• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

18 Сәуір, 18:18:23
Алматы
+35°

10 Сәуір, 2018 Сұхбат

Кентау Назарбек: Біз үшін ұлттан қымбат, ұрпақтан қымбат ештеңе жоқ (видео)

Өнер дегеннің өзі жалғыздық. Әдемі жалғыздық. Өзіңмен үндесу арқылы шығады ғой барлығы

– Ұстанымыңыз қандай?

– Менің басты ұстанымым  қазаққа қызмет ету. Өнер адамы, композитор болғандықтан, ұлттық болмысқа сай дүниелер жазу және жазғаныңа сай өмір сүру.

– Кез-келген шығармашылық адамы үлкен дүние жазуды арман етеді. Сіз сол шағармашылықтағы үлкен дүниеңізді жаза алдыңыз ба? Әлде болашақтың еншісінде ме?

– Дүниенің өзі арманнан жаратылған ғой. Бір арманыңа жетсең екінші арман қол бұлғайды. Мен бала кезімнен ата-ана деген егіз ұғымға арнап тұтас бір бүтін дүние жазсам деп ойладым. Оның дәлелі «Бір бәйтерек, бір шынар» әнім. Алғаш осыған ән жаздым. Әпкем Бақыт Назарбекова сөзін жазды. Сөйтіп бала арманым ән болып халықтың жүрегіне жол тартты. Бұл ән менің төлқұжатым іспеттес, бала арманымның жетістігі. Және алдағы уақытта да үлкен дүниелер жазсам деп армандаймын.

– Жаңа әпкем осы әнімнің сөзін жазды деп жатырсыз. Демек отбасыңыз да өнерден құралақан емес болғаны ғой…

– Өнерге жақын емес жан жоқ шығар. Барлығы тектен келеді ғой. Атам Назарбек домбыра тартқан екен. Әкем де әжептәуір домбырашы. Анам ауыл арасында танымал әнші. Әпкем де өлең жазды, әңгіме жазды. Менің алғашқы ұстазым да сол әпкем. Екінші ықпал еткен дүние менің Абай, Мұхтар, Шәкәрім туған ұлылар топырағында дүниеге келуім болса керек.

– Сіздің әндеріңізді тыңдаймыз, өзіңіз телеарна, радиолардан сирек шығасыз. Жалпы сіздің ортадан оқшаулануыңыздың сыры неде?

– Жөн-жосықсыз жылтыңдап, танымалдылыққа ессіз ұмтылу менің болмысымда жоқ. Елге шама-шарқымша қызмет етіп жатқаннан кейін, елдің мұң-мұқтажын жазу, өнеріммен осыған бір үн қатып, үлес қосу менің міндетім. Ал, ақпарат құралдары шақырып жатса баруға тырысам. Бұл бір жағынан маған да қатысты емес шығар.  Әртүрлі деңгейде хабарлар өтеді.  Шоу бағдарламаларға қатысқам жоқ.

– Бірінші ән туып соған лайық сөз іздейсіз бе, жоқ ақындардың өлеңін оқып соған ән өзі оралады ма?

– Көбінесе мен сөзге жазам. Әр ақынның болмысына бойлай отырып ән жазам. Ақындардың табиғаты бір-біріне ұқсамайды, соған сай әндерім де бір-біріне ұқсамай бітімі бөлек дүние болып туып жатады. Абай атамызға өз стилінде, Шәкәрім атамызға өз стилінде, Мұқағалиға өз стилінде келіп тереңіне бойлағанда ғана шынайы шығарма туады деп есептеймін. Ал композитордың өз стилі барлық шығармасынан көрініс табады. Бір ата-ананың он баласы болса соның әрқайсысында ата-ананың жеке қасиеттері, мінездерінің бір бөлшектері көрінеді ғой. Композиторларда да солай…

– Өмірді үлкен көш десек кешегімен бүгінді жалғастырушы сіз бір алтын көпірсіз. Кімдерден ұстаз тұтып бастау алдыңыз, кімдерге ұстаздық етіп жалғасасыз?

– Дұрыс айтасыз. Бастау өткеннен алынады. Өткенсіз бүгін жоқ, бүгінсіз ертең жоқ деген сияқты. Кешегі Ақан сері, Біржан сал, Естай, кейінгі Абай мектебі одан бері өзімнің ұстазым Теміржан Базарбаев, Қазақ вальсінің каролі Шәмші ағамыз, Ескендір, Әсет ағаларымыз, Бекен Жамақаев ағаларымыз. Міне, «болмасаң да ұқсап бақ» дейді ғой. Біз осы кісілерге еліктеп өстік. Бұлардың стилі әртүрлі болғанмен барлығы ұлттық болмысқа сай қазақи дүниелер жазды. Алдымыздағы құбыла осы ағаларымыз болды. Ағаларымның жолымен жүріп келемін. Ардан аттап ақша үшін басқалардың қаңсығын көшірме жасаған жерім жоқ. Бүгінгі әндердің болмысынан шошимын. Ұлттық нақыш, ұлттық бояу атымен жоқ. Көбі жан-жақтан кеп жатқан жалаң көшірме. Жастарымыздың санасын улап жатыр. Бұл дүниелерге бір тиым болуы керек қой. Қазақ өнерінің оның ішінде әннің осыншалық құлдыраған кезеңі болмаған шығар. Бізде сахна мәдениеті мүлдем жоқ. Әншілеріміз фонограммамен концерт береді. Ал, ақшаға билет сатып алған халық жанды дауыста ән тыңдауға құқылы ғой. Әрбірден соң бұл халықты алдап, ақымақ ету.  Көрші Өзбектердің өзі сахна мәдениеті туралы заң қабылдады. Бізге де осы дүние ауадай қажет.  Ең сұмдығы әншілеріміз бір күнде 8-9 ән жазамыз деп эфирден мақтанып жатыр. Бұл өнерге деген жауапкершіліктің төмендеп кеткендігі.  Егер фонограммаға тиым салынса шын жұлдыздар жарқырар еді. 

– Қазір әншілер әнді тойға арнап жазып жатқан сияқты. Осы той біздің өнерді өшіріп жатыр ма, өсіріп жатыр ма?

– Қазақ тойшыл халық қой. Бар жинағанын тойға шашатын елміз. Меніңше той деген тәрбие құралы болу керек. Себебі халықтың жиналатын, үйренетін жері той. Ұлттық ерекшелігімен тойланса.

Қазір халық ән айтудан қалып барады. Тойға барса асабалар  оған мүмкіндік бермейді.  Тойды түзеуіміз керек. Той тәрбие көзіне айналуға тиіс. Арнайы тойға ән жаздым деп айта алмаймын. Жүрегімді не тербейді мен соны жазып келем.

Ал, бүгінгі орындауға келер болсақ, меніңше нағыз әнші ән айтқанда өзін ұмыту керек. Себебі ол халыққа жүрегімен жеткізсем деп әннің ішіне еніп өзі де сол әнге айналып кетеді. Ал, бүгінгі фонограммамен  басқа елдің қаңсығын көшіріп ән айтып жүргендерге қарасаң секіріп билейді, өз-өзін сипалап, шашын жайып неше түрлі қылық көрсетеді. Қарап отырып қайран қаласың…

Қазір әндерді тыңдап отырсаң толған ұрлық, кірме әндер. Осы қоғамдағы бейжайлықты пайдаланып біраз пысық адамдар әртүрлі бағыттағы әндерді әкеп кіргізді.  Біреу ұйғырдан, біреу қырғыздан, қытайды, латын американы, сербияны, армиянды әкеп жатыр. Бұлардың ойлағандары ұлттық мүдде емес, коммерциялық мүдде. Қалтамды толтырсам, жағдайымды жасасам деген әңгіме. Олар әрине қалтасын толтырып жатқан шығар бірақ біздегі жас буынның басқаша тәрбиеленуіне, ұлттық сананың қалыптасуына кері әсер еткені сөзсіз. Дінге әртүрлі секталар кіргені сияқты, әнге де басқа ағымдар келіп жатыр. Осылай кете беретін болса ертеңгі жас ұрпақ «Чип-чип», «Аспанға қараймын, жұлдызды санаймын» деген сияқты әндерді халық әні деп қабылдауы мүмкін ғой. Той деңгейінен ой деңгейіне өтуіміз керек…

Есті әндердің барар жер, басар тауы Ұлттық арна, Қазақ радиолары. Мұның барлығы рейтинг үшін емес, ұлт үшін қызмет етуі керек.  Себебі, біз үшін ұлттан қымбат, оны сақтайтын ұрпақтан қымбат дүние жоқ.

– Қазақ елі де әлемнің бір бөлшегі. Сондықтан да әлемде болып жатқан өзгерістер, өнердегі дамулар қазаққа әсер етпей қоймайды. Бұл тұрғыдан көзқарасыңыз қалай?

– Жақсы. Әлемнен ажырамауымыз керек. Ол заңдылық. Мәселе әлемдегі жаңалықтарды қалай қабылдауымызда. Мысалы Абай атамыз, Шәкәрім атамызға қараңызшы. Еуропаның классикалық ән үлгісін қалай қазақыландырды. «Көзімнің қарасы», «Айттым, сәлем, Қаламқас» ғажайып дүние ғой. Шәкәрім бабамыз шығыспен үндесіп қазақы дүние жасады. Бұл бізге теңдесіз үлгі. Шәмші ағамыз «Қазақ вальсінің кароліне» айналды. Оған дейін мұндай ән болмады ғой. Еуропадан ала отырып таза көшірмей қазақи бір әлем жасап кетті. Соның бәрін өзінің жүрегінен өткізді. Ұлттық бояу енгізіп барып қабылдады. Ондай әндер мәңгілік. Ал, бүгінгілер тікелей көшірме жасап жатыр. Түптің-түбінде осының ақ-қарасын айыратын ұрпақ келер деп ойлаймын.

– Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген тулайды қайшылықта дейді Мұқағали ағамыз. Сіздің осы қоғамда болып жатқан қайшылықтарға үн қосқан әндеріңіз бар ма?

– Қазақтың жікшілдікке, рушылдыққа бөлінгеніне қарап қатты налыған шақта «Мен қазақпын» әні өмірге келді. Бар қазақты бірлікке, тұтастыққа шақырдым. Ұлттық тұлғаларды бөліп-жармай тануға, насихаттауға үндедім. Біз бір кездері өкінішке орай елдік деңгейдегі бабаларымызды рулық деңгейге түсіріп алдық. Қолында билігі бар ағаларымыз ауылдық деңгейдегі бабаларын республикалық деңгейге көтерді, көшеге аттарын берді. «Қолыңда барда, қонышыңнан бас» деген көзқараста болды. Бұл руханиятымызды құлдыратты.

Тағы бір «Құралайым» деген ән жаздым. Біздің қазақ ағайындар өзі қазақ бола тұра балаларына басқа ұлттың аттарын қоя бастады. Бұл бүгінге дейін қоғамдағы үлкен дертке айналып келеді. Сол жаныма батып 15 қазақ қызының аты бар «Құралайым» әні өмірге келді. Біз қазақтың тілі бай дейміз ал, ат таппай жүрген ағайынның түрі анау. Баланың есімі тағдырына әсер етеді деп бүгін ғылым дәлелдеп жатыр. Оны бабаларымыз о баста білген. Есіңді түзеу, есіміңді түзеуден басталса керек.

Осы жақында ғана ақын Аян Мейраш бауырымның сөзіне  «Қайда кетіп барасың?!» деген ән жаздым. Мақсат бүгінгі қазақ қыздарына ой салу. Шынында да біз қайда кетіп барамыз… Кеше 50 мың теңгеге түнгі клубта қазақ қызы шешініп жатыр. Сұмдық қой… Қыз бетімен кетсе ұлттың құрығаны. Қыз тәрбиесін уысымыздан шығарып алдық. Жүрегім ауырады…

– Халқымыз талай ауыр кезеңдерді басынан өткерді. Қаншама ұлттық дүниемізден айырылып қалдық. Сол жоғалтқан дүниелерімізді түгендей алдық па?

– Насихат аз. Кешегі Алаштықтарды ұрпаққа дәріптеуіміз керек. Жастардың санасына шынайы жеткізілсе ұрпақ оянады деп ойлаймын. Өйткені қазақтың тегі өте мықты халық. Жастар ақылды ғой тез қабылдайды. Тек соларға тиімді жеткізудің формасын табу керек сияқты. Қазақтың бірлігін насихаттау керек. Жүз-жүзге бөлмей қазаққа қызмет еткен тұлғаларды әр қазақ мақтан тұтуы керек. Бүгінгі елім-жерім деп жүрген тұлғалар сол сөздеріне лайық болып жүрсе екен деп армандаймын. Өкініштісі сол көп жағдайда бүгінгі зиялы қауымның сөзі мен ісі сәйкес келмей жатады. 

– Әнмен ұрпақты тәрбиелей аламыз ба?

– Біз қанша жыл орыстың отары болып келдік. Сонда біздің ұлттығымызды сақтап, ұрпақты өсірген дүние ән болды. Бір ғана мысал: он қазақ бір орыс келсе шүлдірлеп орысша сөйлей жөнелеміз. Сол әдет әлі қалмады.  Ал, ән айтылып жатқанда кім кірсе де ол үзілмейді. Аяғына дейін орындалады.  Мысалы Шәмші ағамыздың «Менің Қазақстаным» әні бес облысты  орысқа өтіп кетуден сақтап қалды. Халықтың рухын оятып, бірлікке шақыра білді. Империяға сес болды. Әнге қалай болса солай қарауға болмайды. Ән – халықтың рухы. Адам туғанда сөйлеп тумайды, әндетіп туады. Ұстазым Теміржан Базарбаев марқұм айтатын:

Әнмен адамды емдеуге болады, әнмен адамды жындандыруға болады, әнмен адамды өлтіруге болады.  Қазір біз жындандыру деңгейінде жүрміз. Құдай одан сақтасын.

Әнді жай ғана насихаттап емес, оны жетесіне жеткізіп орындау керек.  Мысалы: Жүсекеңдер Шәкен Айманов ағамыз отырған жерде  «Жиырма бесті»  айтпаңдар дейді екен. Әр әнші өзіне келетін ән таба білу керек. Қараңызшы, Ерлан Рысқалиға «Молдабай» ғаламат келеді.  Әйтпесе қазір тыңдай қалсаң  дауысы келеді, келмейді дәстүрлі әндерді беріп жатады… Бұл өнерге деген қызығушылықты жоғалтады.

– Жалпы адамның өзін-өзі табуы өте қиын дүние дейді. Сіз өзіңізді тапқан адамсыз ба?

– Ән жазғанда бәрін ұмытам. Осы әндеріме сүйеніп қиындықтарға да мойымай келемін. Соған қарағанда өзімді тапқан адаммын деп ойлаймын.

– Мұны айтқан себебім көркемсуретте оқыпсыз?

– Ия, белгілі бір себептермен өнерге кеткелі тұрған жерімнен көркемсуретке кетіп қалдым. Ал, ән мен сурет бір-бірімен өте тығыз байланысты дүниелер. Қайта екеуі бір-бірін толықтырған сияқты.

– Түрлі қызметтерде басшылықта да болдыңыз? Шығармашылығыңызға бөгет болмады ма?

– Мен ешқашан шығармашылығымды екінші орынға қойған емеспін. Бәрі адамның өзіне байланысты деп есептеймін. 2013 жылы Астанаға қоныс аудардым. Содан бері үш ән кешімді өткіздім. Кейде ойлаймын Астанаға ертерек келгенімде  қазір бәрі басқадай болар ма еді деп. Мен осы уақытқа дейін  танылу жағынан  ғана тапшылық көріп келдім. Жазған жақсы дүниеңді ұқпай кейбір өнерде жүрген жандар қиянат жасап жатады. Менің өмірде кешірмейтін ісім сатқындық! Жаныңда жүріп жауыңа айналу қандай аянышты. Менен жақсылық көріп кейіннен бәрін ұмытып кете барған бауырларым да жүр арамызда. Аман болсын! Кейбірінің талантты бола тұра соншалық  ұсақтықтарына таң қалам… Бүгінгі қоғамдағы тағы бір үлкен дерт «сөзге еру». Бір адаммен жақсы араласып жүрсең біреу келіп әлгінің құлағына сыбырласа соның соңынан ілесіп өзіңнен де ақ-қарасын сұрамай «пшылдап» кете барады.  Апыр-ай дейсің… Бетіңе айтып өлтірсе арман жоқ қой.  Сондай кездерде  отаршылықтың езгісінде жүріп ұлт мүддесі жолында бір-бірін сатпаған арыстарды ойлайсың….

Мұқағалидың 30-дан астам өлеңіне, Абай, Шәкәрім аталарымызға, кейінгі Қадір, Фариза, Несіпбек ағаларымызға  қанша дүние жаздым. Бірақ еңбекті бағалап отырған қоғамды көрмедім. Сенің есті дүниеңді менсінбей есірік әндерге жүгірген «жұлдыздарды» көріп қайран қаласың. Халықта қандай кінә әндерім кең тарады, «Кентау балам» деп батасын беріп, бағалап жатады. Ал, қалталы азаматтар дастархан басында мақтаудан аспайды бүгін.  Мен ешкімнен артық дүние сұраған емеспін тек қаншама үлкен дүнием әлі жарыққа шықпай жатыр, соларды  жарыққа шығарсам деген арман ғана… Шүкір, жарым түсініп, отбасым қолдап келеді. Бірақ қоғамның осыншалық марғаулығына, есті құлақтың азайғанына қынжылам…  Бірде қыран деп ілескен ағамның, қырғи екеніне көзім жетіп безініп кеткенім бар.

– Бойдағы барыңызды халқыңызға бере алдыңыз ба?

– Шығармашылық тұрғыда халқыма берерім әлі көп. Өнер деген – шексіздік қой. Ойлау мен сезіну барда өнер мәңгі жасамақ. Қазақтың қазақ боп сақталып қалуына әлі де қызмет етсем деймін.

Елдік деңгейдегі екі толғауды қатты жақсы көрдім. Оның бір Шынболат ағамыздың «Шындық» толғауы, екіншісі Жәнібек Кәрменов ағамның «Өмір толғауы». Осыған еліктеп өзім де толғау жаздым.

Бұрынғы кезде қой бағып жүрген қойшының өзі радиодан ән тыңдап қате айтса түзеп отыратын. Әнге жаны ашып отыратын. Ал бүгінгі таңда түкке тұрғысыз бір дүниелерді оқыған-тоқыған деген ағаларымыздың өзі «ах,ух» деп таң қалып жатады. Сонда ойлайсың бұлар өнертанудан қалған ба деп…

– Әншісін тапқан ән бақытты дейді ғой. Өзіңіз композитор ретінде әншісін тапқан әндерім деп қай әндеріңізді айтар едіңіз?

– Клара Төленбаева «Үш бақытым», Толғанбай Сембаев «Жастық», Ерлан Рысқали «Жарық күн», «Бүгін менің туған күнім ой, пәлі-ай…» «Мен қазақпын», Рамазан Стамғазиев «Жүрегім жүрегіңде»,  Досымжан Таңатаров «Қазақ жері», Әсем Омарова «Бір бәйтерек, бір шынар», Перизат Тұрарова «Мені ізде», Есен Сәдуақасов «Сыйласайық» тағы басқа да әндер бар ғой, бұл еске түскендері ғана.

– Ән қалай шығады, аға?

– Өнер дегеннің өзі жалғыздық. Әдемі жалғыздық. Өзіңмен үндесу арқылы шығады ғой барлығы.

– Әсерлі әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Арман Шеризат,  Астана.

ҰЛЫ ЕЛІМЕ
сөзі,əні: Кентау Назарбектікі

Ұлы елім жаса мәңгілік,
Əлемді мынау таң қылып.
Бабадан қалған байтақ ел,
Шырқайын сені əн қылып.

Ұлы елім!
Жалғасы Ғұн, Сақтардың,
Сақтаған салт пен ғұрыбын
Бабамның асыл мұрасы,
Тереңде жатыр тұнығым.
Асан қайғыдай жерұйық,
Іздеумен өтті ғұмырым.
Сыпыра мен Қазтуған,
Доспамбеттің жырымын.
Қылыштай өткір тілімін.
Таулардай маңғаз ірімін.
Намысын қолдан бермеген,
Мен қазақтың ұлымын.
Мен Қазақпын!

Ұлы елім!
Әз Жәнібектің туымын,
Керейхан менің тұғырым.
Байрақты көкке көтеріп,
Арнаған елге ғұмырын.
Төбе биім - Төле би,
Әйтеке, Қазбек - төре би.
Ұлы Абайдан нәр алған,
Әнді сүйсең менше сүй.
Қазақпын мен Тұранмын,
Алашқа болған ұранмын.
Отырар деп шайқасқан,
Қайырхандай қыранмын.
Мен Қазақпын!

Ұлы елім!
Абылаймын тақтамын,
Жерімді байтақ сақтадым.
Қабанбай мен Бөгенбай,
Бердіқожа мақтаным.
Есетпенен, Бөкенбай,
Наурызбайым, атпалым.
Кенесарымын кимеген,
Озбырлар салған ноқтаны.
Бұхар жырау үнімен,
Қазақтың жоғын жоқтадым.
Махамбет боп марғасқа,
Шындыққа ғана тоқтадым.
Мен Қазақпын!

Ұлы елім!
Сүйінбаймын, сүлеймін,
Киелі өнер дарыған.
Бауыржандай батырмын,
Төрткіл дүние таныған.
Мұқағалимын ақиық,
Талантын жұрты таныған.
Əл Фарабимын ілімнің,
Түбінен терең табылған.
Мұстафамын жасымнан,
Түркінің қамын ойлаған.
Жұмабектей асылмын,
Елімнің шебін қорғаған.
Мен Қазақпын!

Ұлы елім!
Нұрғиса мен Шәмшінің,
Тербеген сазды сарыны.
Қайратымның жігерін,
Желтоқсан келіп жаныды.
Ерліктің туын көтеріп,
Жалын атқан Бекзатпын.
Бағындырған Ғарышты,
Тоқтар, Айдын, Талғатпын.
Есім, Қасым, Әз Тәуке,
Ұрпаққа кеткен қалдырып,
Ұлы далада өркендеп,
Ұлы елім жаса мәңгілік!

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір