• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

19 Сәуір, 07:38:18
Алматы
+35°

16 Шілде, 2018 Әлеумет

Келін іздеген ана және «тақиялы періште». Бұл жолы шын өмірде...

Бір қызығы, әр басқан қадамында қыздарға өзі барып бірінші қадам жасап, ұлын үйлендірмек болып жанталасатын аналар бүгін де бар.

– Қызым, жасың нешеде?

–23-те...

–Тұрмыс құрғансың ба?

–Жоқ.

–Тұрмыс құрғың келе ме?

–Дайын тұрған жігітіңіз бар ма еді?

–Бар болғанда қанда-а-ай! Пенде емес, періште...

Таныс диалог па сізге? Ордалы отыздан асқан ұлын үйлендіре алмай жүрген Тана шешей. Тақиясын басынан тастамайтын география пәнінің мұғалімі, мінезі ұяң Тайлақ. Есіңізге түсті ме? Иә-иә... Бала күнімізде сүйіп тамашалаған «Тақиялы періште» кинофильмінен диалог қой. Бір қызығы, әр басқан қадамында қыздарға өзі барып бірінші қадам жасап, ұлын үйлендірмек болып жанталасатын аналар бүгін де бар.

Тақиялы періште

Салтанат апай жары Талғат мырзамен

Салтанат апайдың жасы елуден асып барады. Отызға таяп қалған ұлы шаңырақ көтермей біраз жүрді. Тым жұмысбасты болды ма әлде ұялшақ па еді, ол жағы тіпті ата-анасына беймәлім. Жоқ, немере сүю керек, қолын жылы суға матырып, шайын демдеп, көңілін аулап жүретін келін керек. Бұлай болмайды деді де Салтанат апай іске өзі-ақ кірісіп кетті. Жолында кездескен жас қыздарға бірінші болып сәлем беріп, танысып, мән-жайын сұрасатын. Бірімен дүкенде танысты, енді бірімен ауруханада, басқасымен автобуста не таксиде.

1-бөлім. Таксидегі таныстық

Салтанат апайдың отбасы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында тұрады. Балалары Елдар мен Елдананың сол ауылда кіндік қаны тамып, топырағына аунап өскен. Салтанат апай әр демалысында Райымбек тас жолы бойындағы «Алтын орда» базарынан үйге қажетті азық-түлік отыратын. «Болашақ келінін дәл сол базар маңынан кездестіріп қаламын ба?» деп ойлады ма екен?!

«Бірде Алтын ордадан шығып бара жатып, таксиге отырдым. Ішінде жүзі жылы, өзі сұлу бір қыз отыр екен. Әдепкі әдетіме басып, қыздың атын сұрадым. Сосын жасын, кейін тұрмыс құрған-құрмағанын да білуге тырыстым. Есімі – Айым екен. 1993 жылғы әрі тұрмыс құрмаған. Сондай биязы, инабатты болып көрінді. Біздің Қарғалы ауылына алғаш рет қонақ болып бара жатыр екен. Жүзі жақсыдан түңілме деген оймен «Қызым, араласып жүрген досың бар ма?» деп сұрақ қойдым. Айым ұялып қалды. Мен әңгімемді жалғастырдым. «Менің Елдар деген балам бар. Қазір жұмыс істейді. Бірақ жұмысбастылығының кесірінен бе, әлі бір қыз кездестіре алмай жүр. Өзің сондай жақсы қыз көрінесің. Ақыры жігітің жоқ екен, менің ұлыммен танысуға қалай қарайсың» дедім де нөмірін сұрадым. Келінім ұзақ ойланды да, нөмірін беруге келісті. Мен оны балама бердім. Әрі қарайғысын өзіне тапсырдым», - деді Салтанат Молдағұлова.

Тақиялы періште

Салтанат апай тұңғышы Елдармен

2-бөлім. Қолдан жасалған торт

Елдардың жасы 29-дан асып барады. Достары мен қатарластарының бәрі дерлік отбасылы, бала-шағасымен улап-шулап жүрген бақытты жандар. Мұндай бақытқа Елдар да бөленгісі келді. Әттең, жүрегі қалаған аруды кездестіре алмай біраз жүрді. Анасы бірнеше қызбен таныстырып көрді, жоқ, түк шықпады. Осы жолы да солай ойлады. Бірақ не де болса, көрейін деді.

Анасынан Айымның нөмірін алған Елдар ұзаққа созбай қызға хабарласады. Үй ішінен жасырын екі жас кездесе бастайды. Ал Елдардың көңілін баураған Айымның қолынан жасалған торт болды. Жай торт емес, ерекше еді. Себебі ол тәтті Елдардың ата-анасына арналған.

Тақиялы періште

Айым мен Елдар

«Биыл ата-анамның отасқанына 30 жыл толған еді. Ол кісілерге ерекше тосын сый жасағым келді, әлбетте Айымнан кеңес сұрадым. Ол ертеңінде жұмыс жағына келіп кетуді сұрады. Барып едім, өз қолымен торт жасап қойыпты. Әрі торттың бетіне әкем мен анамның фото суретін салғызған екен. Ерекше қуанып кеттім. Сыйлығым ата-анама да қатты ұнады. Мен іздеген ару осы болар дедім. Себебі менің не қалайтынымды маған айтқызбай-ақ білді. Әрі қарай кездесуді жалғастыра бердім. 30 желтоқсан Айымды үй ішіммен таныстырдым. 31 желтоқсан үйленуге ұсыныс жасап, саусағына сақина тақтым. Содан бері біргеміз», - деді Елдар.

3-бөлім. Көптен күткен қуаныш

21 сәуірде Молдағұловтар әулетінде көптен күткен той болды. Ұзынағаш ауылындағы салтанатты сарайда дүркіреп өткен тойға 300-ге жуық адам жиналды. Елдардан бұрын Салтанат апай мен жары Талғат мырзаның бақыттан жүздері бал-бұл жайнап жүрді.  

Тақиялы періште

Ұзынағаш ауылы, "Батыр" мейрамханасы, 21.04.2018

Бүгінде отбасы Қарғалы ауылында тұрады. Ана жүрегі алдамаған екен. Айым мен Елдар бірін-бірі толықтырып тұрған бақытты жандар, тіпті бір-бірі үшін жаралған ба дерсің. Жас отбасы Елдардың ата-анасымен бірге тұрады. «Келінім ас үйге кіргізбейтін болды. Қолымды жылы суға малып қойып, рахаттанып, теледидар көріп жататын күнге де жеттім» деп қуанды Салтанат апай. Баланың қамын ойлаған осындай аналар аман болсын. Qamshy.kz ақпарат агенттігінің ұжымы екі жасқа бақыт тілейді.

Тақиялы періште

Тойдан естелік сурет

Gulim Zhaqan

Автормен оның Facebook парақшасы арқылы хабарласуға болады.

Жазылыңыз

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір