• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 16:31:51
Алматы
+35°

ДИМАШ - бұл ерекше бір құбылыс

Лондонда жеке концертін өткізген Димашқа Британ елінің халқы ерекше құрмет жасады. Тіпті «сұмдық» құрмет жасады десек те болады. Жаратқан жар болсын Қазақтың осы баласына! Кезінде қазақ жұртын атышулы "Боратқа" теңеп, мысқылдағандардың ұрпақтары мен жұрты Димашқа қалай табынып кеткенін өздері білмей де қалды. Оларды Димашқа табындырған қазақ баласының бойындағы таза қасиеті, болмысы, саф алтындай өнері, мінезі мен табиғаты. Бұл жерде қазақ баласының мәдениеті мен салт-дәстүріне негізділген сәлемі, шынайылығы әлдеқайда көзге басылып, шетелдік жұрттың мысын басып отырды. Димаш оң қолын кеудесіне қойып, қазақы дәстүрмен, қазақ баласына тән әдеппен, шын пейілмен ағылшын жұртына сәлем беріп жатты. Ешбірінің көңілін қалдырмай, жеке жеке суреттерге де түсіп жатты. Мұның барлығы кеңпейілдік пен тазалықтың белгісі.

Кезінде жаугершілік замандарда қазақ пен жоңғардың қақтығысы кезінде Абылай хан жоңғардың қақпанына түсіп, қонтайшы Қалдан Цереннің алдында тұрғанда, қонтайшы оған «Неге сәлем салмайсың?» дегенде, «Кісендеулі қолымды шеш, қазақы дәстүрді сақтап, саған сәлем беремін!» деп тік қарап тұрды. Қолын шешкеннен соң ғана Абылай қонтайшыға оң қолын кеудесіне қойып, сәлем берген. Менің көзіме сол сәт елестеді.

 Қазақ баласы осы болмысымен кезінде қазақ ұлтына тіл тигізген тексіздерді өнерімен де, қазақы болмысымен де, әдебімен де, мінезімен де өзіне табындырды. Дәл сол сөздерді айтып мысқылдағандар өз жұртының Димаштың өнеріне табынып жатқанын көріп қандай күйде болды екен!? Оны өздерінің ары мен намысына тапсырдық. Димаш Қазақ деген ұлттың ұлдарының қандай болатынын көрсетті. Өзіңіз ойлаңыз, адам баласының бойында тазалық пен шынайылық болмаса, оның бойына өнер де қонбайды, жиналған жұртты өзіне тарта да алмайды. Адам бойындағы тазалық қана адамның адами қасиетін ашып, өзін биікке көтереді. Адамдық биік деген де осы. Бұл жерде Димашты үлгі ете отырып, біздің қазақтың ұл-қыздарының кешегі өткен текті бабалары мен аналарының жолын қуып, әдебі мен ибасын, салты мен дәстүрін үлгі етіп, тілі мен жерінің тағдырына немқұрайлы қарамайтын, Қазақ деген елдің болашағына, өнері мен мәдениетіне, ғылымы мен біліміне үлес қосар ұрпақты тәрбиелеуге болады. Дәл қазіргі рухани тоқырап тұрған уақытта біздің қазақтың ұл-қыздарын өзіміздің салт-дәстүрімізге негізделген рухани құндылықтар ғана даңғыл жолға алып шығады. Одан басқа жолды мен көріп тұрғаным жоқ. Менің ойымша, Димаш бекерге осылай жасап жүрген жоқ, ол өзінің әрекетімен кейінгілердің бәріне үлгі көрсетіп жүр. Ол өзінен кейінгі болсын, алдыңғы болсын, қазақтың жастарына қазақ баласы осындай болуы керек екенін ұғындырып жатыр. Қазақтың жастарының үлгі тұтар эталоны болып жатыр. «Бұл мақтау емес, бұл қазақы болмысты жастар мен қаракөздерге үлгі болсын» деген бағалау ғана. Мақтап-мақтап болдық қой, мақтаудан біз тоқырадық. Енді бағалауды үйренейік. Димаштың тұлғасына қарап айтқан менің жеке ойым осы. Осының алдында Димаштың Ресейде болып, онда мерекелік шараларға қатысқанын, ресейлік әншілермен кездескенін қазақтардың көпшілігі құп көрмегенін өздеріңіз де біліп отырсыздар. Ресейдің дәл қазіргі уақытта өнерін де, саясатын да дүниенің жұрты қош көрмейтіні анық. Мейлі, бұл жерге саясаттың сұрқия тірлігін тықпаламай-ақ қоялық. Мен ойлаймын, Димаштың өзін Гималайдың шыңынан көрсетер орны дәл осындай өркениетті Еуропа елдері болуы керек. Мұны менен алдын да айтатын ойлы азаматтар айтып кетті. Америка мен Еуропа құрлықтары дәл қазіргі уақытта Димаштың қарымды қабілетін, өнерінің биіктігін мойындап отыр. Осындай абырой тұрғанда ресейліктердің мойындағаны керек те емес. Осындай ұлды тәрбиелеген ата-анаға мың алғыс! Димаштай ұлдарды Тәңірім қазаққа көптеп келтіре берсін! Жолы ақ болсын! Бабалар әруағы жар болсын саған, Димаш!

Бекболат Қаржанның фейсбук парақшасынан

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір