20 Қыркүйек, 2018 Әдебиет
Кешірім
Тағдырыңның жапқаныңша есігін, Өкпелеуден тұрмау керек шешімің.
Тағдырыңның жапқаныңша есігін,
Өкпелеуден тұрмау керек шешімің.
Айналаңа өту үшін тік қарап,
Бұл өмірде керек екен кешірім.
Кейде біреу тыжырайтып шекесін,
Әжуалап айтса-дағы кекесін.
Кешір оны,шамырқанба,шапшыма,
Сонда ғана мұратыңа жетесің.
Кешірім ет аяғыңнан шалғанда,
Жылы қара жұмбағы көп жалғанға.
Өзің кейде жасай қалсаң қателік,
"КЕШІРІМ"-деген сөзді айтуға арланба.
Талай пенде кектескеннен сорлаған,
Өшпендік пен өз тағдырын торлаған,
Мың кешірім сұрап тұрып,Тәңірден,
Сен біреуді кешірмесең сол жаман.
Өткен күннің сабыры екен-КЕШІРІМ,
Келер күннің рахымы екен-КЕШІРІМ.
Кешірімнің синонимі екен ғой,
Төрт әріпті"АДАМ"деген есімің.
Аманжол Әлтай
Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.
Пікір қалдыру
пікір