• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 03:19:55
+35°

18 Қазан, 2018

«I am a singer Kazakhstan» екінші Димаш Құдайбергенді таба ала ма?

«I am a singer Kazakhstan» шоуының осы жолғы іріктеу бөлімі қатысушылардың есінде мәңгі сақталатын шығар.

 «I am a singer Kazakhstan» шоуының осы жолғы іріктеу бөлімі қатысушылардың есінде мәңгі сақталатын шығар. Өйткені олар биыл Эльхан Ахмедовтың байқау қатысушысына жан даусы шығып айқайлағанын өз көздерімен көрді. 

Сәкен Майғазиев Эльханды әзілдеп Жириновскиймен салыстырды. Алайда, Ахмедов мырзаны да түсінуге болады. Ол «I am a singer Kazakhstan» жобасына қатысушылар кіл мықтыдан тұрса екен деп уайымдағаны сонша, тамағы қарлыққанша айқайласа да, финалға тек қана лайықты әншіні ғана өткізуге бел буыпты. Бұл іріктеу бөлімінде қазылар алқасы әншілердің кемшіліктерін қайта-қайта беттеріне басты. Тіпті кейбір жұлдыздар сахнада тұрып-ақ «тәжінен» айырылып қалды.

Эльхан Ахмедов

Эльхан, әсіресе, Семейден келген 27 жастағы Эльдар есімді үміткерге қатты шүйлікті. Алдымен оған Мақпал Исабекова өз пікірін білдіріп: «Сіз бұл әнді жаңа ғана жаттап шыққандай орындадыңыз», - деді. Ал Эльхан болса: «Музыкада шалажансарлыққа жол жоқ! Сахнада олай ән салуға болмайды. Дауысың жоғары да, төмен де емес!» - деп, ашуын тізгіндей алмай, жан даусымен айқай салды.

Алайда, Эльдар мен Бішкектен келген Ұларбек Нұрмаматұлы есімді әншіге ата-аналарына деген ерекше құрметтері мен ыстық ықыластары үшін алғыс айту керек. Олар осы шоудан озып шықса, жеңістерін өздерін осы бір өнер деген қиын жолға баптап қосып, әрдайым қолдау білдіріп отырған ата-аналарына арнамақшы екен. «Ата-анама үлкен үй әпергім келеді», - деді Эльдар. «Қалағандарының бәрін әперер едім», - деді Ұларбек. Екі әнші де келесі кезеңге өте алмағанымен бұл шоудан үлкен сабақ алып, қателіктерін түсініп, өнер жолында тағы бір сатыға өсуге мүмкіндік алды.

Сәкен Майғазиев

Сол сияқты, 16 жастағы алматылық Әсел де, Теміртау тұрғыны Тимур да, оралдық Азамат Амангелдіұлы да бұл жолы финалға өтпегенімен,  «I am a singer Kazakhstan» шоуының үлкен сахнасына шығып, көптеген тәжірибе жинақтап қайтты.

 Қазылар алқасының ішіндегі ең мейірімдісі, ең сыпайысы Сәкен Майғазиев болып шықты. Ол әріптестерінің берген бағасы мен айтқан сынының тігісін жатқызып, қатысушыларға тағы бір мүмкіндік сыйлап, тіпті болмаған жағдайда жылы лебізімен қолдау көрсетіп отырды. Бұл жолы ол шоуға дайындалу үшін арнайы Оңтүстік Кореяда өткен шеберлік класына барып, жарты жыл бойы дайындалған 16 жастағы Әсел есімді аруға өзінің оң пікірін білдірді: «Шадо, биорк сынды бағыттар да бізде болуы керек. Ал музыкаға деген құрмет – бөлек әңгіме. Сол себепті сізді де, сіздің шығармашылығыңызды да ерекше құрметтеймін. Болашақта жолыңыз болады деп ойлаймын». singer

Ал Азамат Амангелдіұлына Сәкен байқауларда үлкен жауапкершілік артатын ауыр әндерді орындамауға кеңес берді. «Қолыңнан келмесе, орындама, - деді ол. – Мен мұны 1996-1998 жылдардағы өз тәжірибемнен білемін. Жақсылап дайындалғаның не керек, сахнаға шығып, импровизация жасаймын дейсің де сүрініп-жығыласың». 

Бұл жолғы іріктеу турында «сүрініп-жығылғандар» көп болғанымен, қазылар алқасы еңселерін түсірмей, Димаш Құдайбергенов сынды жасындай жарқырап, Қазақстанды бүкіл әлемге танытатын жауһарды іздеуден танбаймыз деп отыр. 

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір