• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

23 Сәуір, 14:38:35
Алматы
+35°

02 Ақпан, 2019 Дін

"Кешірші мені, Алла": Өзін жарып жіберетін содырлар өлер алдында не ойлайды?

Былтырғы жылдың қарашасында Грозный қаласында жас әйел өз-өзін жарып жіберді.

Былтырғы жылдың қарашасында Грозный қаласында жас әйел өз-өзін жарып жіберді. Кейін терактіні 25 жастағы Адыген Карина есімді жергілікті тұрғын жасағаны анықталды. Ол өлер алдында "Кешірші мені, Алла" деп хат қалдырған. 

Террористердің мақсаты әртүрлі болады. Кейбірі ақша мен билікті ойлап террорлық іс-әрекетке барса, енді бірі жай ғана басқа адамдарды қорлап, қорқытудан ләззат алады.

Экстремистік ұйымның басшылары рухани байлық туралы айтып, сенім мен діннің атын жамылу арқылы өздерінің арам пиғылын іске асырып жатыр. Бұл белгілі дүние. Сондай-ақ, олар өз мақсатына жету үшін рухани құндылыққа зәру, психологиялық трғыдан әлсіз адамдарды пайдаланады. Жанкешті, яғни өз өмірін құрбан етіп басқалардың өміріне де зиянын тигізіп кететін адамдар психологиялық түрде өте әлсіз. Олар дінге қатты берілгендіктен немесе жұмақты аңсағандықтан өз-өзін жарып жіберуге әрекет жасамайды. Бәлки, олар өмірдегі жанашырларынан айырылып, қолдау таба алмағаннан, ауыр депрессияға түскендіктен басқа ағымның жетегінен еріп, жанкешті атанады. 

Олардың негізге мақсаты - мына өмірдегі сынақтардан, қиындықтардан құтылу. Бұл да бір суицидтің бір түрі. Алайда бір ерекшелігі, жанкешті террористер арғы дүниені ойлайды, ал суицид жасайтындар бұл өмірдегі қиындықтарды ғана ойлайды. 

Яғни, өз-өзін өлтіретін террористер өмірлік қиындықтардың себебінен өзіне қол жұмсаса тозақтық болатынын біледі. Сол себепті өмірлік қиындықтардан құтылып, жұмаққа барудың бір ғана жолы - терроризм деп түсінеді. Бұл ойдың жайдан-жай келмейтіні белгілі. Жанкешті терористерді ұйым басшылары ұзақ уақыт дайындайды. Оларға өлім, жұмақ, жиһад туралы ғана уағыз айтады. Ал өмірден түңіліп жүрген адам жұмақ туралы естісе қандай күйде, қандай ойда болады деп ойлайсыз? Әрине ол "шейхсымақтардың" айтқан жұмағын аңсайды, армандайды. Қазіргі уақытта "жұмақтық боламын" деп шаһид болғандардың дені жастар екені белгілі болды. 

Жат ағымға ерген жастардың көбеюіне байланысты chechnyatoday.com сайты терроризмге қарсы жұмыстарды іске асырып жүрген Ресейдегі заңгерлер ассоциациясының мүшесі Шамил Эльмурзаевпен сұхбаттасты. Аталмыш сұхбатты Qamshy.kz ақпарат агенттігі оқырман назарына ұсынады. 

— Суицид жасаушылар мен жанкешті террористердің ұқсастығы қандай?

— Бұл екі топқа жататын адамдар ауыр күйзеліске ұшыраған. Мұндай адамдар іштей стресске ұшырап, қиналғанын кімге айтарын білмей басы қатады. Олардың бірі не үшін депрессияға түскенін біледі, енді бірі не болып жатқанын мүлдем түсінбейді. Бірақ уақыт өте келе олардың ішіндегі қайнап жатқан сезімдер сыртқа шығады. Ерте ме, кеш пе, олар ішкі күйзелісін өз еркімен сыртқа шығарады. Ендігі сұрақ депрессияға түскен адамдар күйзеліс пен стресті қалай шығарады? Бұның да әртүрлі жолы бар. Бірі есірткі заттарға құмартса, енді бірі "қиындықтан құтқарамын" деген танымайтын адамдардың айтқанына сеніп, айдағанына көнуі мүмкін. Біздің қоғамның басты мәселесі - адамдар ішкі күйзелісті сыртқа қалай шығару керектігін білмейді. Көпшіліктің қиындықтың үстіне қиындық жамап алатыны да сондықтан. 

—"Шаһид боламын" дейтін әйелдердің еркектерден айырмашылығы қандай?

Әйелдер көбінесе ер адамдардың айтқанына көнеді. Егер күйеуі жат ағымның жетегінде кетсе, әйел адам жай ғана өз жұбайының соңынан ереді. Мұндай әйелдер діни сенім, уағыз дегендерге де аса назар аудармауы мүмкін. Олардың басты мақсаты күйеуінің айтқанын орындау болады. 

—"Шаһид боламын" дейтін адамның өлер алдындағы ойы қандай болады?

Өзінің өмірін қиып, теракт жасағысы келген адам барлығынан құтылсам деп ойлайды. Тіпті кейбірі жат ағымға еріп, алданғанын, бұрыс жолда келе жатқанын білсе де қайтар жол жоқ деп түсінеді. Өзі армандаған ортаның жер бетіндегі тозақ екенін білген соң "бұдан құтылатын бір ғана жол бар, бұл - өлім" деп, өз-өзін жарып жібереді.

—Олардың сенімін, ойын өзгертуге бола ма?

Жанкештіні тек отбасы, туған туысы ғана құтқара алады. Отбасы жақсы қолдау көрсетіп, оның ішкі қайғысын бөлісіп, асықпай тыңдап ойының өзгеруіне ықпал жасай алады. Мұсылмандар қиындыққа кезіккен кезде түрлі реакция таныта бастайды. Сенімі мықтылар сабыр етіп, Аллаға мойынұсынады, ал иманы әлсіздер жұмақ пен өлім туралы ойлай бастады. Сондай-ақ, теракт жасайтындардың барлығының дерлік діни сауаты төмен. Мұсылмандар жұмаққа жету үшін жақсы амалдар жасауға тырысады, ал жанкешті террористер жұмаққа баратын жеңіл жолды іздейді. Бірақ бір өкініштісі, белгіленген шектен асып, қолына қару алған террористі ойынан айныту мүмкін емес. Себебі, оның санасы түгел уланған және ол өзінің не істеп жатқанын білмейді, ақылға салмайды. Олар тек эмоциямен ғана теракт жасап, өз-өздерін өлтіреді. Сол себепті отбасы мүшелері дінге қызығушылығы артқан ұлын немесе қызын бақылауда ұстауы қажет. Бірақ оларды да тыңдай білген жөн. Бұл мәселеге ашу-ыза, эмоциямен емес, ақылмен қараған дұрыс.

Аударған: Әсел Болатқызы

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір