• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

29 Наурыз, 14:41:50
Алматы
+35°

18 Наурыз, 2019 Әдебиет

Кеталардың тағдыры қандай қатал, уылдырық шашқан соң өлу керек!

Өзі өлген соң денесін шортан жесін, Мұнда оның инедей шаруасы жоқ...

Өріс ашқан сан кеме, сан қайыққа
Біздің сонау айтолқын Ақжайықта
Кета деген балық бар.

Уылдырық шашар кезде сол балық.
Қос жанары тұмандана толғанып,
Пәленбай күн жол жүріп,
Әбден шаршап болдырып,
Құлшына, жанып іштен,
Жан жүйесін сыздатқан сағынышпен
Ұрпағына сенімді орын тапқанша,
Ешқайда қайырылмастан,
Бастапқы бағытынан айырылмастан,
Көзінде тек аналық арман ойнап,
Жүзеді екен үмітін алға байлап.

Ол анық сезінеді:
Табиғаттың тамаша кезеңінде
Сонау іңкәр Ақжайық өзенінде
Жылдағыдай секіріп ойнамайтынын,
Жем іздеп шарламайтынын,
Жанарында жаз көркі жайнамайтынын,
Тереңге тепсіне бойламайтынын.

Амал қайсы, бәрін де көру керек,
Ұрпағы үшін оған да көну керек,
Кеталардың тағдыры қандай қатал,
Уылдырық шашқан соң өлу керек!

Бұл балық шынында да дара батыр,
Әне, оған жақын тұр заман ақыр.
Соның бәрін біледі ол,
Біле тұра,
Уылдырық шашуға бара жатыр.

Қалса бопты ұрпағы жалғасы боп,
Жалғасы боп, тірліктің арнасы боп.
Өзі өлген соң денесін шортан жесін,
Мұнда оның инедей шаруасы жоқ...

Әттең, шіркін, мүсінші болсам-ау мен,
Ұзақ түн кірпік ілмей толғанар ем.
Ұрпағы үшін жүрегі жырлап өткен,
Ұрпағы үшін өмірін құрбан еткен
Осындай алыптарға
Ғажайып бір ескерткіш орнатар ем...

Өмір мынау – толған дау, толған егес,
Ұрпақ жоқта тарланың тарлан емес,
Арманың арман емес.
Өйткені, ұрпақ тағдырынан маңызды
Бізге дейін ештеңе болған емес,
Және бізден кейін де болмақ емес!!!

Мұхтар Шаханов

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір