді тапқырлар клубының (әрі қарай КТК) ойыншысы ретінде таныды. Сол жөнінде әңгіме айтсақ. Бүгінде Жайдарман ойындарын көресіз бе? Бұрынғы қалжың мен қазіргі қалжыңның айырмашылығы, әзілдердің сапасы қандай?

– Қазір жайдарман көремін. Қазіргі КТК мен бұрынғы КТК-ның айырмашылығы: бұрын біз ойнаған кезде әзілдеріміз таза емес еді, біз саясатты да қозғауға мүмкіндік болды, алайда сайқымазақ, жеңіл әзілдермен халықты күлдірдік. Ал әзілдің сапасына келер болсақ, менің ойымша, қазіргі әзілдер КТК структурасына келгенде өте дұрыс. Тек қазір команда көп. Неге бәрі бұрынғы КТК командаларын жақсы дейді? Өйткені осыдан бірнеше жыл бұрын командалар аз еді. Бес-алты команданың бақталастығын көрген көрермен сол кездегі ойынды жақсы деп есептеп, командаларды есте сақтап қалатын. Ал қазір халық жайдарманшы командалар көп болғандықтан барлығын бірдей есте сақтап қала алмайды, тек қана үздіктерді қарап, қалғандарын сапасы төмен командалар деп есептейді. Мен бұл пікірмен келіспеймін. Қазіргі Жайдарманның сапасы жоғары деп санаймын. 

Өзіме келер болсақ, маған «Назар аудар», «Арала-Ас», «Болашақ» командасы, сонымен қатар, өзіміздің Шымкент қаласының бірнеше жайдарманшылары «Шымкент жастар құрамасы», «Арыстың жігіттері» секілді командалардың әзілдері қатты ұнайды. Сонымен бірге алдыңғы буыннан «Өнер қырандары», «Аграрка сарбаздары» мен үшін өте керемет команда. Ал өзімізбен қатар ойнаған «Техас» командасы және басқа бізбен қатар ойнаған командалардың бәрін жақсы көремін.

– Шығармашылық жолын бірге бастаған жігіттермен бүгінде қарым-қатынасыңыз қандай?

– Барлығымен көріскен жерде сәлеміміз түзу, кейбіреулерімен әлі күнге дейін жұмыс істесіп келеміз, кейбіреулерімен дос ретінде араласамыз, өнер жолы біздерді тоғыстырып жатыр. Дегенмен әркім әр салаға кеткеннен кейін дәл бұрынғыдай тығыз байланыста емеспіз.

«Көз тимесін» КВН командасының жігіттерімен әлі күнге дейін жақсы араласамыз, отбасымызбен жақсы қарым-қатынастамыз. Өнерде де, өмірде де достығымыз ажырамады. Марат Достаев қазір актер, киноактер, шоумен, Айбек Байназаров Джексон атымен танылған ол қазір Айба есімді лақап атпен өзі ән жазады, Ерлан Айтпаев – Ералаш ол мемлекеттік жұмысқа кетті, Шымкенттегі Жастар орталығының бастығы болды, Данияр Әлжанов деген жігіт әнші болып кетті, жалпы, өнерден ешқайсысы да алыстап кетпеді. Сонымен қатар, кезінде бірге ойнаған «Техас» КВН командасы бүгінгі «Нысана» театрының жігіттерімен өте жақсы араласамыз, кез келген қуанышта біргеміз.

– Театрға бет бұру ойыңызда жоқ па?

– Шынымды айтсам, жоқ. Мен театр актеры емеспін, жаным киноны сүйеді. Театрлыққа бұрын да келе алмағанмын. Менің табиғатым сценарий жазу, режиссерлық ету және кинода актер болуға арналған деп ойлаймын.

– Жоғарыда атап өткен «Бақытсыздар бағы» телехикаясына толығырақ тоқталсаңыз. Сценарийін кім жазды? Кино не жайында? Қандай белгілі тұлғаларды көре аламыз бұл сериалдан? Актерлық ұжым қалай жасақталды?

Сериал НТК арнасының тапсырысымен «Вузеры», «Айжан» деген сериалдарды түсірген «БасПро» деген продакшнның орындауымен осы сериалға мені Ақылбек Досжан режиссер ретінде шақырды. Жоғарыда айтып өткендей, бұл сериалдың сценарийін украин азаматтары жазған орыс тілінде, 120 сериядан тұрады, бірақ арнайы қазақтың менталитетіне лайықтап жазып жатыр. Орысша атауы «Чужие грехи», эфирге шығатын кезінде атауын өзгертеміз, әзірге «Бақытсыздар бағы» деп қойдық. Дана Кентай атты әншінің «Бақытсыздар бағы» атты әні фильмнің саундтрегі болады. Фильмнің өзі үш-төрт жанұя жайында болмақ. Сол баяғы ауылдан келген қыз, қаладан барған жігіт деген сияқты жаттанды дүниелер бар. Жалпақ тілмен айтқанда, өзіміз жек көріп тұрып, алайда хит болып кететінін іштей сезіп тұрған телехикая. Алайда, шетелдің «Келін», «Қыз ғұмыры» деген сияқты сериалдарға қарағанда сценарийі әлдеқайда мықты деп айта аламын. Негізінен қозғалатын мәселелер байлық, сатқындық, жемқорлық және басқа да өмірлік мәселелер қозғалады. Актерлық құрам – елу пайыз жастар, елу пайыз үлкен және орта жастағы кісілер. Бас продакшнмен келісім бойынша, сериалда ойнайтын елге танылған азаматтардың есімін атай алмаймын. Ал жас буын мен жаңа таланттар өте көп.

– Бұл фильм қашаннан бастап көрерменге жол тартады?

– НТК телеарнасынан көрсетілімі қараша айынан бастап көрсетіледі. Алғашқы сериялары теледидарда көрсетіліп жатса да, біздің түсірілім жұмыстары аяқталмайды. Жоғарыда атап өткенімдей, қаңтар айының соңына дейін түсірілім жұмыстары жалғасады. Ал оның басталғанына бүгін екі ай болды, алғашқы бір ай кастинг, яғни актерлар ұжымын жасақтау әрі түсірілімге дайындық кезеңі болса, кейінгі айда бірден түсірілім жұмыстары басталды.

– Бүгінде қазақ кинолары прокатқа көптеп шығып жатыр. Әрине, қуантарлық жағдай. Алайда оларға қатысты айтылатын сын мен мін әлі де толастар емес. Кино саласында ұзақ уақыттан бері еңбек етіп жүрген режиссер ретінде қазақ киноларына берер бағаңыз немесе айтар сыни пікіріңіз бар ма?

– Айтарлықтай сын бар дей алмаймын, себебі өзім сол сынақтарға түсіп қалатын азаматтардың бірімін. Халықтың сынына түскен кезде арнайы дәлелдермен өзіңді ақтап шыға алмайсың. Енді ғана дамып жатқан ел болғандықтан да халықтан сын естіледі, ол қалыпты жағдай деп ойлаймын. Мысалы, бұрын «Жаралы сезім» атты фильм шыққанда халық оның сапасына қараған жоқ, ол бірден хит болып кетті, ал қазір сапалы дүниелер көп шығып жатыр, бірақ айтылатын сын да көп.

Маған ұнамайтыны – көптеген кинолар орысша шығады. Кинотеатрдан шығатын кез келген коммерциялық фильмдер орыс тілінде түсіріледі. Бұл – толықтай киношниктердің кінәсі емес, оған халықтың да кінәсі бар. Мысалы, өзім талай рет көрдім, кинотеатрға келіп тұрған адамдар пәлен деген қазақша кино десе, «ой қойшы, Трансформерге кірейікші, қазақша фильмді ютубтан көре саламын», - дейді. Яғни, халықтың өзі қазақтың киносына ақша төлеп кіргісі келмейді. Шетелдің киносына ақшасын аямайды да, "қазақтың киносын интернеттен көре саламыз", - дейді. Кейіннен біз кинодан өзімізді ақтай алмағаннан кейін спонсорлар да келесі де көлемді қаражат бөлмейді, ал мұндай жағдай сапаға кері әсерін тигізеді. Дегенмен қазір де мемлекеттің қаржысына түсірілген жақсы, сапалы кинолар шығып жатыр. Дегенмен кино саласында жүргендердің атынан халыққа айтарым өзіміздің киноны қолдамайынша бізде сапа өспейді.

Көрші Өзбек елін мысал ретінде алайық, олар неге бізден кино саласында озып кетті? Оның қысқаша тарихы: мен өз көзіммен олардың заңдарын оқыдым, 90 жылдары Кеңес үкіметі құлдырай бастағанда біздегі көп қазақфильм мамандары Ресейге қашып кетіп қалды. Ал Өзбекстанның марқұм президенті Ислам Каримов «Егер Өзбекстаннан біз тәуелсіздік алғаннан кейін біреу кететін болса, қайтып кіргізілмейді» деген заң шығарды. Ал бүгінде Өзбекстанның медицинасы да, олардың киносы да бізден мықты. Себебі, сол кездегі білікті мамандар өзінің елінде қалып, жастарды тәрбиелей бастады. Ал біздегі доцент, докторлардың барлығы шетелге кетіп қалды. Сонымен қатар Өзбекстанда «Егер Ташкент қаласындағы кинотеатрларда бір айда 3 ұлттық фильмдер көрсетілмесе ол кинотеатр жабылып қалады» деген заң шық.  Міне, қандай мықты заң! Сонда кинотеатрлар өздерінің кәсібі тоқтап қалмас үшін өзбекфильмді өздері қаржыландырып отырды. Аз уақыттың ішінде Өзбек фильмі соншалықты дамып кетті де, тіпті біз өзбектердің фильмін көре бастадық.

Кейіннен Әлия Назарбаева осы кино саласына бет бұрып көмектескелі бері бізде Ақан Сатаевтың, Рашид Сүлейменовтың және басқа да мықты режиссерлардың сапалы дүниелері шыға бастады. Алайда жоғарыда атап өткен Өзбек елінің заңын бізге де ендірсек әлі де кеш емес деп ойлаймын. Ал бұл заң енгізілсе бізге үш-ақ жыл жетеді, халық өзі Қазақфильмге ағылып келе бастайды. Сонан кейін өзара бақталастықпен ішінен сапалы мен сапасыз дүниелер белгілі болады. Біздегі жас режиссерлар да, біздің сценарий де, сапа да Өзбекстанмен салыстырғанда он есе мықты деп айта аламын, тек қолдау аз.

– Енді сіздің жеке өміріңізге қатысты бірер сөз қозғасақ. Отбасылық жағдайыңыз қандай? Қанша бала-шағаңыз бар?

–  Жеке өміріме келер болсақ, мен өте кеш үйленген азаматтардың бірімін, 28 жасымда үйлендім, отау құрғаныма 4 жыл болды, үш жасар ұлым бар. Жақында отбасыммен Алматыға көшіп келдік, екі бөлмелі пәтерді жалға алып тұрамыз, бүгінде ақша жинап жүрмін.

– Болашаққа жоспарларыңыз қандай?

– «Бақытсыздар бағы» телехикаясын аяқтағаннан кейін алда «Моя хайповая махаббат» деп аталатын жоба күтіп тұр. Бүгінгінің ең атақты термині «хайп» туралы коммерциялық бағытта романтикалық, фантастикалық комедия түсірмекпін. Фильм хайпқа жақын қызға ғашық болатын өзіне сенімсіз жігіт жайында болмақ Фантастика бар бұл фильмде. Алғашында басты рөлге Айжан Байзақова немесе Мақпал Исабекова түседі деп ойлағанмын, ал жігіттің рөлі бір персонаждың үш түрлі кейіпке айналуына қатысты Айбек Байназаров, «Назар аудар» КВН командасындағы Ақболат және вайнер Сека ойнайды деген жоспар бар.

– Танымдық қысқа метражды фильмдерді түсіруді қайтадан қолға аласыз ба? Сол видеороликтеріңізді спонсорларға ұсынып көрдіңіз бе?

– Міндетті түрде, бұл жобаны қайтадан қолға алатын боламыз. Жоғарыда атап өткен жобаларымды бір реттеп алғаннан соң бұл іске қайтадан кірісемін. Қазір менде 20-дан астам қысқа метражды фильмдердің сценарийі жазылып тұр. Ал демеуші қатысты айтатын болсам, шыны керек, мен демеушілерге барып әбден шаршаған, аузы күйген адаммын. 

– Бүгінгі жастарға, жалпы қоғамға айтарыңыз бар ма?

– Қоғамға айтарым – қазақ киносын 50-60 жылдан астам тарихы бар Голливудпен салыстырмай, отандық туындыларға қолдау көрсетейік. Кино саласы – да тәуелсіздігін 27 жыл бұрын алған дәл Қазақ елі сияқты жас, енді дамып келе жатқан сала.

– Көп рахмет! Кино саласына қатысты тұщымды сұхбат құрдық деп ойлаймын. Алдағы істеріңіз берекелі болсын!

Шапағат Орынбаев

Nazerke Labihan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір