• USD 468.56

  • EUR 497.56

  • RUB 7.3

  • CNY 67.18

25 Сәуір, 02:04:49
Алматы
+35°

17 Мамыр, 2017 Әлеумет

ГУЛАГ-тағы әйелдер тағдыры. Бүгінге дейін ешкім естіп білмеген сұмдық оқиғалар

ГУЛАГ-тың алғашқы ошақтары КСРО территориясында 1930 жылы тікелей Сталиннің бұйрығымен пайда боып, көп ұзамай бұл лагерьлер алып азап империясын айналды....

ГУЛАГ-тың алғашқы ошақтары КСРО территориясында 1930 жылы тікелей Сталиннің бұйрығымен пайда боып, көп ұзамай бұл лагерьлер алып азап империясын айналды. «Халық жаулары», тегін жұмыс күші ретінде, сол кездегі «үлкен» өндіріс пен халық шаруашылығының әртүрлі саласын «өркендетуге» жегілді. Зұлматты жерде болған адамдардың көбі "халық жаулары" деп аталғандардың әйелдері, бала-шағасы болған. Назарларыңызға ГУЛАГ-та болған, азапты жайттардың куәгері болған орыс әйелдерінің әңгімесінен естеліктер мен профессорлардың жазбаларынан үзінділерді ұсынбақпыз.

Түкке тұрғысыз зат

Каторгадағы әйелдерді лагерьге әкелген күні оларды шешіндіріп моншаға жібереді, кәдімгі тауар ретінде қараған десе де болады. Моншада су бар ма, жоқ па, маңызды емес, алайда шаштарында биттің бар не жоқ болуын міндетті түрде тексеретін. Ол жерде лагерьдің жұмысшылары да қоса жүреді, яғни еркектер. Әйелдерді тексеріске бір-бірден жіберетін, ал дәлізде аңдып жұмысшы еркектер жүретін. Сөйтіп, өз араларында қыз таңдауға кірісіп те кетеді. (ГУЛАГ-та тұтқында болған әйелдің әңгімесінен).

Лагерьге кіре берістегі маңдайшада жазулы плакат ілініп тұрады. Сондағы жазу мынадай: «Кім әлі келмесе, міндетті түрде келеді, ал келгендер ешқашан ұмытпайды!».

Тұтқындағы әйелдерді өзге еркектерге ашына ету лагерьде дағдыға айналып кеткен.

Саудаға салу

«Кем лагерінің топбасшысы Чистяковтың айналасында тұтқын-әйелдер үйіріліп жүреді. Тамағын дайындап, кірін жуып, одан қалса, өзін де жуындыратын. Ол үшін жас әрі тартымды қыздарды таңдаған. Негізінен, тұтқындардың үш түрі болған: «рубльдік», «жарты рубльдік» және «он бес тиындық». Егер лагерь әкімшілігі өзіне жас әрі сымбатты қызды қаласа, «рубльдік» қыз деп сұраған.

Соловкадағы әр беделді қызметкердің 3-5 тұтқын-әйелі болған. 1924 жылы Кем коменданты басшысының көмекшісі болған Тороповтың лагерьде жеке гаремі болған. Ол жерге ең сұлу қыздар жиналған.

Әр күні 24 тұтқын қызыл әскерлерге қызмет көрсету үшін таңдалатын, жауынгерлердің еріншектігі сонша, әйелдер олардың төсектеріне дейін салып беретін.

Тұтқын болудан бас тартқан әйелге аштық жарияланатын. Көп ұзамай ондай әйелдер туберкулез сынды ауыр дерттен қаза тауып отырған. Соловецк аралында мұндай жағдайлар жиі қайталанатын. Азықтың жетіспеушілігі де жиі болған. Жаңа новигация басталып, азық-түлік келмейінше бірнеше әйел қырылып қалатын. (Ширяев Борис. «Өшпейтін шамдал» («Неугасимая лампада»).

Қарсы келген әйелдер тек аштықтың құрбаны ғана болып қойған жоқ.

«Бірде Соловкаға өте сұлу қыз жіберілді – жасы шамамен 17-де. Ол қыз Тороповтың көзіне бірден түскен. Алайда оған қарсы келе алатындай күші де бар еді. Қыздан кек алмақ болған Торопов оны комендант кеңсесіне әкелуге бұйырып, «контрреволюциялық құжаттарды жасыру» нұсқасын алға тартып, қызды тыржалаңаш шешіндірген. Лагерь күзетшілерінің көзінше жалаңаш денесін түгел сипап, құжаттарды жарыса алатын орын іздейді.

Ақпанның аязды күнінде әйелдер тұрып жатқан үйге бір топ ішіп алған күзетшілер кіріп келген. Күзетшілердің басы қасында чекист Попов та болды. Ол әйелдердің жамылып жатқан көрпелерін алып тастап, әрқайсысын кезекпен зорлаған, бір де біреуі қашып құтыла алмаған» (Мальсагов Созерко. Тозақ аралы: Солтүстіктегі түрме)

Гулаг. «Халық жаулары» әйелдерінің тағдыры (Данциг Балдаев «Суреттегі Гулаг»)

Жаза

Әйелді өздеріне бағындыру үшін жазалаудың түрлі әдістері пайдаланылған.

1.Ер адамға тән еңбек

Жүктелген жоспар орындалмаған жағдайда тұтқындарға қосымша жұмыс тапсырылған. Ауыр бөренелерді бір орыннан екінші орынға тасу немесе суға толы үлкен шелекті дәл солай тасу сынды физикалық күш кететін жұмыстарды істеткен.

2.Карцер

«Аня тыңшылық үшін сотталды. Ол өзіне тағылған айыппен соңына дейін күресті. Басшыға бағынбады, басшылықтың көзінше қатты, дөрекі сөйледі, рұқсатсыз терезелерді ашып тастады. Сөйтіп жүріп, карцерден бірақ шықты. Ал карцердің жағдайы тіптен сорақы еді: терезесіз суық бөлме, күніне 400 г. нан мен 2 стақан ыстық су. Карцерге 4 күннен 20 күнге дейін қамалған. Ал Аня басшылықтың ызасына қатты тиген көрінеді, 20 күнге қамалды. 5 күннен кейін әйелдер міндетті түрде ол жерден ауру болып шығатын. Ал Аня соңына дейін шыдады. Бұл жағдайдан соң Аня біздің үйде 1 ай жатты. Оның жағдайы мәз емес еді, аузынан қан ағатын, сөйтіп ауруханаға түсіп, 2 күннен соң қаза болды. Оның жасы небәрі 21-де болған». (ГУЛАГ тұтқыны Адамова-Слиозберг О.Л. естелігінен).

«Айбалта тауы. Ол жерде карцерлер орналасқан. Бір қабырғадан екінші қабырғаға дейін қолдың қалыңыдығындай қадалар орнатылған. Жазаланғандар күні бойы сол қаданың үстінде отырған. Қадалар ұзын болған, отырғанда аяқ жерге тимеген. Ал ең қиыны тепе-теңдікті сақтау. Бірақ, бұл жазаның жеңіл түрі болып саналған екен. Кейбірін 365 сатысы бар баспалдаққа шығарып, арқаларына ауры бөренені байлайды. Ал сатылардың үлкендігі соншалық, жай күннің өзінде жүру ыңғайсыз. Ал әйелдер ауыр бөренемен сатыдан төмен түсуі керек. Нәтижесінде, тұтқындар ақсақ болып қалады.

3.Адамдарды мұздату

«Соловкада Финкельштейн есімді басшы болған. Бірде ол 34 тұтқынды түнге орай 30 градус аяз болып тұрған Ақ теңіздің мұзына тұрғызған. Салдарынан әйелдердің үсіп қалған аяқтарын кесіп тастайтын. Көбі шыдамай қайтыс болып кететін. Кейін анықталғандай әлгі чекист жүйке жүйесі ауруына шалдыққан екен». (Профессор И.С. Дүниедегі психопатология. «Возрождение» журналы. №9. Париж)

4.Егеуқұйрықтардың азығына айналу

Жертөлелерде ірі-ірі егеуқұйрықтар жүретін. Тұтқынды кішкентай торға қамап, егеуқұйрықтардың ордасына тастайтын. Тордың ішінде адам қозғала алмаған, есесіне егеуқұйрықтар еркін кіріп, адамдарды тірідей жеген.

5.Бұл жағдайлар аман қалған әр адам үшін өшпес қара белгі болып қалады. Чекистер әйелдерді қинау үшін қолдарынан келгенін істеп баққан, тіпті ер адамның қолынан келмейтін ауыр істерді әйелдердің мойнына жүктеген.

«Соловка және Сібір концлагерьлерінде мен врач-психиатр болып жұмыс атқардым. Маған психикалық ауруға шалдықан адамдар келетін. Бірде бір әйелді әкелді, тергеушілер оны жақсы жұмысшы, тек есінен ауысқан, өз басына қайнаған суды басына құйып жіберген», - деп жазды профессор И.С. – 50 жастар шамасындағы әйелдің көзқарасы әлі көз алдымда. Көздері қорқынышқа толған, беті тас болып қатып қалған. Екеуміз оңаша қалған сәтте, ол үн қатты, ақырын ғана, бірсарынды қалыппен: «Мен есуас емеспін. Тек партия мүшесі едім. Бірақ енді партияда болғым келмейді!».

Ату жазасы

Күндердің бірінде лагерь тұтқындары үшін жаңа жаза ойластырылды. Соттың, заңның қатысынсыз өтетін.

«Күнде бір адам өлтірілді. Ату жазасы қараңғы батқан уақытта, қараңғы бөлмелерде немесе зират маңында болатын. Біз зиратқа апаратын жолды «Ату жазасы» көшесі деп атап кеттік».

ГУЛАГ-та жұмыс істеген чекис те сол жылдардағы ату жазасы жайында сөз қозғады.

«Ату жазасына алып бара жатқан әйелдің қолы сыммен байланатын. Оған алға қарай жүр деп бұйрық беріледі, ал қолында қаруы бар чекист оның артынан барады. Керек кезде «оң жақ», «сол жақ» деп нұсқау беріледі. Діттеген жерде ағаш жоңқалары мен құм дайын тұрады. Сөйтіп, дәл басынан атылады. Ата салып, бар күшімен теуіп жібереді. Себебі, қан әскери формаға шашырап кетпеуі тиіс».     

Шолушы: Гүлім Жақан

"Қамшы" сілтейді

Қате тапсаңыз, қажетті бөлікті таңдап ctrl+enter басыңыз.

Пікір қалдыру

пікір