• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 17:59:41
Алматы
+35°

27 Тамыз, 2018 Ғылым-білім

«Кімде-кім құрбан шалуға шамасы келе тұра оны істемесе, мешітке жақындамасын»

Құрбандық шалып, етін садақа ретінде тарату – құрбандықтың ақшалай құнын беруден абзал.

Құрбан шалу – Алла Тағаланың Жалғыз екендігін, Оның пенделеріне берген мейірім-рахметінің шексіздігін және бабамыз Ибраһим алейхи саләмнің Раббысына мойынсұнғандығын айқын дәлелдейтін Исламның ең ұлы рәсімдерінің бірі. 
Құрбан шалу рәсімі – көптеген игі де сауапты амалдарды біріктірген міндет-әрекет. 
Құрбан шалу – Құрбан айт күні Айт намазы оқылғанан кейін үш күнге ұласатын ташриқ күндерінде жалғыз Алланың разылығы үшін орындалатын ғибадат. Жаратушы Жалғыз Иеміз, Алла Тағала қасиетті Құранда былай дейді: 
1. «Раббың үшін айт намазын оқы және құрбан шал». («Кәусар», 2 аят). 
2. «Біз әрбір үммет үшін, өздеріне берген малдардан, Алланың ғана атын атап, құрбан шалуды бекіттік. Өйткені, Тәңірлерің – бір-ақ Тәңір. Сондықтан, Соған ғана бой ұсыныңдар. (Мұхаммед!) Ықыластыларды қуандыр!». (Хаж сүресі, 34 аят). 
3. «Намазым, құлшылығым, тіршілігім және өлімім бүкіл әлемнің Раббысы болған Алла үшін» – де» («Әнғам», 162 аят).

Құрбандық шалу – ислам ғұламаларының басым бөлігінің келісімі бойынша бекітілген – сүннет және біздің Абу Ханифа мәзхабында – уәжіп. 
Құрбандық ретінде шалынуға бекітілген малдар – түйе, сиыр және қой (ешкі). Жылқы, тауық – құрбандыққа шалынбайды. Құрбандыққа шалынатын мал белгілі жасқа жеткен болуы шарт. Мысалы, түйенің – 5 жасқа, сиырдың – 2 жасқа, қойдың – 6 айға, ешкінің – 1 жасқа жеткені мақұл. 
Құрбандық малының еш кемістігі болмауы тиіс. Алла Тағаланың сүйікті Пайғамбары Мұхаммедтің (с.ә.с.): «(Малдың) төрт түрі құрбандыққа жарамайды: кемістігі айқын – бір көзі жоқ мал, ауруы айқын мал, ақсақтығы айқын мал және жілігінде майы жоқ – өте жүдеу мал». (Сахих, Сахих аль Жәми, 886) – деген.

Әрине, құрбандықты жағдайы жеткен пенде шалады. «Кімде-кім құрбан шалуға шамасы келе тұра оны істемесе, біз құлшылық қылатын орынға (яғни, мешітке) жақындамасын». (Ахмәд, Ибн Мәжәһ). 
Құрбандық шалудағы негізгі қағида – тірі адам өзінің атынан немесе отбасы мүшелерінің атынан құрбандық шалады. Тағы бір ерекшелігі: шалынған құрбан үшін Алла Тағаланың сауабын алушылардың қатарына кез келген тірі және дүниеден бұрын өтіп кеткен адамды қоса алады. 
Шариғат тәртібіне орай марқұм пенденің атынан құрбан шалудың үкімі: тірі адам дүниеден өткен адамның (атасы, анасы, бабасы, ағасы т.б.) атынан өз қалауымен құрбан шалса, бұл – марқұмның атынан садақа болып есептеледі және сауапты, жақсы амалға жатады. 
Асыл Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ә.с.) сүннеті бойынша, отағасы өзі шалған құрбандығы­ның құрамына өз отбасының мүшелерін кіргізіп, оларға да Алла Тағаладан құрбандықтың сауабын сұрағанда, отбасының әрбір мүшелері үшін жеке құрбан шалмаса да болады. Демек: «Аллаһумма! Хәзә әнни уә ән аали бәйти!» деп, яғни, «Е, Алла! Бұл менің және менің отбасымның мүшелерінің атынан!» – деп, дұға қылады. 
Құрбандық шалып, етін садақа ретінде тарату – құрбандықтың ақшалай құнын беруден абзал. Өйткені, құрбандықтың амалы – ең жақсы амалдың қатарынан табылады.

Құрбандық міндетті түрде Айт намазынан кейін және үш ташриқ күндерінде, яғни, 13 зульхижжа­ның күні батқанға дейін сойылуы керек, әйтпесе, ол мал – құрбандық емес, жай садақа саналады. 
Айт намазына дейін және айт намазы уақытында сойылған мал да – құрбандық болып есептелмейді. Ардақты біздің Пайғамбарымыз (с.ә.с.) бұл жайлы: «Кім де кім айт намазына дейін құрбандық шалса, онда қайтадан құрбандық шалсын» (Бухари, Муслим). Али (р.а.): «Құрбан шалу күндері – Адха (құрбан айт) күні (10 зульхижжа) және одан кейін келетін үш күн болып табылады» – деген өсиет қалдырған.

Құрбандықтың етінің үшке бөліп, бір бөлігін – садақа, бір бөлігін – сый ретінде таратуға және бір бөлігін – өзіне жеуге қалдырса дұрысырақ. Құрбандыққа шалынған малдың етін, іш майын, терісін сатуға тыйым салынады. 
Құрбандыққа мал бауыздау рәсімі Құрбан айт намазы оқылғаннан кейін үш күннің ішінде орындалады. Біздің сүйікті Пайғамбарымыз (с.ә.с.): «Бұл күні (Құрбан айт күні) біздің ең әуелгі ісіміз – намаз оқу. Одан кейін (үйлерімізге) қайтып, құрбан шалу. Кім осыны істесе, біздің сүннетімізге сай жол тапқан болады. Кім (Айт намазынан) бұрын құрбандық шалса, бұл бар болғаны бала-шағасына берген ет, құрбандыққа қатысы жоқ» дейді. 
Құрбандық дұғасы мынадай: «Алла һума инни уажжаһту уажһи лилази фатириссамауати уал арзи, уама әнә минәл мүририкин. Аллаһу әкбар! Аллаһу әкбар! Лә иләһа илләл-лоһу, уол-лоһу әкбар. Аллоһу әкбар, уа лилләһил – хәмді!». Осы тәкбірден соң: «Бисмилләһи, Аллоһу әкбар!» – деп, малды өткір пышақпен бауыздайды. 
Ораза айттан кейін 70 күннен соң басталып, 3 күнге созылатын мұсылмандардың ең қасиетті мерекесі Құрбан айт күні ерте тұрып, толық ғұсыл алып, таза киімдер киіп, хош иісті әтір сеуіп, көшеде жолыққан адамға ашық жүзбен амандасу, өзі шалатын құрбандық етімен ауыз ашу үшін намаздың алдында ештеңе жемей, намазға бара жатқанда тәкбір айту – хазіреті Мұхаммед (с.ә.с.) Пайғамбарымыздың сүннеті. 
Қасиетті Құран Кәрім бойынша, Құрбан айт мейрамы мен оның шежіресі адамзаттың атасы Адам (ғ.с.) мен дәстүрлі діндердің түп атасы Ибраһиммен (ғ.с.) және оның ұлы Исмайыл (ғ.с.) пайғамбарлардың тағдырымен тығыз байланыс­ты. Құрбан айттың қасиетті күндері Меккеге қажылықпен аяқталады. 
Алла Тағаланың әмірі мен пайғамбарлар сүннетін орындау – Жаратушы Иеміздің ризашылығына жақындатып, ақырет күнінде рақымды Раббымыздың сауабына, сый-сияпатына кенелтеді.

Қажымұқан Ғабдолла

 
Zhazira Baidaly

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір