• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

20 Сәуір, 00:18:34
Алматы
+35°

04 Қараша, 2018 Тарих

Кеңес Одағы кезінде екі жақты саясат ұстанған Жұмабай Шаяхметов туралы не білеміз?

Тұлға – ол қандай қасиеттерімен елден ерек, жұрттан бөлек болуы керек? Тұлға-интеллект, ақыл парасат иесі.

 

Тұлға – ол қандай қасиеттерімен елден ерек, жұрттан бөлек болуы керек? Тұлға-интеллект, ақыл парасат иесі. Ол өткірлігімен, тапқырлығымен, көрегендігімен, ақыл-парасатымен, басқаша айтқанда, әділдігімен, өз мүддесін ұлт мүддесімен ұштастыруымен, ұлтжандылығымен ерекшеленген жан.

Ел тарихын әйгілі тұлғалар арқылы зерделеу –қазақтың дәстүрлі таным-түсінігінде ертеден қалыптасқан үрдіс. Қазақтың шежірелік зердесінде тарих ұдайы жеке тұлғалардың өмір дерегі арқылы танылып отырады. Қоғамның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани ахуалы ұдайы жеке тұлғалар болмысы арқылы көрініс табады.

Кеңестер заманының 70 жылы ішінде Қазақстанның бірінші басшысы болып үш-ақ қазақ қызмет атқарды. Олар Жұмабай Шаяхметов, Дінмұхаммед Қонаев және Нұрсұлтан Назарбаев. Жұмабай Шаяхметов ұйымдастырушылық іскерлігімен де, жеке басының қабілеттілігімен де Қазақстанның ғана емес, бүкіл Кеңес Одағының ірі саяси қайраткерлерінің біріне айналды. Жұмабай Шаяхметов екі жақты саясат үстады. Бір жағынан, Мэскеудің нүсқауын орындау керек, екінші жағынан, үлттық мүддені қорғап, оны іске асыруға тырысты.

Әрине, Жұмабай Шаяхметовтың тұсында бәрі бірдей жақсы бола берді деуден аулақпыз. Ол өз дәуірінің перзенті болғандықтан, ел өмірінің саяси-әлеуметтік саласында, әсіресе рухани саласында заманынан озып кете алмады. 1946 жылдан 1950 жылдың басына дейін Кеңес Одағында сол кезеңге ғана емес, кейінгі он жылдықтарда да өзінің үлкен ықпал-әсерін тигізген идеялық-теориялық және саяси науқандар үлкен етек алды. Соғыстың жеңіспен аяқталуы - Кеңес Одағы халықтарының қанына сіңген Отанды, ұлтты сақтап қалу үшін күрестің, шын мәніндегі патриотизмнің жемісін көрсетті.

Шаяхметовтың бірінші хатшылығы кезінде соғыс жылдарынан кейінгі ауыр жағдайға қарамастан ғылым мен білімге үлкен мән берілді. Сол жылдары шет тілдер институты, дене шынықтыру институты, Шымкент технология институты, Қазақ консерваториясы, Балалар және жасөспірімдер театры, әйелдер педагогикалық институты ашылды. 1946-жылдан бастап ғылым академиясы іске кірісті. Оның алғашқы Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов сынды академиктері қазақтың аңызға айналған тұлғаларына айналды. Алматы көшелері мен аулаларында атақты фонтандар дәл сол жылдары пайда болды.

Толқыны қатты XX ғасырдың бас кезінде көшпелі малшының отбасында туып, өз халқының лайықты перзенті болған Жұмабай Шаяхметов 1902 жылы 30 тамызда Омбы облысының Шарбақкөл ауданындағы №1 ауылда жоқ-жұқа отбасында дүниеге келген. Жоқшылыққа қарамай, ол жеті жасында өз талабымен 1910-1913 жылдары сол облыстағы Ащыкөл ауылдық мектебінде оқып, оны бітірген кейін Полтавскадағы екі жылдық орыс-қазақ училищесін тәмамдаған. Алайда, мұқтаждық пен жоқшылық оның арманын одан әрі жүзеге асыруға мүмкіндік бермейді. 1917-1919 жылдары күн көру үшін әкесіне көмектесіп байлар мен кулактарға жалданады, ауыр еңбекті басынан кешіреді. Тек 1919 жылдың аяғына таман Ащыкөл ауылдық мектебінде мұғалімдік қызметіне өтеді. 1932 жылы Мәскеудегі Нариманов атындағы Шығыс институтын бірінші курстан тастап кеткен. Кейіннен жеке іс қағазында «аяқталмаған орта білім» деп жазылған Жұмабай Шаяхметовтың алғырлығы мен шешендігі, ойының ұшқырлығы, оның академиялық білімі жоқтығын бүркемелеп, білдірмеді. Әйтсе де академиялық білімінің орнын өз бетінше ізденіп толтыра алды. Оның орасан интеллектуалдық қабілеті жоғарғы білімі жоқтығын білдірмеуші еді. Табиғатынан дарынды болатын.

1924  жылы отау тігіп, отбасылы болған Жұмабай Шаяхметов жұбайы Майнұр Ғалиқызынан бес ұл, екі қыз сүйеді. Үш сәбиін кішкентайынан жер қойнына табыстаған ата-ананың жүрегінде қандай жүк жатқанын бүгінде ешкім дөп басып айта алмас. Дегенмен, бүгінгі ұрпаққа есімі мемлекет басшысы, қоғам қайраткері ретінде ғана жеткен Жұмабай Шаяхметұлының тұлғалық қырларын балалары мен көз көрген замандастарының естеліктерінен ескеріп көрелік.

Жалпы Жұмабай Шаяхметов отбасында қандай әке деген сұрақ туындайды. Көкейді кемірген бұл сауалға Жұмабай Шаяхметұлының қызы Алма Шаяхметова мына естелігі әбден жарайтындай: «Соғыс жылдары болатын. Әкемді жай күндері тек кешкі аста ғана көретінбіз десем жаңылыспаспын. Ол кездері жұмыс алты кездік еді ғой. Таңғы жетіде қызметке кеткеннен кешкі асқа бірақ келеді. Қазіргі Фурманов пен Құрманғазы көшелерінің қиылысындағы үкіметтік резиденцияда тұрдық. Еменнен жасалган үлкен үстел басында кешкісін бәріміз жиналатынбыз. Анамыз Майнұр Ғалиқызы буы бұрқыраған асты әкеліп алдымызға қоятын. Өзімнен үлкен екі ағам Равиль мен Ноель, мен және Владимир (асырап алған інім, ең кенжеміз Тарғын онда әлі кішкентай) папамызға жапа-жармағай жаңалықтарымызды айтып жатамыз. Әкем балаларға онша қатал емес еді. Оған қарағанда шешеміз ұрысып, балаларын тәртіпке шақырып, кейде соғып та алатын.

Әкем өзіме қатал қабақпен қарағанын тек бір-ақ рет көрдім. Кей кездері үстелімізде қымыз пайда бола қалған жағдайда балалардың бәрі оны ішуге міндетті болатын. Сондай бір сәттерде алдымдағы кесеге құйылған қымыздың танау жарар бұрқыраған исінен тыжырынып: «Фу, қымызды жақсы көрмеймін» - десем керек. Кәрлен кесені қолына ала берген әкем жақтырмағанын сездіріп оқты көзімен қарады. Содан кеседегі қымызды қалай сіміріп алганымды білмей қалдым. Жалпы, шешеміз балаларын әкенің қас-қабағына қарауды жастайынан үйреткен. Кешкі астан кейін әкеміз біраз мызғып алатын. Әлі есімде, мен оны күнде түнгі сағат 23.00-де оятатынмын. Тұрып алып тағы қызметке кететін. Одан сағат түнгі үш-төртте қайтады. Күнде осындай темірдей тәртіп[1].

…Ал, әр жексенбі біз үшін нағыз үлкен мереке. Отбасымызбен түгел қала сыртындағы Комитеттің демалатын саяжайға келіп, машинамыздан түсіп жатқанымызда жұрт: «О, Шаяхметов өзінің командасымен келді», - деп қуаныштарын білдіріп жататын. Әкем, екі ағам, мен, әкемнің комиссары жэне бір демалушыны қосып, алты адам бір команданы құрайтынбыз. Ол кісі спортпен шұғылдануды күнделікті әдетке айналдырған. Ерте түрып, жүгіріп келіп күздің қара суығына дейін суық душ қабылдайтын. Мұздай судың астында тұрған әкемді көріп күзетшілердің өзі тітіркенетіндігі әлі көз алдымда. Соның арқасында ол жаратылған сәйгүліктей, сымдай тартылған тіп-тік еді. Кейін сырқаттанған кезінде спортпен айналысуға шамасы келмей қалды. Ата-анамыз біздің сабағымызды қадағалауға мүлдем уақыты жоқ еді. Шешем майданға көмек көрсетуді ұйымдастырып, қолы үйден қалт кеткенде жейде тігіп, жылы шұлық, бөкебай тоқиды. Әйелдерді де осы жұмысқа жұмылдырды. Мектептегі жарыстарға әкем келіп тұратын. Әкеміздің арқасында біздің отбасы бір ғана ерекше жағдайды пайдалана алды. Азық-түлік пен қажетті киімді арнаулы дүкеннен тапсырыс беру арқылы алатынбыз. Оның ішінде күнделікті өмірге қажетті заттар да бар. Ал, оған қажетті ақшаны әкемнің еңбекақысы есебінен төлеп жүрдік. Әкемнің еңбекақысы тамақтан артылмайтын. Оның есесіне анам Майнұр саусағынан өнер тамған шебер болатын»[2].

Бауырынан өрбіген ұрпағына адалдық пен адамдықты, қазақы құндылықтар мен салауатты өмір салттарын сөзімен ғана емес, ісімен үлгі тұтқыза білген Жұмабай Шаяхметұлының отбасындағы орны осындай болған екен! Темірдей қатал тәртіппен қатар, шыншылдық пен қарапайымдылықтың дәнегін еккен абзал әкенің тәрбиесі тек оның балаларына ғана емес, айналасындағы жандарға да жарқын үлгі болғаны сөзсіз. Осы ретте Жұмабай Шаяхметұлының уәдеге беріктігі жайында бір оқиғаны айта кетсек болады.

1923-1926 жылдар аралығында Жұмабай Шаяхметов Шалқар қаласында милиция қызметкері болып жұмыс істейді. Басында жай қызметкер, кейіннен анықтаушы, тергеуші болып қызмет атқарды. Сол жылдары елді бандитизм басып, малды табынымен айдап кететін кездер туындаған еді. Милиционерлердін басты тапсырмасы - ұрыларды ұстау. Қайтарылып әкелген әрбір малдың басына 5 рублден төленетін сыйақысы бар. Сондай табысты күндердің бірінде Жұмабай жаңа аяқкиім алып, жора-жолдастырына «жуып» береді. Алайда, сол күні оны тонап кетеді. Арақтың кесірінен екенін түсінген Жұмабай үйіне жетісімен әйелі Майнұрға «ешқашан арақ-шарап ішпеймін» деп уәдесін беріп, берік ұстанған. Тіпті, оның бұл уәдесі Одақ басшысы Сталиннің өзі бұздыра алмай, Жұмабайдың ішпейтінін біліп оның алдына жүзімнің шырынын қойып, оны басқалары ішеді екен деп ойлаған[3].

Мінекей, бұл мемлекеттік деңгейдегі белгілі тұлғаның біз білмеген беймәлім қырлары! Тарих қойнауында қалған кешегі күндердің естелік-елесін жаңғыртып, қазақ халқының сан қилы тағдыр көшінде бұйдасын ұстаған биік тұлғалар есімін ел есінен орнықтыру – егемендіктің ширек ғасырын енді аттаған қазақ елі үшін өткеннен өнеге!

Қорғасбекова Рыстай Бүркітбайқызы

ҚР Ұлттық музейінің кіші ғылыми қызметкері

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР:

1.Хисматуллина А. Заманның   заңғары: Мемлекетқайраткері Ж.Шаяхметовтың қызымен сұхбат // Парасат.-2002. №10. -32-33 б.б.

2.Аблақов Р.Өз дәуірінің біртуары: Ж.Шаяхметов 100 жаста // Ақиқат.-20. №11.-60-62 6.

3. Ақылбайұлы М. Шаяхметовты біз білеміз бе? // Сөз.-2003.-3 маусым (№31).-3

 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір